Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да қатысқан «Затур-Риқа» соғысында шайпауыздығына басып, ерінен қалыспай соғысқа келген бір мүшрік әйелді мұсылмандардың біреуі жер құштырды. Әйелін кімнің өлтіргенін жазбай танып қалған күйеуі, сол мұсылманды өлтірмей тынбайтындығын айтып, өз-өзіне іштей ант берді. Соғыс біткеннен кейін де мұсылман жасағының қай жерге тоқтайтынын байқамақ болып, іздерін қуалай жүріп отырды. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) сол түнгі қонатын жерді белгілеп:
– Осы түні бізді қорғап күзетте кім тұрады?- деп сұрағанда, мұһажир мен әнсардан екі кісі суырыла алға шықты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға:
– Онда мына сайдың шыға берісінде тұрыңдар,- деп күзет үшін оңтайлы орынды көрсетті.
Бұл екі ықыласты сарбаз: Аммар ибн Ясир мен Аббад ибн Бишр. Түн қараңғылығы басып күзет кезегіне тұрарда әнсарлық Аббад мұһажирлік Аммарға қарап:
– Түннің қай шамасында күзетте тұрғың келеді?- деп сұрады. Ол өзінің тап қазірден бастап түннің ортасына дейін тұрғысы келетіндігін айтты. Екеуара келіскеннен кейін мұһажир сарбаз өз кезегі келгенге дейін аздап көз шырымын алмақ болып ұйықтап кетті. Ал әнсарлық сарбаз болса күзеттегі уақытты босқа өткізбейін деп намаз оқи бастады.
Дәл осы сәт соғыста жер жастанған әйелінің өшін алмақ болып іздерінен қалмай келе жатқан мүшрік бұқпантайлап келіп намазда тұрған сахабаға садақтан оқ ысқырта бастады. Ал намаз оқып тұрған сахаба болса үш оқ тигенге дейін намазын бұза қоймады. Алайда үшінші оқ қадалғанда қатты жараланды. Дереу руку, сәждасын орындап, сәлемін беріп намазын аяқтады да:
– Тұр, тұр енді, мен жараланып қалдым, қимыл көрсете алар емеспін!- деп қасындағы жолдасын оятты.
Жолдасы орнынан атып тұрғанда дұшпан қорқып жылыстап жөнелді. Жолдасының қатты жараланғанын көргенде мұһажир досы таңғала сұрады:
– Ой, сұмдық! Мені алғашқы оқ тие сала неге бірден оятпадың?
Алайда әнсарлық сахабаның берген жауабы да таңғаларлық еді. Ол:
– Оқып тұрған сүремді ортасынан үзе алмадым. Егер Пайғамбарымыз табыстаған күзетшілігімізге кесірі тимейтін болғанда жаным шығып кетсе де мен ол сүрені тоқтатпас едім!..- деген еді .
Иә, сахабалар ғибадатқа осыншалықты құштар болатын.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»
Archive for Маусым 29th, 2010
Құлшылық құндылығы
Posted in Uncategorized, tagged "Тағлым тамшылары", Құдайберді Бағашар on Маусым 29, 2010| Leave a Comment »