Бүгін сенің туған күнің…
Сыртта құйып тұр жауын.
Терезеге жақын келіп, жаңбыр үнін тыңдадым.
Тамшы асығып, тырс- тырс тамып, салып жатыр есіме,
Өткен күндер ырғағын.
Ғұмыр кешіп жатырмыз біз адам айтса сенгісіз,
Бір күніңнің алданышы бір күніңе бергісіз…
Тасқа сіңген тамшы сынды белгісі жоқ сол күндер,
Қалай өтті белгісіз.
Бірде сен де тауысып ең көңілімнің тағатын,
Ақ таң күліп сен деп атып, сағат сен деп соғатын.
Таяп тұрып, табыса алмай кеткен шақта екеуміз,
Ақ қар жатқан болатын.
Содан бері жүрек үнін мылқау етіп, тілсіз ғып,
Махаббат деп жазылатын кие сөзді бір сыздық.
Содан бері сөнді бәрі, екеуміз де бөтенбіз,
Содан бері… үнсіздік.
Сол шақтарды еске алуға ақылдың жоқ түк халі,
Біз өмірді түсінбедік, өмір бізді ұқпады.
Бүгін сенің туған күнің…
Мен құттықтап қояйын,
Өзің көтер тұтқаны…
Есей Жеңісұлы