Күбірлесең көрініп бағымда Күн,
Сыбырласаң жоғалған табылды әнім.
…Жалғыз сенің «сүйемін» дегеніңді,
Барлық әлем айтқандай қабылдадым!
Таңғы шықтың моншағы тағынғаның,
Тіл қатып ең, айналды сағымға мұң.
Шаштарымнан салалай сипап өткен,
Саусағыңнан сезілді сағынғаның!
Өзегіме өртенген жардан құлап,
Сыңғырлата сіңірдің балдан бұлақ.
О, Жаратқан! Менше кім мас болыпты
Қолындағы бақ құсын арман қып ап?!
Мөлтілдеген қос жанар мөлдір әлем,
Айдын болса жырдан нұр қондырар ем!
Жолым болып көрмеген сорлы басым,
Сен боп құшқан бақытқа көндім әрең…
Жаныңдамын! Мендік ән бағыңдағы үн,
Содан көргін ғаламның лағылдарын!
…Кірпігіңді қаққаның қайта-қайта,
Өн бойымды өртейді-ай жаным! Жаным!
Сәні, заңы өмірдің…Бәрі де осы!
Ғашық оты-жүректің дәру-асы!
…Сенен басқа біреуді сүю деген-
Менен басқа біреудің шаруасы!
Лезде өрт қып жіберер лебің мен,
Тілегіңнен кеудеме гүл егілген.
Лүпілімен ғаламды тербетердей
Жүрегіңнен айналдым…жүрегіңнен!
Жыр болған соң бойыңа тағынғаның,
Жіпке тізген жаухардай қабылдадым!
…Жарым да Арым тек сенсің жалғандағы,
Барым да тек өзіңсің бағым да мың!
Жаным! Жаным!
Рахат Абдирахманов
эх…
Жаным, жаным, жаным деп қайталап кеткенімді де байқамай қалыппын…. әсерлі екен…. не дейді, сенен басқаны сүю, менен басқа біреудің шаруасы дей ме, тауып айтылған….
🙂
Оооо, кезінде «Мәссаған» сайтынан сүйіп оқитын едік осы өлеңдерді… !!!