Бір кедейдің сұлу тұлпары болған екен. Ол тұлпарының үстінде келе жатқанда барлығы оған таң қалып қарасатын, сол кезде оның жүрегі мақтанышқа толып, тәкаппарланатын еді. Ол жұмыс істеудің орнына, атымен ел кезгенді жақсы көреді. Кейде қалалық базарға кіріп, адамдардың: «Қадірлі мырза ғой деймін…» деп сыбырласқандарын естіп, іштей масаттанатын. Ал кейде ел аралағанда, бірден басшыларына барады. Олар оның құрметіне жиын-той ұйымдастырып, мамық төсекке жатқызып, сыйлықтармен шығарып салатын. Ол ешқашан бұлай молшылықта өмір сүрмеген еді.
Бір күні ол бір қалаға жетті. Қалаға кіріп, тұлпарымен тұрғындардың алдында паңданып келе жатты, ал олар болса, атақты саудагер немесе жорықтан қайтқан жауынгер екен деп аңырып қарасты. Белгісіз адамның келгені туралы хабар қала әміршісіне де келіп жетті. Кедейді барлығы құрметпен қарсы алды. Қонақ бөлмесіне шақырып, ас берді. Ал кеш батқанда, оған:
– Тыныш жата бер, біз сенің тұлпарыңа жақсылап қараймыз,- деді.
Бірақ кедей:
– Ол қонақ бөлмесінде менімен бірге қала берсінші, – деп өтінді.
– Бұндай нәрсе бұрын-соңды болып көрген емес.
– Мен үшін менің атым – туған бауырымнан кем емес. Біз әрдайым бір бөлмеде ұйықтаймыз.
Сөйтіп аты иесімен бірге қалды. Түннің бір уағында ат қырылдай бастады. Кедей шамды жағып, атының жанына келсе, ол өліп қалыпты.
– Менің арғымағым-ай! Асыл атым қаза болды! – деп айқай салды.
Әміршінің отбасы мүшелері жиналып қалды.
– Қатты қайғыра берме. Барлық ат та ерте ме, кеш пе өледі.
Әйтсе де кедей қоймады. Өкіріп жылағаны сонша әміршінің өзін ұйқысынан оятып жіберді. Ол не болып қалғанын білуге келді.
– Бүйтіп қайғыра берме,- деді кедейге, – мен саған өз аттарымның бірін берейін.
Сөйтіп, кішкенеден соң тамаша тұлпар алып келді. Кедей тұлпарды көрген соң сабасына түсіп, әкімге алғысын айтты, олар болса өз бөлмелеріне тарасты. Тұлпарын біраз тамашалаған кедей кенет өкіріп жылап жіберді:
– Қандай бақытсыз едім! Қымбатымнан айрылдым-ау!
Қызметшілер қайтадан жүгіріп келді. Оның артынан әкімнің отбасы жетіп келді. Бірақ кедейді қанша жұбатса да көз жасы тиылмады. Ақырында әкім шыдамай:
– Не болды сонша жылап? Саған бұрынғыдан еш кем емес жаңа тұлпар сыйлаған жоқ па едік?
Бірақ кедей:
– Жыламай қайтейін. Сенің сыйлығың шындығында да керемет. Менің бұрынғы атым сияқты. Бірақ ол өлмегенде бұл кезде менде екі ат болар еді ғой. Ал қазір біреу-ақ! Қандай зор қайғы. Сорлы басым-ай! – деп бұрынғыдан да бетер өкіріп жылады.
Ешкім жұбата алмай әлек болды. Сонда әмірші:
– Жарайды, сонша қайғырып кеттің ғой, дегенің болсын, тағы бір ат берейін. Тек дыбысыңды шығармашы, әйтпесе сенің даусыңнан бүкіл қала ұйықтай алмай жатыр,- деді.
Қызметшілер алдыңғы ат сияқты тағы бір керемет тұлпар әкелді. Кедей жылауын тоқтатып, әкімге алғысын жаудырды. Барлығы қайта тарасып, бөлмелеріне барып жатып қалды. Тек кедей ғана қандай бақытқа кенелгені туралы ойланып отырды. Бір ғана аты бар еді, енді екі аты бар.
Сол кезде оның көзі өлі атына түсіп кетті де, қайтадан ойбайға басты:
– Қандай қайғы? Қандай бақытсыздық?
Сарай тұрғындары қайта жиналды. Әмірші қайта келіп оны жұбата бастады:
– Қайғың қаншалықты ауыр болса да, сен өз-өзіңді қолға алу керексің ғой. Еркек емессің бе? Өмір бойы өлген атқа қайғырып өтпейтін шығарсың?
– Қайғымды баса алмай отырмын, – деді кедей. – Өлген атыма қарасам осыдан бір-екі сағат бұрын тірі болғаны есіме түседі де ішім ашып кетеді. Көз жасымды тыя алмай қаламын. Ол тірі болғанда менде үш ат болар еді ғой.
Әкім әбден шаршап, қабағы шытылып кетті, бірақ тағы бір ат әкелуге бұйырып:
– Енді бақыттысың ба? – деп сұрады кедейден. – Сенде енді үш бірдей ат бар, енді үнің өшетін шығар, бізге ұйқы бер.
Барлығы енді ұйқыға кеткенде кедей тағы да еңірей бастады:
– Қандай қайғы! Қандай бақытсыздық!
Сол кезде әбден ашуланған әмірші қызметшілеріне оның барлық атын тартып алып, өзін қуып шығуды бұйырды. Сөйтіп, ол барлық аттан жұрдай болып, бейшара кейіпте масқара болып, жаяулап-жалшылап үйіне қайтты. Ал шыққан кезде қандай еді!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді:
«Адам баласының екі сахара толы байлығы болса да, ол үшіншісін қалар еді және оның ішін тек топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды.»
Айнұр Сарбала, Айнұр Сарбаланікін Қайнар Ильясов жіберіпті 🙂 Бәріне де АРБ!
Қанағатсыздық-ай!!! Аттыңнан бұрын басыңнан да айыруы мүмкін ғой))) бірақ қазақтарда қанағат аса дамыған ғой))) тіпті перебор)))
Раас, балапан! Басын шауып тастамағанына да шүкір. :). Сүрінсең, құламағаныңа, құласаң, жараланбағаныңа, жаралансаң, мертікпегеніңе, мертіксең, аман қалғаныңа шүкір ет дей ме? 🙂
Пағамбарымыздың (с.а.с.) мына бір сөзі бар емеспе: адамда екі өзен толы мал-мүлкі болсада, ол үшіншісін қалайды…
бір уыс топырақ неткен ауыр аді үш өзенді басып кетер?
Сондыктан «канагат карын тойдырар» дегенди есте устау керек.