Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for 2010 Маусым

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да қатысқан «Затур-Риқа» соғысында шайпауыздығына басып, ерінен қалыспай соғысқа келген бір мүшрік әйелді мұсылмандардың біреуі жер құштырды. Әйелін кімнің өлтіргенін жазбай танып қалған күйеуі, сол мұсылманды өлтірмей тынбайтындығын айтып, өз-өзіне іштей ант берді. Соғыс біткеннен кейін де мұсылман жасағының қай жерге тоқтайтынын байқамақ болып, іздерін қуалай жүріп отырды. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) сол түнгі қонатын жерді белгілеп:
– Осы түні бізді қорғап күзетте кім тұрады?- деп сұрағанда, мұһажир мен әнсардан екі кісі суырыла алға шықты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға:
– Онда мына сайдың шыға берісінде тұрыңдар,- деп күзет үшін оңтайлы орынды көрсетті.
Бұл екі ықыласты сарбаз: Аммар ибн Ясир мен Аббад ибн Бишр. Түн қараңғылығы басып күзет кезегіне тұрарда әнсарлық Аббад мұһажирлік Аммарға қарап:
– Түннің қай шамасында күзетте тұрғың келеді?- деп сұрады. Ол өзінің тап қазірден бастап түннің ортасына дейін тұрғысы келетіндігін айтты. Екеуара келіскеннен кейін мұһажир сарбаз өз кезегі келгенге дейін аздап көз шырымын алмақ болып ұйықтап кетті. Ал әнсарлық сарбаз болса күзеттегі уақытты босқа өткізбейін деп намаз оқи бастады.
Дәл осы сәт соғыста жер жастанған әйелінің өшін алмақ болып іздерінен қалмай келе жатқан мүшрік бұқпантайлап келіп намазда тұрған сахабаға садақтан оқ ысқырта бастады. Ал намаз оқып тұрған сахаба болса үш оқ тигенге дейін намазын бұза қоймады. Алайда үшінші оқ қадалғанда қатты жараланды. Дереу руку, сәждасын орындап, сәлемін беріп намазын аяқтады да:
– Тұр, тұр енді, мен жараланып қалдым, қимыл көрсете алар емеспін!- деп қасындағы жолдасын оятты.
Жолдасы орнынан атып тұрғанда дұшпан қорқып жылыстап жөнелді. Жолдасының қатты жараланғанын көргенде мұһажир досы таңғала сұрады:
– Ой, сұмдық! Мені алғашқы оқ тие сала неге бірден оятпадың?
Алайда әнсарлық сахабаның берген жауабы да таңғаларлық еді. Ол:
– Оқып тұрған сүремді ортасынан үзе алмадым. Егер Пайғамбарымыз табыстаған күзетшілігімізге кесірі тимейтін болғанда жаным шығып кетсе де мен ол сүрені тоқтатпас едім!..- деген еді .
Иә, сахабалар ғибадатқа осыншалықты құштар болатын.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Алқамә Пайғамбардың көзі тірісінде құлшылыққа жан тәнімен берілген, садақаны көп үлестіретін өте бір ізетті, иманды жас жігіт еді. Бір күні аяқ астынан ауырған Алқамә төсек тартып жатып қалды. Ауруы әбден меңдеп, өлетін халге жеткенде, тілі куәлік сөзге келмей күрмеле берді. Оның қатты қиналғанын көрген сахабалар пайғамбарға жүгіріп мән-жайдан хабардар етті.
Пайғамбарымыз бірден әлгі жігіттің шешесін шақыртты.
– Алқамә қандай еді?- деп сұрады.
Әйел: -Балам көп намаз оқитын, көп ораза ұстайтын, садақаны көп тарататын,- деп жауап берді.
Пайғамбарымыз бұл жолы сұрақты төтесінен қойды:- Сізбен қарым – қатынасы қалай еді? Әйел:- Іштен шыққан балам ғой деп қанша кешіріммен қарағаныммен, мені ренжітетін кездері көп еді. Оны айтып отырған себебім, көбіне әйелін жақтап, маған қарсы шығатын,-деген кезінде пайғамбар:
-Анасының реніші баласының тілін күрмеп тұр екен. Қане, отын жинаңдар, Алқамәні тірідей отқа жағамыз,- деп маңайындағыларға бұйырды.
Ана байғұс бірден жанұшырды: – Қажеті жоқ. Баламды жаға көрмеңіз,-деп жалынғанда, пайғамбар салиқалы түрде: -Аллаһ тағаланың о дүниедегі азабы балаңыздың қазіргі тартып жатқан азабынан да қатты болмақ. Егер Аллаһ ұлыңыздан разы болсын десеңіз, сіз де аналық ақ сүтіңізді кешіп, ұлыңызға деген бар реніш-өкпеңізді қойып, онымен ризалықпен қоштасыңыз, – деді.
Әйел байғұс разылығын айтып, күбірлеп кешірген сәтте баласының да кәлимаға тілі келіп, өмірден озған еді.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Исламға дейінгі кезеңде Араб түбегінде Фадл есімді аттас үш кісі жиналып, қиянатқа ұшырағандардың залымдардан кегін қайтару, өзара әділдікті үстем ету мақсатында ант берісіп қол алысқан. Кезінде пайда болғанмен кейіннен ұмыт бола бастаған бұл ұйым Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кезінде қоғамның қайта жамандықтарға бой алдыра бастауын ауыздықтау мақсатында Құрайыштың алдыңғы қатарлы адамдары тарапынан қолға қайта-қайта алынған. Олар ұйымды тұңғыш құрушылардың атын ескеріп «Фадылдардың немесе абзал кісілердің анты» мағынасын білдіретін «Хилф-ул фудул» деп қойды. Ол кезде Пайғамбарымыз жиырма бір жас шамасында болса да, осы ұйымның мүшесі еді.
Кейіннен қайта құрылса да бұл ұйым о бастағы түпкі мақсатынан ауытқымаған.
«Хилфул-фудулдың» ең бір белсенді кезінде мынадай бір оқиға болған.
«Хасам» тайпасынан бір кісі бойжеткен қызымен бірге Меккеге келеді. Қызы көзтартарлық сұлу еді. Әкесімен қалаға келген әдемі бойжеткенге көзі түскен Мекке ақсүйектерінің бірі Нұхайл ибн Хажжаж оны әкесінің қорғаштағанына қарамастан алып қашты. Хасамнан келген қыздың әкесі болса, күйініп:
– Ана бір есерсоқты алдыма әкелер ешкім жоқ па?- деп айғай салған еді.
Халық оған ел ішіндегі талас-тартыс, дау-дамайды тек «Хилфул-фудулдың» шешетіндігін айтып жөн сілтеді. Ол болса тікелей Қағбаға барып:
– Әй, хилфул-фудулшылар, маған көмектессеңдерші?- деп дауыс көтерді.
Хилфул-фудулшылар дереу қыздың әкесін ертіп Нұбайхтың үйіне барды. Нұбайх сыртқа шыққанда оған дүрсе қоя берді:
– Әй, көргенсіз! Сен біздің қиянатшылдықпен жан аямай күресеміз деп серттескенімізді білесің. Жан керек болса, шығар тез қызды үйіңнен!
Нұхайл іс бұлай насырға шабады деп ойламаса керек ә дегенде сасып қап, артынан қызды үйінен шығарды.
Иә, Пайғамбарлық келмей тұрып та, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ел ішіндегі осындай игі шаралардың басы-қасында жүргені тарихқа аян.
ҚҰдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Мекке толықтай мұсылмандардың қолына өткеннен кейін Исламның бас дұшпаны Әбу Жәһилдің баласы Икриманы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өлім жазасына кескендіктен ол бас сауғалап Йеменге қашты. Алайда оның әйелі Үммү Хаким болса мұсылмандықты қабылдап, әрі күйеуі Икриманы кешіруді Пайғамбарымыздан өтінген еді. Пайғамбарымыз оны кешіргендігін білдіргенде, Үммү Хаким дереу күйеуін іздеп жолға шықты. Теңіз жағасындағы бір кемеде мұсылман капитанымен сөйлесіп тұрған жерінен Икриманы тапты. Капитан оған:
– «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммед расулаллаһ» деп айтып имансыздықтан біржолата арылсаңшы,- деді.
Икрима:
– Мен онсыз да соны айтпағандығым үшін қашып кеткем жоқ па?!- деп қарсылық білдірді.
Сол кезде қастарына жақындаған Икриманың әйелі:
– Мен қазір адамдардың ең абзалының, ең жақсысының қасынан келе жатырмын. Онымен (с.ғ.с.) сөйлестім, сені кешіріп, саған берген өлім жазасын да қайтып алды. Саған ендігі жерде қорған болатындығын айтты. Өзіңе титтей де жаның ашыса, жүр енді,- деп ізгі хабарды жеткізді.
Екеуі бірге жолға шықты. Жолда қонақтаған бір жерде Икрима әйелімен жақындасқысы келді. Алайда әйелі оған қарсы болып:
– Жоқ болмайды,- деді,- мен мұсылманмын, ал сен кәпірсің!
Икрима:
– Сені маған жақындатпаған сенім расында да маңызды болса керек,- деді.
Икрима Меккеге жақындағанда Аллаһ Елшісі сахабаларына қарап:
– Әбу Жаһилдің баласы Икрима мүмин және мұһажир кейіпте сіздерге келе жатыр. Әкесін сөге көрмеңіздер! Өйткені айтылған сөгіс өліге жетпегенмен тіріге жетеді,- деп ескертті.
Пайғамбарымыз Икриманы көргенде аса бір қуанышпен қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетті.
Икрима келген бойда:
– Әй, Мұхаммед! Сен мені қандай дінге шақырасың?- деп сұрады.
– Аллаһтан басқа құдай жоқтығына және менің Аллаһтың құлы әрі Елшісі екендігіме сенуге, сондай-ақ намаз оқуға, зекет беруге шақырамын, – деп жауап берді пайғамбарымыз. Сонда Икрима:
– Аллаһ атымен ант етейін, сен шынында да халықты тек қана жақсылыққа шақырасың. Сен пайғамбар болмай тұрып та, арамыздағы ең шыншылымыз әрі ең абзалымыз болатынсың,- деді де Пайғамбарымызға қол берген күйі кәлима-и шәхадасын айтып, мұсылмандықты қабылдады .
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Бұл өмір қысқа құстың тұмсығындай,
Жастығың жара бермес бүршік ыңғай.
Өкініп өткен күнге өксігенмен,
Жуарсың көңіліңнің кіршігін қай?

Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар.
Кездейсоқ кездесулер, …Қоштасулар,
Таусылған тағдырларды теңдеп алып,
Келмеске кеткен сонау көп ғасырлар.

Бұл өмір жауабы жоқ, сұрағы бар,
Алдамшы арзан бақтан кім арылар?
Қаңтарда көбелек боп жауған қардың,
Көктемде көз жасына куә қылар.

Бұл өмір кімге мәнді, кімге мәнсіз?
(Сағымдай бірде жоқсыз, бірде барсыз).
«Қар жаумай, қазан ұрмай солып қалар»,
Қайтейін, ғұмырымды гүлден әлсіз.

Бұл өмір бізге мәлім өткел сынды,
Өтем деп сол өлкелді көп тер сіңді.
Жазғырып жаратқанды жылаймыз ау,
Жүргендей қатар кешіп от пен суды.

Бұл өмір өтпес, өтсек біз өтерміз,
Қыс, Көктем, жасыл Жаз бен Күз екенбіз.
Тұншығып жасына әбден көзіміздің
Бір күні еріп кетер мұз екенбіз.

Қалқаман Сарин

Read Full Post »