Жұмбақ сағыныш
Бір сағыныш көкірегімді кернейді,
Бір сағыныш көкірегімді кернейді…
Көптен бері, көктемдегі күннің асыл сәулесіндей тұп-тұнық.
Көптен бері түсіме ешкім енбейді,
Бір беймаза сағынышым өңімде жүр күттіріп.
Бір сағыныш көкірегімде пәтер жалдап тұрады:
Кімді, Нені сағынамын, Белгісіз.
Күнәсі жоқ күндерге артып кінәні
Мұңаямын, жоқсыз бірақ енді Сіз.
Жо-жоқ, сізді сағынбаймын, сағынышым бөлек тым,
Ол түу шырқау ғарыштардан кеп жатқандай құйылып.
Жүрегімді тұншықтырды зор екпін,
Ішіме еніп алғандай боп күллі әлемнің сағынышы жиылып.
Сағынушы ем құстарды,
Келді олар да, дүниенің түгі де жоқ құбылған.
Шекті шаққа ұзарды да, күндер қайта қысқарды,
Тамшылаған су секілді тесігі көп құбырдан.
Сағынушы ем, көктемді,
Ол да міне жалақыдай таусылуға таяды,
Сағынушы ем, өткенді, оның несін аңсаймын?
Кешегімнен айырмасыз бүгінгім, тіршілік қой баяғы.
…Бір сағыныш… қуаныш та, мұң да өзі,
Ұғынықсыз шырқайтұғын кейде әнін.
Бір сағыныш… куәгері – күн көзі һәм түн кезі…
Бір сағыныш… болашағы беймәлім.
Сүйретілген арман, қиял, бос елестер көшімен
Арасында сенім менен күмәннің,
Босып жүріп осы мен
Ақыретті сағынатын шығармын?
Мүмкін…
Ақырғы күн сағыныш боп орын тапса, көңілден…
Қайтарғысы келмегені болар ғазиз бетімді.
Күнә жиып күн кешетін өмірден
Періштемен тілдесетін қабір артық секілді.
Иә, иә, сағынышым бөлек тым,
Ол түу шырқау ғарыштардан кеп жатқандай құйылып.
Жүрегімді тұншықтырып бара жатыр зор екпін,
Ішіме еніп алғандай боп күллі әлемнің сағынышы жиылып.
Сағынамын, жанымды мұң торласа,
Әлденені, әлдекімді, әлдеқандай әлемімді сағынам…
Иә, бір жұмбақ сағынышым болмаса,
Өмір сүріп нағылам?
Мұрат ЕСЖАН
01.06.2009.
Ия, сағынбасақ өмір сүріп қайтеміз?..
Бір сағыныш көкірегімде пәтер жалдап тұрады:
Кімді, Нені сағынамын, Белгісіз.
Күнәсі жоқ күндерге артып кінәні
Мұңаямын, жоқсыз бірақ енді Сіз.
Жылағым келіп отыр 😦 😦 😦
Әсерлі өлең екен: сырамды сағынып кеттім!
🙂 мауқыңызды басу аса қиын емес екен
Сағынамын, жанымды мұң торласа,
Әлденені, әлдекімді, әлдеқандай әлемімді сағынам…
Иә, бір жұмбақ сағынышым болмаса,
Өмір сүріп нағылам?
Расымен өмірде сағынатын сәттер де, адамдар да жетеді! Бірақ осы өлеңді оқып оытырып мен өзімді сағындым. Кейде өмір зымырағын поезд сияқты. Жылдамдығы сондай үлкен, тіпті қай станцияда жанынның қай бөлігі қалғанын білмей қаласың
«Кейде өмір зымырағын поезд сияқты. Жылдамдығы сондай үлкен, тіпті қай станцияда жанынның қай бөлігі қалғанын білмей қаласың»
… :). Сол өткен станцияларды кейін сағынасың да отырасың 🙂
Керемет екен,тагы да жазып туршы..
Рахмет, Махаббат! Сіздің тілегіңізді Мұрат Есжан деген ақын бауырымызға айта барайын 🙂