Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Амангелді Сейітхан ағаны таныстырып жату артық болар. Сөйлей бастаса болды, аузынан сөз емес, маржан төгілетін шешен кісі. Сол Амангелді аға бүгін Өркен екеуміздің жүрегімізді ауыртып кетті.
– Аманғалиды білесің бе? – дейді аға. «Қай Аманғали?» деп есімізге түсіргенше, ол кісі «Базар жоқтағы» деді. Төрт түлікке пародия жасап жүрген жігітті сырттай білетінмін. «Ол не істепті?» дейміз.
Әңгіме былай ғой:
«Базар жоқ» театрының концертінде өнер көрсетіп жатқан Аманғали мал-жанға арналған қазақ әндеріне пародия жасап жатып, оңтүстік, Тараз жаққа келгенде былай депті: «Ол жақта уақ мал да, малшы да көп. Әндері де солай келе ме деймін. Білмеймін, мынадай бір өлең бар» деп домбырасын қағып-қағып жіберді. Артынша «Маңырайсың ақ ешкі…лағыңа …» деп маңырап, «ммәә-әә, мә-әә-ә» елді күлдіріпті.
Бұл Кенен Әзірбаевтың қасіреті ғой! Кенен атамыздың үйінде бала құтаймай, дүниеге келген баланың бәрі шетінен шетінеп кете берген. Үш жарымдағы Базары мен бір жарым жастағы Назары да атамыз Алатау жақты айналып келгенше О дүниелік болып, жұрт өзара келісіп, әкелерін күтпей, жер қойнына тапсырып қойған екен. Шешек ауыруынан қайтқан ботақандары жатқан төмпешікті құшақтап, зарлап қалған ата-ананың қасіретіне қасірет қосып, ақ ешкінің де екі лағы өліп қалады. Тірі жанның төбе құйқасын шымырлатып, қос лағын жоқтап маңыраған ешкінің үніне шыдамаған Кенен:
«Зарланасың ақ ешкі лағыңа,
Емшегіңмен емізген шырағыңа.
Кел, екеуміз қосылып бір жылайық,
Жетер ме екен Құдайдың құлағына.
Базарым-ай, Назарым-ай,
От басында күл шашарым, қарағым-ай.
Жалған дүние-ай, салдың күйге-ай,
Омырауымнан үзіліп түсті екі-ай түйме-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Қу шешектен болды-ау, сенің ажалың-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Сен өлгелі қашты-ау менің ажарым-ай,
Ой, дүние-ай.
Ешкі қандай, ой-дүние-ай, лақ қандай,
Лақ ойнап тезекті құлатқандай.
Бірте-бірте баламды ала бердің,
Жаратқан-ау, не жаздым, зарлатқан¬дай?!
Ат шалдырар жолаушы жол астына,
Ел тұрмайды бұзықтың қол астында.
Талып қалып мен жоқта көмді ме деп,
Алты бардым балалар моласына.
Кенейің мен ойнайтын сақаң қалды,
Киетұғын ілулі шапан қалды.
Бәсіре мінетұғын атың қалды,
Үй ішінде сұңқылдап апаң қалды.
Көштің көркі болмайды түйесі жоқ,
Таппай айтқан сөз жаман жүйесі жоқ.
Көптің көңілін көп ашқан бұлбұлы едім,
Домбырамның қала ма иесі жоқ?! – деп жоқтаған екен.
Басқа-басқа, жоқтауға күлгенді көрген кім бар?! Жоқтауға күлдірткенді ше?!
Амангелді аға: «Апырай, ол жігітте бала жоқ па екен?! Әлде қайғы түсінер жүрегі жоқ па екен?!» деп кейіп, әлгі өлеңді қайта-қайта орындағанда, Кененнің қасіреті сол сәтте болғандай, жаным ауырып, жүрегім ауырып, күні бойы дел-сал болып жүрдім. Амангелді аға неге өйтті? Өйткенде, жүрегімізді ауыртты дегенім ғой. Ол кісі қасіреттің пародияға айналғанына, Кененнің келекеге ұшырағанына,… ең бастысы – халықтың да (!) қайғыға күлгеніне налыды.
«Білмеген у ішеді» деген осы болар.
Мақаланың толық нұсқасы мұнда.

Әрекет ет, берекеті бар

muftyat.kz сайтының кітапхана айдарынан «Жұма мінбері» деген кітап ұнап жүр. Сонда Алау Әділбаев ағамыздың тәуекел туралы тамаша мақаласы бар екен. Мына оқиға сол жерден алынды. «Адам дұға ету керек және әрекет ету керек» деген ой айтады ағамыз:
«…Жасы келіп қалған бір әжейдің жалғыз түйесі үйездеп
қалады. Ол өлсе күнкөрісі қиындайтынын уайымдаған әжей
қатты қапаланады. Күндіз-түні қайғырған әжейдің бұған қолдан
келер еш қайраны жоқ еді. Қолынан бар келгені Аллаға жалбары-
нып, түйесінің сауығуын тілеп, дұға етумен болады.
Бір күні жайылсын деп қырға шығарған түйесінің аузына нәр
алмағанын байқап, еңсесі мүлдем түсіп кетеді. Қолдарын жайып,
көз жасын төгіп, дұға етуден басқа шарасы қалмайды. Осы кезде
Пайғамбарымыз бір топ сахабаларымен әлгі әйелдің қасынан өтіп
бара жатып:
– Уа, Алланың құлы, неге жылайсың? – дейді.
– Түйем өлетін болды сол үшін жылаймын. Түйеммен жан
бағып отыр едім. Ол өліп қалса жағдайым не болмақ? Түйемнің
кеселінен айығуы үшін, қанша күннен бері қол жайып дұға ету-
демін, бірақ, дұғам қабыл болмай жатыр, – дейді әжей мұңын
шағып. Пайғамбарымыз күлімсіреп:
– Дұғаңның қабыл болғанын қаласаң, дұғаңа қара май қос,
қара май! – дейді.
Әжей ойлана бастады. Қара май қос дегені несі? Артынша
түсінгендей болды. Қоңсыларынан қара май сұрап алған әйел ал-
дымен түйенің аузын қара маймен сүртіп, содан кейін дұға ете
бастады. Қара майдың арқасында түйенің аузындағы бүкіл мик-
робтар өліп, түйе ауруынан айығып кетеді.
Яғни, кез-келген мәселеде тек қана қол жайып дұға ету
жетпейді, оның шешімін іздеу керек. Осыны түсінген әжей
Пайғамбарымыздың кеңесін тыңдап, түйесін аман алып қалған
еді.»

Құлпы мен кілт

Баяғыдан құлпы мен кілттің дос болғаны бесенеден белгілі ғой бәрімізге. Олардың ренжісіп қалғаны жайлы да аңыз бар екен.
Continue Reading »

Мұңая алмайтындар елі

Бұрын мені «жердің шеті қайсы екен?» деген сауал қызықтыратын. Жердің шеті. Карта бойынша, Америка – жердің бір шеті. Бұл алып елге келуді мен ешқашан ойға алмаппын, бірақ. Тіпті бір жыл бұрын біреу маған «осы елде екі жылың өтеді» десе, сенбес едім. Өйткені, менің өзім үшін қарбалас та қызық жұмысым ғана қымбат еді ол кезде. Иә, біраз уақыт болды, мен – АҚШ-тамын. Continue Reading »

Тағдырдан тағдырға қашу

Хижреттің 17-18 жылдары Шам төңірегінде «Әмуас обасы» деп аталатын оба ауруы кең тарады. Ең алғашқы шыққан жері Палестинаның Әмуас аймағы болғандық-тан осылай аталған. Бұл жұқпалы ауру әкелген кеселден 25 мың адамның өмірі қиылып, тіпті үлкен сахабалардың қатарындағы Әбу Үбәйда ибн Жәррах пен қоса Муаз ибн Жәбал да айықпас дерттің қармағына іліккен-ді . Continue Reading »

Қапастағы батыр

Continue Reading »

Алтынға айналған қамшы

Мұхаммед ибн Мәсләма – Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысқан алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі. Ол Мәдина қаласында Расулаллаһтың орнына уәкіл ретінде тағайындалған хазірет Омардың ел ішіндегі «арыз-шағым бұрышына» жауапты кісісі болатын. Халықтың бар арыз-тілектері осы бұрыш арқылы шешіліп, қажет болған жағдайда пара алған, біреудің құқығын аяққа таптаған басшылар мәселенің мән-жайы әбден анықталған соң, осы бұрыштың шешімі арқылы лайықты жазасы берілетін.
Бір жолы Омар (р.а.) Мәдинаға жиналған атқа мінер ел ағаларына олардың халыққа жақсы қарауы керектігін, ешкімге әділетсіздіктің жасалмауын қатал түрде ескерткен-ді. Дәл осы мезет халық арасынан сытылып шыққан біреу:- Мына пәлен деген басшыңыздың мені қарадай кінәлап, жөнсіз ұрғаны бар еді. Алайда соңында менің кінәсіз екендігім белгілі болған-ды,- деді де, өзінің сол адамда ақысы кеткендігін айтып қалды.
Мәселенің жай-жапсарын анықтай келе басшы болып тағайындалған адамның кінәсіз адамды жөн-жосықсыз жазалап, сабатқаны белгілі болды.
Бұл кезде хазірет Омардың да шешімі дайын еді:
– Сені сабаған басшыны сен де соншалықты сабайсың!
Алайда Амр ибн Ас бұған қарсылық білдірді:
– Ей, Омар! Сонда бұдан былай басшыларыңыздың халықтың көзінше сабатпақ болғаныңыз ба? Егер бұлай жасар болсаңыз, бұдан кейінгі уақытта басшылардың ел алдындағы абырой-беделіне нұқсан келеді. Онда олар жұмыс істеуден қалады ғой…
Хазірет Омардың да бұған жауабы дайын еді:
– Менің өйтіп-бүйтіп тісін батырған әлдіні қорғаштап, жәбір көрген әлсізді дәрменсіз кейіпте қалдыруға дәтім шыдамайды. Кім озбырлық жасаған болса, екінші рет ондай жөнсіз әрекетке баруға жүрегі дауаламау үшін жақсылап жазалануы керек!
Иә, шешім қатал.
Таяқ жеген адам өзін қамшымен қанша рет сабаса, ол да сол басшыны сонша рет сабамақ болды.
Бұл жолы ешкімі жоқ әлгі адамға Амр ибн Ас қайта барды. Бара сала өз ұсынысын айтты.
– Сені қанша рет қамшымен сабаса, мен саған сонша алтын берейін. Осыны ал да, кеткен ақыңды кешір. Әйтпесе халық батылданып, басшылардың жүрегі шайлығып қалар…
Таяқ жеген кісі қамшы салудың орнына алтын алғанда ғана барып, әлгі басшыны кешіреді. Содан былайғы уақыттан бастап тағы да хазірет Омардың қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында панасыз жандарды басынып оларды жөнсіз сабау ісі сап тыйылған еді.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”