Ауызашарға барып жүрген шығарсыз. (Айтпақшы, оразаңыз қабыл болсын!) Біздің үй жақында ауызашар берді. Ас ішіп отырғанда бір әжеміз «Ана, телевизорыңды қосып қойшы, қызым, Шехрезатты ұмытып кетпейік абыр-дабырда», – деді. Қонақтың айтқанын жерде қалдыру айып қой, «Қазақстанға» қойып бердім. Сізге өтірік, маған шын келген қонақтың бәрі, тіпті, аталар да көреді екен «Мың бір түнді». Ауылдағы күйбең тірліктен қол үзіп, қалаға көшіп келген қарттар ғой бұл кісілер.
Бұл жолғы ауызашардың былтырғыдан ерекшелігі сол – әңгіменің бәрі Шехрезат пен Онур, Бану мен Керем төңірегінде болды. Орта тұсқа келгенде сериалдың мәнсіз боп кеткенін, Шехрезаттың орынсыз тәкаппарлығын, Онурдың сенбейтін ақымақтығын сөз етісіті.
– Әй, осы Нәдиде қандай тамаша жан, ә! Жас кезінде қандай көркем болды деп мен соны елестеткім келеді, – деді Бақберген ата әзілдеп.
– Онур мен Шехрезат өмірде үйленіпті ғой.
Бұл Ақбілек апаның білмейтіні жоқ. Қалалық апа. Немересін жанына алып ғаламторда отырады ара-тұра. Өткенде бас кейіпкерлер жайлы мәлімет іздеген екен Бергюзар мен Халиттың (Шехрезат пен Онур) тойлары Kuruçeşme Les Ottomans мейрамханасында биылғы жылдың 7-тамызында болғанын, оған ең жақын деген 350 адамды шақырғанын оқыпты. Шехрезаттың 82-жылғы екені есінде болғанмен, Онурдың жасын ұмытып қалыпты.
– Өздерінің отбасы жоқ па екен? – деді Қадыр ата сәл жақтырмай, – әртістердің махаббаты көшпелі еді дәл кинодағыдай.
– Бұрынғы отбасыларын тастапты. Бұл өзі бір дерт болды ғой, – деді Ақбілек апа.
Айтпақшы, дәл осы Ақбілек апаның ұялы телефонының қоңырауы «Мың бір түннің» музыкасы деген ой үш ұйықтап, он түс көрсем де кірмес еді басыма. Үш саусақ қана сиятын қол сөмкесінен телефонын алып, сөйлесіп болған соң апалар арасында блютуз арқылы музыка алмасу болды. Қызық…
Өзім бұл сериалға арнайы уақыт бөліп, назар аудармасам да, үйдегілердің, жұмыстағылардың әңгімесінен біраз мағлұмат алыппын.
«Хабар» агенттігіндегі «Өмірге құштарлық» бағдарламасының сценаристі болып қызмет атқаратын Салтанат Жұмаділова: «Ол фильмде көбі шыдамсыз екені рас. «Шешем көнсе, әкем көнбейд, әкем көнсе, шешем көнбейд, әттең тонның келтесі-айдың» нағыз өзі. Бірде Онур қисайса, бірде Шехрезат қисайып, жұрттың жүйкесінде ойнайды. Мен солай жаза білгені үшін, көрермендерін баурап алғаны үшін сценаристеріне таңқаламын. Ол қаншама елдің көрермендерін телевизор алдына байлай білді! Телевизияның ішкі «кухнясын» білетін адам бұны бірден түсінеді, маман ретінде бағалайды. Ал, ұлттық тұрғыдан алып қарасақ, рас, ұтылатын тұсымыз көп. Әдебиет, кино, жалпы кез-келген нәрсе адам жанына сіңе береді ғой тамшылап. Елдің бәрі Нәдиде ханымның даналығын, Бурхан мырзаның даралығын сіңіріп жатса, құба-құп. Бірақ, олай бола бермейтіні өкінішті. Шехрезаттың сәл нәрсеге ашуланып, баласын ала сап кетіп қалатыны көрерменге қатты әсер етеді, кешірімшілдігенен бұрын», – дейді.
Сериал – адам уақытының ұрысы. Сериал сіздің проблемаларыңызды ұмыттырған сияқты болғанмен, өз проблемасын үстемелеп қосып береді. Сериал өз ұлтының сөздерін, болмысын сізге де егетінін жақсы білесіз.
Ата нақылын теледидардан, ана ақылын телесериалдан іздейтін заман ба деймін қазір. Әкесі баласын жанына алып оқ жонып, анасы қызына ертегі айта отырып тон пішетін әдемі сәттер тек киноларда ғана кездеседі. Онда да, сіз көріп жүрген түрлі кәріс, түрік сериалдарында емес, енді.
P.S. Сериалдардағыдай, жұмысқа келе сап поштамды тексермесем, басым ауырады. Бүгінде келіп поштамды ашсам, «Онурдың махаббатын, Шехрезаттың шапағатын, Канның еркелiгiн, Мехрибанның сабырын, Банудың сұлулығын, Керемнiң кемесiн, Бурхан мырзаның үйiн, Надиде ханымның миын берсiн. Осыны жеті адамға жiберсең, махаббатың Онур мен Шехрезаттiкiндей болсын, жiбермесең Фусун мен Али Кемальдiкiндей болады» деген хат тұр. Күлдім, күлдім де қойдым. Досыма «Мың бір түннің» соңы қалай аяқталатыны туралы жауап жаздым, оны Ақбілек апа айтқан. «Білесің бе, ол сериалда Шехрезат пен Онур қосылады екен. Көрікті келіншек өзге біреуге тұрмысқа шығайын деп жатқанда Нелюфер мен Канды жетелеп Онур келеді-міс. Сол сәтте жаңа күйеу оп-оңай-ақ «Сенің отбасың анау» деп басына қонғалы тұрған бақытын Онурға сыйлайды-мыс. Өмірде де олар өз отбасыларын бұзып, қайта қосылыпты. Расында да, олардың махаббаты мықты ма?» деп сұрадым. Ол да білмейді екен. Оны осы сериалды жіті қадағалап жүретін сіз білерсіз, бәлкім?
Кәмшат
Read Full Post »