Мұң торласа беймаза көңілімді,
Көңілімді…өксікті өмірімді,
Жақұт терген сияқты жатып алып
Тергім келіп тұрады нөміріңді.
Сыбыр да өшкен заматта,
күбір де өшкен,
Тергім келіп тұрады кідірместен.
Жүз сегіз ай кеудеме кіріп алып
Беу, Перизат, құпия ғұмыр кешкен!
Күйзелісін жанымның жасыра алмай
Терсем болды, аспаным ашылардай!
Дерттей болған дауасыз, серттей болған
Ішімдегі өрт бір сәтке басылардай.
Cары алтындай бергенмен сабыр Тәңір,
Үздігемін тергім кеп дамыл-дамыл…
Бағынбастан шартты бір ұғымдарға,
Бағынбастан айла мен ақылға дүр.
Мұң торласа беймаза көңілімді,
Гүл ететін өксікті өмірімді –
Жақұт терген сияқты жатып алып
Тергім келіп тұрады нөміріңді!
Дәурен Берікқажыұлы