Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Тамыз 24th, 2010

Бір күні түнде ел басқаратын халифа Омар (р.а.) мен Абдуррахман ибн Ауф Мәдина қаласының көшелерімен келе жатып бір үйден дабырлаған дауыстар естіді. Үйге таяп келген халифа:
– Ей, Абдуррахман! Мынау кімнің үйі екенін білесің бе?- деп сұрады.
Абдуррахман:
– Білмеймін,- деп жауап берді.
Халифа өзі:
– Бұл – Рәбиға ибн Үмәйяның үйі. Іштегілер тегіс арақ ішкенге ұқсайды. Мастықпен айғайласып отыр. Бұларды мықтап тұрып жазаласақ қалай қарайсың?
Абдуррахман ибн Ауф болса:
– Маған салсаңыз, жазаға олар емес, біз лайықты секілдіміз!- деді именбестен.
Тосын жауапқа халифа іркіліп қалды. Сөйтті де:
– Неге?- деп сұрады артынша таңданысын жасыра алмай.
Сонда қасындағы саңлақ сахаба оның себебін былай деп түсіндірген еді:
– Өйткені Аллаһ тағаланың «Адамдардың жасырын күнәларын іздестірмеңдер!» деген бұйрығы бар. Біз болсақ түннің бір уағында елдің үйіне келіп, тіміскіленіп, олардан қателік іздеп жүрміз. Негізі, жазаны біз тартуымыз керек!..
Абдуррахманның көкейге қонымды сөзіне ойланып қалған халифа оған:
– Ендеше, кеттік бұл жерден! Әйтпесе, расында да жазаны олар емес біз тартуымыз мүмкін,- деген еді асыға.
Былай шыға бере халифа өз-өзінен күбірлеп бара жатты. «Ойы да, жөні де түзу осындай достардан Аллаһ тағала бізді мақұрым етпегей! Менікі ғана дұрыс деп, кеудемсоқтыққа салынудан сақтасын! Білмегеніңді білгеннен сұрап, соның айтқанына көне білген қандай жақсы!»
Расында да, қарғыстың ең жаманы «Өзің білме, білгеннің тілін алма» емес пе?!
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары

Read Full Post »

Омардың (р.а.) ел басқарып тұрған кезі. Бүгін де ылғидағы әдеті бойынша үстіндегі киімдерін ауыстырып киіп, ел ішін аралап қайтпақ ниетпен ымырт үйіріле көшеге шықты. Мәдинаның көшелерін аралап көп жүрді. Түн қараңғысы әбден қоюланған кезде бір үйдің қасына келді. Іштен дауыстар шығып жатыр екен. Не болып жатқандығын білмек болып әлгі үйдегі дауысқа құлақ түрді. Байқаса шешесі мен қызы әңгімелесіп жатыр екен. Шешесі:
– Қызым, ертеңгі сатылатын сүтке су қосуды ұмытпа!- деді.
Алайда қызы:
– Шеше, біздің халифа сүтке су қоспаңдар деп елдің бәріне тыйым салмап па еді?- деп қарсылық білдірді.
Шешесі:
– Е-е, түннің бір уағында сенің не істеп не қойып жатқаныңды халифа қайдан білсін? Ол қазір жылы төсегінде ұйықтап жатқан болар..,-деді қызына өз айтқанын қалайда істеткізбек болып.
Бірақ, қызы бұған да көнбей, былай деді:
– Шеше-ау, мейлі Халифа ұйқыда болсын-ақ, бірақ бәрімізді қас қақпай бағып тұрған Аллаһ тағаланы қайтеміз? Сүтке су қосып елді алдамақ болғанымызды халифадан жасырсақ та Хақ тағаладан қалай жасырамыз? Ол бәрін де көріп-біліп тұрған жоқ па?!
Омар (р.а.) бұны естігенде қыздың адалдығы мен діндарлығына қайран қалып, іштей қатты сүйсінді. Сөйтті де бұл көргенін барып әйеліне айтты. Екеуі құда түсіп, әлгі қызды ұлдары Асыммен үйлендірді. Осылайша ақылды қыз Омарға (р.а.) келін болып түсті.
Иә, Омарға келін болу аса қиын емес, ол үшін тек қана бәрін көріп-біліп тұрған Аллаһ тағаладан ештеңені де жасыра алмайтындығыңды тереңнен сезіне білсең жеткілікті. Қыздың өне-бойы тәлім-тәрбиеге тұнып тұрса, оған қайыната болуға Омар секілді жаны жайсаң кісілердің әркезде де табылатындығы шындық..
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »