Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қараша 6th, 2009

Немесе театр тақырыптарынан тәмсіл

«ӘҢГҮДІК» Айдар бүгін ерекше мұңды. Алматыдағы қос бөлмелі үйіне сыяр емес. Шабыты қасарда осындай күй кешуші еді. Оның бұл мінезіне жас келіншегі «ТОМИРИС» – Тұмаржан да (Айдар қазақшалап алған) әлі үйрене алмай жүр. Жаңа үйлеріне бір кіреді, бір шығады – бәрібір байыз таба алар түрі жоқ. Бір кезде шыдамай көрші тұратын «ӘПКЕсіне» қарай тартып кетті. Жалғыз қалған Айдар өткен-кеткеніне біраз көз жүгіртіп, қиялдап жатыр.
Осыдан екі-үш жыл бұрын бір көшеде тұратын бес жігіт дос болған еді. «Атың шықпаса жер өрте» деген. Бұлардың аты елден ерен есерліктерімен шықты. Анда-санда араққа тойып алып «СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫн» шырқап отырғанда қастарына өтіп бара жатқан ит екеш итті де құр жібермей, тас атып әудем жерге «шығарып» салушы еді. Бірде сол бесеудің бірі – біздің кейіпкеріміз Айдар көршінің қызы «ҚАРАГӨЗге» ғашық болды. «ҚАРАГӨЗ» де бұған кет әрі емес. Несі бар, аздап арақ ішетіні, мәшинесінің жоқтығы, үйінің ескілігі болмаса, өзі ақын, өзі әп-әдемі-ақ жігіт. Әр күн сайын екеуі ымыртты асыға күтетін болды. «ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТтың» таң атпай тарқамайтыны тағы белгілі. «ЕСТАЙДЫҢ ҚОРЛАНЫ» атанған Қарагөздің Айдарға деген «МӨЛДІР МАХАББАТына» тәнті болған жұрт сырттарынан тамсана көз тастаушы еді. Бірде Айдар елдің бәрін тәнті етіп, керемет бір сурет салыпты, «ҚАРАГӨЗ» екеуінің. Бұған «СҰЛУ МЕН СУРЕТШІ» деген ат қойыпты. «Неге ақын емес, суретші?» деп сұрағандарға: «Ақын суретші емес пе», – деп жауап беріпті сан қырлы жігіт. Оның талантын енді байқай бастаған кей қыздар Айдарды бұрын тентек, есер деп аулақ жүруге тырысатындарын естен шығарып, «ҚАРАГӨЗді» күндей бастады. Айдар арақ ішуді де, есерлікті де қойып, өмір салтын өзгерткен соң, «ЖЕЛІККЕН ЖАСТАРдың» да желігі басылып, қыздарға қармақ салып, өзгеше қызық өмір сүруге бет қойды. Олар үшін бұл өмір жай ғана өмір емес, «ДҮНИЕ ДУМАНҒА» айналды. «МАХАББАТ ДАСТАНЫ» бес жұптың арасында да шырқалып жатты. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», бүкіл ауыл «БЕС БОЙДАҚҚА БІР ТОЙ» жасап, ұлы қуанышқа кенелеміз деп абыр-сабыр. Әлі болмаған «ҚҰДАЛАРдың» да ауылы аралас, қойы қоралас болып, алдағы мың жылдыққа жоспар жасай бастаған.
Бір күні ауылда аяқ астынан «АПАТ» болды. Жаңбыр жауып, тау етегіндегі ауылды сел басты. Бүкіл ел той дүрбелеңінен үй ішілік абыр-сабырға көшті. Сел Айдардың ескі үйінің бір қабырғасын опырып кетіпті. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, бүкіл жұртты асарлатып үй соғып жатқанда, «ҚАРАГӨЗді» көрші ауылдың жігіті алып қашып кетті» деген сыбыс жетті. «СЕРГЕЛДЕҢ БОЛҒАН СЕРІЛЕР» сең соққан балықтай есеңгіреп қалған Айдардың есін жиғызу үшін «БӨРІК АСТЫНДАҒЫ БӨЛТІРІККЕ» аттанды. Бірақ, бәрі кеш еді, «ҚАРАГӨЗ» аттаған босағасында қалатынын айтыпты…
Айдар сол түні тұңғыш рет еңкілдеп тұрып жылады. «Уа, АНА, ЖЕР-АНА», неге біздің махаббатымыз баянсыз болды?» деп еңкілдейді. Бәйге аты торыға мініп, олай да, былай да шапқылады. Құдай куә, дәл сол түні Айдармен бірге бәйге торы да жылаған еді. Бұл түн Айдардың есінде «АТ ЖЫЛАҒАН ТҮН» болып қалды. Сол түні «ЕСКІ ҮЙМЕН ҚОШТАСУ» да жасады. Күйіктен біраз уақыт «ӘҢГҮДІКтікке» де басты, өз өмірін «ӨМІРЗАЯ» деді, өлеңге көбірек сыр ашты.
«Уақыт – ең керемет емші» деген рас екен. Басын тауға да, тасқа да ұрғанмен, өмір шу асауды құрықтады, тентекті тезге салып түзетті. Қазір «ҚАРАГӨЗдің» үш баласы бар деп естиді. Бірақ оның көңілінде өз ғашығының «МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» қалпы ғана сақталып қалды. Өзі де жақында үйленген. Келіншегі – манағы «ТОМИРИС». Оны да жақсы көреді. «ТОМИРИС» Айдарды ақындығынан болар, әлде пәлсапашылдығынан, әйтеуір «АБАЙ» деп атайды. Әрине, ол сөз тек екеуі жеке қалғанда ғана айтылады. Кей күндерде «ҚАРАГӨЗ»: «Үш ұл тұрмақ, «ОТЫЗ ҰЛЫМ БОЛҒАНША»… сүйікті шалым болсын», – деп бұған қайта келіп, «ТОМИРИС» екеуінің бақытты өмірін көріп, қинала тұрып «ТОМИРИСке»: «КҮЙЕУІҢІЗДІ САТЫҢЫЗШЫ»? Қаншаға болсын алам», – деп әзілдейтіндей көрінеді. Сосын өз ойына өзі күледі. Күледі де: «ҚОШ, МАХАББАТ!», маған бұйырмаған асыл махаббат!» – дейді шарасыз.
Айдарда ақындық бар. Ал, ақынның періште болуы міндет, сондықтан періштелік те бар, мәңгі өшпес махаббат та бар. «АҚЫН… ПЕРІШТЕ… МАХАББАТ….». «ТОМИРИСІ» – Әйгерім, «ҚАРАГӨЗІ» – Тоғжан. «Мен бақыттымын, ия, шексіз бақыттымын! Жақында әке болам. Тұмаржаным қайда кетті екен?» – деп орнынан тұрғаны сол еді, «ТОМИРИС» те қайтып келіпті. Қос ғашық бүгін Қазақ мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына барып «ГАМЛЕТті» тамашалауға келісті.

Дәл осы оқиғаның басы-қасында болып, баяндаған жан – Кәмшат

Read Full Post »