немесе кей ырым-тиымдардың мәні
Ол кезде сіз бала болатынсыз. Алматыдан ағаңыз келе жатқанын білесіз. Мектепке бармасқа тағы болмайды. Сабақ біте сап, үйге қарай құйын-перін ұшасыз! «Ағам келді-і-і-і!!!» деп айғайлап. Әжеңіз алдыңыздан шығып қап: «Тек! Жаман ырым бастағаны несі?! Үйге айғайлап, жүгіріп келуші ме еді?» – деп тыйып тастайды. «Неге?» – дейсіз төргі үйге ұшып бара жатып, «Жаман болады!» деген жауапты құлағыңыз шалып қалады.
Тағы да бала кезіңіз. Еркеліктің неше түрін жасайсыз. Сіздің жылағаныңыз да ерекше, елдің назарын аудару керек. Сәждеде жатқандай маңдайыңызды жерге тигізіп жылайсыз «маған анау ұрысты ғой» деп. Сонда анаңыз келеді. Келеді де: «Тек! Жер бауырлап жылаушы ма еді?! Құдай сақтасын!» – деп тағы да сізді тыйып тастайды. «Не болады?» дейсіз өксіп жатып. Тағы бір жауап – «жаман болады». Немесе шаршағанда, бір қолыңызды бүйіріңізге таянып тұра қаласыз. Ол да «болмайды, жаман болады».
Жамандықтан АЛЛА сақтасын! Қой деген соң, қоямыз ғой жаман болмасын деп. Соның кейбіреулерінің мәнін бүгінде түсінгендеймін. (Әрине, кейбіреуін осылай болады екен-ау деп жорамал жасап алғаным да бар, көбін естіп, кітаптан оқып дегендей…). Сонымен… былай:
Бүйірді таянуға болмайды, неге? Өйткені, қазақ жақын бір адамынан айырылғанда қос бүйірін таянып, жоқтайды. Қатты өксік, солықтап жылау адамның ішкі органдарына қатты зиян келтіреді, сол кезде екі бүйірден таяну – адамға үлкен таяныш екен, органдардың төңкеріліп, бұралуына аз да болса тостауыл болады-мыс.
Күлді баспа – тазалыққа байланысты. Шаң болмасын деп те, жын-шайтаннан сақтану үшін де ондай жерлерге бей-берекет бара бермеген.
Босағаны керме – өйткені, қазақ ұғымында әйел мен ер қос босаға сынды, оны керу – екеуінің арасын ажырату деп білген.
Есінегенде ауызды қолмен жабу. Бірде сабақта отырғанда орыс тілі пәнен сабақ беретін апайға қарап бір бала есінеді. Сонда әлгі мұғалім: «Не, мені жұтып қояйын деп тұрсың ба?» – деп қатты ренжігені есімде қалып қойыпты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) есінегенде аузын оң қолының ішкі жағымен не сол қолының сырт жағымен жапқан екен. Есінегенде, шайтан адам аузына балаларын тастап жібереді. Демек, бұл тиым – сүннет.
Заманауи ырым-тиымдарға мысық алдыңнан кесіп өтсе, жолың болмайды, сабақта жүріп түйме тауып алып, оны сындырсаң өзің қаламаған бір сабақ болмайды, экзаменге өткен жолы бестік баға алған кездегі киімді киіп бару керек деген нәрселерді қосар едім.
Ырым-тиымның дені жақсы болсын деген ниеттен туғаны ақиқат қой, бірақ кейбіреуі дұрыс емес пе деп ойлаймын. Мәселен, мен босағаны керме, бүйірді таянба дегенді онша түсіне алмаймын. Әрине, миыма мықтап сіңген соң оларды жасамаймын да ғой, бірақ көңілім сенбейді, неге екенін. Есікке таға ілу не босағаға асықты жілік ілу бақыт әкеледі дегенге сенбеймін. Адам әр кез жақсы ойда жүрсе, АЛЛАдан сұраса, бақыт асықты жіліксіз-ақ келеді (деп ойлаймын, ИНШАЛЛАХ).
Кәмшат
Маған анам өмірі иегіңді таянба деп ұрсады. Яғни, бұл мұңайып, жалғызсырап отырған адамның кейпін келтіресің дейді. Маған солай ыңғайлы деймін. Мысалы, комптың алдында бір қолыңды иегіңе қойып отырған ыңғайлы ғой. Соны айтсам, болмайды да, болмайды деп қатты соған сенеді. Өзім сенбесем де, жарайд көңілін қалдырмайыншы деп қолымды түсіріп отырамын… 🙂
Иә, ол да бар. Айтпақшы, оң аяқпен аттау деген бар ғой, жаңа түскен бір келін босағасынан бастап төріне дейін оң аяқпен ғана барған:). Ниеті қабыл болсын! 🙂
Екі түрлі аяқ киім кисең немесе аяғыңның біреуіне ғана аяқ киім (носки) киіп екіншісіне кимесең, әйелің ұры болады.
Қазақта жоғарыда аталғаннан басқа ырымдар өте көп, оның бәрін есте сақтап жүру мүмкін емес. Ең бастысы ол әрекеттерді мамам жасауға болмайды, жаман болады деп ойлап барып жасамау.
Aina mekenнің: Әрине, миыма мықтап сіңген соң оларды жасамаймын да ғой, – дегені рас. Біз жастайымыздан солай тәрбиеленгенбіз, анау болмайд, мынау болмайд, өз – өзімізді тым көп шектеулермен шектейміз.
Өзімізді шектегендей болашақ балаларымызды шектегенді қоюымыз керек. Оның орнына сәбилерімізге: Жақсы болады, Жақсылық болады, Иншалла тек жақсылық болсын!, – деп санасына мықтап бекітуіміз абзал.
Рас айтасызғ, Жанел! Кей тыйымдар ақылға сыймайды. Ал, енді көбінің расымен де дұрыс екенін, жөн екенін мойындаймын. Бәлкім, сол ырым-тыйымдардың мәнін білуіміз керек шығар айтпас бұрын… Сосын, жақсы болады, деп жақсылыққа тәрбиелеу, жақсы сөз айту – өте жақсы қасиет! АЛЛА разы болсын сізге!
Адам Аллаға құл болуды өзіне ар санаған сәтте немесе одан бас тартқан сәтте, Алла адамды әр нәрсеге құл етіп қояды. Меніңше көп ырымдар сондай соқыр сенімнен туған. Ал, кейбіреуі хадистерден алынған. Сол үшін осы екеуінің арасын ажыратып алған жөн. Және бұдан да маңыздысы әр жағдайда ислам шеңберінен шықпауға көңіл бөлу.
Рас, ислам шеңберінен шықпау – аса маңызды мәселе. Ырым мен тыйым мәселесі мені де ойландырып жүр. Қай жерден мүлт кетіп жатырмыз, ата дәстүрдің қаншасын жөн емес деп жөнсіз тәрк етіп жатырмыз, – ол жағын білмеймін :(… Кейде өзім білмей жатып «олай етуге болмайды» деп алып, қатты ұялатын кездерім де болады… АЛЛА өзі тура жолды көрсетсе екен бәрімізге де!
Ырым (түңілу) – бұл да екінші топтағы серік қосуға жатады. Бұның мағынасы, ол кейбір көрінген заттарды, естілген дыбыстарды және сол сияқтыларды жамандыққа жору жатады. Егер адам бір іс істейін деп жатып, оны ырым, сол ісінен қайтарса – онда ол серік қосуға кірді деген сөз. Мысалы, алдынан мысық кесіп өтіп ол сол жолдан қайтса – бұл Аллаһқа серік қосқан болады. Неге десеңіз, ол Аллаһқа шын көңілмен бой ұсынбайды. Барлық жақсылық пен жамандықты жіберуші Аллаһ емес пе? Ал, ол болса мысыққа сүйенеді (сенеді). Сонда ол мысықты, Аллаһқа серік етсе, тіпті бұл амал бірінші топтағы серік қосу қатарына шығып кетеді. Пайғамбар, с.ғ.с.: «Кімді ырым, райынан қайтарса ол Аллаһқа серік қосқаны», – деген. Пайғамбардан, с.ғ.с.: «Бұның күнәсін қалай өтеуге болады?», – деп сұрағанда, Пайғамбар, с.ғ.с.: «»Иә Аллаһ! Сенің жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ. Және Сенің ырымыңнан басқа ырым жоқ. Және Сенен басқа құдай жоқ», – деп айту», – деген.
Егер адам, ырымды көріп ішкі жан-дүниесі қобалжып, бәлкім қорқып, бірақ Аллаһқа тауекел етіп алған бетінен қайтпаса онда оның қобалжығанынан, не қорыққанынан оның иманына келіп-кетер зияны жоқ. Алла Тағала Өзінің Кітабында былай деді: «…Ал кім Аллаға тәуеккел қылса, сонда Ол оған жетіп асады…» («ат-Таляқ», 3 аят)
Ал енді ырымға қарсы – жақсылыққа жору рұқсат етілген. Бұл бір болған жағдайлардан бір нәрсені көріп, не естіп оны жақсылыққа жору жатады. Пайғамбар, с.ғ.с., жақсылыққа жоруды жақсы көрген. Бір хадисінде, «Пайғамбардың, с.ғ.с.: «Мен жақсылыққа болжауды жақсы көремін», – деген сөзіне: «Жақсылыққа болжау дегеніміз не?», – деп сұрағанда: «Ол – жылы сөз», – деп жауап берген.
Жақсылыққа болжауға мысал келтірсек, ол ауырып жатқан адамның. «Сен сауығыпсың», – деген сөз естіп, ол сөзді: «Мен жақында сауығады екенмін», – деп жақсылыққа болжауы жатады.