Калкаман Сарин
Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса құйсын.
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.
Жаушы жаңбыр, жауа түс, жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл…
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр !
Жаушы жаңбыр – алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозжусан бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті жасарып көз алдымда.
Бір Құдірет тастады бәрін сілкіп,
Шұғылаға шомылдым жаным шылқып.
Періштелер ұшып жүр қанатымен,
Кірлеп кеткен құрлықтың шаңын сүртіп.
Бір Алланың алғандай алғысын көп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кемпірқосақ ! деп шулап балалар жүр,
Ал, мен тұрмын: жаңа күн, армысың деп.
Жаушы жаңбыр, жауа түс жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл.
Періштелер қондырған қанатымен,
Мен сендегі ғашықпын тамшыға әрбір.
Осыдан біраз бұрын Маржан Арапбаеваның «Жылы жаңбыр құйып тұр» деген әні шығып еді, бір шет ел әншісінің әніне сөз жазылып. Сол әнді еске түсіріп жібереді екен… 🙂
Солай ма? Мен ол әнді естімеппін. Жаңбырға қатысты болса елеңдеп тұрушы едім :). Әдемі ән болар, Зере қыз?
Әуені сөзсіз әдемі… ) Өзіңіз тыңдап көрмесеңіз, меніңше орташа… 🙂
Дәл айттың, Зере 🙂 Сол ән екен деп ойлап қалғам әуелі… Әні керемет енді….
Баян, рахмет! тыңдадым! :). Әуені сондай назды екен, Зере қыз, тербеп тұрады. 🙂
менин де есиме сол ан тусти…баримиз бирдей ойлап калыппыз-ау
Тамаша өлең! Табиғаттың тылсым суретін осылайша жырлай алсақ не арман!
Армандарыңыз орындалсын! Артығымен! 🙂