Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қазан 22nd, 2009

Калкаман Сарин

Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса құйсын.
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.

Жаушы жаңбыр, жауа түс, жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл…
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр !

Жаушы жаңбыр – алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозжусан бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті жасарып көз алдымда.

Бір Құдірет тастады бәрін сілкіп,
Шұғылаға шомылдым жаным шылқып.
Періштелер ұшып жүр қанатымен,
Кірлеп кеткен құрлықтың шаңын сүртіп.

Бір Алланың алғандай алғысын көп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кемпірқосақ ! деп шулап балалар жүр,
Ал, мен тұрмын: жаңа күн, армысың деп.

Жаушы жаңбыр, жауа түс жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл.
Періштелер қондырған қанатымен,
Мен сендегі ғашықпын тамшыға әрбір.

Read Full Post »