Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Шілде 7th, 2009

– Бір келі шие ала салайықшы? (Әдемі боп) пісіпті ғой, ол осы жемісті жақсы көретін, – деп Айнажан сатушының алдына тоқтады.
– Екеуін бірақ алайық та?
– Ақшамыз жетпей қалады ғой, ақша түскенге дейін әлі 10 күн бар.
Шиені сатып алғанымызбен, баяғыдай, бала кезіміздегідей сүртіп-сүртіп қойып, ауызға салған жоқпыз. Назбанудікіне жете бергенде мен:
– Жақсы болды, әрі Назбануға да апарамыз, әрі өзіміз де жейміз. Биылғы шиеден әлі жемеген едім, – дедім. Айнажан әдеттегідей ішегі қатып күліп, «мен де осы ойды айтуға ұялып келе жатсам», – дейді.
Назбанудікіне келсек, ол әжесінікіне жиналып жатыр екен. Бір қолына пудрасын ұстаған күйі асығып келіп есік ашты. Біздің сонша әспеттеп апарған шиемізге «аа, рахмет!» деп үстел үстіне қоя салды да, бізді де бойбермей әжесінікіне ертіп алып кетті. Ол кісіні біз жақсы танимыз, үйіне жиі барамыз. Жайлы кезде ақ әжеден асқан мейірбан жан жоқ, барын береді, бәрін береді. Теңселе жүріп, бауырсағын пісіріп, ашыған көжесін құйып, ешкім жоқта кітап оқып жатып ойлаған тың тамақтарын дайындап, өзімізді әбден ұялтады. Бәрінен де бататыны – өзі соның бәрін тындырып жүріп, бізге шөп басын сындыруға рұқсат бермейтіні. Ал, ол кісі сәл бір адамдыққа жат нәрсені көрді ме, бітті – қатты ренжиді, манадан сыйлап, әлпештеген қонағының ит терісін басына қаптайды. Өзі сол мінезіне күйініп, кейіннен кешірім сұрап, әлекке түсіп жүретіні де бар. Ақлима әженің жанында сауысқаннан сақ болу керек әрі өзіңді еркін ұстауың керек, шарт осындай.
Келген бетте таныс тірлік басталды. Немерелері «әжека» атап кеткен қалалық әженің үйі жер үй болғандықтан, үй айналасында жеміс ағаштары өте көп. Әрқайсысы өз кезегімен пісіп, қонақтарына дорба-дорба қылып салып беріп жатса да, азайған емес, қайта берекесі арта түседі. Әжеміз әдеттегідей бақшаға көрпесін жайып, компотын дайындап, әңгімелесіп отыруға жағдайымызды жасап берді. «Қаласаңдар, шие, құлпынай жеңдер, жаздық алма да жеуге жарап қалды-ау. Міне ыдыс, су жандарыңда», – дейді ақ әже. Мана Назбанудың үйінде қалған шиенің «есесін» өтеуге кірістік.
– Ернімізді бояйықшы? – деді Айнажан. Күлеміз, күлеміз де, ернімізді бояймыз. Бір кезде шлангамен су шашып-шашып алып, өсіп тұрған шиені қолмен үзбей, аузымызбен тістеп үздік. Суретке түсу үшін. Шиенің тәттілігі өз алдына, көркемдінің өзі неге тұрады! Жапондарға бір табан жақын, сол халықтың стилін, өмір сүру салтын ерекше жақсы көретін, өзі де жапондарға ұқсап иіліп-бүгіліп тұратын, дауыс көтеруді білмейтін Назбану шиеге қатысты жапондық әфсана айтып берді:
– Шиенің жапоншасы сакура ғой. Бұл адам аты. Бізде Алма, Жүзім деп жеміске байланыстырып ат қойса, Сакура деген қарттың құрметіне шиені солай атапты. Мен бұны бір газеттен оқыдым, бұрын өзім де естімеген аңыз, – деп Наз наздана жымиып алды да, былай жалғастырды: – Сакура ақсақал Хотта деген байдың құқайын әбден көреді. Әбден ашынған қария ол туралы өз өлкесінің басшысына шағым айтып келеді. Дәлел ретінде арқасындағы қамшының білеудей-білеудей боп қалған ізін көрсетеді. Басшы қатыгез Хот¬та¬ның сазайын береді. Бұған кектенген сұм бай бірде Сакураны балаларымен бірге қолына түсіріп, шиеге байлап, әбден өлімші ғып сабайды. Міне, содан бері Сакура мен балалар¬ының қаны бойына сіңіп қалған шие қызғылтым түсті бояуға малынып гүлдей бастапты…
Біздің ешнәрсе жеуге зауқымыз соқпай, отырып қалдық. Көңілсіз кейіпте. Айнажанның осындайда тауып кететін әдемі әңгімелері бар.
– Қыздар, – деді ол, – қыздар, Сакураға біздің жанымыз ашуы күлкілі нәрсе екен, қайта ол бізге мүсіркей қарайтын шығар. Ол бір әдемі жеміске өз атын берді… Әділдікті қорғай білді…
– Жақында маған мынандай хат келді, – дедім мен.
– Смс-ология. Қыздар жымиды.
– «Баяғыда бір тауда шие ағашы өсіпті. Мүмкін ол әлі де бар шығар. Сол ағаштың ұшар басында ерекше тәттісі өсіпті. Оны жегісі келгендердің қолы жетпей, амалсыз қол жетімді жердегі жемістерге қанағат қылыпты. Келе-келе сол ағашта ең биігінде өскен жалғыз шие ғана қалыпты. Оны жеймін деп бір ешкі күндіз-түні сол маңнан ұзап шықпапты. «Ештеңе де мәңгі емес» дегендей, уақыты өткен соң, қандай асыл болмасын құнынан айырылады ғой. Шие де бір күні құлдилап, жерге құлап келе жатып, аузын ашып тұрған ешкіні көріпті. Өз тағдырына жылай отырып, бойсұнған шиені қайдан келгені белгісіз, бір қыран ұшып келіп, қағып алып кетіпті. Ал, ешкі аузын ашқан күйі құр қалыпты…» Қыздар, сендер де өз қырандарыңның ғана бағы болыңдар. Тек, олар кешігіп келмесін!
– Айтқаның келсін! Меніңше бұны екеуіңе айту керек сияқты. Мен өз қыранымды тауып алдым, – деп күлді Назбану.
– Біздің қыранымыз қай жақта жүр екен? Тіпті, қыран тұрғай, құс атаулының төбесі көрінер түрі жоқ қой, – дейді Айнажан.
Айнажандай алтын қыздың қазіргі жалғыздығы жаныма батып мен оған аяй қарадым (Өзіме солай қарауым керек қой, расында да).
– Қыздар, шие ағашы гүлдегенде оның түбінде тұрып тілек тілесең, бар тілегің орындалады деген сенім бар екен, – біз де тілек тілейікші? – дедім. Дәл қазіргі кезде менің қияли романтикамды осы екеуі ғана түсінеді, сондықтан оларға ойымды ірікпей айта берем.
Тілегіміз қабыл болсын деген ниетпен, ағаштың дәл түбіне кіріп алдық. Шашымыздың бұтақтарға ілініп, жұлынғанына да, бойымызды тіктей алмай, бүгіліп тұрғанымызға да қараған жоқпыз.
– Не тілейміз? Әншейінде тілектен көп нәрсе жоқ, қазір аузымызға ешқайсысы түсер емес қой…
Ол жерде біз тілек тілеудің орнына әзілдесіп тұрдық. Дәл шығар сәтте бәріміз де бақыт тіледік, «бақытты болайық!» – дедік.

Содан бері де бір жыл өтіпті. Шынымды айтсам, бір жылдың өткені маған еш білінер емес. Тек, Айнажан мен Назбану ғана уақыттың, бір жылдың талай нәрсе жасауға болатынын дәлелдей түседі. Назбану, ерке қыз, назды қыз былтырғы өзі айтқан қыранға тұрмысқа шыққан. Аяғы ауырлап, жеті айлығында босанып, тағы қуантқан. Бірақ, баласының үш айлығында ажырасып кетті. Қазір үйінде. Баласын бағып, аялап отыр. «Тауыс сияқтымын. Құйрығына қарап қуанып, басына қарап жылайды екен ол құс. Балама қарасам, бақыттымын, тағдырыма қарасам, бақытсызбын», – дейді ол.
Ал, Айнажан… Айна қыз бақытты. Оның тілегін Алла қабыл алған сияқты. Бір айдан соң ол да тұрмысқа шықты. Жігіттің серісі алып қашып кетті. Оны алып қашып кеткеніне қынжылғанымызбен, Айбынның мықтылығын ескеріп, қуандық. Ол да қазір балалы. Ағылшын тілі курсына барам деп асықпайды. «Үйімнен шыққым келмейді» дейді.
Кеше жұмыстан келе жатып көрдім, үй-үйдегі шие пісіпті, көз жауын алады. Өткенде бір қарағанымда гүлдегенін көріп едім. Уақыт қалай зулайды! Ол тіпті бізді өзіне ілестірмей бара жатыр. Менің қазіргі жұмысым өзіне көп көңілбөлуді талап етеді. Үлкен ет турағыш машинасын елестетіңізші көз алдыңызға, сондай уақыт турағыш өмір деген машинаға бір салғанда бір, екі айымды бірақ саламын, ол жоқ қылады (Қандай өнім шығып жатқанын көрейін десем, ол машина тым үлкен, көруге де мүмкіндік жоқ). Бір-екі ай тұрғай бір жылым да қас қағым сәтте еш із қалдырмай зу өте шығыпты. Екі айда шие пісіп, бір жылда өмірге түрлі өзгерістер жасап үлгеруге болады екен. Мен қазір Айнажанды да, Назбануды да сағындым! Оларды көп көре алмаймын. Шиеге қарап, сағынышым тіпті еселей түсті. Жолай бір келі шие сатып алдым. Сатушының таңданысын елеместен, бір тістеп, жартысын жеп, жартысымен ернімді бояп, «бұны кімге алып барып берсем екен?» деп ойландым. Назбануға да, Айнажанға да, әжеге де барғым келді. Қосымша екі келі өлшетіп, өзіме таныс, өзіме жақын жандарды аралауға бел будым. Жолай бір сөзді қайталай берем: «Қыздар, шие пісіпті…»
Кәмшат

Read Full Post »