Баяғыда бір ғалым мұсылман әлемінің бір ғұламасына келіп: «АЛЛАның бар екенін көрсетіп бер. Екінші: тағдыр деген не? Және оттан жаратылған шайтанның отпен қалай азапталатынын түсіндіріп бер!» – депті. Сонда әлгі ғұлама ғалымның басынан аямай нұқып қалса керек. Бұндай оқыс әрекетті күтпеген жәбірленуші ашуланып, қарсы шықпай ма. Сонда әлгі ғұлама: «Мен сенің үш сұрағыңа да жауап бердім ғой», – депті.
– Қалайша?!
– Мен нұқыған жерің ауырды ма?
– Иә.
– Ауырса, «міне, ауыруым» деп көрсетіп берші?
– Әй, ауруды мен қалай көрсетемін? – десе, ана кісі «титтей ауру емес, күллі жаратылыс ИЕСІн мен қалай көрсетемін?!» – депті.
– Екінші, тағдырды сұрадың. Маған келе жатқаныңда таяқ жейтініңді білдің бе? – десе, әлгі ғалым:
– Жоқ, – депті.
– Міне, болашақтағы маңдайыңа жазылған, АЛЛАға ғана аян, бірақ саған белгісіз нәрсе тағдыр болады, – депті.
– Үшінші, мен де етпен сүйектен жаралғанмен, сен де ет пен сүйектен жаралғансың. Мына қол ана басқа қатты тиді ғой, Ұлық АЛЛА да лағынет атқыр шайтанды өз жаратылысымен азаптаудың жолын біледі, – деген екен.
Archive for Қыркүйек 15th, 2009
Үш сауалға бір дәлел
Posted in Ғибратты әңгімелер, Uncategorized on Қыркүйек 15, 2009| 2 Comments »
Тақуа қойшы
Posted in Ғибратты әңгімелер, Uncategorized on Қыркүйек 15, 2009| 1 Comment »
Баяғыда бір қойшы болыпты. Көп қойшылардан оның ерекшелігі – қойын да АЛЛА үшін бағады екен. Жатса, тұрса аузынан АЛЛАсы түспейді екен. Аса таяғын сермеп, қойының артынан кетіп бара жатып: «Уа, АЛЛА, шөлдедің бе? Қойымның сүтінен ішші? Ол саған арналған, тап-таза!», «Е, АЛЛА қарның ашты ма? Құрт берейін бе? Қаласаң, ет берейін! Қабыл алшы?», «АЛЛАхым, тоңсаң, шұлық тоқып, тон тігіп берейін!» деп бар ынта-жігерімен Жаратқанды зікір етеді екен. Бір күні оның жанынан бір пайғамбар өтіп бара жатып, жаңағыны естіп: «Жоқ, сен АЛЛАға олай жалбарынба! Мынандай дұғаларды айт!» – деп, біраз нәрсе үйретіп кетеді. Ол кеткен соң, а деген әріпті, қ деген қаріпті танымайтын қойшы ата зар еңіреп жылап, бүк түсіп жатып қалыпты. Ол жаңағы пайғамбардың аяқ ізі басылмай жатып-ақ бәрін ұмытып қалған еді. Жол жөнекей барын салып, білгенінің бәрін үйретіп келе жатқан пайғамбарға жоғарғы жақтан «Қайт! Менің сол құлымды сары уайымға салып кеттің. Оның бұрынғы құлшылығы маған ұнайтын еді» деген әмір келеді. Ол таңданып, «апырай, мен адамдарды тек тура жолға шақырушы едім», – деп сол қойшының үйіне келсе, АЛЛАны «киіндіріп», «тамақтандырып» жүрген қойшы ата өң-түс жоқ, жылай-жылай әбден қалжырап қалыпты. Пайғамбар оған болған оқиғаны айтып, АЛЛА сенің тамағыңды, сүтіңді, шұлығыңды күтіп отыр» десе, ауырып жатқан ақсақал орнынан атып тұрып: «Солай ма? Уа, АЛЛА, қазір-қазір! Сәл күте тұр! Міне-міне!» деп, бірнеше күннен бері қараусыз қалған қойына жүгіріп, қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпеген екен дейді…
«Мың бір түннің» бір кеші
Posted in "Жанымның жазба нұсқасы", Uncategorized on Қыркүйек 15, 2009| 29 Comments »
Ауызашарға барып жүрген шығарсыз. (Айтпақшы, оразаңыз қабыл болсын!) Біздің үй жақында ауызашар берді. Ас ішіп отырғанда бір әжеміз «Ана, телевизорыңды қосып қойшы, қызым, Шехрезатты ұмытып кетпейік абыр-дабырда», – деді. Қонақтың айтқанын жерде қалдыру айып қой, «Қазақстанға» қойып бердім. Сізге өтірік, маған шын келген қонақтың бәрі, тіпті, аталар да көреді екен «Мың бір түнді». Ауылдағы күйбең тірліктен қол үзіп, қалаға көшіп келген қарттар ғой бұл кісілер.
Бұл жолғы ауызашардың былтырғыдан ерекшелігі сол – әңгіменің бәрі Шехрезат пен Онур, Бану мен Керем төңірегінде болды. Орта тұсқа келгенде сериалдың мәнсіз боп кеткенін, Шехрезаттың орынсыз тәкаппарлығын, Онурдың сенбейтін ақымақтығын сөз етісіті.
– Әй, осы Нәдиде қандай тамаша жан, ә! Жас кезінде қандай көркем болды деп мен соны елестеткім келеді, – деді Бақберген ата әзілдеп.
– Онур мен Шехрезат өмірде үйленіпті ғой.
Бұл Ақбілек апаның білмейтіні жоқ. Қалалық апа. Немересін жанына алып ғаламторда отырады ара-тұра. Өткенде бас кейіпкерлер жайлы мәлімет іздеген екен Бергюзар мен Халиттың (Шехрезат пен Онур) тойлары Kuruçeşme Les Ottomans мейрамханасында биылғы жылдың 7-тамызында болғанын, оған ең жақын деген 350 адамды шақырғанын оқыпты. Шехрезаттың 82-жылғы екені есінде болғанмен, Онурдың жасын ұмытып қалыпты.
– Өздерінің отбасы жоқ па екен? – деді Қадыр ата сәл жақтырмай, – әртістердің махаббаты көшпелі еді дәл кинодағыдай.
– Бұрынғы отбасыларын тастапты. Бұл өзі бір дерт болды ғой, – деді Ақбілек апа.
Айтпақшы, дәл осы Ақбілек апаның ұялы телефонының қоңырауы «Мың бір түннің» музыкасы деген ой үш ұйықтап, он түс көрсем де кірмес еді басыма. Үш саусақ қана сиятын қол сөмкесінен телефонын алып, сөйлесіп болған соң апалар арасында блютуз арқылы музыка алмасу болды. Қызық…
Өзім бұл сериалға арнайы уақыт бөліп, назар аудармасам да, үйдегілердің, жұмыстағылардың әңгімесінен біраз мағлұмат алыппын.
«Хабар» агенттігіндегі «Өмірге құштарлық» бағдарламасының сценаристі болып қызмет атқаратын Салтанат Жұмаділова: «Ол фильмде көбі шыдамсыз екені рас. «Шешем көнсе, әкем көнбейд, әкем көнсе, шешем көнбейд, әттең тонның келтесі-айдың» нағыз өзі. Бірде Онур қисайса, бірде Шехрезат қисайып, жұрттың жүйкесінде ойнайды. Мен солай жаза білгені үшін, көрермендерін баурап алғаны үшін сценаристеріне таңқаламын. Ол қаншама елдің көрермендерін телевизор алдына байлай білді! Телевизияның ішкі «кухнясын» білетін адам бұны бірден түсінеді, маман ретінде бағалайды. Ал, ұлттық тұрғыдан алып қарасақ, рас, ұтылатын тұсымыз көп. Әдебиет, кино, жалпы кез-келген нәрсе адам жанына сіңе береді ғой тамшылап. Елдің бәрі Нәдиде ханымның даналығын, Бурхан мырзаның даралығын сіңіріп жатса, құба-құп. Бірақ, олай бола бермейтіні өкінішті. Шехрезаттың сәл нәрсеге ашуланып, баласын ала сап кетіп қалатыны көрерменге қатты әсер етеді, кешірімшілдігенен бұрын», – дейді.
Сериал – адам уақытының ұрысы. Сериал сіздің проблемаларыңызды ұмыттырған сияқты болғанмен, өз проблемасын үстемелеп қосып береді. Сериал өз ұлтының сөздерін, болмысын сізге де егетінін жақсы білесіз.
Ата нақылын теледидардан, ана ақылын телесериалдан іздейтін заман ба деймін қазір. Әкесі баласын жанына алып оқ жонып, анасы қызына ертегі айта отырып тон пішетін әдемі сәттер тек киноларда ғана кездеседі. Онда да, сіз көріп жүрген түрлі кәріс, түрік сериалдарында емес, енді.
P.S. Сериалдардағыдай, жұмысқа келе сап поштамды тексермесем, басым ауырады. Бүгінде келіп поштамды ашсам, «Онурдың махаббатын, Шехрезаттың шапағатын, Канның еркелiгiн, Мехрибанның сабырын, Банудың сұлулығын, Керемнiң кемесiн, Бурхан мырзаның үйiн, Надиде ханымның миын берсiн. Осыны жеті адамға жiберсең, махаббатың Онур мен Шехрезаттiкiндей болсын, жiбермесең Фусун мен Али Кемальдiкiндей болады» деген хат тұр. Күлдім, күлдім де қойдым. Досыма «Мың бір түннің» соңы қалай аяқталатыны туралы жауап жаздым, оны Ақбілек апа айтқан. «Білесің бе, ол сериалда Шехрезат пен Онур қосылады екен. Көрікті келіншек өзге біреуге тұрмысқа шығайын деп жатқанда Нелюфер мен Канды жетелеп Онур келеді-міс. Сол сәтте жаңа күйеу оп-оңай-ақ «Сенің отбасың анау» деп басына қонғалы тұрған бақытын Онурға сыйлайды-мыс. Өмірде де олар өз отбасыларын бұзып, қайта қосылыпты. Расында да, олардың махаббаты мықты ма?» деп сұрадым. Ол да білмейді екен. Оны осы сериалды жіті қадағалап жүретін сіз білерсіз, бәлкім?
Кәмшат