Абзал Бөкен
Жастық бастан көшпейтұғын секілді,
Жанған сезім өшпейтұғын секілді.
Қара шашың – қарағайдың ішіне
Ақ қайыңдар өспейтұғын секілді.
Жаным сері-сал боп туған секілді
Жарқын өмір әні көп думан секілді
Біздер ғана жігіт болып, ал шалдар
әуелден-ақ шал боп туған секілді.
Тізең мәңгі талмайтұғын секілді
Бетіңді әжім шалмайтұғын секілді
Кәрі әжелер, біз заманның бір деген
қызы едік деп алдайтұғын секілді.
Бізсіз өткен ойын да оғаш секілді,
Бізсіз өткен тойың да оғаш секілді
Жастық деген керемет қой морт кетсе,
мезгілді де мойындамас секілді.