Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Тамыз 25th, 2010

Омар (р.а.) тағайындаған басшылардың бірі жұма хұтбасы кезінде Омарды жер-көкке сыйғызбай мақтағаны сонша, сахабалардың біреуі шыдай алмай орнынан атып тұрып әлгі кісімен шарт-шұрт сөзге келіп қалды.
Намаз біткенде мешітте болған жайт Омардың құлағына да жеткен еді. Халифа Омардың әмірімен әлгі сахаба дереу тұтқындалып алдына әкелінеді. Сахаба кірген бойда халифаға сәлем береді. Алайда өзі ашуланып отырған халифа оның сәлемін алмастан тіпті жекіп те жібереді. Сол кезде сахаба:
– Ей, Омар,- дейді жұлып алғандай басын көтерген күйі,- мен бір кінә жасасам, сен нақ екі кінә жасап отырсың!
Бұны естігенде бағанадан бері Омардың алқымына тығылған бар ашуы сап тыйылып:
– Менің екі кінәм не болды сонда?- деп сұрады таңырқап.
Сахаба тағы да тайсалмастан:
– Аллаһтың бер деген сәлемін беріп ем, ашумен сәлемімді алмадың. Яғни уәжіпті елемедің, бұл – бір. Кінәлі адамға құлақ түрмей жатып бір жақты ғана үкім айттың, бұл – екі,- деді.
Бұны естіп сабасына түскен Омар (р.а.) болған жайды айтып беруін өтінгенде, ол былай деп түсіндірді:
– Сен тағайындаған басшы хұтбада сені жер-көкке сыйғызбай мақтағаны сонша, ел сені Әбу Бәкірден де артық па деген ойға қалды. Алайда сенің Әбу Бәкірге жете алмасың айдан анық жайт. Мен осыған келіспеушілік білдірдім.
Омардың таңғалысы тіпті арта түсіп:
– Иә, неліктен мен Әбу Бәкірге жете алмайды екем?- деп сұрады.
Сонда әлгі сахаба:
– Сол да сөз болып па,- деді өз сөзін дәлелдемек болып,- «жасаққа қол ұшын беріңдер» деп Пайғамбарымыз бұйырғанда сен қолыңдағы малдың жартысын ғана әкелдің де, ал Әбу Бәкір болса өзіне тышқақ лақ та қалдырмай қолында барын түгел әкеліп елді бір жылатпап па еді?!
Бұны естігенде Омар (р.а.) әлгі сахабадан кешірім сұрап, оны еркіне қоя берді. Артынша жағымпаздық жасаған әлгі басшыны жұмыстан босатты.

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Қыс. Аяз. Көзге түртсе көргісіз қараңғы түн. Жер бетінде қар жатпағанмен, еттен өткен ызғарлы суық сүйекке жеткендей. Халифа Омармен жүздесіп, әңгімелесіп қайтпақ оймен үйден шықтым. Айнала тым-тырыс. Қала тұрғындары бұл уақытта ұйқыларының ең тәтті шағында жатқан кез. Көше де қыбыр еткен жан жоқ.
Жол ортасына жете бере, сонадай жерден қарауытқан адамға ұқсас біреуді көзім шалды. Кішкене жақындай түскенімде, оның адам екеніне анық көзім жетті. Берген сәлемімді қабыл алып, басын мен жаққа бұрғанда, еріксіз таңғалдым. Өйткені ол мен іздеп бара жатқан Омардың (р.а.) дәл өзі еді. Елдің бәрі шырт ұйқыда жатқан осынау түннің бір уағында ел билеген халифаның жападан-жалғыз көшеде не ғып жүргені, шынында да, таңғаларлық еді. Оның үстіне, қытымыр қыстың аязы болса мынау. Ақыры таңғалысымды жасыра алмай өзінен:- Түннің бір уағында көшеде жүргеніңіз не?- деп сұрадым. – Асығыс жұмысың жоқ болса, бірге жүр. Жол бойы себебін айтармын,- деді де Омар (р.а) маған жақындап, қолтығымнан демей берді. Мен онсыз да өзін іздеп келе жатқан жайымды айтып, “Қайта жақсы болды. Екеуара әңгімелесуді өзім де қалап келе жатыр едім” деп, ол айтқан ұсынысқа бірден келісе кеттім.
Екеуміз бірге жолға шықтық. Себебін әлі айта қоймағандықтан ішім ішіме сыймай мен өз-өзімнен жарылып кетердей боп келемін. Бір мезет шыдамымның таусылғаны сонша, тағы да “Түннің бір уағында жападан-жалғыз көшеде неғып жүргеніңізді айтсаңызшы енді?” деп сұрауға оқтала жаздап барып, өз-өзімді әрең сабырға шақырдым.
Халифа Омар да мұнымды түсінді. Бірақ әр нәрсенің басын бір шалған күйі түнде неғып жүргені жайында жақ ашпады. Бірге келе жатып, әр үйдің есігінің алдына біршама тоқтаған ол тың тыңдап, іште не болып жатқанын білмекке құлақ түрумен болды. Көше бойы әр үйдің есігін тыңдап, іштен дауыс шыға ма, шықпай ма деп құлақ қоюмен екеуміз қала көшелерінің бәрін аралап шықтық. Ешқандай тырс еткен дыбыс білінер емес. Бәрі де қалың ұйқы құшағында жатқан сияқты. Осынау үлкен қалада дәл қазір, осындай түннің бір уағында халифа Омар (р.а.) екеумізден басқа ояу жан, тыпыр еткен пенде жоқ секілді.
Бірте-бірте Омардың (р.а.) неліктен түн жарымында көшеге шыққанын түсінгендей болдым. Шамасы, қандай да бір қыжалатпен көз ілместен, Құдайға мұңын шағып отырған зарлысы бар ма екен, соны білейін деп шыққан шығыс болатын. Елдің итіне дейін тегіс маужырап ұйқы құшағында жатқан қыстың бет қарыған осынау аязды түнінде Омардың бүкіл мұсылмандардың басшысы бола тұра ұйқысын қиып, көше кезіп шыққан себебі, расында да, сол еді.
Қала ішіндегі бар үйді аралап, қала шетіне шықтық. Маңайда әр-әр жерде тұрған шашыраңқы үйлер ғана менмұндалайды. Жылаған-сықтаған жандар бар ма екен деп оларды да тыңдағаннан кейін кезек жол шетіндегі бір үйге тірелді. Алдыңғы үйлер секілді есігіне құлақ қойып, бұл үйді де тыңдадық. Бұл жолы іштен бір-екі баланың жылаған дауыстары естіліп жатты.
Біраз құлақ түргеннен кейін есікті қағып, амандаса хазірет Омар (р.а.) ішке кіріп барды. Үй іші қалай болса солай шашылып жатыр екен. Жылай-жылай балалардың көздері де көнектей боп ісіп кетіпті. Қарт ана пеш үстіндегі қайнаған қазанды бір қолымен араластырып, бір жағынан тізесіне жығылған екі баланы жұбатумен әлек. Шешей қалжыраған күйіне қарамастан Омардың сәлемін алғандай жылы шырай танытты. Бірақ ол үйіне келген адамның ел басқарған халифа Омар екенінен мүлде хабарсыз еді. Кім біледі, мүмкін халифаны тіптен танымайтын да шығар. Бірақ қала шетіндегі жалғыз тамға түннің бір уағында халифа бас сұғады деп кім ойласын?!
Омар (р.а.) өзін танытпастан шешейді жай ғана сөзге тартып, балаларының жылау себебін сұрады. Кемпір:- Е, аштық қой. Екі күн болды нәр татпағандарына, ішегі шұрқыраған аш бала жыламай қайтсін?!-деді кейіген пішінмен. “Ана қазандағы тамақтан неге бермейсіз?” деп сұрай жаздаған Омарды айтпай-ақ түсінген қарт ана көз жасын сығымдаған күйі екеумізге ішкі ащы запыран, мұң-зарын төге сөз бастады:- Балам, сен ана қазандағыны тамақ деп ойлаған боларсың, қайдан!.. Балаларды жұбатайын деп қазанға салып қайнатып жатқан ұсақ тастар ғой. Тіске басар ештеңе жоқ болса қайтесің?! Менің көрген күнімді сендерге бермесін. Мына балалар – менің тас жетім немерелерім. Балам да, күйеуім де, бауырларым да қатарынан соғыста шейіт болды. Үйді асырайтын еркек кіндік болмаған соң өзі кәрі, өзі қауқарсыз төмен етектіге қараған қорғансыздардың күні осы болмай қайтсін?! Қу жоқшылықтың зарын тартып, аш отырғанымыздың себебі сол. Аш отырсам да ешкімге барып алақан жайып, қайыр сұрауға дәтім барар емес. Қайғы жұтып жылап-сықтаумен аш-жалаңаш отырғандарға Аллаһ тағала өзі қарайласпаса адамнан қайыр бола қоймас!
Қабағына кірбің ұялаған Омар (р.а.) тұнжырап, жүзін төмен салған күйі шешейдің сөзін бөлді: – Жағдайыңыздың нашар екенін қала ішіне барып мұсылмандардың басшысы халифа Омарға неге айтпайсыз?
Бұл жолы өзі жыламсырап әрең отырған кемпір тіпті ашуға булықты:
– Омар құрсын бір құрыса! Халифалығы да құрысын бүйткен! Екі дүниеде де жақсылық-опа көрмесін!
Сасып қалған Омар тұтыға тіл қатты:- Сонда ол Омардың жазығы не? Қарғағаныңызға жол болсын!
Кемпірдің ашуы тіптен өрши түсті:
– Балам, мен – төрімнен көрім жуық адаммын, қарттық-тан қуарған дәрменсіз мына күйімде екі күн бойы көз ілместен жылаған панасыз жетім балаларды жұбатумен әлекпін. Біз өстіп Құдайға мұңымызды шағып зарланып, таңды аштан-аш жылап-сықтаумен атырып отырғанда, ел қамын жейді деген оның жайлы төсегінде алаңсыз ұйықтауға қандай қақысы бар?! Ол барша мұсылман-дардың басшысы емес пе?! Біз әуелде Аллаһтан одан кейін сол Омардан жәрдем күтпейміз бе?! Келіп менің жайымды сұраса болады ғой?! Мұсылмандарға басшы болуды оңай іс деп ойлай ма екен?!
Әлгі сөзден тұла бойы шымырлаған Омар (р.а.) лықсып келіп қалған көз жасын білдірмеуге тырысып әжейге басу айтпақ болды:
– Дұрыс айтасыз шешей, дегенмен басшы адамның да шаруасы бастан асып жатады дегендей. Сірә, оған уақыты да бола бермейтін шығар?! Оның үстіне сіз де барып жайыңызды айтпаған соң ол қайдан білсін…
Алайда кемпірдің ашуы бұнымен де тарқай қоймады:- Е, онда о баста халифалықты неғып қабылдапты?!- деп басталған қарғыс аралас кемпірдің зары біраз уақытқа дейін басыла қоймады. Дәл осы сәтте келісіп алғандай өңі қашқан екі бала да жастықтан бастарын жұлып алып жылап қоя берді. Балалардың жылауы кемпірдің зарына зар қосты. Ол көкке қолын жайған күйі қарғыс айта бастады:
– Осы жетімдердің тамған көз жасы Омарды құр жібермесін! О, Жаратқан! Халифа Омар отырған орнында ома қапсын! Оның бәле-жаладан басын арылтпа!..
Хазірет Омар бұдан арыға шыдай алмады. Көзінен жас сорғалап ағып кетті. Бірақ жылап-сықтаумен өздері есеңгіреп отырған үй ішіндегілерге Омар өзінің көз жасын көрсетпеуге тырысты. Кемпірдің сөзі сүйектен өтетін зарын тыңдап бұдан әріге дәті шыдап отыра беру Омар үшін тіптен мүмкін емес еді. “Айтқаныңыздың бәрі де рас. Балаларыңызды жұбата тұрыңыз, мен қазір келем” деген күйі бұрылып есіктен шыға берді. Ілесе артынан мен де шықтым.
Сыртқа шыққанда терең бір тыныстап, қатты күрсінді. Жүзі түнеріп кеткендей еді. Жол бойы ләм-мим деп тіл қатпады. Ештеңеге қарамастан адымдарын жылдамда-тып, тез жүріп келеді. Мен болсам арт жағынан ілесе алмай келем.
Бірден мемлекет қазынасына бардық. Халифа бір қап ұн алып, маған май құйылған бір ыдысты ұстатты. Уақыт өткізбей әлгі бір қап ұнды арқасына көтеріп арқалаған күйі қайта жолға шықпақ болды. Мен өз көзіме өзім сенбедім. Шынымен-ақ, бүкіл бір мұсылман елінің басшысы бір қап ұнды өзі арқаламақ болғаны ма?
Бірден қолына жармастым:- Уа! Мұсылмандардың әміршісі! Бұның не?! Қапты сен емес менің арқалағаным жөн болар.
Дәл осы сәт манадан бері жақ ашпаған хазірет Омар (р.а.) қолымды кері итеріп, күңірене былай деп тіл қатты:
– Жоқ, құрметті досым, ибни Аббас! Қап көтеріп шаршамақ түгілі, жерге жығылып өліп кетсем де сен менен бұл жүкті алушы болма! Маған бұл дүниеде жүгімді көтерісер достар табылғанмен, о дүниеде жазамды бөлісер достар табылмасы ақиқат. Шешейдің бағанағы айтқанының бәрі рас. Мен о баста халифалықты алмауым керек еді, ал алған екем, қарамағымдағы әр адамның алаңсыз өмір сүруі, менің мойнымда екенін ұғуым керек.
Құрметті досым! Дижле аймағында өрістеп жүрген бір қойға қасқыр шапса, о дүниеде әділдік таразысы тартылған уақытта оны да мына Омардан сұрары қақ. Шешей тұл қалып, немерелері жетім қалыпты, олай болса, оған да басқа емес Омар жауап берері даусыз. Қараусыз қараң қалып, бір шаңырақ шайқалса, оның да обалы Омарға деген сөз. Жазықсыздан-жазықсыз жерге бір тамшы қан тамса, ол да Омарды құр жібермейді. Зарлылар мен жарлылардың кірбің ұялаған көңілдер-: үшін де Омар жазықты. Қайғы-қасіреттен көз ашпай, қан жұтқандар үшін де Омар емей кім кінәлі?!
Дүниенің тауқыметін арқалағандар мен қарғап-сілеушілердің тіл ұшында жүрген қайран Омар! Қалай ғана сонша ауыр жауапкершілікті алып едің о баста?! О, Жаратқан! Енді міне, сол үлкен жауапкершілікті көтере алмастан әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз құлың екі бүктетіліп алдыңда тұр…
Мен оған біраз басу айтпақ оймен сөзін бөлдім:
– Әй, ақ жүректі Халифа! Соншалықты мұңайып егілетіндей не болды? Халифалық міндетті сен атқармасаң, дәл сендей болып оны кім алып жүреді?! Қанша дегенмен сен де пенде емессің бе?! Қара қылды қақ жарған әділ болғаныңмен, сенің басыңнан да пендешілік өтері сөзсіз. Адамдардың бәріне бірдей әділеттілік пен мейірбандық танытуда, Жаратқанмен жарысам деп пе ең?! Елдің көңліне бірдей жағу оңай шаруа емес.
Әй, жақсылыққа жаны құмар басшы! Шындығына келгенде, сен періште емессің ғой! Бірақ сен – періште болмағаныңмен, жақсылықта алдына жан салмайтын, әділдік пен мейірімділікті ту ғып ұстаушы алдыңғы қатарлы азаматтардансың. Сенің ел ішіндегі әділдігіңе Қиямет күні қара жер де, көк аспан да, мына арқаңдағы бір қап ұн да, тіпті мына мен де куәлік ететін боламыз. Бұған ең теңдессіз куәгер тас қараңғы түнде қара тастың үстіндегі қара құмырсқаға дейін бәрін көріп-біліп тұрған Аллаһ тағаланың өзі екендігінде кімнің күмәні бар?! Жалған өмірді жалпағынан басып, жалқы тіршілікпен қара басыңның қамын күйттеп кетпей, ел үшін әділ қызмет етіп келесің! Әрбір ісің жақсылыққа толы, қайта сен қайғырма, қуан! Біз сені қашанда мақтан тұтамыз!
Менің бұл айтқандарым ұнжырғасы түскен халифаның құлазыған көңілін сәл жадыратып, еңсесін біраз көтергендей болды.
Бір қап ұнды арқалап екі бүктетілген күйі бар күшін сала алға жүріп келеді. Тіпті жолдың ой-шұқырын да елер емес. Күннің қақаған суығында қала шетіне шыққанға дейін маңдайынан сорғалаған ащы терге де қарамады.
Әупірімдеп қала шетіндегі кемпірдің үйіне де жеттік. Омар (р.а.) ентіккен күйі ішке кіріп қапты жерге түсірді. Тер жуған жүзінен қатты қалжырағаны көрініп тұр. Бірақ ол сәл ғана тыныққаннан кейін орнынан жылдам атып тұрды. Қазандағы тастарды алып, мен әкелген майдан құйып, қаптың аузынан ұн алып тамақ жасауға көшті.
Кемпірден оттық алып, әлдеқашан сөніп қалған отты қайта жақты. Сәлден кейін-ақ піскен тамақты суытыңқырап әкеп, өз қолымен жайған дастарқанға қойды.
Артынша әкелік мейірім таныта күлімсіреген күйі жетім балалардың басынан сипап тамаққа шақырды. Өздігінен жей алмайтын кішкенесіне өз қолымен тамақ жегізді. Әп-сәтте үй іші қуанышқа бөленіп, талай күннен бері ұмыт болған ерекше бір жылылық орнады. Жетім балалардың жүздеріне үміт ұялады. Қарт шешей Хазірет Омар ұн көтеріп кіргеннен бастап не айтарын білмей аңтарылып қалған. Алайда сәлден кейін-ақ қарындары тойып, бір-бірімен ойнап кеткен балаларды көріп көңлі босаған шешей өз ризашылығын білдіріп, әлі халифа екендігін білмеген кісіге қарап:
– Айналайын, не деген мейірімді, жанашыр едің,-деді қызарған көзін сүртіп,- Омарға қарағанда халифалыққа нағыз сен лайық екенсің. Аллаһ тағала бізге сені халифа қылғай!!
Алдындағы адамды әлі танымаған шешейдің сөзіне менің іштей күлуден басқа амалым қалмады. Ақырын көз қиығыммен халифаға қарадым, ол да бүгін алғаш рет қабағы жадырап, жылы жымиды.
Маған жақындап, жүр қайтайық дегендей белгі бергеннен кейін:- Шешей,-деді кемпірге бұрылып:- Ертең халифаның ордасына келіп, маған жолығыңыз. Мен сізге зейнетақы мен жетімдеріңіз үшін ақша жаздырайын. Әзірге сау болып тұрыңыз!-деді.
Екеуміз сыртқа шыққанымызда ағарып таң да атып келе жатты. Сәлден кейін-ақ азаншының намазға шақырған әуезді үні естілді. Түнді ұйқысыз атырса да, халифа тер төгіп біреудің қажетіне жарағанына қуанышты кейіпте. Мен де түнімнің ұйқысыз өткеніне қуанбасам, еш өкінбедім. Өйткені көп нәрсе көріп, көп нәрсе естіп, көп нәрсе көңілге түйдім. Көргендерім мен түйгендерім мен үшін өмір бойы ұмытылмастай із қалдырған еді. Есіме Пайғамбарымыздың “Менің сахабаларымның әрқайсысы аспандағы жолшы жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңдер де, тура жолды табасыңдар” деген хадисі түсті. Уа, Пайғамбарым, сен, сірә, Омарды көріп барып осылай деген боларсың!
Ертесіне түске таман қарт шешей Халифаның ордасына келді. Ол келмей тұрып-ақ, оған керектілердің бәрін Хазірет Омар алдын ала дайындатып қойған болатын. Кемпір Омарды келген бетте бірден таныды. Таңғалғандықтан не істерін білмей қалшиып тұрып қалды. Халифа Омар болса оны құрметпен күтіп алып, төрдегі орынға отырғызғаннан кейін:- Шешей,-деді жай ғана,- бұдан кейін әр ай сайын өз атыңызға әрі қолыңыздағы жетімдер үшін ақша алып тұратын боласыз. Мынау сіздің алғашқы айлығыңыз болсын, алыңыз,- деп бір кесе күміс ұсынғаннан кейін оған қарап:- Енді Омарды кешіріп, қарғыстарыңызды кері аласыз ғой?-деп сұрады.
Сол сәт кешегі кештен бергі болған жайтты енді ғана түсінген қарт шешей Омарға тіктеп қараған күйі: – Е-е, қолыңа қараған мұсылмандардың бәріне өстіп әділдігіңді көрсетсеңші?!-деп аса разы кейіп танытқан еді…
Иә, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалдың өмірдегі шын келбеті осындай болса керек.

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »