9 қаңтар – үлкен әпкеміздің туған күні. Біз үшін ерекше туған күн. Данабектің екіге қараған кезі. Әдеттегідей туған күнге дайындала бастағанбыз. Ол кезде мен бірінші сныпта оқимын. Данабек екеуміз ақылдасып үйде тұрған көп кітаптың арасынан қалыңырақ біреуін таңдап алдық. Сыйлықтың көңілге де, қолға да қомақтысы жақсы ғой. Қадір Мырза Әли мен Қастек Баянбайдың шығармалары топтастырылған кітап екен. Бірінші бетіне «Гүлка тәте, туған күніңізбен! Сізге кө-ө-өп жақсылық тілейміз!» – деп жазу жаздық. Бұл сыйлық Данабектің атынан кетпек. Жаңағы кітапты қолына ұстап, әпкесіне берем деп кеткен Дәкең жоқ, дастарханда бәрі соны күтіп, сыйлығын тамашалауға асығып отыр. Сөйтсе, ол кітап салатын целлофан пакет іздеп кетіпті. Бір кезде пальтосының екі етегі екі жаққа кетіп, танауы желпілдеп келді. Манағы кітапты целлофан пакетке салып, аузын қорада тұратын пресс жіппен жақсылап буып тұрып әкеліпті. Ол кезде қазіргідей түрлі орама қағаздар жоқ, сыйлықты целлофанға салып беретін. Соны есінде ұстап қалса керек. Ол кіріп келгенде қуана дабырлап қарсы алдық. Биылғы туған күннің ең үлкен жаңалығы – осы болмақ, Данабектің алғашқы сыйлығы. Ал ініміздің қарқыны басылып қалған. Босағадан аттай бере қолын артына ұстап, көзінің астымен қарауынан-ақ ұялып тұрғаны белгілі еді. «Келе ғой, кел! Әпкесін құттықтайын депті ғой алтыным», – деген үлкендердің дабырын бұзып: «Мә, туған күніңізбен!» – деп артына тығып тұрған кітабын лақтырып жібермесі бар ма. Өзі жүгіріп барып анасының алдына отырып алды, әлі бұртиып отыр. Бәрінің ду күлгеніне ызаланып отырған сияқты. Целлофанның шырмап байланған жібін әрең шешкен әпкем кітапты ашып тілекті, тілектің астындағы Данабектің алақанының суретін көріп, бауырын айналып-толғанып жатыр.
Қазір біз жылда осы оқиған есімізге алып, бір күліп аламыз. Ол кітап үйде әлі сақтаулы тұр. Мен Данабектің сол сәттегі көңіл-күйін өте жақсы сезінем. Ата-анамның туған күнінде, 8-наурызда қолдан қатырма қағаз (открытка) жасап, жанына бір шумақ өлең жазып берер кезде мен де солай қатты ұялатынмын. Бірақ, анамның бетімнен елжірей сүйіп, әкемнің мейіріммен басымнан сипаған сәті сондй ыстық! Ол тәтті сәтті сезіну үшін тер төгу аздық етеді, ал ұялу бұл сәттің мәнін одан әрі арттыра түседі.
Мен сыйлықты алуға да ұялам. Бірақ, бар ғой, өзім біреуге сыйлық берсем бір шаттық көңілімді кернейді. Барлық адамдар үшін де солай болса керек. Бірақ, сыйлқтың құны ақшамен емес, ниетпен бағаланады. Сыйлық – адамдардың бір-біріне деген ілтипатын білдіреді.
Достарымның «ерекше сыйлық жасайық, тосын болсын, ел-жұрт жиі беретін стандартқа айналған сыйлық керек емес» деп жатқанын талай мәрте естідім. Көйлек сынды сыйлықтың да «сәнділері», былайша айтқанда гламур сыйлықтар бар. Сыйлыққа қарап сыйлық берушінің һәм сыйлық алушының да психологиясын жобалауға болады екен. Бір қызығы, мен ешқаша тосын, мені таңдандырған сыйлық алып көрмеппін. Жаңағы сөздерді айтатын достарым да маған «стандарт» сыйлық – кітап, алқа, сырға, сақина сынды нәрселер сыйлайды екен. Менде де дәл солай. Және ол сыйлықтар маған ұнайды! Өте ұнайды! Бұл сыйлықтар мәңгі қалады және қашанда сәннен түспейді деп санаймын.
Кішірек кезімде қуыршақ, көйлек-көншек сыйлаған кісілер болды ғой, әрине, бірақ мен ол сыйлықтарды сыйлық ретінде қабылдамаппын. Өзім қатарлас көрші қыздарды мектепке барар жылы туған күніме шақырғаным есімде. Сонда олардың көбі маған дәптер, қарындаш, қалам, қызыл қоңыздың суреті бар әдемі значек сыйлаған еді. Тіпті, түр-түсіне дейін есімде сол сыйлықтардың. Сол заттар менің алғашқы сыйлықтарым болса керек.
Бірінші сыныпта 8 наурызды өзімізше атап өттік. Мұғаліміміз әр бала бір қызға сыйлық жасайсыңдар деп тапсырды. Бірге оқитын Ертөре деген бала маған сыйлық жасау керек болды, өзі жақсы оқитын әрі бізге үйі жақындау тұратын еді. Құрдас нағашым Гүлназ соны маған үнемі қосып мазақтайтын. Содан ба, Ертөреден сыйлық алғанымды ешкімге де айтқым келмеді. Сыныптасым маған шын құлпынайдан айнымайтын құлпынайы бар қос заколка сыйлады. Үйге әкелсем, бәрібір біреуден естіп, одан әрі мазақтайды деп, ол сыйлықты көшеге тастап кеткем. Көзім қимаса да, солай жасадым. Бүгінде осы қылығыма қарап күлем, әрине.
P.S. Дәл қазір мен үшін әр таңым, әр бауыр, әр досымды көруім, олардың бәрінің аман болуы – үлкен сыйлық …
Кәмшат
баламысың деген, жаалко заколканы:)))
иә-ә, бір әдемі балалық қой 🙂
«Үйге әкелсем, бәрібір біреуден естіп, одан әрі мазақтайды деп, ол сыйлықты көшеге тастап кеткем.»
мынау тірлігіңізге 1 класта болса әрине күлкілі қарауға болад, ал 17 жастағы қыздың үйіме гүл әкелсем шешем жігіттен екенін ұғып ұрып қояд, ұят қо деген тірлікке қалай қарар едіңіз? осы біздің қазаққи менталитеттен көп қындық көріп атқан жоқпызба осы?
Айкожан, расын айтсам, он жеті жасымда алған гүлдерім арнайы бір жігіттен болмағасын (туған күн, т.б. маған қатысты мерекелерде ғана алыппын) олай етпедім. Негізі, осы ұяңдық, ұялу деген әдемі-і-і қасиет пе деп ойлаймын. 🙂
мына жауабыңыз яғни арнайы бір жігіттен болса сізде тастар ма едіңіз сонда? 🙂
Солай шығар, Айкожан 🙂
Сонда
Толығырақ жазбасаңыз, мен сізді түсіне алмадым, Баян. Айып етпеңізші? 🙂
Упс, мен негізі жазғанмын, сақталмай қалыпты((((
Ендеше….
Сондай жақсы жазылған дүние екен. Бір деммен оқып шықтым.
Мен де бала кезімде кітап деген туған күннің бір атрибуты деп санайтынмын 🙂 Мынаны оқып, сол есіме түсті:)
Ия, Ертөрені аяп кеттім…. заколкаларды да 🙂
Ааа :). Ертөрені аядым дейсіз бе?… 🙂 Қазір мен де аяп кеттім, сіздің коменттен соң
Қандай әдемі жазба… 🙂 Шындығында мен де үйдегілерге сыйлық бергенде біраз ұяламын… Официально емес, мама сенің туған күнің келе жатыр ғой, соған мынадай кофта алғам, қарап көрші деген сияқты айта саламын… Інілеріме де сол, туған күніңе сыйлық болсын деп бере саламын 🙂
Жақында маған досым үлкен сый жасады. Маған ұялы телефон сыйлады. Кейбіріне айтсам, қойшы, сонда жайдан жай саған ұялы телефон сыйлады ма деп таң қалады. Ия, жайдан-жай деймін. Соған қарағанда адамдар сыйлықтар алудан біраз алшақтап кеткен сияқты. бір-біріне қаттылау болып барады.
Сол досыма қатты ырза болдым, бәлкім жақсылығын өзім өтей алмасам да, өмірде тек бақытқа кенелсе екен деп тілеймін.
Өз басым, жақсылықтың-жақсылыққа, жамандықтың-жамандыққа қайта ораларына сенемін.
Расында да, казір біреуге жай гана сыйлык жасасан, буйымтайынды кутіп турады, кызык :). Досыныз кандай жаксы дос, сізді куантып журген! Тіпті, ол сыйлык бермей-ак койса да, онын таза конілінін озі кандай гажап! Тілегініз кабыл болсын, Акзере!!! Сіз кандай да болсын тек жаксы сыйлыктарга лайыксыз!!! 🙂
Рахмет! Ия, алтын досым… әзірге… қалғанын уақыт көрсете жатар… 🙂
Зере жан, со сіздің дос деп отқаныңыз бала емес пе, ну енд хи*хи*хи 🙂 мүмкін сезімін білдіре алмай жүрген шығар…
айнамекен сіздің смс бірінші келген кезде туған күнім күні, көзіме жас алдым 🙂
неге көзіңізге жас алдыңыз, Айкожан? Өткенде тағы бір досым ағыл да тегіл жылады, құттықтау жіберсем :(. Жыламаңыздаршы?
Менің есімде бастауыш сыныпта оқып жүргенде, класс жетекшім Кулән апайдың сыйлаған, қатырма қағаздан жасалған көбелегі есімнен кетпейді, бүкіл сыныптың алдында берген еді, және туған күн де емес, қақаған қыстың бір күні….. сол есіме түсіп кетті.
Бала кездегінің бәрі есте қалатыны қызық. Күлән апай бір ерекше риза болған ғой 🙂