Рүстемнің мінезі өте қиын болыпты. Қасындағы барлық достарын өзіне қарсы деп ойлап, үнемі оларға ренжіп жүреді екен. Қит етсе, әке-шешесіне келіп шағым айтуды әдетке айналдырыпты. Тіпті, әке-шешесі де оның шағымдарынан әбден жалығыпты. Бір күні Рүстем тағы да әкесіне шағым айтып келгенде әкесі:
– Ұлым, сенің бір де бір жақсы жолдасың жоқ па? Балалардың барлығы бірдей жаман болмайды ғой. Неге достарңның бойынан тек кемшілік көре бересің? Олардың жақсы жақтарын да көруге тырыссаңшы. Бұдан кейін келіп маған шағымданушы болма! – депті.
Сол күннен бастап Рүстем әке-шешесіне шағымдануын қойыпты. Бірақ бір күні оның қалтасына ұсақ тастарды салып жатқанын әкесі көріп қалып, одан тастарды не істейтіні туралы сұрапты. Сонда баласы:
– Егер достарым маған жамандық жасайтын болса, бұл тастармен өзімді қорғаймын, – деп жауап беріпті.
Арада бірнеше күндер өтеді. Әкесі бұл жолы Рүстемді қолындағы ұзын таяғымен көріпті. Жанына жақындап, бұл таяқты не істейтіндігін сұрағанда, Рүстем:
– Бұл таяқпен дұшпандарымнан қорғанамын, – деп жауап беріпті. Әкесі қатты ренжіп:
– – Әрине, дұшпандарыңа қарсы шара қолдану жақсы. Бірақ кез келген адамды өзіңе дұшпан санау дұрыс емес. Бұл ой сені мазалай ма өзі?! – деп бұрылып кетіпті.
Сол күні Рүстем түс көреді. Түсінде аппақ қудай сақалы бар бір қарт адам қасына келіп оны ішінде жыланы бар ыдысқа салып алыпты. Оған жыланды көрсетіп ұнайтын-ұнамайтындығын сұрапты. Рүстем:
– Жыландар сүйкімді болушы ма еді? Дүниедегі ең сүйкімсіз хайуан ғой. Мен оларды жек көрем! – депті. Сонда қарт адам:
– Жыландардың қандай ерекшелігі бар, білесің бе? Олардың дұшпандарына әрқашан дайын тұрады һәм күллі жаратылысты өзіне дұшпан санайды. Сол үшін де шабуылға дайын тұрады. Қарсы алдындағының бір оқыс қылығын байқаса болды, жамандық жасайды деп оған оқтай атылады. Міне, сондықтан да олар сүйкімсіз. Егер жыландар бұлай әркімді шағып, жамандық жасамаса, олардың да сүйкімі артып, ешкім өлтірмес пе еді, – депті.
Содан кейін қарт адам Рүстемді шымшықтардың топталып қонақтаған ордасына апарып, олардың ұнайтын-ұнамайтындығын сұрапты. Рүстем олардың сүйкімді екенін айтады. Сонда әлгі қарт:
– Шымшықтардың өздерін қорғайтын қарулары жоқ. Оларға тек қатігез адамдардан басқа ешкім жамандық ойламайды. Оларды барлығы жақсы көреді. Көмектесуге дайын тұрады. Ал жыландардың қаруы бар, оларға көпшілік қамқор болғысы келмейді. Әрине, дұшпанға қарсы күресу керек және жеңу керек! Бірақ күллі адамды дұшпан санап, олардын тек жамандық күту жөн емес. Ол үшін ең алдымен өзіміз жақсы ниет ойлап, тек жақсылық жасайық. Сонда олар да бізге жақсы ниетте болады, – депті.
/Авторы белгісіз/
P.S. Бәрі де көзқарасқа байланысты: пышаққа нан, ет турайтын құрал деп те, адамға кезелетін қару деп те қарауға болады
алғаш естіген кезден бастап, пәлсапаның ең төменгі стадиясында жүрген жайым бар. тек негатив айтылып кеткен заман болды ғо, позетипті кім қалай істемек егер бір күні түні*жылай берсек, бір мезгіл ғана емес өн бойы күле беретін болайық 🙂
әмин, Айкожан! АЛЛА мәнді күлкіден айырмасын!!!