Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қыркүйек 17th, 2009

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

Әлемдегі ең сауатты ақымақ,
Әлемдегі ең тәкаппар бейшара.
Мен боп шықтым… Сіз отырсыз бақылап.
Ғашықпын мен, оған енді не шара?

Жанарым бар шайдай ашық. Соқырмын…
Әлемдегі ең бір адал күнаһар.
Сіз туралы өлең жазып отырмын
Мақшар күні жардан мені құлатар.

Әлемдегі ең бақытты науқаспын.
Әлемдегі ең мейірбан дәрменсіз.
Жаңғырығы секілдісіз тау-тастың,
Бейхабарсыз біздің мүшкіл халден Сіз.

Әлемдегі ең бір көзсіз сағыныш.
Мағынасыз, мәнсіз саған ұмтылу.
Жанұшырған ләззаты мол сабылыс
Бір көруге өліп-өшіп ынтығу.

Әлемдегі ең жазықсыз дұшпаным,
Бірде өзімсіз, бірде мүлде өгейсіз.
Сіз дегенде ұшып кетер құс жаным
Ғашықпын мен, оған енді не дейсіз?

Read Full Post »

Есей Жеңісұлы

Сыртымнан жұртқа нұсқап, күлме бекер,
Мәнсiз де мағынасыз күндер өтер.
Беймаза, берекесiз шақтарым да,
Iлесiп сол күндермен бiрге кетер.

Сен жерден таба алмассың сонда менi,
Жан болам алқара аспан болған емi.
Шарықтап ұшып жүрем заңғар көкте,
Жолыма көзiң талдыр, қолда менi!

Сен менi еңбегi бос бала көрме,
Соңымнан тiлеу тiлеп қалады ел де.
Жалғанды түу биiктен шолып жүрем,
Табаным кейде тиiп қара жерге.

Таң болып атам әлi алауыртқан,
Сыр болып төгiлемiн жан ауыртқан.
Мен сонда сәлем жолдап жүрем саған,
Ақ бұлттан, қара бұлттан, ала бұлттан.

Жанымның оты лаулап жағылар шын,
Қанатыма бағынар, табынар шың.
Сонда ғана түсiнiп, сен де менi
Мен сенi сағынғандай сағынарсың…

Read Full Post »