Мен бүгін намыс деген сөзді екі адамның аузынан екі түрлі мағынада естідім.
Адам толмай, көлігіміз аялдамада біраз тұрып қалды. Кондуктор балақай «Саяхат», «Экран», «Развилка! Бір орын бар» – деп айқайлап қояды. Ақ көйлекті аққұба қыз кіріп, әлгі бос орынға жайғасты. Іле-шала кірген алпыстардағы апаға арт жақтан бір қара бала орын берді. Көлік ішнде жанға жайлы тыныштық орнаған. Әркім өзімен-өзі. Көлік ұшқан құспен жарысқандай заулап келеді. Тек соңғы кірген апа:
– Байқа, балам, байқа. Қайда асығасың? «Асыққан – шайтанның ісі», – деп ақылын айтты. Жүргізуші сәл жымиып, магнитофонынының тетігін шырт еткізді. «Жер бетіндегі көп қабір, Адамның алған еншісі», – деп Мейрамбек қоңыр даусымен бізді одан әрі ұйытып әкетті. Әншейінде асығып, қарбалас жүретін жүргіншілер қазір өте жайбарақат. Осы тыныштықты қолына сыра ұстай кірген мазасыз жігіт бұзды. Манағы аққұба қыздың дәл төбесінен төніп тұр. Әлдекімді былапыт сөздермен балағаттайды. Апа: «кейінірек тұрсаңшы, балам-ау» – деп айтып ауыз жиғанша қыздың үстіне сыра төгіліп-ақ кеткені. Қатулы жүзбен қараған қыз жігітті кейін итеріп еді:
– Ей, итерме! Сен кімсің соншама? – деп жігіттің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты.
– Әй, балам, болды! Өзіңді сыйламасаң да, бізді сыйла! Тәрбие көріп пе едің өзің?! Апаның жүзінде кейістк білінді.
– Ой, сіз де қоймайды екенсіз! Бірдеме бүлініп қалды ма сонша?! Кел сүртіп берем. – масаң жігіт қыздың иығындағы сары дақтың үстіне қолының бес батпан кірін жаға салды. Шыдамның да шегі бар емес пе? Әлгі қыз тентектің қолынан салып жіберді.
– Ой, сен не? Бірдеңе керек пе өзіңе?!
Жып-жинақы шаш әп-сәтте қобырап шыға келді.
Апа орнынан ұшып тұрып:
– Өй, намыссыз өлік! – деп жігітті итеріп жіберді. – Шамаң жететін болған соң тиісіп тұрсың ғой! Қызға қол жұмсағанды қай атаңнан көріп едің, тексіз?!
– Сіз тыныш отырыңыз! Неңіз бар сіздің?! Ауылдан келіп пе едіңіз? Е, бәсе, көрініп тұр! Үлкен болған соң сыйлап тұрмын, соны біл, ұқтың ба?! – Сөз басын сізбен бастап, сенмен аяқтаған тентек енді өз анасындай адамға дауыс көтере бастады. Осы сәтте бақылдап тұрған бәленің алқымына әлдекімнің қолы жармаса кетіп, сілкіп-сілкіп қалды. Көлік те тоқтай қалды. «Шық, ит!» Манағы қара бала қабағын түйіп, маскүнемді итеріп-итеріп жіберді.
Көліктен түскен соң да әлгі жігіт:
– Жүр, шық былай! Шықпайсың ба? Не қорқып тұрсың ба? Несіне жігіт боп жүрсің, намыс қайда?! – деп қояды.
Көліктегілердің бәрі ду күлді. Бас кейіпкер – қара бала да беті қызара сәл жымиды. Улы күлкі ойдағы түйткілді біраз сейілтіп әкетті. Көлік қайта зулай жөнелді. Тағы да тыныштық орнаған, бірақ тым ауыр, еңсені езген тыныштық. Әркім өз ойымен әуре. Арашашы апа тіпті жайбарақат, қабағында кірбіңнің ізі де қалмапты. «Намыссыз» дегенді бірінші айтқан осы кісі ғой. Пәлі, дәл осы сөзді масаң жігіт те айтты, ә… Екеуінің де айтқаны бір сөз, ал салмағы екі басқа.
Иәә, әркім өмірді өз ақылы жеткенше түсінеді.
Намысты да….
Кәмшат
Кім намыссыз?
Қыркүйек 25, 2009 авторы Ainameken
Әрбір оқиғадан ой түйіп, қорытынды жасайтының ұнайды! МашАллаһ! Әдемі суреттепсің! Кондукторларды қанша жерден ұнатпасақ та, осындай қылықтарын қарап іштей «шүкір» дейсің…
🙂 рахмет! АЛЛА разы болсын!!!
Негізі қазіргі уақытта кішкене осындай жастар азайған сыңайлы. Бірақ ара-тұра кездесіп тұрады. Сондай өтірік намысшылдықтың керек емес жерде пайда болатынына жыным келеді. Кейбір жігіттеріміз, бос кеудесін ұрғылаудан жалықпайды ғой… Ал былайынша қолдарынан дым келмейді…
Қолдарынан бірнәрсе келетіндер көп үндемейді. келмейтіндер көп сөйлейді, сосын да біз соларға жиі назар аударамыз ба екен деп ойлаймын кейде… Олардың мақсаты да сол ғой, өздеріне назар аударту :)… АЛЛА иман берсін дейміз, басқа не дейміз!
қолдарынан оригами жасауда келмейді!Өтірік жігіттер.
«Оригами жасамаса жасамай-ақ қойсын, аман жүрсе болғаны!» дер еді бұл пікірге көп ата-ана :). Расымен де, аман болсын! Намысшыл, иманды болсын деп тілейміз!