Мұхаммед пайғамбарымыз (а.с.) бір мереке күнінде қуана ойнап жүрген балаларға қарап тұрып, олардың қастарында жыртық киімді бір баланың жылап отырғанын көреді.
Бірден қасына барып: – «Балалармен бірге неге ойнамайсың? Неге жыладың?»,- деп сұрады.
Бала қайғырып:
– Әкем пайғамбармен бірге пәлен соғыста қайтыс болды. Шешем басқа біреуге үйленді. Өгей әкем мені үйден қуып жіберді. Жейтін тамағым, киетін киімім, паналайтын жерім де жоқ. Әке-шешелері бар балалардың жақсы киім киініп, ойнап жүргендеріне қызығып, қорланып жылап тұрмын, – деп жауап бергенде, пайғамбарымыз оның қолынан ұстап:
– Мен – әкең, Айша – шешең, Хасан мен Хұсейннің саған – бауыр болуын қалар ма едің? – деп сұрады.
Сонда бала өзімен сөйлесіп тұрғанның пайғамбарымыз екенін біліп:
– Әрине, я, Расулаллаһ! Қалайша разы болмаймын, – деп қуана жауап қатты.
Баланы үйіне ертіп апарып, тамақтандырып, жақсылап киіндіргеннен кейін шаттанған баланы достарының қасына қайта жіберді.
Балалар оны көргенде:
– Жаңа ғана жылап тұр едің. Қалайша қуанып қайттың? – деп сұрады.
Бала мән-жайды толық айтып бергенде, достары:
– Шіркін, біздің де әкелеріміз сол соғыста шейіт болып, біз де сен сияқты болғанда ғой, – десті тамсана…
Жанашырлық
Мамыр 1, 2010 авторы Ainameken
Пікір қалдыру