Мен не дедім?
Сен не дедің?
Бұл не сын?
Сәттік оймен шыққаны ма мүлде есім?!
Мұңды есігін жабайықшы өткеннің,
Татулықтың сөгіп алмай іргесін.
Жанды жердің түре бермей етегін,
Сыйластықтың жөн көрейік жетегін.
Екеуміз де түсінгендей едік қой,
Бұл өмірдің ертегі емес екенін.
Көркейсек деп алған шақта көкке бет,
Қажасудың қажеті де жоқ демек.
Ақымақпын ашу қысса …
Қайтесің
көңіліңе ап көзсіздікті, өкпелеп…
Есті едік қой…
Басып не бар еңсені?
Түсінісу азапты ойды жеңсе еді.
…Мінезімнен шындық іздеп қайтесің,
Ақиқаты: сүйемін ғой мен сені.
Азабымның табамын деп себебін,
Ауыр ойларға өзімді кеп жегемін.
..Асып-тасып кететіндей, әйтпесе,
Мені қай бір жетісіп жүр деп едің?!
Бақыт та сын…
Өткен уақыт…
ол да сын.
Әнімізді бұзбаса екен болмашы үн.
… Бәрін-
бәрін
көтеремін. (Айттым ғой!)
Тек періште перілерден қорғасын!
Көктің күтпей үлде менен бүлдесін,
Татулықтың сақтайықшы іргесін.
…Аққа құмар жыландайын жылмыңдап,
Жанымызға сайтан еніп жүрмесін.
Неге ашу көтерді екен деме бой,
Сәттік күйге әр кез сәйкес келе ме ой?!
…Кешірімшіл емес пе едің әрдайым,
Маңдайыңнан иіскейінші…
Келе ғой…
Рахат Әбдірахманов
zhaksi zhazilgan tuindi…desekte jurekten shikkan soz,jurekke jetse bolgani da…oidin salmaktiligin,kozinnin karaktiligin kore almadim)))
бірінші сөйлеміңізбен ғана келісемін. Рахат Әбдірахманов жақсы ақын! ))