«Осы біз ру шежіресін не үшін оқимыз?» деген ой мазалап жүр. Бұрын мән бермейтінмін, кім қай рудан, қай жүзден – маңыздысы ол емес мен үшін. Қазір «күштеп» тұрып, өз руын танытатындарды көп көрем. Қазақша шатып-бұтып сөйлегенде 2 жасар баладан ары, салт-дәстүрге мақұрымдығы былай тұрсын, оны тіпті қабылдай да алмайтын, әдемі, ақылды қыз «менің руым ең мықты ру! Бар қазақтың қазақ болуына септігі тиген ру!» – деп, руластарын көргенде ерекше жадырап кететінін көргенде, таңқалдым. Руластарын көргенде жадырасын ғой, өзі біледі, бірақ оның руынан үлкен ұлты бар ғой! Ұлтымен неге мақтанбайды екен, ә?
Сосын бар ғой, біз әр рудың тарихын білгенде, оқығанда, өзге руларды кемсітіп, бетке басар қандай міні бар екенін білу үшін оқимыз ба деп қалдым. Белгілі кісілердің бейресми әңгіелерінде «саясатта біздің рудан мынанша адам жүр, өнерде мынанша, спортта мынанша» деп санамалап бергенін көргенде жағамды ұстадым.
Өзімнің күнде көретін бір досым да өз руын мақтағанда, жорғаңыз бекер қалады. Ешкім жетпейді! Сол жігіт те «қазақ боп туғаныма қуанам, бірақ мақтанбаймын» деді. Дәл солай айтты! Жаным ауырды. Солай бола ма??? Ұлтты жек көру, ұлтты емес, ұлтыңды жек көруге бола ма?
Қазір қазақты жамандау – сән! Кәдімгідей сән! Қазақтың қолынан не келеді деп бастайды. Қазақ ең бейшара дейді. Қарсы шықсаң, оған бет қаратпайды. Абайды алға тартады. Абайдың мақсаты – қазақты түзеу болды, ал бүгінгі сыншы-сымақтардың мақсаты не?! Бүтін ұлтты қорлауға, жамандауға құқысы бар ма?! Ұялмай ма оған?! Қазақты жамандап отырған кезде, оған өз руының атын атап, түсін түстеп, соны жамандасаң, неге қызылөңештеніп шыға келеді? Түсінуге келмейтін жайт!
«Әр қазақ менің жалғызым» дейтін Сабыр Адайдың сөзі есіме түседі осындайда. Румен емес, елмен мақтанатын күн қашан туар екен?!