Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Шілде 22nd, 2009

– Әй, сенің кезегің емес, Елдостікі! Кезек сақтасаңшы!
– Мен ата салайыншы?
Томипаған қара баланың сөзін елемей ол қолын бір сілтеді. Мен оны танимын. Шамамен, 5-6 сыныпта оқиды. Танығанда… танығанда,сырттай ғана. Ұл сияқты. Шашы ұзын, үнемі буып жүреді желке тұсына қарай. Атын сұраған емеспін. Ұялдым. Жоқ, оны ұялтқым келмеді.
Мен ол қызды жақсы көрем. Өте тәртіпті, айналасын шырқ үйіріп басқарып жүреді. Адал. Оның бұл қасиеттерін сырттай байқадым. Көзіме солай көрінді. Алматының балалары асық ойнамайды. Асфальтта өскендері мүлде ойнамайды ғой, ал ауылды жерлерден көшіп келгендері асықтың орнына кесек тастар, цементпен ойнайды. Бұрын асықтың туын талай тіккен інім: «Мә, асфальтта асық ойнаған во ғой. Түп-түзу! Бормен сызғаның да айқын түседі. Қаланың балалары бұның қадірін білмейді» – деп тамсанып қояды. Асық ойнаған кезін «баяғыда» деп еске алатын болыпты ол да. Інім де асық ойнағыш қызды біледі екен. «Несі бар? Бұрын бізбен де қыздар ойнайтын. Ләңгі ойнайтын» дейді. Мен өзім олай етіп көрмеген соң, күлдім. Бірақ, рас айтам, ана қыздың асық ойнағанына қызығам. Ол дәл тигізеді көздегеніне. Бірге ойнайтын балалар оның мергендігіне налығанмен, онсыз асық ойнап жатқанын көрмеппін. Ол атаман сияқты. Бәрін тәртіпке шақырып, бәрін ұйымдастырып отырады. Сары қыздың отырысы да ұлдардікі сияқты. Жүресінен отыра қалып, оң жақ тізесіне иегін сүйеп, өзге әріптестерін бағып отырғаны да қызық. Әдетте, ұл сияқты болу қыздарға жараспайды ғой, ал ана қызға үйлеседі. Ол бәрібір нәзіктігін жоғалтпағаны көрініп тұр. Жаздың басына дейін асық ойнаған олар қазір жасырынбақ ойнап көшенің шаңын шығарып жүр. Оларға қарап балалық шағым есіме түсіп кетті.
Кешкілік жасырынбақ ойнап жүргенбіз. Біреудің қоршауын «дукита» жасап аламыз. Біздің көшеде ол кезде шуылдақ балалар көп болыпты қазір ойлап тұрсам. Біреу көзін жұмып онға дейін санайды. Қалғандары тығылады. Ол іздейді сосын. Үлгергендер бірінші барып «дукита!» деп дуалды ұрады. Үлгермегендер өздері іздеуге мәжбүр болады. Бірде қалың сиыр өрістен келе жатқанда көрші Дәулет соның арасымен келіп, қоршаудың дәл жанына жеткенде «дукита!» деп ұрып, оған Дәуреннің кәдімгідей бұлқан-талқан болғаны бар. Ертесі күні қасқарая бастаған сол сәтте тағы да сол сиырлар тобын жазбай келе жатқан. Дәулет олардың арасында біреу бар деп ойлаған болу керек, «Дәурен, дукита!» деп қояды, кешегі өзінің ісін қайталауы мүмкін ғой басқалар. Сиырлар өз жолымен кете берген, Атын айтқан соң шығу керек қой, Дәурен неге сиырлардың арасынан шықпайды. Ашуланып кеткен Дәулет жүгіріп барып, Ержан ағаның сүзеген сиырын бір ұрып, ол сиыр Дәулетті қуалап, масқара болған.
Жасырынбақ ойнап жүрген аз ғана шоғырға қарап қызығып кеттім, бірақ олардың тобы аз, қызықсыз көрінді. Өздері үшін қызық екені даусыз ғой. Үйге келіп атасы немересіне деп жинап жүрген асықтарды қолыма алдым, еденге тізіп қойып, көздеп тұрып атқым келді. Бірақ… өмірі асық атып көрмеген қыздың сақасы ұшып барып шкафтың астына кіріп кетті. Дәл осы сәтте інім кіріп келеді. «Әй, соқыр-мерген!». Ол да қызығып кетті. Қарсыласы мүлде әлсіз болса да, қарсыласы таза «шәйнек» болса да, оған әрі үйретіп, әрі түсіндіріп ойнап жүр. Қызық, балалық деген тамаша кезең екен ғойды қазір сезініп отырмын…. Еххх!!! Сол кезде неге мен үлкен болуды армандадым екен? :)…

Read Full Post »