Адам баласының не нәрседен де жалығатын кездері болады. Мейлі, ол алтынмен апталып, күміспен күптелген қымбат дүние болсын, мейлі ол талайларды тамсандырған тақ пен тәж болсын – бәрібір ол адам баласының жанын келте ғұмырда мәңгі шуақтандырып тұра алмайды. Сол сияқты біздің кез келген нәрсеге көзқарасымыз да тұрақты емес. Қызығушылығымыз бен құмарлығымыз құбылып тұруға бейім. Кейде әсемдік пен әдептілікіті құп көрсек, енді бір сәтте дөрекілік пен ретсіздіктен де бой тартпаймыз. Мәселен, әжем мен киетін киімді мүлде ұнатпайды. «Етегін ит талағандай қылып не киіп алғансың?» деп кейиді сәнге айналған киімге. Соған қарағанда, талғамды қалыптастыратын заман, замандастар, сол уақытқа тән мінездер сияқты. Киімді қойшы, киімнен де маңызды нәрселер бар ғой. Мысалы, мінез. Неге екенін қайдам, бүгінгі әлем дөрекі.
Қоғамдық көлікте келе жатқанбыз. Жасы менімен қатарлас бір қыз аялдамадан 50 метр жер өткен соң тоқтауын бұйырды, өтінген жоқ.
– ¬Тек аялдамадан ғана тоқтаймыз! Сүйегің саудырап тұр ма? Жаңа неге түспейсің?
– Тоқта дедім мен саған! Адам алғанда әр жерден термештейсің, шығарарда аялдамаға ғана тоқтайсың ба?
Әкесіндей адаммен аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып салғыласып тұрған бойжеткен бірден есік тұтқасына жармасты.
– Ал, секір, секір! Көкбетін қарай гөр! Бәрібір тоқтамаймын!
Қызда да, аға да да ұят жоқ екен ғой, масқара! Көліктегі адамдардың наразылығы әсер етті ме, әлде әлгі қыздың секіруінен қорықты ма, – жүргізуші тежегішті басып қалды. Есікке қағыла-соғыла долдана түскен қызбен қоса жүргізуші де шықты. «Қызбен арпалысуға түсті екен» деп ойлап қалмаңыз. Маршрутка кілт тоқтағанда дәл жанында тұрған керемет көліктің бояуын сызып кетіпті. «Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген. Біздің көзімізге тырнақтай көрінген сызат үшін алтын сағаты, алтын шынжыры бар аға байқұс жүргізушіні жарты сағат ұстап, әбден айызы қанғанша айқайлады. Әрине, жүйкесі жұқарған жүргізуші өшін бізден алғаны айтпаса да түсінікті.
Мен сыпайылықты, әдеппен астасқан әдемілікті аңсап жүрмін. Кездескен кісілердің жүзіне үңіліп жоғымды тапқым келеді. Бірде достарымызбен атақты супермаркетке кірдік. Сән-салтанаты келіскен сарайда сатылымда тек адам жаны жоқ. «О-һо, қыздар, әшекей бұйымдар!». Әсемнің сезімін біз өте жақсы түсінеміз. Кірпіктері қайқайған пісте мұрын қазақ қызы у-шу болып келген бізге жақтырмай бір қарады.
– Ана алқа қанша тұрады?
– Бәрібір оған сендердің ақшаларың жетпейді! Адаспай, барахолкаға барсаңдаршы!
Біз де қалыспаймыз:
– Қайдан білесіз, бізде ақша бар шығар!
Құр қоқиғанымыз болмаса, қалтамыздың тесік екенін ол да «беске» біліп тұр ғой. Мысқылды күлкі үйіріле қалған езуінен түтінді будақтата отырып, бізге «кетсеңдерші» дегенді білдіріп, маса желпігендей қолын сермеді… Ех-х-х дейміз!
Айтпақшы, өткенде өктемдіктің мынандай түрін көріп, ішім жылыды. Рас айтам, бізге сондай дөрекіліктер керек сияқты. Көлікке мінген қарияға бір жас жігіт орын берудің орына, терезеге телміре түсіп, қасқағым сәтте «қалғып кетті». Оны көріп, қалбалақтап орнынан тұрып жатқан жігіт ағасына қария: «Отыра бер, рамет!» – деді де, әлгі бозбаланы қолындағы «сиқырлы» таяғымен екі рет нұқып «оятып алды», сосын құлағынан тартқан күйі орнынан тұрғызып жіберді. Атаның жасағаны 100 пайыз дұрыс деп ойлағанымызбен, әлгі шіркіннің бедірейген түріне қарап, қауқиған шалды жұдырықпен бір қоймаса екен деп шошығанымыз да рас.
Адамдар арасында сыйластық, мейірімділіктің жоғалу себебі неде екен? Көп менменді көре жүріп, олардың дөрекілігіне дөрекілікпен жауап бермесе болмайтынын біліп, қоғам да қатал боп кеткендей. Қаттылықтан, қаталдықтан, ұрыс-таластан әбден шаршадым! Мейірім мен кешірім көргім келеді әр жаннан! Мүмкін, бүгінгі адамдардың таным-түсінігі, талғам-түйсігі осы шығар? Өктемдікті сөз өткізудің басты жолы санайтын сияқтымыз. Киім таңдауда, үй салуда, материалдық қажеттіліктерімізге аса талғампаз біз мінез-құлық, әдеттерімізге келгенде тым ашық-шашықпыз. Адам баласының мінезіндегі түп қазық – кешірім мен мейірім екеніне дау жоқ қой. Бірақ, екеуі ренжісіп қалыпты дейді. Ендеше… кешірім мейірімнен кешірім сұраса екен, бірігіп келіп біздің әлемге нұр беретін!
Кәмшат
Дөрекілік
Маусым 11, 2009 авторы Ainameken
сЗдің осындай пәлсапамен жылататын ойларыңызға таңмын.
былай өкітемдік адамдарға көп қызғам. оларда бәрі болад. ұялшақтарға тұйық/мәдинеттерілерге былай очм қызық емес :). бірақ соғыс кезінде де адам адам болып қалған ғо. қаз соғыс емес ғо неге пейілдері қызық ә? 😦
анау жерге мырс еттім. сырға сататын жерді айтам 🙂
Мен орнымен қолданатын адамдарды сыйлаймын, құрметтеймін! Ал, шектен асып, танауы көкке шаншылып жүретіндерге… түсіністікпен қарауға тырысамын.
Айко, неге ол тұсқа мырс еттіңіз? 🙂
Шынымен-ақ, адамдардың бір «важный» бола қалатындарына таңмын… Абай айтпақшы, «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың олсең дағы. Менімен сен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі – ол баяғы.» қаншама ғасыр өтсе де, әлі сол бәзбіреулердің білімсіздігінен біздер жан ауыртамыз. Қарапайымдылыққа не жетсін, шіркін…
Абайдың өлеңдеріне оқыған сайын, түсінген сайын құмартам. Рахмет, Ақзере сізге!
««Етегін ит талағандай қылып не киіп алғансың?» деп кейиді сәнге айналған киімге.»
Осылай тиып, кейіп отыратын қазыналы қарттарымыз да қалмай бара жатқан сияқты.
:)… Ал, кей апаларымыз өздерін апа дегізбей, «етегін ит талағандай» көйлек киюге құштар болса ше?
Сосын әдеп пен моральдың, тәртіп пен теңдіктің «жарқын өнегесін» көрсеткен кешегі Кеңес қоғамының шекпенінен шыққан Қазақстанда неге осындай надандық, дөрекілік, дойырлық, дүмбілездік бел алып кетті екен деп ойлаймын. Бір жағынын ұлттық тағылым-тәрбиемізден тамыр үзуге себепкер болған сол «жетпіс жылдың» да әсері бар ғой. Әйтпесе, әу баста аталы сөзге құлақ қоймаған көргенсіз, тексіз қасиеттер жоқ еді қанымызда.
Қайта қалыпқа түсіп келе жатқан сияқты көрінед маған. Бәлкім, бұл «шектен шыққан», асыра сілтенген оптимизм болуы да мүмкін. Бірақ, мен осы ойға тоқтайтын, табаным тайғанақтамай тоқтаймын. 🙂
Сіз онда «табанының бүрі бар» адам болдыңыз…:)
🙂
Адамды бірден жаман қылып көрсететін осы дөрекілік болар. Сөз бен істе де дөрекілік болса, өте қиын.
Дөрекі деген сөз де жақсы естілмейді 🙂