Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for 2010 Қаңтар

«Осы біз ру шежіресін не үшін оқимыз?» деген ой мазалап жүр. Бұрын мән бермейтінмін, кім қай рудан, қай жүзден – маңыздысы ол емес мен үшін. Қазір «күштеп» тұрып, өз руын танытатындарды көп көрем. Қазақша шатып-бұтып сөйлегенде 2 жасар баладан ары, салт-дәстүрге мақұрымдығы былай тұрсын, оны тіпті қабылдай да алмайтын, әдемі, ақылды қыз «менің руым ең мықты ру! Бар қазақтың қазақ болуына септігі тиген ру!» – деп, руластарын көргенде ерекше жадырап кететінін көргенде, таңқалдым. Руластарын көргенде жадырасын ғой, өзі біледі, бірақ оның руынан үлкен ұлты бар ғой! Ұлтымен неге мақтанбайды екен, ә?

Сосын бар ғой, біз әр рудың тарихын білгенде, оқығанда, өзге руларды кемсітіп, бетке басар қандай міні бар екенін білу үшін оқимыз ба деп қалдым. Белгілі кісілердің бейресми әңгіелерінде «саясатта біздің рудан мынанша адам жүр, өнерде мынанша, спортта мынанша» деп санамалап бергенін көргенде жағамды ұстадым.

Өзімнің күнде көретін бір досым да өз руын мақтағанда, жорғаңыз бекер қалады. Ешкім жетпейді! Сол жігіт те «қазақ боп туғаныма қуанам, бірақ мақтанбаймын» деді. Дәл солай айтты! Жаным ауырды. Солай бола ма??? Ұлтты жек көру, ұлтты емес, ұлтыңды жек көруге бола ма?

Қазір қазақты жамандау – сән! Кәдімгідей сән! Қазақтың қолынан не келеді деп бастайды. Қазақ ең бейшара дейді. Қарсы шықсаң, оған бет қаратпайды. Абайды алға тартады. Абайдың мақсаты – қазақты түзеу болды, ал бүгінгі сыншы-сымақтардың мақсаты не?! Бүтін ұлтты қорлауға, жамандауға құқысы бар ма?! Ұялмай ма оған?! Қазақты жамандап отырған кезде, оған өз руының атын атап, түсін түстеп, соны жамандасаң, неге қызылөңештеніп шыға келеді? Түсінуге келмейтін жайт!
«Әр қазақ менің жалғызым» дейтін Сабыр Адайдың сөзі есіме түседі осындайда. Румен емес, елмен мақтанатын күн қашан туар екен?!

Read Full Post »

20. Хабар бойынша, Абу Саъид Саъда бин Малик бин Синана аль Худри, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:
«Сендерге дейін өмір сүрген адамадардың ішінен, тоқсан тоғыз адамды өлтірген біреу, жер бетіндегі ең білгір адамды іздепті. Оған Исрайл ұрпақтарынан бір машайық (монах) туралы айтыпты. Сонда ол, оған келіп, мен тоқсан тоғыз адамды өлтірдім, енді менің тәубеге келуімнен пайда бар ма?, – деп сұрапты. Ол (машайық) оған: «Жоқ», – деп жауап берген кезде, ол оны өлтіріп, өлтірген адамдарының санын жүзге жеткізіпті. Сосын ол тағы да жер бетінде білгір адамды іздепті. Сонда оған бір білгір адамды көрсетіпті. Ол онымен кездесіп, оған өзінің жүз адам өлтіргенін айтып, енді маған тәубеге келудің пайдасы бар ма?, – деп сұрағанда, ол оған: «Иә. Тәубеге келушіге, кім тәубеге келуіне кедергі жасай алады? Осындай да осындай жерге бар, сол жерде Аллаһ Тағалаға құлшылық етушілер тұрады, солармен бірге Аллаһқа құлшылық ет те, одан кейін өзіңнің жеріңе қайта оралушы болма, бұл жерде залымдық жасалып жатыр», – деп айтыпты. Сонымен ол сол жерге аттанады, бірақ жарты жолда ол баратын жеріне жете алмай ол қаза табады. Сол себепті мейірім періштелері мен қинау періштелері өзара тартыса бастайды. Мейірім періштелері: «Ол Аллаһ Тағалаға жүрегімен тәубе етуге келе жатты», – дейді. Ал қинау періштелері: «Шындығында, ол өмірінде бірде-бір ізгілік (жақсылық) жасамаған», – дейді. Сол кезде оларға адам кейіпінде бір періште келіп, оны олар өздерінің тартысына төреші етіп тағайындайды. Ол оларға: «Екі жердің1 арасын өлшеңдер, ол қай жағына жақын болса сол жердіңкі болып табылады», – дейді. Екі жақты өлшеп қарағанда, оның бара жатқан жағының жақын екені анықталып, оны2 мейірім періштелері өздерімен алып кетеді.» Аль-Бухари, Муслим.
Муслимнің «Сахихындағы” бұл хадистің басқа хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:
«Ол тақуалардың тұратын жеріне бір қарыс жақын болғандықтан оны сонда тұратындардың қатарына қосады».
Аль-Бухаридің «Сахихындағы” бұл хадистің басқа хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:
«Сонда Аллаһ Тағала жердің бір бөлігінің ұзаруына, ал екінші бөлігінің кемуіне әмір берді де: «Екі жақтың ара-қашықтығын өлшеңдер», – деді. Сонда олар оның бұл жағының3 қарысқа қысқа екендігін анықтап, оның бүкіл күнәләрі кешірілді».
Муслимнің «Сахихындағы” бұл хадистің тағы бір хабарында, Аллаһтың елшісінің, оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқаны келтіріледі:
«…ол жүрегімен соған тырмысты»

1 Шыққан жері мен бара жатқан жерінің
2 Яғни, оның жанын – аударушыдан.
3 Яғни, тәубеге бара жатқан жолы.

«Тақуалар бақтары» кітабынан

Read Full Post »

Ойлаумен тек өзіңді түн де ұзарар,
Сырыма қанып үнсіз жұлдыз ағар.
Мендегі махаббатты оятты ғой,
Сендегі сезім тұнған нұрлы жанар.

Көркің бар көз қуантар гүлден де әсем,
Қамығып қалам сені бір көрмесем.
Өкініп өтер едім өмірден бұл,
Өзіңе бақыт сыйлап үлгермесем.

Бақытым кешіктіріп кездестірген,
Өзіңсіз өмірге енді төзбеспін мен…
Іздейді сені ғана іңкәр жүрек,
Серігін таппаған соң өзге ешкімнен.

Ай дидар! Ашық маңдай…
Жанымда жүрші аяулым жасып қалмай
Жазықсыз жаралған жан еркем – ай,
Қайтейін, қала алмадым ғашық болмай…
ғашық болмай!…

Қалқаман Сарин

Read Full Post »

 Ерте-ерте, ертеде бір сұлу болыпты. Жаны мөлдірден мөлдір. Өзі әлемнің сұлулығын бойына жиған сұлу екен. Ол күлгенде әлем күліп, мұңды жан мұңын ұмтыпты. Солған гүл тіріліп, ұйқыдағы жан ояныпты. Өлген адамды ғана оята алмайды екен. Ол аруға адам түгіл аңдар аңтарыла қарап, құстар ұзыыын боп шұбатылған әсем көйлегінің етегін тұмсықтарымен тістей ұшып, құндыз мамық терісін табанына төсейді екен. Оны ешкім ренжітпепті. Ренжітуге қимапты. Ал, жігіттер сөз айтуға бата алмай, ол аруды сыйлапты. Оның сондай ғажап алқасы болыпты. Ол алқа жарқырағанда әлем түгел жарқырайды екен. Ол қыздың бір жүзігі болыпты. Ол жүзіктің мөлдірлігін мөлдір мұң деп те, мөлдір көл деп те, мөлдір көз деп те жеткізе алмаймыз.
Жақсыны қанша жақсы болса да күндеушілер табылады. Оның бұл жүрісін, өзгеге тек қуаныш сылайтынын көре алмағандар да болыпты. Арудың өзін құшу, әрине, мүмкін ғой, бірақ оның ағыл да тегіл махаббатына ие болу, әппақ жүрегінен орын алу үшін анау-мынау жігіт жарамайды. Өзгелер оның осы қылығын ұнатса да, сынай бастайды. Өздері ертегі, жырларында арман ететін кейіпкерлерін көрсе де, оны қабылдауға, онымен өмір сүруге дәрменсіз екендеріне ашулары келіп, қызды кінәлауға сылтау іздейді. Тіпті таппаған соң «сен неге біздей болмайсың?!» деп дүрсе қоя береді. Олар арудың киімдерін киіп алсақ, ол көріксіз боп қалады деп ойлайды. Сосын қыздың қызыл шарқатын, әппақ көйлегін, сары орамалын тартып алып, оған дөрекілік көрсетіп, жанын жаралайтынды шығарды. Тіпті, біреуі әдемі алқасын жұлып алып, оны отқа лақтырады. Ал, бірі жүзігін тартып алып, оны көлге лақтырады. Өздері тағуға болмайтынын білетін еді олар, өйткені жақсы жандардан «сыбағасын» тартады ғой. Қыз сонда да еш мұңаймапты. Тіпті жыламапты да. Тек, күлімсіреп, шарқатын алған адамға қалай орауды, орамалын алған адамға бйлауды үйретіпті. Тіпті, оларға қосымша тағы сыйлық сыйлапты. Қыздың бұл қылығына олар таңданыпты. Қателіктерін мойындап, аяғына бас ұрыпты. Тартып алғандарын да қайтарыпты. Қыз олардың алғандарын алмай, керісінше, қонақ қылыпты. Біраздан соң олардың пенделіктері тағы да оянып, тағы да әлдене ойластыра бастапты. Әлбетте, бұл топ тым аз еді, Құдайға шүкір. Енді олар қыз жасаған жақсылықтарды теріске шығаруды көздепті. Таныс емес жандарға да амандасатын қасиетін ақымақтық, үйіне келген қонағының аяқ киімін де тазалап қоятын қылығын әсіре жағымпаздық, біреудің жақсы жағын көретін қылығын саралауға қабілеті нашар, таяздыққа балапты. Қуаныштарына айналған сол қызды жанында көлі бар бір таудағы үңгірге апарып қамап тастапты. Оған әлгі сұлу құндыздар жәрдем етіпті. Суға тастағанда, балықтар ол қызды көріп, ғашық болып, алып қалғысы келіпті. Бірақ, қыздың судан мөлдір жасын көріп, шыдамай жағаға әкеледі. Су астында қыз өз жүзігін тауып алады. сосын оны отқа тастайды. Қыздың оттан ыстық жүрегіне таңданған оттың тіл-аузы байланғаннан сөйлей де, жана да алмай тоқтап қалыпты. Қыз ол жерден алқасын тауып алады. Әбден қиындық көріп, оларды көргеніне де қуанып отырған қызды көктен әлдеқандай бір жігіт келіп алып кетіпті. Содан бері жер бетінде ондай қыз жоқ екен. Білетіндер, оның аты Жарық болған деседі. Біреулер Сәуле еді дейді. Қазақ жақсы көрген жанын жарығым, сәулем дейді ғой. Егер сіз күндіз аспанға қарасаңыз, жарқырап тұрған жарық күнді көресіз. Ол – арудың алқасы. Түнгі аспанды айдын қылып жүзген ай арудың жүзігінің көзі. Айдың кейде суда бейнесі дірілдеп тұрса, ол бір кездері суда болғанда, оның сол жерде қалған нұры деп біліңіз. Күн оттай ыстық болса, отқа түскендіктен емес, ару жүрегіне жақын болғандықтан дейді. Ал, қыз жер бетіне сол күйі келмей кетті деп ойласаңыз, қателесесіз. Қыз жер бетіне күнде келіп, жарығын себеді екен. Ол жер бетіне керек екенін білетіндіктен, бәлсінуге ұялады.
Қыз өзіне қастандық жасағандарды да жақсы көріп, оларды да өз жарығынан кенде қалдырмайды екен. Адамдар оны әлі күнге дейін қатты аңсайды. Қыз жер бетінен қалай көтеріледі, сол мезет қараңғылық орнайды. Кеште ол кеткенде оның орнын жоқтатпау үшін жасанды жарыққа жүгіреді. Ал, ең ізгі құндылығы – білімін, иманын жүрек жарығы деп атапты. Күнде ұйқыға жатар алдында олар ертеңгі көрер жарығына сеніп жатады. Сізде де солай ғой, иә?
Кемпірқосақты білесіз. Қызылды-жасыл көркем жаратылыс. Жаздың махаббатқа толы жаңбырынан соң көрінеді бізге. Бірақ ұстатпайды. Міне, бұл сәуле-жарықтың су-айнаға қарағанда шағылысқан жанарының қиығы ғана. Кемпірқосақ шыққанда ол сұлу сыңғырлай күліп, шаттанып жатыр деп қабылдаңыз.
Кәмшат
21/ 01/ 2010 01:15

Read Full Post »

Романтиктер мерекесі.

Қыс маған хан қызын елестеді. Неге екенін білмеймін, ханшайымдай көрем қысты. Жоқ, қысты емес, қарды. Қардың асыл, жақұтқа тым әуестігі мен тым тәкаппарлығы ерекше. Бұл қасиеттер оған әдемі көрік береді.

Қысты мен ерекше күтемін. Бұрыннан солай.

Анам су әкелуге жібергенде, шанамен зымырап келе жатып, ойым сырғанақтың жанына жеткенде сырғанақтай бастайтын. Сырғанақ тебуге емес, сол мұз жолын ұзартуға. Сосын, флягымдағы суды сырғанаққа қарай төгетінмін. Кешкі апақ сапақта. Ешкім ойнамайтын мезгілде. Дәл сол кезде анамның «тез кел» дегені есіме түсіп, калонкаға қарай қайта заулайтынмын. Сіңіліммен бірге жіберсе де, дәл сол сырғанақтың тұсына жеткенде екеуміз бірдей кібіртіктеп барып, бір-бірімізге жаңағы ойды айтатынымыз қызық. Сосын, ол «қулығымызды» ешкімге айтпаймыз. Нанасыз ба, өзге балалар да соны жасайды ғой, әйтпесе, біздің сырғанағымыз қайдан пайда болсын? Сырғанағымызға кім еңбек сіңірсе де, ешқашан меншіктеген емес. Ол  ортақ құндылық. Әлімсақтан солай, солай боп қала беретін. Кішкентай адамдардың жақсылыққа ұмтылуы деп білем бұны. Қыс қана жасата алатын жақсылыққа!

Жақында ауылыма жолым түсті. Менің ғажайып мекеніме. Нанасыз ба, ол жердегі сырғанақ кішірейіп қалыпты. Мен онда ойнамағалы қанша жыл өткенін де білмеймін. Бірақ, сырғанақтың тым аласарып кеткенін сездім. (Бәлкім, мен есейдім бе екен?). Әйтеуір, сырғанағымыз кішкентай. Кішкентайлығынан бұрын, онда ешкім де ойнап жүрген жоқ. Таңқалдым. Әр үйдің есігінен аналары шығып, қарға көздері қарығып, қолдарымен көлегейлеп тұрған жоқ, қайт деген белгіні беріп. Балалар аздырар ойынды қойып кетті ме екен, әлде?… Білмеймін…

Айтпақшы, ауылға бара жатқанда біз отырған көлік бұзылып қалды. Елді мекеннен алыс жерде. Айдалада. Ешқандай сусыз, отсыз жерде. Моторы бұзылған көліктің азынаған ішінде бір-бірімізден жөн сұрасып, түрлі жақсы әңгімелер айтып біз отырдық. Бұл дегеніңіз қыс қана жасай алар ерлік. Рас айтам! Жазда да көлігіміз бұзылған, бірақ дәл осылай араласып, әңгіме айтып, бір көрпешені тізелеріне бірдей орамаған еді үлкен кісілер. Бүгін ерекше. Қыстың адамдарды достастыратын қасиеті бұл! Кеш батқанша, таксилер тоқтап біртіндеп алып кеткенше отырдық, әбден тоңдық. Бірақ, қысқа, қарға ренжи алмадық. Қыс деген сұлу ғой. Оған қалай ренжиік? Әйтеуір, ауылыма кіргенде терезеден ентелеп өзенге қарай алмадым, қараңғылық қоршап тұрды. Тоғайға сүйсіне алмадым, түн шымылдығын түсіріп қойыпты…

Қыстың түні де тамаша. Әр үйден будақ-будақ шығатын түтінге қарап, терезеден телміріп отыратын әдетіме тағы бастым. Көрші үйлердің шатырының үстін қалыың қар басқан. Қызық, біздің де шатырдың үстінде Қар сұлудың шәлісі жайылып тұрды, иә, сол кезде?! Қонақтан қыдырып келіп, аязға бетімізден сүйгізіп келіп, жылы үйге кіріп рахаттанып отырдым. Шаң баспаған қарды жегім келді, анамнан ұялдым… Қыс шыдамды тексергіш өзі. 

Таңғы 7-лер шамасында ауылды аралап жүрміз. Мен Алматыға қайтатын күні ғой бұл. Әр ағашқа таңдана қараймын. Бастан-аяқ моншақ тағынған, інжуге оранған ағаштардың моншағын кім қадап берді екен? Және ретпен, біреуін шашау шығармай, бір жібінің ұшын көрсетпей, асқан ұқыптылықпен! Сахна көйлектерін (бәлкім қалыңдық киімін) киген ағаштар, тек ертегі елінде ғана болатын аппақ ағаштар ортаға шығып өздерінше ән салып тұр. Мұңды емес, қаһарлы емес, көңілді емес, әйтеуір бір ән… Ол қыс әні ғой. Еш әнші орындай алмайтын ән!

Сол күні жолға шыққан қаншама адам көлікке сыймай қалды. Жолай ала кетші деп шопыр ағаға өтінді. Бірақ, жүргізуші аға: «біраз адамдар кеше «мені үйден алып кет» деп өтініп еді, уәде бергенмін. Қалай тастап кетемін?» – деді. Уәде бергендері өзінің таныстары не туыстары емес. Тек, алдын ала уәдесін алғандар ғана. Оңай олжаға, кешіріңіздер, жолай кезіккен жүргіншілерге айып етпеуін сұрап, адамдық борышын арқалап, қалдырып кетті оларды мейірімді аға. Қыс төзімді ғана емес, адамгершіліктің де сыншысы. Мен қуандым. Таңдандым. Қыстың, қардың сынағынан өткен шопыр ағаның жүзі қызылшырайланып, күліп тұр. Оған осы көрікті берген өзге емес, дәл осы АЛЛАның әдемі мезгілі ғой. Қыс өзін ғана емес, өзгелерді де әсемдеуші. Тек, сынағынан өте білсеңіз болды.

Қыс адамды сергітеді, бір-біріне жақындастырады. Әдемі қылады. Жазда отын сұрамайтын көршілер қыста ғана сұрайды, солай бір-бірінің мәрттігіне куә болады. Жазда шөп сұрамайтын ағайын қыста сұрайды, бір-бірін ырза қылады…

Алматыда қазір қыс. Өзгеше қыс. Жаңбыр жауып, артынан қарға айналатын қысқа да үйреніп қалдық. Кеше қар жауған. Бүгін шыршалар үлбіреген нәзік алақандарын жайып, өздеріне қонақтаған қарға мақтанып тұр. Теректер «менің түбімдегі қазынаға, үстімдегі шапанға қара» дегендей өзіне шақырады. Оларды барып сілкіп қалсаң, өзің ақ мамыққа, әппақ мамыққа көміліп шығасың. Нанбасаңыз, жасап көріңізші. Мен солай еттім бүгін. Іммм! Сөзім жоқ айтарға! (Мен өзіме бір құпия аштым. Ағаш бұтақтарына қар тұрмас бұрын, олар да өздеріне орын жасап алады екен. Қалай дейсіз бе? Кәдімгі мұздан. Мұзды моншақ қылып тізіп, қар қауырсындары соның үстіне жайғасады екен. Сонда нық әрі әдемі орналасады екен!)

Алмарасанға бардық жексенбіде. Тізеден келер қарға сүрініп, омбылап, әбден күлдік, сығанадық. Бала болдық. Мен қар жедім. (Кешіріңізші, анашым?) Бала кезде қалған әдет, қалдырып кеткен едім мен оны өзім. Қайта тауып алдым. Әппақ қар – әппақ балмұздақты жемеу мүмкін емес еді. Қаланың қары сияқты емес, өзгеше, тәтті қар екен тау қары. Ханшайымның өзі қандай әппақ болса, көйлегі де, үйі де сондай әппақ! Өзіне тартып тұрады. Және үнемі бір әуенмен ырғалып жүреді. Сол әнді тыңдайықшы! Жай жүріп, жұмысқа да, ештеңеге де алаңдамай! Әне, ағаштар қарға көмілгенде тығылып, сыбырлап ән салып отыр біреу. Ханшайымның өзі болар?! Білмеймін. Әдемі ән төгіліп тұр, төгіліп тұр… Қыс әні, қыс сазы ол!… «Романтиктер әні» ғой бұл әннің аты!!! Бәсе, бәсе, енді таптым!!! Алақай! Романтиктер әні!… Тсс! Ақырын!… Ән үзіліп қалмасын…

18/ 01/ 2010 сағат кешкі 21:45

 Кәмшат

Read Full Post »

(немесе агент жазбаларынан)
Janar Sh. (13:56) :
Әзіл айтса да ақиқаттан аттамаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әзілдеп болса да өтірік айтудан сақтанған адамға жұмақтың ортасынан жай беріледі» деп, әзіл айтудың да өз тәрбиесі барын үмбетіне ескерткен (Әбу Дәуіт, Әдеб, 7).
Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с) әзілдері санаулы-ақ болған:
Бірде бір қарт әйел келіп: «Мен де жұмаққа кірейін, дұға етіңізші»,- деп өтінгенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Қарт кісілер жұмаққа кірмейді»,- деп әзілдеді. Бұны шын көріп қалған әлгі әйел солқылдап жылап жіберді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әйелдер қартайған түрінде емес, Аллаһ оларды уыздай жас күйінде Жұмаққа кіргізеді»,- деп түсіндірді (Тирмизи, Шәмаил, 18).
Тағы бірде бір кісі келіп, мініске көлік сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Жарайды, сені бір түйенің ботасына мінгізейік»,- дейді. Ол кісі: «Мен ботаға қалай мінем?»- деп таңданғанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған күліп: «Түйе – түйеден тумай ма, әр түйе бір түйенің ботасы емес пе?!»- деп әзілдегенін аңғартты (Әбу Дәуіт, Әдеб, 84).
Иә, иманды адам әрдайым байыпты болуы тиіс. Әзілдесе де орнымен әзілдеп, күлсе де білікпен күліп, тәрбиесі мен көргенділігін байқатуы тиіс. Өмірі тірі жанға жылы қабақ танытып, жылы сөз айтып, күлімсіреу дегенді білмейтін қаталдық пен қарадүрсін мінез оған жат.
Үлкен әулие Жәләладдин Руми адамның күлкісі-ақ көп нәрсені аңғартатынын меңзеп:
«Қалай күлгеніне қарап кісінің – әдептілігін, неге күлгеніне қарап – оның ақыл-өрісін танимын» деген екен.
Қ. Бағашарұлы

Read Full Post »

Нью-Йорк ғылым академиясы төрағасының бірі болып қызмет еткен А. Гресси Моррисон (A.Gressy Morrison) өзінің ғылыми зерттеуінің нәтижесінде Аллаһтың бар екендігін мойындап, өзге де әріптестеріне Аллаһтың бар екендігіне сендіретін жеті себеп атты мақаласын жариялады. Гресси Моррисон: «Ғылым мен технология құдіретті Жаратушының заңдылықтарын біртіндеп ашуда. Ғылыми жетістіктер көбейген сайын Аллаһтың бар екендігі дәлелденіп, Оған сенуге мәжбүр болудамыз. Мені мына жеті себеп Жаратушының бар екендігіне сендірді»,- деді.
1. Математикалық, физикалық заңдылықтар тұрғысынан ғаламның жоспарын жасаған және сол жоспар бойынша тіршілікті жаратқан ұлы бір Сананың бар екеніндігін дәлелдей аламыз.
Қалтаңызда бірден онға дейін нөмірленген он дана тиын салыңыз да, оларды жақсылап араластырыңыз. Енді сол тиындарды біртіндеп рет‑ретімен нөмірі бойынша бірден онға дейін кезегімен қалтаңыздан шығарыңыз. Бірақ, алған тиынды қалтаңызға салыңыз да, қайтып араластырып шығыңыз. Яғни біріншіде 1 тиынды алып, кезегімен 2 санды тиынды шығаруыңыз керек. Осылай бірінен кейін бірін кезегімен шығаруға тырысыңыз. Алғашқы 1 тиынды қалтаңыздан шығару мүмкіндігіңіз онда бір болса, 1 мен 2 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз жүзде бір болады. Ал 1, 2 және 3 санды тиынды кезегімен шығару мүмкіндігіңіз мыңда бір ықтималда жүзеге асса, 10 тиынды рет‑ретімен шығару мүмкіндігіңіз миллионда бірге тең келуі мүмкін. Бұл ең алдымен, әлемдегі кездейсоқтық заңдылығын жоққа шығарады.
Жер өз жүйесінде сағатына мың милдік жылдамдықпен қозғалуда. Егер сағатына жүз милдік жылдамдықпен қозғалса, күндізгі уақыт пен түнгі мезгілдің мерзімі қазіргіден әлдеқайда ұзақ болар еді. Ал күннің ондай ұзақтығы өсімдіктер атаулының күлін көкке ұшырады. Ал түннің ұзақ болуынан қалған тіршілік атаулы суықтан қатып қалады.
Жер планетасы негізінен 230 қисайып қиғаш тұрады. Мұның өзі жер бетіндегі жыл мезгілдердің ретімен келуіне мүмкіншілік жасайды. Егер жер планетасы 23 градустық өлшеммен қисаймай, түп‑түзу тұрған болса мұхиттардан көтерілген булар солтүстік пен оңтүстікке ығысып, құрлықтарды мұз басар еді (Оқырмандарымызға жердің қисайып тұруы деген сөзіміз түсініксіз келуі мүмкін. Егер қолыңызға глобусты алып қарасаңыз бәрі де бірден түсінікті болады: глобус түзу тұр ма, әлде қисайып тұр ма?).
Ал ай жерге қазіргі қалыпты қашықтығынан 50 мың миль (1 мильде 1848 метр бар) ғана алысырақ болса, жер бетіндегі тіршілік астаң-кестеңі шығып, барлық құрлық атаулы күніне екі реттен су астында қалып, таулар көпке шыдамай үгітіліп кеткен болар еді.
Егер жердің сыртқы қабаты 10 қарыс қалың болғанда, оттегі жетпей өсімдік атаулыдан жұрдай боламыз. Ал енді керісінше ғаламшардың сыртын қоршап тұрған атмосфера қабаты қазіргісіне қарағанда жұқа болғанда күніне миллиондаған метеориттар жер планетасына қақтығысып, жер бетінің түкпір-түкпірінде өрт қаптар еді.
Міне, осы айтылған мысалдарды негізге ала отырып жердің кездейсоқтықтан, не өздігінен жаратылмаған деген қорытынды шығарамыз.
2) Жан деген не нәрсе? Қазірге дейін жанды ешкім толық түсіне алмады. Оның «салмағы», «бойы», «ені», қандай екендігі беймәлім. Бірақ, оның бар екендігіне ешкім күмәнданбайды. Мысалы, жанның құдіреттілігі соншалық, жартас арасынан өмір дәнегі бұйырған өсімдік жартасты жарып шығып, өсуін жалғастыра береді. Бір құдіретті күштің ықпалымен айналадағы жансыз заттар мен денелерге сый ретінде берілген тіршілік ‑ осылай түрлі-түсті бейнеде таңғажайып шеберлікпен көрініс табуда. Мәселен, көзге көрінбейтін бір плазманы алайық. Өзі мөп‑мөлдір, жыбырлап қана әрекет етеді. Бір қызығы, бұл клетка осы әрекеті арқылы «өмір» деген ұғымды паш етуде. Осы титтей ғана тамшыдағы күш-қуат бүкіл өсімдік, жануарлар мен адамдардың күш-қуатынан да орасан. Себебі, бүкіл тіршілік содан шығады. Ал бұл тіршілікті жаратқан табиғат емес. Өйткені тау-тастың, теңіздің мұндай нәрсені жаратуға күші жетпейді. Мұны тек бүкіл әлемдерді жоқтан бар еткен Ұлы Жаратушы ғана жарата алады.
3) Жануарларда өзінің туып өскен жеріне қайта оралу сезімі бар. Аздап ойланып көрсеңіз, бұл адам таң қаларлық құбылыс. Оларға бұл сезім қайдан келді? Ойды ой қуып, қисынды қисын қуып, оларға бұл түйсік әлмисақтан берілген, яғни оны беруші де бар болғаны ғой деген тұжырымға келіп, Ұлы жаратушының бар екендігіне көз жеткізесіз.
Мысалы жыланбалықты алалық. Дүниенің төрт бұрышындағы теңіздер мен өзен‑көлдерде тіршілік ететін жыланбалықтар ұрық шашатын шаққа келгенде қаншама шақырым қашықтықты шарлап, мұхиттардан өтіп, Бермуд аралдарына жақын маңдағы тұңғиыққа келіп ұрық шашады да, сонда өледі. Бұған қалайша таңданбайсың!? Сол тұңғиықтағы шашылған ұрықтардан шыққан шабақ жылан балықтар ата-аналарының келген мекеніне кері қайтады. Біреуі Қара теңізге, біреуі Жерорта теңізіне дегендей, келген отанына қайта оралып, ары қарай өмірлерін жалғастырады. Міне сол шабақтарға сондай сезімді берген кім? Әлбетте, мұндай сезімді табиғат бере алмасы анық. Қазірге дейінгі зерттеулер нәтижесінде Еуропа теңіздері мен Америка өзен‑көлдерінде өмір сүретін жыланбалықтар кездеспеген.
Осындай таңқаларлық жағдаятты жабайы араның балаларына қорек дайындауынан да байқаймыз. Жердің астын қазып ұя салған жабайы аралар балалары үшін азық дайындардан бұрын шегірткені шағып шұжықтайды. Бір ғажабы, ара шегірткені шаққанда өлтірмей тек талдырып, шала жансар етіп тастайды екен. Уланған шегіртке жәйлап-жәйлап консервіленген ет халіне келеді де, жұмыртқадан шыққан араның балаларына азық болады. Негізінде ара баласы өлген жәндіктің етін жесе өліп қалады екен.
4. Адамның жануарлардан ерекшеленетін қасиеттің бірі – салыстыру, таразылау қабілеті. Адамнан басқа тіршіліктің бірде-бірі санай алмайды. Он санының ұғымын түсінбейді. Адам санасының ойлану мен салыстыру, таразылау қабілетіне ие болуының өзі оның кәміл жаратылғандығын көрсетеді.
5. Дарвиннің қателескен нәрсесі ‑ өмір сүруге қажетті алғышарттың бірі тіршілік иесінің бойындағы ген. Мұның таңғажайып қасиетін айтып жеткізу мүмкін емес. Микроскоппен әзер көрінетін бұл мысқалдай гендер әрбір тіршілік иесінің өзіндік ерекшеліктеріне ие.
Генге мұндай қасиетті Ұлы Ғылым иесінен басқа ешкім бере алмайды. Мысалы, бір CD-ге том-том кітаптарды сыйдырып жіберген адамға мұндай қабілетті берген Аллаһ микроскоппен әзер көрінетін генге адамның бүкіл ерекшеліктерін оп-оңай сыйдырып жіберері сөзсіз. Бұған ешкімнің күмәні болмас.
6. Тіршіліктегі кейбір әрекеттер мен құбылыстар келешекте болар нәрсеге арналған дайындық ретінде жүзеге асып жатады.
Біраз жылдар бұрын Австралияда қоршау жасамақ болып кактус егеді. Алайда, кактус бірден көбейіп етек алып кетеді де, тез арада көптеген жерлерді жайлап, жергілікті тұрғындарды мазалап, тіпті мекендерін тастап көшуге мәжбүр болады. Кактус жайылған үстіне жайылып, Англияның аумағындай алып жерді алып, қаптап өседі. Кактус мәселесі Австралиялық ғалымдарды шұғыл шара қолдануға итермелейді. Ақырында ғалымдар тек кактуспен өмір сүретін, кактустан басқа өсімдікті қорек етпейтін қоңызды табады. Бұл қоңыздардың азығы тек кактустар болғандықтан, олар әлгі қаптаған кактустарды көп ұзатпай жеп азайтады. Бір қызығы, қоңыздар кактусты түгелімен жым‑жылас етпей, аз ғана алаңқайды қалдырады…
Осы қоңыздарға қарап: «Тез арада жылдам көбейіп кететін қоңыздар неліктен үлкен болып кетпейді?» деген ойға келесіз. Өйткені, қоңыздарда жануарлар мен адамдардың өкпесі секілді өкпе болмайды және тыныс алу жолдары тар болады. Олардың өсу қарқынына тыныс алу жолдары кедергі болғандықтан дене бітімдері үнемі кішкентай болып қалады. Осылайша қоңыздардың өсіп, үлкейіп кетулеріне шектеу қойылған. Шынында да қоңыздар өздеріне тән даму қарқынымен өсетін болса, жер бетінде адам деген атау қалмас еді.
7. Адам баласының Ұлы Жаратушы туралы ойлай алуының өзі өз алдына бір дәлел .

И. Сейітбеков «Иман негіздері» кітабынан, «Көкжиек» баспасы

Read Full Post »

Баяғыда бір кісі моншаға барыпты. Оған досы емдік қасиеті бар саз балшық сыйға тартыпты. Ол әлгі саздан сондай бір әдемі жұпардың иісін байқап, таңғалыпты.
– Бұл не қылған иіс? – деп сұраса, досы:
– Білмеймін, – депті.
Саздың өзінен сұраса ол да: «білмеймін, – депті: – әйтсе де, мен бір раушан гүлінің түбінде жатқан балшық едім, сол раушанның жұпар иісі сіңген болар, сол раушанға тамған тамшылар маған тырс-тырс таматын. Содан шығар», – депті.
P.S. Кім қандай ортада жүрсе, ол сол қасиеттерді өзіне сіңіріп алады

Read Full Post »

Абзал Бөкен

Жастық бастан көшпейтұғын секілді,
Жанған сезім өшпейтұғын секілді.
Қара шашың – қарағайдың ішіне
Ақ қайыңдар өспейтұғын секілді.

Жаным сері-сал боп туған секілді
Жарқын өмір әні көп думан секілді
Біздер ғана жігіт болып, ал шалдар
әуелден-ақ шал боп туған секілді.

Тізең мәңгі талмайтұғын секілді
Бетіңді әжім шалмайтұғын секілді
Кәрі әжелер, біз заманның бір деген
қызы едік деп алдайтұғын секілді.

Бізсіз өткен ойын да оғаш секілді,
Бізсіз өткен тойың да оғаш секілді
Жастық деген керемет қой морт кетсе,
мезгілді де мойындамас секілді.

Read Full Post »