Өткен шақпын сізге мен.
Еске алуға, ескеруге тұрмайтын.
Бізді бөлген шақырымдар
Ауыр үкім оқығаны болды айқын.
Сырым едің,
Жан адамға ашпайтұғын құпиям,
Жырың едім,
Тәтті ұйқыңды ұрлайтын.
Енді бәрі елес боп,
Жағасында жалғыз қалдым Жайықтың,
Көп ішінде күрсінемін.
(Несіне…)
Ертіс, сенің ерке ұлыңа сенгенім…
Бар айыбым.
(Ол да мені ала ма екен есіне?)
Біз әдемі сезімдерді жоғалттық,
Көк теңгеге айырбастап уақытты,
Сарылмайтын, сағынбайтын боп алдық,
Қолдан жасап бақытты.
Сұр қалаға қамалып,
Көкжиектер көрінбейтін көшемен,
Жан берісіп, жан алып,
Өлеңімнен құрбан шалдым неше мен.
Енді бәрі ертегі.
Естелік қып бірге өткізген күздерден:
Сағынышым сіңіп қалған бойына,
Алтын түстес жапырақтар тізбегін,
Алқа қылсам мойыныңа деген ем.
Өкініш бар ғұмырыма жетерлік,
… Өткен шақпын сізге мен…
Бақытгүл Бабаш