Біз кейде болымсыз нәрсеге егіліп жылаймыз, шын жылау деген басқаша болады екен. Біз кейде болымсыз нәрсеге шаттанып қуанамыз, шын қуану да басқаша болады екен. Валя апай осы екі сезімді де басынан кешіріп, жүрегімен сезінген жан.
«Біреу келіп менен көмек сұраса қуанам, мен адамдарға керек екенмін ғой деп. 1992-жылдың 7-қарашасы есімнен кетпейді. Есеп тапсырып, үйге келгем. Көрші әже моншаға түсіріп бер деп келіпті. Соның арасында тағы бір кісі келді, өзімен бірге бір жаққа баруын өтініп…»
Біреудің көңілін қалдыруға дәрменсіз жан бірден келісе кетеді. Қайтар жолда олар жол апатына ұшырайды. Жүргізуші мас болып, қараңғыда алдында жатқан шұңқырды көрмей соған түсіп кеткен екен. Ауыр машинаның есігі ашылып өзгелер сырқа ұшып кетеді де, Валя апайдың пальтосы ілініп қалып, дөңгелектің астына түсіп кетеді: «Сынбаған жерім жоқ. Қол-аяқ, белім, – сау жерім жоқ. Есімнен танып кетіппін. Бір кезде көзімді ашсам, қайнымның дос баласы менің басымды тізесіне салып, бетіме қарап жылап отыр екен. Сол жігіттің ыстық жасы, жасының ыстық табы әлі күнге бар, – деп Валя апай бетін сипап қояды. Тырс-тырс тамған сол жастан өзге ол кісі ешнәрсені сезбеген қалпы комаға түседі, бір емес, бес күн бойы өз-өзіне келе алмайды. Ары қарай… ары қарай түсінікті, операциядан операция, құрғамайтын көз жасы, өмір үшін алма кезек таласқан үміт пен күдік.
«Кезекті бір операциядан шыққан соң тағы да есімді білмеймін. Әйтеуір, жеп-жеңіл боп жердің астына түсіп барады екенмін. Сенесіз бе, қауырсыннан да жеңіл сезінген шығармын өзімді. Солай қалықтап төмен түсіп келе жатқанымда бір үстелді көрдім, үстел үсті толған теберік. Бір үлкен кісі қайтыс болғанда соның жасын берсін деп қазақ теберік таратады. Сол бір жапырақ шүберектерді көріп жатып көзімді ашсам, дәрігерлер қол шапалақтап қуанып жатыр. Айтпақшы, менің операцияға түсуімнің өзі қызық болды ғой. Бибігүл деген қызым Семейдің медуниверситетінде оқып жүрген, менің жағдайым осындай болған соң, Алматыға ауысты. Түске дейін сабақта, түстен кейін менің жанымда болады. Бір күні дәлізде қамығып жылап тұрса керек. Бұлар маған көрсетпей, мен оларға көрсетпей жылап аламыз ғой, енді. Сондай бір сәтте жанынан бір профессор өтіп бара жатып, Бибігүлдің жанына тоқтап, жайын сұрайды. Бәрін білген соң, дереу операцияға алғызды. Өмірде жақсы адамдар аз деп жатады ғой, жоқ, мен олай деп айта алмаймын, Аллаға шүкір, жақсы адамдар қашанда көп!»
92-жылдың 7-қарашасында көрші әже кеп Валя апайға моншаға түсіріп беруін өтінсе, 93-жылы дәл сол кезеңге қарай Валя апай да ауруханадан үйіне келеді. Енді ол да біреудің жәрдеміне мұқтаж, енді оны да өзге біреу моншаға түсіру керек.
«Бір жылда өзім отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қара шаңырағымды қатты сағынып қалғанымды сезіндім. Бір жыл бұрын өз аяғыммен жер басып шыққан едім, енді мені машинадан зембілмен (носилкамен) үйге кіргізбекші. Бұндай қасіретті Құдай достың да, дұшпанның да басына бермесін! Ол өте бір қиын сәт! Ойпырмай, менің осы күйімді білді ме, қандай тылсым хабар бергенін білмеймін, әйтеуір машинаның есігін аша бастағаннан-ақ үйдегі сиыр мөңіреп, ит ұлып, ауламыз азан-қазан болды. Ой, жүрегімнің ауырғаны-ай. Көрші әже ұшықтап үйге кіргізді. Ертеңіне үйдегі қожайын малды өріске шығарайын деп дайындалып жатса, сыртқы дуалды әлдекімдер тарсылдатып ұрып тұр дейді. Сөйтсе, ауылдағы аурухана, мектеп, қысқасы күллі мекемелердің адамдары, ауылдың үлкен-кішісі жиналып келген екен. Кісі қайтыс болады ғой, дәл сол кезде солай жиналады. Жүргемінің атқақтағанын көрсеңіз ғой. Мен олардың басын ғана көре алам, орнымнан тұра да алмаймын. Бәрі жылап жатыр, ешкімнің де жылама деп айтуға шамасы келмеді, ешкім де олай айтқысы келмеді, ол солай болуға тиіс те еді. Мен Алматыдағы ауруханаға түскен кезде де ол кісілердің біразы артымнан машина-машина болып келген екен, бірақ мен ол кезде ес-түссіз жатқам. Совхоз директоры: «Валя, сіз жол апатына ұшырады деген күні күллі ауыл күңіренді ғой, сіз бізге керексіз. Өз-өзіңізді тастамаңыз!» – деп, тағы біраз жылы сөздерін айтты, сол сәтте: «апырай, мен өз бағамды өзім білмей жүр екенімін ғой. Қандай бақыттымын, адамдарға титтей де болсын жақсылық жасай алдым», – деп ойладым».
Ресей жерінде туып, медучилищені сол жақта тәмамдап, Талдықорғандағы Сарыөзекке қаршадайынан практикант болып келіп, келін болып сіңіскен, өз жұмысын шексіз жақсы көріп, үлкенге де, кішіге де күн демей, түн демей жәрдемдесіп жүрген Валя Омарқызы қызының өміріндегі басқа кезең басталды. Дәл сол сәттен, дәл сол ауылда.
«Адамдарға жан-тәніңмен көмектесіп, керегіне жарау, олардың қардан аппақ, оттан ыстық ықыласына бөлену – үлкен бақыт! Өмірдің мәні – мейірім мен кешірім екеніне дау жоқ. Адамдар жыламаса екен, адамдар қуаныштың қадірін біліп, денсаулықтарын бағалай білсе екен! Жол апатына түскенде мен егіліп жыладым, бірақ көз жасым өмірге деген құштарлығымды өшіре алмады. Аман қалғаныма шексіз қуандым, қуанышым пендешілігімді өршітпеді! Бақытгүлім, Бибігүлім, Қымбатым – менің қымбаттан қымбат қазыналарым. Біз демеуші деген сөздің мәнін тарылтып жібердік қой, балалардың әкесі Хамит Әбдірахманов – нағыз демеуші! Өмірімнің тірегі қай кезде де қасымнан табылды, қуанғанда бірге қуанды, басыма сын сағаты түскенде қайғымның жартысын иығымен көтерді. Кезінде немере көре алмай кететін болдым деп егіліп едім, Құдайға шүкір, бүгінде Әнел, Алина, Олжас деген жамандарым бар. Солардың бағына аман қалған болармын деп ойлаймын. Қазір кірді де жуам, тамақты да жасаймын, үйді жинаймын. Тек жер баса алмаймын, сол ғана болмаса, бәрі жақсы, АЛЛАға шүкір! Өміріме дән ризамын, балаларыма ризамын! Әнел деген немерем ән айтады. «Тамаша» би ансамблінің жетекшісі Сәуле Темірғалиқызы деген қызым көмектесіп теледидарға да шығып жатыр. АЛЛА разы болсын ол қызыма! Осындай қуаныштарды көргенде қалай тәубе демейсің?! Бірде қыздарым Республика сарайына алып барды, жүре алмайтынымды әдетте ұмытып кетем ғой, төрт жігіт коляскамның төрт жағынан көтеріп, қызметші қыздар басқа есіктен кіріңіз деп асты-үстіме түсіп жатқанда қатты риза болдым! Адамдардың пейілін тарылтпасын Алла. Қысқа ғана ғұмырымызды нұрландыратын сол ғана!»…
Елзира деген қыздың блогынан оқып едім: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Сиэтл қаласында (АҚШ) өткен олимпиадада тоғыз мүгедек спортшы жүгіруден жарысқа түседі. «Старт!» деілген сәтте жарыс басталды. Әр спортшы шамасы келгенше ынта танытып, жеңіске жетуге тырысты. Бір кезде мүгедек кішкентай бала коляскасынан ауып құлап қалады. Қалған сегіз спортшы жылаған баланың даусын естіп дереу тоқтайды да, артқа қайта жүгіреді. Ең бірінші жеткен жарымжан қыз құлаған баланың қасына жете салып, құшақтап бетінен сүйіп жұбатып жатыр. Қалғандары оларды қоршап алып, қол соқты. Оларға қосылып стадион толы адамдар орындарынан тұрып қол соқты. Бір-бірін демеген, бір-бірін жебеген жарымжан жандар финиш сызығына дейін бірге барды… Өмірде ең маңыздысы – жеке басыңның жеңіске жетуі емес, ЕҢ маңыздысы – басқалардың жеңіске жетуіне көмектесу, ол үшін кейде тоқтап бағытты өзгерту керек»…
Валя апайдың өмірі аяқ астынан қайраңға түскендей болды, бірақ ол кісі жақсылық жасаудың финиш сызығына жетуге үнемі жарысып, жанталасып келеді. Және… және дені сау жандардың да финиш сызығына үлгеруі үшін қолынан келгенін аямауда…
Кәмшат
көзімнен жас шығып кетті..
Менің де жылағым келген, ол кісі тым-тым мейірімді… әрі тым-тым қайсар!
Жанка, мен сұхбаттасуға барғанда көзімнен жас шыққан, ал қазір… ал қазір егіліп отырып оқыдым бұл материалды…
сұмдық пенделік жағдайларымның сұмдық тұстарын ашып бердіңіз, кәдімгідей ұялып тұрмын.
анау бір тұсы Валя апайдың клинический смерт дейд ғо сол сияқт екен.
Онда бір айырмашылық, сол егер біреуге осы дүниеде көмек етіп үлгермей қалсаң, ана жақтағылар қайтарып жіберетін болса керек. медицина ол жағын мүшелердің тоқтауы деп түсіндіріп келед. ал басқа жағының пайымдауынша осы. яғни құдай бір адамға көп адамға жақсылық жаса деп міндет ететін болса керек. өкініштісі неге кімге келгенімізді ұмтып кетіп атамыз
Солай ма екен?… Е-е-е-ех, Айкожан! иә, ол кісімен сұхбаттасуға барып, өзім де қайран қалдым. АЛЛА разы болсын! Білесіз бе, ол кісінің өмірге құштарлығы сұмдық! АЛЛА тіл-көзден сақтасын!! (Айтпақшы, бұл мақала блог ашылмай тұрған кезде жазылған, Элзира деген арудың блогындағы осы әңгімені мысал қылып алып едім, газет те оны сол күйінде жіберіп, қуантып тастады)
«құдай бір адамға көп адамға жақсылық жаса деп міндет ететін болса керек». Айкожан, мына сөзіңізде үлкеен астар жатыр екен ғой!!! Қазір тереңірек түсініп отырмын