Біздің сыныпта Айнажан есімді бір қыз бар еді. Батаның түр-түрін білетін. Оның батасын естіген сайын «Әй, жарайсың!» деуші едік іштей. Әр сенбі сайын мектеп ауласын тазалауға шығатынымыз естеріңізде болар? (Мен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта оқығам, ол жерде әр апта сайын сенбілік жасап, сосын үйге қайтатынбыз). Кейде ығырымызды шығарып жіберетін. Қашып кетуге үлкен сыныптың қыздарындай «жүрек жұтқан» емеспіз, әлі балмұздақпыз, сегізінші сыныптамыз. Қыл аяғы, старостадан да қорқамыз. «Шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» деп, тағдырға бойұсынып ұстаз, тәрбиешілердің айтқанын орында-а-ап жүре береміз. Интернаттағы ең бір тәтті кезең – тамақ уақыты. Естеріңізде ме: “”Кім екеу, кім үшеу?” деп, сан толтыра алмай тұратынымыз. (Бір стол алты адамға арналған, егер 5-еу болсаң, кіргізбейді. Сан толық болу керек, ал біз тамақ ішкенде өзіміз отырғымыз келеді, ешкімге қосылмай). Қала берді, тамақ күтіп не қасық жетпей, гу-гу етіп асханада отыратынымыз?
Бірде дайындық сабағы бітуге таяу қалған. (Кешкі сағат 5-тен 8-ге дейінгі аралықта сыныпқа барып, дайындалатынбыз, тәрбиешіміз қадағалап отыратын). 5-10 минут қалғанда рұқсатсыз-ақ кітап-дәптерлерімізді жинай бастағанбыз. Күн жұма. Ертең сенбілік. Күллі мектепті шулатқан қоңырау үні естілді. Орнымыздан дүр етіп көтеріле бергеніміз сол, Айнажан “Уа, Құдайым, оңдасын! Субботник болмасын!” деп қолын жайды. Мұндай сәтте директордың өзі келсе де қарқынымызды баса қоятынымыз екіталай еді, бірақ батаның мәнін білетін қазақ балсымыз ғой, кітап-дәптерлерімізді қойып, партамызға отыра-отыра кеттік. Бата бергенде қақайып тік тұруға болмайтынын білеміз. Сынып тынышталғанда Айнажан жаңағы батасын тағы қайталап:
Уа, Құдайым, оңдасын!
Субботник болмасын!
Көктен жаңбыр себелеп,
Жексенбіге дейін қоймасын! – деді. Бір кісідей “әумин!” деп бет сипап жатырмыз, біздің бұл қылығымызға тәрбиешіміз Бағдаулетова Фатима апай мәз. Артынан педагогтық этикаға жат екенін біліп: “Қойыңдар, балалар! Болмайды!” – деді.
Ертесіне сабақтан соң ырғалып-жырғалып сенбілікке шығайық десек, өткінші жауынның төпелеп бергені! Әлбетте, жауын жауған соң, үйге ертерек қайттық.
Сейсенбі, бейсенбі күндері үйрету тәсілі де мықты, сабаққа талабы одан да мықты директор ағай мен Орынша апайдың сабағы бірінен кейін бірі болады. Сейсенбі. Көршілес сыныптьң оқушылары: «Директор бүгін ерекше қатал! Өткенді де сұрайды, бақылау да жаздырады. Сұмдық! Дайындалыңдар!» – деп зәремізді ұшырды. Сабақ басталуға әлі талай уақыт болса да шулап сабақ оқи бастадық. Бір кезде Айнажан ортаға шығып:
Уа, жаратқан, жарылқа!
Бақ, дәулетті аумас қыл,
Жүректегі иманды
Білімменен жалғас қыл!
Жалқаулықтан алас қыл,
Қарғағаннан қалас қыл!
Директордың сабағы болмасын!
Дайындықсыз мына шәкірттерді
Құдайым өзі қолдасын!
Директорымыз ауырып та қалмасын,
Құдай ол кісінің жанын
Жүзге жетпей алмасын!
Тек, әшейін, бүгінгі сабағы болмасын! деп бата берді.
«Айтқаның келсін! Әмин!» – деп бет сипаған біздер қайтадан оқуға кірістік. Он минуттан соң «Директор шұғыл шаруалармен Астанаға кетті!» деген қуанышты хабар жетті. Бәріміз Айнажанға алғысымызды айтып, айналып, толғанып жатырмыз.
Бейсенбі күні де Айнажанның «Біз жалқаулығымыздың кесірінен батамен құтылып үйреніп алдық. Болмайды! Оның үстіне батаны ер адам беруі керек» дегеніне қарамай ортаға шығардық.
Батам, батам, батпасын,
Батам жерде жатпасын!
Қол жайып отырған достарымды
Құдайым соңғы рет
Директор ағайдың сабағынан сақтасын!
Ия, Құдай бұл жолы да сақтап, директордың сабағы болмады.
Уақыт зуылдап, апта айналып, тағы да сейсенбі келді. Бірінші сабақ біткен соң, біреуміз барып, қатарлас сыныпта директордың сабағы болмағанын білдік. Әдеттегідей кітапқа бас қойып, гу-гу оқу жоқ, қайта есіре түскенбіз. Секіріп ойнақтауымыз соған дәлел. Осы у-шуды басқысы келді ме, Айнажан ортаға шығып:
Уа, Құдайым, оңдасын! – деді. Күндегідей емес, енжар келіп, орнымызға отырып, қолымызды жайдық. Айнажан “дир” дей бергені сол, есік ашылып, ар жақтан: “Кімге бата беріп жатырсыңдар?” деп директор ағайымыз кіріп келе жатыр. Айнажанды Құдайы сақтады, “Директордың сабағы болмасын!” деген сөзді айтқызбады. Бізді де Алла сақтады, директор ағай жаңа тақырыптар өтіп, сабақ сұрамады.
бірақ, осы оқиғадан кейін Айна қыз «сабақ болмасын!, «субботник болмасын! деп бата бермейтін болды. Жалынсақ та, қайтарып тастайды. «Батада кие бар. Оны тек жақсылыққа арнап береді. Батаны таза адам беруі керек. Біз ойынға айналдыруды доғарайықшы. Ал жақсы тілектерді үнемі тілеп жүру керек», – дейді Айна қыз. Айнажан бата бермеген соң, біз де 11 сыныпты былай қойғанда, 4-курстың соңына дейін Иманғали ағамызбен бірге сенбілікке шығып жүрдік.
Кәмшат
wahahahaha
kushti beredi eken :))
Айна жаныңыз керемет адам екен даЧ 🙂
//Директор ағайдың сабағынан сақтасын!
Ия, Құдай бұл жолы да сақтап, директордың сабағы болмады.//
Ауылда оқыдым. Мектептегі кейбір мұғалімдер қаладан келетін. Солардың сабақтарынан дайын болмасақ, біз де сіздердің айтқандарыңызды айтатынбыз 🙂
🙂 батаның, сөздің киесі деген сол болса керек. Ол Айна қыз мейірімді-і-і ғой. Директорға «ауырып та қалмасын, Құдай ол кісінің жанын жүзге жетпей алмасын дейді» :)))
Әңгімеңіз таныс, бір басқосуда естіп едік 😉 Блогқа жазғаныңызға рахмет! 🙂
🙂 Сіздерге рахмет, кайта! Жалпы, бір тусінгенім – омірде тым-тым тартіпті боп журген адам керемет кызыктар коре алмайды екен. Арасында осындай, Айнажандікі сиякты акылды тентектік жасап туру керек 😉
Айналайын, оқып бір рахаттандым. Өзімнің бала күнімді, мектептегі кезімді еске түсірді. Рахмет, қаламың мұқалмасын!
Сізге ұнағаны үшін қуаныштымын! Рахмет, АЛЛА разы болсын! 🙂