Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Шілде 8th, 2010

Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) бір қызметшісі бар болатын. Кешкі асты ылғи да сол даярлап әкелуші еді. Алайда Әбу Бәкір алдына әкелген астың қайдан, қалай келгендігін бәрін тәптіштеп сұрап білмейінше асқа қол созбайтын.
Әлгі қызметшісі бір күні кешке әдеттегідей тамақ әкелді. Әбу Бәкір Сыддық бұл жолы тамақтың кімнен сатып алынғандығы, дастарқанға қойылғанға дейін қалай келгендігі туралы ешқандай сұрақ сұрамастан бірден бір қасық алып аузына салды. Оның бұл тосын әдетіне таңырқаған құлы:
– Қожайын-ау, сіз күнде тамақтың жай-жапсарын сұраушы едіңіз, бүгін қалайша сұрап жатпастан ауыз салдыңыз?- деп сұрайды.
Бұны естігенде Әбу Бәкірдің (р.а.) көзі жасқа шылана:
– Е, қайтейін-ай, қу аштық соған қаратты ма?! Енді кеш те болса маған тамақтың қайдан қалай келгенін айт,- деді мұңая.
Қызметші:
– Исламға дейінгі уақытта мен халыққа өнер көрсетуші едім. Бір күні кездесе кеткен бір топ кісінің қолқалауымен оларға өнер көрсеткенім бар еді. Сол мезет олардың маған ақы ретінде ұстатар ештеңелері болмай, ақысын кейінірек бермек болып уәде берген еді. Бүгін соларды көріп, берген уәделерін естеріне салдым. Олар өздері жемек болып отырған тамақтарынан маған берген болатын,- деді.
Бұл жайсыз жауапты естігенде Әбу Бәкір (р.а.) іштей қатты реніш білдіріп, абайсызда болған қателігіне қатты өкінді. Тіпті бет-жүзін тарам-тарам жас жуып кетті. Алдында тұрған тамақты лақтырып жіберді. Сұқ саусағын аузына тығып жіберіп қақала-шашала құса бастады. Бір көгеріп, бір қызарып өзін қатты қинады. Жылымшы ғана су ішіп тағы да құсты. Бір орында байыз таппай мазасы кетті. Асқазанында ештеңенің қалмағандығына әбден көзі жеткенде ғана барып тоқтатты. Қасындағылар таңдана:
– Сонда түкке тұрғысыз бір татым тамаққа бола осыншама қиналғаныңыз ба?- деп сұрағанда, ол:
– Иә,-деді,- өйткені бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ішкен-жегені харам болған кісілерге Аллаһ тағала Жұмақты нәсіп етпейді» дегенін естіген едім.
Сөйтті де басын жоғары көтеріп:
– Уа, барша әлемнің Иесі! Байқамастан жеп қойған бір шайнам ас үшін қолымнан келгенін істеп, бәрін де құса алғанымша құстым. Егер әлгі тағамнан бойымда қалып, тамырыма еніп кеткен нәрсе болса сен Өзің кешіре гөр! Тозақ отыңа шыдай алмайтын қауқары жоқ, әлжуаз құлмын ғой,- деп дұға оқып егіле тілек тіледі…
Иә, берік тақуалығына сүйсінген бұл досы жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әбу Бәкір тура менің көз-құлағым секілді» деген еді .

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қасында отырды. Бір уақытта ұрынарға қара таппаған қара ниетті біреу аузы көбіктеніп Әбу Бәкірге тіл тигізіп, былапыт сөздер айта бастады. Пайғамбарымыз әлгі кісі Әбу Бәкірге қанша жаман сөздер айтқанына қарамастан ләм- мим деп тіл қатпай ара-кідік күлімсіреп қойып отыра берді. Әлгінің әдепсіздігі мен былапыт сөздері әбден шегіне жетті- ау дегенде ашуы алқымына тығылған Әбу Бәкір де бір-екі ауыз сөз қайтарды. Манадан бері жақ ашпаған Пайғамбарымыз дереу сыртқа шығып кетті. Іле- шала орнынан тұрып, пайғамбарымызды қуып жеткен Әбу Бәкір:
– Уа, Аллаһ тағаланың ардақты елшісі!- деді,- Бағанадан бері жаңағының әдепсіздігі мен айтқан қаншама былапыт сөздерін ести тұра үндемей, мен бір – екі сөз қайтарғанға не себепті орныңыздан тұрып кеттіңіз?,- деп сұрады.
Сонда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған:
– Ей, адалдығымен айдай әлемді тәнті еткен дос! Әлгі ұятсыз, әдепсіз неме саған тіл тигізе бастағанда Аллаһ тағала аспаннан бір періште түсірді.. Ол періште сені қорғап, жаңағы байғұстың тілін өзі-ақ байламақ еді. Алайда сол арада сен де ашуға мініп қарсы сөз айтқандықтан, періште лезде ғайып болды да орнына Ібіліс келді. Аллаһтың қарғысына ұшыраған Ібіліс тұрған жерде Аллаһтың алғысынан үміт күткен менің бірге тұруым мүмкін емес. Орнымнан тұрып кеткен себебім сол,- деп жауап берген еді.
Бұл оқиғадан үлкен сабақ алған Әбу Бәкір (р.а.) бұдан былай біреуге сөз айтуға қатты мән беретін болды. Тіпті жөн- жосықсыз сөйлемеу үшін аузына тас салып жүретінді шығарды. Айтар сөзін әбден ойланып, елеп-екшеп барып қана айтатын еді. Аузына салып жүретін тасты сөйлер алдында ғана алатын. Жай кезде ылғи да Жаратқанға жалбарынып, күбірлеп мадақ айтатын. Ешкімге де жақсы- жаманнан сөз айтпайтын болды. Өте бір керекті кезде ғана аз сөзбен көкейіндегі ойдың түйінін жеткізетін .
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »