Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for 2009 Шілде

– Қызық, қолыңдағы неғылған әдемі зат?
– Аа, бұл – бақыт қой.
– Солай ма? Неге сонша кішкентай екен, ә?
– Есесіне қандай көркем, атты кісі аииан түсіп, жаяу кісі жатып қарайтындай, адамзат арман ететіндей әдемі!
– Ра-а-ас, көркем екен!
– Қаласаң, мен саған бір бөлігін сыйға тартайын
– Өзіңде аз ғой, оны қалай бөлмексің?
– Алақаныңды әкелші?
– Қандай жып-жылы! Қандай жағымды!
– Айттым ғой, бәріне де ұнайд!
– Рахмет саған!
– Рахметі сол – сен бақытты бол!
– Білесің бе, мына бақыт алақанымда тұрғанда, менен бақытты адам жоқ шығар?! Рас айтам! Жаным бір тылсым сұлулыққа тамсанып тұр!
– Әлбетте!
– Мен бұны әлдекіммен бөліссем азайып қалмай ма?
– Әсте олай емес! Қайта бөліскен сайын оның жылуы одан ары артып, құны көтеріледі!
– Жылуы арта берсе, тым ысып, қолым күйіп қалмай ма?
– Жо-оғаа! Қызғаныз күйдіруі мүмкін, бақыт тек жылытады!
– Ааа! Мен бұны кіммен бөлісуді білем!
– Қуаныштымын!
– Онда..
– Асық!!! Көптеген жандарға осы жетпей жатыр ғой. Солардың санын азайтып, бақыттың, бақыттының санын арттыр!!!

Сол бақыт сізге де келетніне, бір досыңыз алақанына салып аялап жетеріне сеніңіз! Сол сәтте дереу жүрегіңізді ашыңыз. Бақыт тыныш жүректе мәңгі гүлдейді!

Read Full Post »

Пессимист: Ойбай, қап-қараңғы туннель!
Оптимист: Қап-қараңғы туннельдің ар жағынан сыздықтай бір жарық сәуле түсіп тұра!
Реалист: Қап-қараңғы туннел, жарық сәулесі, ар жағынан бізге қарай келе жатқан пойыз

Read Full Post »

– Әй, сенің кезегің емес, Елдостікі! Кезек сақтасаңшы!
– Мен ата салайыншы?
Томипаған қара баланың сөзін елемей ол қолын бір сілтеді. Мен оны танимын. Шамамен, 5-6 сыныпта оқиды. Танығанда… танығанда,сырттай ғана. Ұл сияқты. Шашы ұзын, үнемі буып жүреді желке тұсына қарай. Атын сұраған емеспін. Ұялдым. Жоқ, оны ұялтқым келмеді.
Мен ол қызды жақсы көрем. Өте тәртіпті, айналасын шырқ үйіріп басқарып жүреді. Адал. Оның бұл қасиеттерін сырттай байқадым. Көзіме солай көрінді. Алматының балалары асық ойнамайды. Асфальтта өскендері мүлде ойнамайды ғой, ал ауылды жерлерден көшіп келгендері асықтың орнына кесек тастар, цементпен ойнайды. Бұрын асықтың туын талай тіккен інім: «Мә, асфальтта асық ойнаған во ғой. Түп-түзу! Бормен сызғаның да айқын түседі. Қаланың балалары бұның қадірін білмейді» – деп тамсанып қояды. Асық ойнаған кезін «баяғыда» деп еске алатын болыпты ол да. Інім де асық ойнағыш қызды біледі екен. «Несі бар? Бұрын бізбен де қыздар ойнайтын. Ләңгі ойнайтын» дейді. Мен өзім олай етіп көрмеген соң, күлдім. Бірақ, рас айтам, ана қыздың асық ойнағанына қызығам. Ол дәл тигізеді көздегеніне. Бірге ойнайтын балалар оның мергендігіне налығанмен, онсыз асық ойнап жатқанын көрмеппін. Ол атаман сияқты. Бәрін тәртіпке шақырып, бәрін ұйымдастырып отырады. Сары қыздың отырысы да ұлдардікі сияқты. Жүресінен отыра қалып, оң жақ тізесіне иегін сүйеп, өзге әріптестерін бағып отырғаны да қызық. Әдетте, ұл сияқты болу қыздарға жараспайды ғой, ал ана қызға үйлеседі. Ол бәрібір нәзіктігін жоғалтпағаны көрініп тұр. Жаздың басына дейін асық ойнаған олар қазір жасырынбақ ойнап көшенің шаңын шығарып жүр. Оларға қарап балалық шағым есіме түсіп кетті.
Кешкілік жасырынбақ ойнап жүргенбіз. Біреудің қоршауын «дукита» жасап аламыз. Біздің көшеде ол кезде шуылдақ балалар көп болыпты қазір ойлап тұрсам. Біреу көзін жұмып онға дейін санайды. Қалғандары тығылады. Ол іздейді сосын. Үлгергендер бірінші барып «дукита!» деп дуалды ұрады. Үлгермегендер өздері іздеуге мәжбүр болады. Бірде қалың сиыр өрістен келе жатқанда көрші Дәулет соның арасымен келіп, қоршаудың дәл жанына жеткенде «дукита!» деп ұрып, оған Дәуреннің кәдімгідей бұлқан-талқан болғаны бар. Ертесі күні қасқарая бастаған сол сәтте тағы да сол сиырлар тобын жазбай келе жатқан. Дәулет олардың арасында біреу бар деп ойлаған болу керек, «Дәурен, дукита!» деп қояды, кешегі өзінің ісін қайталауы мүмкін ғой басқалар. Сиырлар өз жолымен кете берген, Атын айтқан соң шығу керек қой, Дәурен неге сиырлардың арасынан шықпайды. Ашуланып кеткен Дәулет жүгіріп барып, Ержан ағаның сүзеген сиырын бір ұрып, ол сиыр Дәулетті қуалап, масқара болған.
Жасырынбақ ойнап жүрген аз ғана шоғырға қарап қызығып кеттім, бірақ олардың тобы аз, қызықсыз көрінді. Өздері үшін қызық екені даусыз ғой. Үйге келіп атасы немересіне деп жинап жүрген асықтарды қолыма алдым, еденге тізіп қойып, көздеп тұрып атқым келді. Бірақ… өмірі асық атып көрмеген қыздың сақасы ұшып барып шкафтың астына кіріп кетті. Дәл осы сәтте інім кіріп келеді. «Әй, соқыр-мерген!». Ол да қызығып кетті. Қарсыласы мүлде әлсіз болса да, қарсыласы таза «шәйнек» болса да, оған әрі үйретіп, әрі түсіндіріп ойнап жүр. Қызық, балалық деген тамаша кезең екен ғойды қазір сезініп отырмын…. Еххх!!! Сол кезде неге мен үлкен болуды армандадым екен? :)…

Read Full Post »

Өлім бар екенін білеміз, ажалдың біздің аңдып жүргенн де білеміз. Бірақ… Бірақ, ол жайлы білгенімізбен, жақсы түсінбейтін сияқтымыз. Жұмысқа келсем, қаралы хабар «шықты» алдымнан. Қазақстан арнасындағы «Қайырлы таң, Қазақстан!» бағдарламасының бір жүргізушісі Руслан Бөлебай қайтыс болыпты. Өткір, өжет, айтқанынан қайтпайтын жігіт екенін білемін. Журфакта жүргенде эссе жарысынан жеңіп, BBC-да тәжірибеден өтіп келген. Университет бітірген соң да жарқырап көріне білді. Эфирден тыс, концерт жүргізумен де айналыса бастаған. Маржан Арапбаева, Қап-қарашка, Жанармен бірігіп ән айтқаны да есімде қалыпты. От боп жүретін сол жігіттің дәмі 16-шілдеде Жамбыл мен Гагариннің қиылысында таусылады деп кім ойлаған? Нұржан Қалжан атты жас әншінің машинасымен келе жатқанда бір бүйірден қағыпты. Нұржан ауыр қалде ауруханада жатыр. Тағы бір жігіт сол жерде жүріп кетіпті. Естуімізше, олар кінәлі емес екен. Ішімдікке сылқия тойып алған оқиғаға кінәлі жігіттер Ішкі Істер органынды жұмыс істейді-міс. Нақтылы емес, белгісіз. Кейінгі кезде жас өлім көбейіп бара жатқан сияқты. «Адамдармен соңғы рет көрісіп тұрғандай амандасып, жақсылық жасап, ұзақ ғұмыр тіле» деп айтып отыратын үлкендердің сөзі есіме түсті. Бақұл болыңыздар, замандастар! Жатқан жерлеріңіз Жәннат болсын!!!
Аман болыңыздар!!! Жақындарыңыз аман болсын! Жастар аман болсын! АЛЛА амандық берсін! О дүниеге дайындықсыз бармасақ екен, тек!!!

Read Full Post »

Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі – уақыт. Бүгінгі күні дамыған өркениетті елдерге бара қалсаңыз, кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқайсыз. Тіпті метролары мен көлік аялдамаларында тұрсаңыз, жүру мезгілдерінің «16.03»; «12.01»; «17.08» секілді әрбір минутқа дейін есептеулі екендіктерін байқап таңғаласыз. Көліктері де сол белгіленген уақыт ережесінен бір минут кешігіп я бір минут озбайды. Біздегі сағат сұрағанда «Жетіден он минут кетті» десең, «Е, жеті жарым деші» дей салатын уақытқа деген тым ысырапшыл түсінік оларда жоқ. Бір жолы азиялық бір қызметкер батыс компаниясына жұмысқа тұрып, небәрі екі-ақ минутқа кешігіп келгені үшін кәдімгідей сөгіс естіген екен. Батысқа барып олардың әрбір минутпен санаса отырып, жұмыстарын реттейтіндігіне таңғалған азиялық мұсылман жігітке бірде сол жақтың адамы «Оның несіне таңырқайсың? Бұл өздеріңде бар құндылық емес пе? Сендер минутына дейін санап күнделікті бес уақыт намаздарыңды оқисыңдар, ауыз бекітіп, ауыз ашар кездеріңде де уақыт бір минутқа кірмесе соны күтесіңдер ғой, бар болғаны, біз бұған енді қол жеткіздік» деп ой салған екен. Расында да, уақыттың қадірін кезінде мұсылман ғалымдары жақсы білген. Мәселен, өте қызықты мынандай деректер бар: қырық бес жасында қайтыс болған ислам ғұламасы Нәуауидің артқа тастап кеткен еңбектерін есептесеңіз, 45 жылға қайта сыйғыза алмайсыз. Өйткені, ол уақытын қалай үнемдеуді жақсы білген. Ғылым-білім алуға, құлшылықтарын атқаруға уақыт жеткізу үшін ол кісі тек қана сәске уақыттарында ғана бір-ақ рет тамақтанған екен. Әш-шейх Фахраддин «Аллаһқа ант етейін, тамақ жеген уақыттарымда ғылыммен айналыса алмағаныма қатты өкінем. Өйткені уақыт қашан да қымбат қой» деген. Әл-имам Әбул уәфа Али ибну Ақил былай деген: «Мен тамақ уақыттарын қысқару үшін барынша қолымнан келгенді жасаймын. Тіпті көп шайналатын тамақтан гөрі тез жұтылатынын таңдаймын. Неге десеңіз шайнауға да уақыт кетіп қалады. Содан барып жазуға, оқуға көп уақыт таба алам».
Имам Малик болса көбірек ғылым-біліммен айналысу үшін үш күнде бір-ақ рет әжетханаға баратындай тамақ жеуді қысқартқан. Ибни Ақил ешқандай бос уақыт жібермейтін. Тыныққан уақыттарын ол былай деп суреттейді: «Қолым қалт етіп демалған кездерімде мен аяқты созып құры жатқаннан гөрі терең ойға беріліп, ойша шешілетін біраз мәселелерді шешумен айналысам. Жазатындай бірдеңе есіме түсе қалса дереу тұрам да жазам. Сексен жасымда ғылымға деген менің ынтам жиырма жасымдағы кезіме қарағанда әлдеқайда жоғары болатын»… Айтқанындай осыншалықты ынтасының арқасында Ибни Ақил ғылымның 20 шақты әр түрлі саласында өте құнды еңбектер қалдырған.
Көп кітап оқуға құштар Жахыз кітап сатып ала беретін ақшасы болмағандықтан кітапханаларды түні бойы жалға алып, кітап оқумен айналысатын болған. Андалусиялық ғалым Ибну Рушд үнемі кітап оқудан бас алмайтын. Кітап оқымай өткізген өмірінде екі-ақ түні болған екен: біреуі – үйленген түні, екіншісі – әкесі қайтыс болған түн. Фахраддину-Рази дастархан басында да бір жағынан тамақ жеп, екінші жағынан шұқшия кітап оқитын. Үйінен шығып мешітке жеткенше көлікте отырып шәкірттеріне сабақ берумен болатын деседі. Рази уақытқа қатты көңіл бөлген. Атақты ғалым Ибни Тәймия ғылым-білімнің көбін ұйқысынан қиған уақыттарда жинақтаған. Кітап оқуға отырған кезде беліне дейін түсетін шашын жоғарғы бір шегеге байлап қоятын. Ұйқысы кеп басы түсіп кеткен кездері байлаулы шашы оған кедергі келтіретін.
Медицина саласында өте мықты еңбектер қалдырған, қан айналымын тұғыш рет ойлап тапқан ғалым Ибну-Нәфс жазу кезінде қолындағы қаламның сиясы бітіп қалғанда, оны ашып уақыт шығындамау үшін қасына бірнеше қалам қойып қойып, солардың кез-келгенімен жалғастыра беретін. Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе – уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам» дейді. Ғылым-білім, жазу, пәтуамен өткізген өмірінің бір сәтін де бекерге өткізбеген. Ғылымның қай саласында да еңбек жазып қалдырған. Кейбіреуі 20 томға жететін 340- тан астам еңбек қалдырған. Күн сайын төрт қалың дәптерлік жазу жазған. Бір жылда жазғаны 50-60 томға жеткенін байқаймыз. Ибнул-Жаузидің кітап жазу кезінде ұштаған қалам жаңқалары ол қайтыс болғанда мәйітін жуатын суды ысытуға жеткен екен /Заман шууру, Сызынты, 12, Ибрахим Рафиқ Б.151/.
Байқасақ, «Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық»/хадис/. Өйткені бүгінгі күні уақытты өлтіретін жаулар көбейген. Соның бірі – теледидар. Орташа есеппен күніге 3 сағат теледидар тамашалайтын адамның жылдық осыған жұмсалатын уақты 1095 сағатты құрайды. Бұл дегеніңіз күндіз-түні 45 күн деген сөз. Яғни тоқтамай көрген 45 түн мен 45 күнге тең. Ал осы 1095 сағат ішінде қандай істер бітіруге болады, соны бір көрейік. Бұл уақыт оқушының бір жылғы орташа оқу жылынан да асық. Яғни 1 жыл оқымай қалдыңыз деген сөз. 1095 сағат ішінде шет тілін өте жақсы меңгеруге болады. Ал кітап оқығыңыз келсе, өте баяу оқитын адамның өзі осыншама уақытта 25 мың беттік кітапты оқып тауысады екен. Ал әрбір әрпі сауапқа батыратын Құран Кәрімді оқимын десеңіз, 1095 сағат ішінде сіз оны 10 рет хатым (бастан-аяқ оқу) жасайды екенсіз. Осы уақыттың үште бірін ғана қаза намаздарыңызға бөлетін болсаңыз, онда 3 жылдық борышыңыздан еркін құтылады екенсіз.
Уақыттың тағы бір жауы ол – ұйқы. «Ұйқы – өлімнің бауыры» деген Пайғамбарымыздың хадисін әрі «Көп білмек болсаң, аз ұйықта», «Түнгі ұйқысын түгел ұйықтаған адам мақсатына жете алмайды» деген халық даналығының астарын түнгі уақыттарын шығармашылыққа арнаған, ұйқымен өткен уақыттарын өлдіге балап өкініш білдірген Мұқағали ағамыздың мына бір ғибратты өлеңінен аңғарғандаймыз:
Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам, барлығынан қараң қалам.
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен.
Қанша менің өлді екен уақытым,
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!
Рас, уақыттың бұдан да басқа жаулары өте көп. Көп сөз, көп қыдыру да солардың қатарында. Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер шағында пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермесі» анық. «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деп түйген халық нақылын мына бір дәмді ой да аша түскендей: Бір жылдың қадірін білем десең, сыныпта қалған оқушыдан сұра. Бір айдың қадірін білем десең, нәрестесін сегіз айлығында босанған келіншектен сұра. Бір аптаның қадірін білем десең, апталық газет шығаратын редактордан сұра. Бір сағаттың қадірін білем бір-бірін асыға күткен ғашықтардан сұра. Бір минуттың қадірін білем десең, пойызынан қалып қойған жолаушыдан сұра. Бір секундтың қадірін білем десең, жол апатының алдын алуға үлгермеген жүргізушіден сұра. Бір мини секундтың қадірін білем десең, әлемдік жарыста күміс жүлде алған желаяқ жүгірушіден сұра!
Иә, үлкен жетістіктерге жеткен ұлы кісілердің барлығы да уақыттың қадірін біліп, оны өте тиімді пайдалана білгендер. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңызшы» деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсыншы деп бір сағаттан кейін барып оятса керек. Тұра сала жалма-жан сағатқа қараған ғалым жарты сағаттан кейін оятпаған қызметкеріне қатты ренжіп, «Ал жарты сағатымды қайтарып беріңіз онда» деп кейісе керек. «Ұрланған заттың орнын басқа нәрсемен толтыруға болады, ал ұрланған уақыттың орнын еш толтыра алмайсың» деген Гете де уақыт мәселесіне бей-жай қарамаған.
Иә, адам баласы «қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр» уақытты өте тиімді пайдалануы керек. Осы себепті болар еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безектейді екен. Осы орайда «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген шығыстық аталы сөздің мәніне тоқтала кеткен де орынды. Ол қазақтың «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенімен үндес. Барлық уақытша қызықты қоя тұрып, дер кезінде қимылдаған адам кейін соның жемісін жемек. Ал уақытын бекер ойын-күлкімен, шегірткеше ән салып, көгалды қуып гөлайттаумен, желікпен өткізген жан кейін өкінішпен бармақ тістемек. «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген сөзді кең мағынада алар болсақ, бұл дүниелік уақытын өткінші қызыққа алданып, бекер өткізбей, Аллаһ алдындағы мұсылмандық парыз, қарыздарын өтеумен бейнеттеніп өткен жан да о дүниелік шынайы мәңгілік рахатын осы дүниедегі өткінші жан рахатын тәрк етуден таппақ.

Құдайберді Бағашар, дінтанушы

Read Full Post »

Пікір = пост :)

Бір жанұяда екі бала қатар өсіп келе жатса керек, бірі барлығын тек жақсылыққа балайтын оптимист болса, екіншісі пессимист болыпты. Әке-шешесі пессимист баласының көңілін қалай табарын білмей, бір мереке алдында екеуіне екі түрлі сыйлық әперуді ойлапты: біріне — жылқының тезегін, екіншісіне — ойыншық ат.
Таңертең тұрған пессимист ойыншық атты көріп, “ой мынаның түсі қара ғой, мен торысын қалап едім, ой, мынау ойыншық қой, мен тірісін қалап едім” деп баяғы әуеніне басыпты, сөйтсе, оптимист тұрып, “ал менікі тірі екен, мына қарашы, тезегін тастап, қашып кетіпті” деген екен…

Read Full Post »

Спамнан сіз де жалыққан шығарсыз? Мен де жалықтым. Кей спамдар болады, мағыналы, мәнді. Оқысаң, көңіліңді көтеретін. Ондайларын қазақшалап та қоям. Достарыма солай жіберем. Өзіңнің қазақшалаған спамың кейін өзіңе келіп тұрса, кәдімгідей қуанады екенсің! Өйткені, сенің жазғандарың /нақтырақ аударма-сымақтарың/ көпшілікке ҚАЗАҚ тілінде тарап жатыр ғой! :). Бұл ақымақ қуаныш болар. Әйткенмен, олардың да қазақша сөйлегені жақсы ғой. Сонымен, бүгінгі аударма спам мынандай:
Мен Сіз жайлы бәрін білем. Нанбайсыз ба? онда… бірге тексеріп көрейік:
1. Сіз қазір интернеттесіз
2. Сіз «мой мир» сайтындасыз
3. Дәл осы хатты оқып отырғандығыңыз да шындық
5. Әлденені жіберіп алдыңыз ғой, 4-пункт жоқ екенін байқамадыңыз
6. Байқамаған тұсыңызға зер салдыңыз
7. Ақырын жымидыңыз
Жарайды, ренжімеңіз уақытыңызды алғаныма. Бұл спам, бірақ қуаныш сыйлайтын спам. Мана Айсұл деген құрбымнан мынандай хат алдым:
Жафар бин Мұхаммед атасынан риуаят етеді:

«Егер біреу мұсылманды қуантса, Алла сол қуантқаны үшін, оған бір періште жаратады.

Адам қайтыс болғанда, қабіріне
Қуаныш Періштесі келіп:

– Мені танисың ба?, -деп сұрайды.
– Сен кімсің?, -дейді қайтыс болған.

Сонда қуаныш Періштесі:

– Мен пәленшеге жасаған қуаныштан
жаратылған періштемін. Бүгін сенің жалғыздығына дос боламын және сені
есепке тартатын періштелерге беретін жауабында саған жәрдемші боламын.
Сен үшін Аллаһты? алдында шапағат етемін. Саған жәннаттағы орнынды көрсетемін.»

Қуанатын сәтіңіз, сіздің себеп болуыңызбен жаралатын қуаныш Періштелері көп болсын!

Read Full Post »

– Бір келі шие ала салайықшы? (Әдемі боп) пісіпті ғой, ол осы жемісті жақсы көретін, – деп Айнажан сатушының алдына тоқтады.
– Екеуін бірақ алайық та?
– Ақшамыз жетпей қалады ғой, ақша түскенге дейін әлі 10 күн бар.
Шиені сатып алғанымызбен, баяғыдай, бала кезіміздегідей сүртіп-сүртіп қойып, ауызға салған жоқпыз. Назбанудікіне жете бергенде мен:
– Жақсы болды, әрі Назбануға да апарамыз, әрі өзіміз де жейміз. Биылғы шиеден әлі жемеген едім, – дедім. Айнажан әдеттегідей ішегі қатып күліп, «мен де осы ойды айтуға ұялып келе жатсам», – дейді.
Назбанудікіне келсек, ол әжесінікіне жиналып жатыр екен. Бір қолына пудрасын ұстаған күйі асығып келіп есік ашты. Біздің сонша әспеттеп апарған шиемізге «аа, рахмет!» деп үстел үстіне қоя салды да, бізді де бойбермей әжесінікіне ертіп алып кетті. Ол кісіні біз жақсы танимыз, үйіне жиі барамыз. Жайлы кезде ақ әжеден асқан мейірбан жан жоқ, барын береді, бәрін береді. Теңселе жүріп, бауырсағын пісіріп, ашыған көжесін құйып, ешкім жоқта кітап оқып жатып ойлаған тың тамақтарын дайындап, өзімізді әбден ұялтады. Бәрінен де бататыны – өзі соның бәрін тындырып жүріп, бізге шөп басын сындыруға рұқсат бермейтіні. Ал, ол кісі сәл бір адамдыққа жат нәрсені көрді ме, бітті – қатты ренжиді, манадан сыйлап, әлпештеген қонағының ит терісін басына қаптайды. Өзі сол мінезіне күйініп, кейіннен кешірім сұрап, әлекке түсіп жүретіні де бар. Ақлима әженің жанында сауысқаннан сақ болу керек әрі өзіңді еркін ұстауың керек, шарт осындай.
Келген бетте таныс тірлік басталды. Немерелері «әжека» атап кеткен қалалық әженің үйі жер үй болғандықтан, үй айналасында жеміс ағаштары өте көп. Әрқайсысы өз кезегімен пісіп, қонақтарына дорба-дорба қылып салып беріп жатса да, азайған емес, қайта берекесі арта түседі. Әжеміз әдеттегідей бақшаға көрпесін жайып, компотын дайындап, әңгімелесіп отыруға жағдайымызды жасап берді. «Қаласаңдар, шие, құлпынай жеңдер, жаздық алма да жеуге жарап қалды-ау. Міне ыдыс, су жандарыңда», – дейді ақ әже. Мана Назбанудың үйінде қалған шиенің «есесін» өтеуге кірістік.
– Ернімізді бояйықшы? – деді Айнажан. Күлеміз, күлеміз де, ернімізді бояймыз. Бір кезде шлангамен су шашып-шашып алып, өсіп тұрған шиені қолмен үзбей, аузымызбен тістеп үздік. Суретке түсу үшін. Шиенің тәттілігі өз алдына, көркемдінің өзі неге тұрады! Жапондарға бір табан жақын, сол халықтың стилін, өмір сүру салтын ерекше жақсы көретін, өзі де жапондарға ұқсап иіліп-бүгіліп тұратын, дауыс көтеруді білмейтін Назбану шиеге қатысты жапондық әфсана айтып берді:
– Шиенің жапоншасы сакура ғой. Бұл адам аты. Бізде Алма, Жүзім деп жеміске байланыстырып ат қойса, Сакура деген қарттың құрметіне шиені солай атапты. Мен бұны бір газеттен оқыдым, бұрын өзім де естімеген аңыз, – деп Наз наздана жымиып алды да, былай жалғастырды: – Сакура ақсақал Хотта деген байдың құқайын әбден көреді. Әбден ашынған қария ол туралы өз өлкесінің басшысына шағым айтып келеді. Дәлел ретінде арқасындағы қамшының білеудей-білеудей боп қалған ізін көрсетеді. Басшы қатыгез Хот¬та¬ның сазайын береді. Бұған кектенген сұм бай бірде Сакураны балаларымен бірге қолына түсіріп, шиеге байлап, әбден өлімші ғып сабайды. Міне, содан бері Сакура мен балалар¬ының қаны бойына сіңіп қалған шие қызғылтым түсті бояуға малынып гүлдей бастапты…
Біздің ешнәрсе жеуге зауқымыз соқпай, отырып қалдық. Көңілсіз кейіпте. Айнажанның осындайда тауып кететін әдемі әңгімелері бар.
– Қыздар, – деді ол, – қыздар, Сакураға біздің жанымыз ашуы күлкілі нәрсе екен, қайта ол бізге мүсіркей қарайтын шығар. Ол бір әдемі жеміске өз атын берді… Әділдікті қорғай білді…
– Жақында маған мынандай хат келді, – дедім мен.
– Смс-ология. Қыздар жымиды.
– «Баяғыда бір тауда шие ағашы өсіпті. Мүмкін ол әлі де бар шығар. Сол ағаштың ұшар басында ерекше тәттісі өсіпті. Оны жегісі келгендердің қолы жетпей, амалсыз қол жетімді жердегі жемістерге қанағат қылыпты. Келе-келе сол ағашта ең биігінде өскен жалғыз шие ғана қалыпты. Оны жеймін деп бір ешкі күндіз-түні сол маңнан ұзап шықпапты. «Ештеңе де мәңгі емес» дегендей, уақыты өткен соң, қандай асыл болмасын құнынан айырылады ғой. Шие де бір күні құлдилап, жерге құлап келе жатып, аузын ашып тұрған ешкіні көріпті. Өз тағдырына жылай отырып, бойсұнған шиені қайдан келгені белгісіз, бір қыран ұшып келіп, қағып алып кетіпті. Ал, ешкі аузын ашқан күйі құр қалыпты…» Қыздар, сендер де өз қырандарыңның ғана бағы болыңдар. Тек, олар кешігіп келмесін!
– Айтқаның келсін! Меніңше бұны екеуіңе айту керек сияқты. Мен өз қыранымды тауып алдым, – деп күлді Назбану.
– Біздің қыранымыз қай жақта жүр екен? Тіпті, қыран тұрғай, құс атаулының төбесі көрінер түрі жоқ қой, – дейді Айнажан.
Айнажандай алтын қыздың қазіргі жалғыздығы жаныма батып мен оған аяй қарадым (Өзіме солай қарауым керек қой, расында да).
– Қыздар, шие ағашы гүлдегенде оның түбінде тұрып тілек тілесең, бар тілегің орындалады деген сенім бар екен, – біз де тілек тілейікші? – дедім. Дәл қазіргі кезде менің қияли романтикамды осы екеуі ғана түсінеді, сондықтан оларға ойымды ірікпей айта берем.
Тілегіміз қабыл болсын деген ниетпен, ағаштың дәл түбіне кіріп алдық. Шашымыздың бұтақтарға ілініп, жұлынғанына да, бойымызды тіктей алмай, бүгіліп тұрғанымызға да қараған жоқпыз.
– Не тілейміз? Әншейінде тілектен көп нәрсе жоқ, қазір аузымызға ешқайсысы түсер емес қой…
Ол жерде біз тілек тілеудің орнына әзілдесіп тұрдық. Дәл шығар сәтте бәріміз де бақыт тіледік, «бақытты болайық!» – дедік.

Содан бері де бір жыл өтіпті. Шынымды айтсам, бір жылдың өткені маған еш білінер емес. Тек, Айнажан мен Назбану ғана уақыттың, бір жылдың талай нәрсе жасауға болатынын дәлелдей түседі. Назбану, ерке қыз, назды қыз былтырғы өзі айтқан қыранға тұрмысқа шыққан. Аяғы ауырлап, жеті айлығында босанып, тағы қуантқан. Бірақ, баласының үш айлығында ажырасып кетті. Қазір үйінде. Баласын бағып, аялап отыр. «Тауыс сияқтымын. Құйрығына қарап қуанып, басына қарап жылайды екен ол құс. Балама қарасам, бақыттымын, тағдырыма қарасам, бақытсызбын», – дейді ол.
Ал, Айнажан… Айна қыз бақытты. Оның тілегін Алла қабыл алған сияқты. Бір айдан соң ол да тұрмысқа шықты. Жігіттің серісі алып қашып кетті. Оны алып қашып кеткеніне қынжылғанымызбен, Айбынның мықтылығын ескеріп, қуандық. Ол да қазір балалы. Ағылшын тілі курсына барам деп асықпайды. «Үйімнен шыққым келмейді» дейді.
Кеше жұмыстан келе жатып көрдім, үй-үйдегі шие пісіпті, көз жауын алады. Өткенде бір қарағанымда гүлдегенін көріп едім. Уақыт қалай зулайды! Ол тіпті бізді өзіне ілестірмей бара жатыр. Менің қазіргі жұмысым өзіне көп көңілбөлуді талап етеді. Үлкен ет турағыш машинасын елестетіңізші көз алдыңызға, сондай уақыт турағыш өмір деген машинаға бір салғанда бір, екі айымды бірақ саламын, ол жоқ қылады (Қандай өнім шығып жатқанын көрейін десем, ол машина тым үлкен, көруге де мүмкіндік жоқ). Бір-екі ай тұрғай бір жылым да қас қағым сәтте еш із қалдырмай зу өте шығыпты. Екі айда шие пісіп, бір жылда өмірге түрлі өзгерістер жасап үлгеруге болады екен. Мен қазір Айнажанды да, Назбануды да сағындым! Оларды көп көре алмаймын. Шиеге қарап, сағынышым тіпті еселей түсті. Жолай бір келі шие сатып алдым. Сатушының таңданысын елеместен, бір тістеп, жартысын жеп, жартысымен ернімді бояп, «бұны кімге алып барып берсем екен?» деп ойландым. Назбануға да, Айнажанға да, әжеге де барғым келді. Қосымша екі келі өлшетіп, өзіме таныс, өзіме жақын жандарды аралауға бел будым. Жолай бір сөзді қайталай берем: «Қыздар, шие пісіпті…»
Кәмшат

Read Full Post »

Баяғыда бір әуле болыпты. Бірде ол: «о, АЛЛА-Тағала! Сенің шексіз әділ екеніңе сенем! Сонда да, осы қасиетіңді әйгілейтін бір мысалды көзіме көрсете көрші?» – деп жалыныпты. Сонда АЛЛА-Тағала оған бұлақтың басына баруды бұйырыпты. Шілденің ми қайнатар ыстық күндері болса керек. Жолаушылап келе жатқан бір бай атынан түсе қалып, әлгі бұлаққа еңкейе кетіп, шөлі қанғанша су ішіпті. Маңдайы шып-шып терлеп, жаны жайланған соң ол бай кетіп қалыпты. Ол еңкейген кезде қалтасынан алақандай алтын түсіп қалыпты. Одан кейін келген бір кедей бала ол да шөлін қандырып әрі олжалы болып ол да өз жөніне кетіпті. Оның соңынан іле-шала қолына таяқ ұстап, бір алақанымен ауаны қарманып бір зағип жан келіпті. Сылдырай аққан дыбыстан бұлақ екенін танып, сол араға тоқтап, шөлін қандарып, демалуға отыра кеткен сол, әлгі бай қайта айналып келіпті. Келе сап, жоғалған алтынын іздеп, таба алмаған соң әлгі зағиптың жағасына жармасыпты. «Мен сенің алтыныңды білмеймін. Мен үшін алтын да – тас, тас та – тас» Көзім көрмеді» дегеніне қарамай сілкілеп, ұрып жүріп әлгі жарымжан байқұсты өлтіріп қояды. Сол сәтте АЛЛА-Тағала: «Қазір ғана мен сенің көзіңе әділдігімді көрсеттім», – депті. Таңданған әулие: Қалайша?! Алтынды алмаған адам таяқ жеп, шын кінәлі құтылып кетті емес пе?» – десе, АЛЛА-Тағала: «Жаңағы бай кедей баланың әкесінің дәл сондай мөлшердегі ақшасын бермей кеткен. Соны бүгін баласына қайырдық. Ал, әлгі зағиптың әкесі байдың әкесін ұрып өлтірген еді. Баласы соның қарымтасын алды», – деп жауап беріпті

Read Full Post »