Мектеп бітіргенімізге біраз жыл өтсе де, сол күн әлі есімде, әр сәті, әр адамның айтқан сөздері, жазған тілектері… Мен өзім бітірген мектепті ерекше жақсы көремін! Ол менің альма-матерім десем де болар. Көктөбенің баурайы, ақшағаладай менің аппақ мектебім, КСРО кезіндегідей форма киіп алған менің сыныптастарым… зу етіп өтіп кеткен сол кездердің өткінші екеніне қазір де сенбеймін.
Біз, яғни біздің қатарларымыз мектеп бітіру кешінде бұрынғы мектеп формасы мен ақ фартук киіп, басымызға ақ бантик тағып шығамыз деп келістік. Барі тауып жатты, бірақ мен таба алмадым. Іштей: «әттең, ауылда болғанда ғой, бұл проблема оп-оңай шешілер еді» деп қоямын. Содан не керек, үйде құр тұрған, ешкім кимейтін бір қара көйлек тауып алдым да, оның етегін қайырып тігіп, артық жерін кесіп, жаға, жен тағып дайындадым. Мықты тігінші болмаған соң, керемет шықпаса да, көңіліме ұнаған еді, жинақы, әп-адемі тұрды. Шашым сәл ұзындау болған соң үлкен бантик таққым келіп, базардан екі күн іздедім. Бірақ, ұнайтын бантик таба алмай, аппақ атлас материал, жай бантик т.б. керектерімді сатып алып, бантикті де қолдан жасадым. Ол бантигім маған ғана емес, қыздардың бәріне де ұнады, сарп еткен уақытым текке кетпеген екен. Содан не керек, 25-мамыр да келіп жетті. Міне, қызық, қыздар форма-фартук киіп, шаштарына ақ бантик тағып жүрсе қандай кішкентай көрінеді! Тіпті, өз жастарынан 4-5 жас кіші деп ойлап қаласыз! Және бұл киім бәріне де жарасып тұр! Мен де көйлегімді киіп дайындалып жатқанмын, бір кезде Жадыра деген бір бөлмеде тұратын досымның мамасы келді, алтындай кісі өзі! Артығын басқа қыздар да киер деп қызына екі-үш форма алып келіпті. соның біреуі маған дәл келді, өкініштісі – ол көйлек қысқалау еді, тізеден 10 см жоғары тұрады екен. Ал мен ондай қысқалықтағы көйлекті кие алмайтынмын. Қыздардың бәрі қаумалап, соның жақсы екенін дәлелдеген соң, ақыры кидім. Бірақ, далаға шыққанда ұяттан өртеніп кете жаздадым, шегінерге жол жоқ…
Бір қыз, бір ұлдан қол ұстасып, дайын тұрмыз, біраздан соң сап түзеп шығып, орнымызға тұрамыз, яғни 11 “А”-ның орнына. Іштей «бұл сәт енді келмейді» деп қобалжып тұрмыз, әркім келіп құттыктап, осы сөзді айтады. Ақыры салтанатты сәт басталды. Мұңды күлкі бәріміздің жүзімізде. Жанас ағай, Гүлшара апай, Орынша Карабалина, Үмбетбай ағай сынды барлық ұстаздарымыз кезек-кезек сөйлеп, құттықтап жатыр. Түлектерге де сөз кезегі тиді. Қысқа көйлекпен шығуға ұялып мен тұрмын.
Масқара! дәл мен шығайын деген кезде бүкіл сыныптастарым мені қосып ойнайтын бір кісінің келіп қалмасы бар ма! мен ол кісіден жай кездердің өзінде ұялып, кездессем қашып кеткім келіп тұратын, енді… енді, дәл алдында тұрып сөз сөйлеуім керек! Әйтеуір, Аллаға шексіз шүкір, мүдірмей сөйледім. Артынан сол кісі де құттыктап қолымды алды, бұны көрген сыныптастарыма талғажау етер тағы бір мысал табылып, маған қарап қастарын қағып, жымындай берді. Соңғы қоңырау сондай әсерлі өтті! Соғылып жатқан қоңырау, оған байланған алқызыл бантик – ұмытылмас естеліктер! Сол қоңыраудың үнін де «жаттап алайыншы» дегендей мұқият тыңдағаным бар… 🙂
Қазір түскен фотоларды қарасам, бәрінде көзім қызарып, бұлаудай болып түскен екен. Сол суреттерге қарап күлемін, достарымды есіме алып, сосын оларды одан әрі сағынамын! Әр қиырға тараған оларға АЛЛА жар болса екен! Біздің енді дәл сол орында, өз мектебімізде кездесе алмайтынымыз өкінішті! Мектебімізді орнынан көшіріп жіберді… :(. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын Республикалық мектеп-интернаттың кез келген түлегі мен үшін ерекше ыстық боп тұрады. Ал, біздің сынып жетекшіміз Сейфолла ағайға алғысымыз шексіз! Ол кісінің жатқан жері жанат болсын!…
қайда көшіріп жіберді???
өзімде мектеп бітіргенде бәлендей сезім болмады шыны керек..
мұнаю деген де болған жоқ, бірнеше мектепте оқығасын белгілі бер жерге байланыс жоқ шығар..
Тура жанымызда ғылыми зерттеу институты бар еді, соның орнына… :(((
Оһо, қай жылы бітіріп едің? Абай университетінің машықкерлері сендерге сабақ берді ме?
2003-жылғы, Өрімтал. Аха, олар сабақ берген. Ол кісілерге қатысты «қатігездіктерімізді» болашақта жазамын деп ойлаймын 🙂
Мен 2005-те 11 «В» сыныбына екі айдан жетекшілік етіп едім. 🙂 Қатты сынамассыңдар деп үміттенемін 🙂
Бәрінен де маған тамақ ішіп болған соң, оқушылардың дәм қайыратындары ұнайтын 🙂
Иә, Өрімтал, дәм қайыру дегеннен шығады. Бәріміз де бет сипап үйреніп, әдет боп кеткен. Бір күні сол директордың сабағы біткен соң, қоңырау соғылғанда, бір сыныптасымыз аузы күбір-күбір етіп бет сипағанда, ағай: «Не істеп отырсың?» деп күлгені бар еді :). Шартты рефлекс
«Қайран да менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың
Қайырлы болсын сіздерге
Бізден бір қалған Еділ жұрт» деп кеттік…
Өте әсерлі екен. Сізді соңғы қоңырауда көргендей бодым ғой .
Иә, әдемі бітіріпсіздер. Бізде мектеп бітіргенде ақ бантик таққан кезде ойлап ем : неге әрқашан тақпағам деп өкініп ем…
Соңғы рет ақ бантикті 4 сыныпта таққан шығармын 🙂 Өкінішке орай, осындай бақыт маған бұйырмапты.
Катарластарын такпаган сон, амалсыз тастайсын. Айтпесе, бантик деген гажап адемі екен гой, ия, Зере ару? :). Жумысыма байланысты биыл да тактым, барі карайды, кызык арі керемет! 🙂
Ақ бантик … Мектепті бітіргенде шашым қысқа болды, тақпаппын, ал бастауыш сыныпта үнемі тағып жүретінмін. Әдемі ғой бантик 🙂
бантик = балалық 🙂
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған – депті ғой…. Әңгімеңіз әсерлі. Көз алдымда кино көргендей жүгіріп өтті. Жалпы, сіздердің мектеп ең мықты мектептің бірі деп естідім. Қазақы, ұйымшыл, дәстүршіл, досшылдар сіздерде ғана оқыған ба деп қалдым. (өзім сонда оқымағаныма өкініп қала жаздаймын) Сіздің әлгі батагөй қыз туралы әңгімеңіз бар еді ғой. ))
😉 Рахмеет сізге! Әйтеуір, бір қазақылығы басым, мейірімі басым мектеп болатын.
«Айнажанның батасы» ма? :)…
Иә, дәл өзі!!! )))
Иа. Өте қазақилығы басым мектеп болатын. Мен де 2000 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік Университетінен барып практикада болғанмын. Жетекшілік еткен сыныбымда Бекет, Айдос, Жұмағали, Гүлбану, Динара, Жанар, Ақтыныс есімді қыздар болды. Басқа оқушыларым есімде қалмапты. Олармен өткізген керемет күндерім әлі есімде. Бірінші рет сабақ өткізуге келіп дірілдеп, қалтырап тұрған маған өздері күш беріп, қолдау көрсетіп жіберетін. Медеу мұз айдынына да саяхаттап бардық.
Еееехх, балапандарым сол! Менің көз алдымда әлі кішкене балалар секілді. Мұқажанова Гүлбану апай, тәрбиеші Мариям апай менің бірінші ұстаздарым болды. Атақты Орынша Қарабалинамен бірге қызмет еткен күндер!
Ол мектеп қазағымның қаймағын қалқытпай ұстап отырған қара шаңырақ секілді көрінетін. Қазір қалай екен?!