Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Тамыз 26th, 2010

Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға сапар шеккен ұлы көш – хижреттің он жетінші жылы. Ел басқарып отырған халифа Омар келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, Пайғамбар мешітін кеңейтпек болды. Ол үшін мешіт маңындағы жерлерді иелерімен келісе отырып, мешітке қосу керек еді. Көп өтпей-ақ мешіт қасындағы жерлердің иелеріне қолқа салды:
– Үйлеріңіз бен жерлеріңізді Расулаллаһтың мешітін кеңейту үшін сатып алсам деймін. Ешкім де өз мүлкін арзанға бағаланады деп ойламасын. Әркім өз жерінің бағасын өзі шамалап айтсын. Мен біреудің жерін қолынан күштеп алып, Пайғамбар мешітін кеңейтуден аулақпын.
Елдің бәрі жерлері мен үйлерінің бағасын өздері айтып, мешіт маңындағы жерлер сатылып алына бастады. Мешітті кеңейтуге едәуір жер де табылды. Алайда күтпеген жерден бір кілтипан кездесе кетті. Ол –Аббастың (р.а.) келіспеуі еді. Аббас басын алып-қашқан күйі жерін сатпаймын деп тұрып алды. Тіпті мешіт үшін дегенге де көнбеді. Халифа өз ұсынысын тағы қайталады:
– Ей, Аббас! Жеріңді сатқаннан сен ұтылмайсың, арзанға алмаймыз. Біреудің көзінен жасын ағызып, Пайғамбар мешітіне жер алып қосар жайымыз жоқ. Егер жердің ақшасын азырқансаң, онда екі-үш есе көп төлейік. Әйтеуір, сен разы болып жеріңді сат. Осымен бұл жұмысты тәмамдайық. Пайғамбар мешіті кеңейіп халық игілігіне жарасын.
Бірақ, қайдан! Аббас бұған да көнбеді:
– Жоқ! Жер менікі, қанша ақша берсеңдер де сатқым келмейді. Тартып алмақ болсаңдар, онда басқаша!
Мәселе шешілер болмаған соң халифа Сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Қазылық қызметін атақты құқықшы Ұбәй ибн Кааб атқарады.
..Екі жақ та сот алдында отыр. Мемлекет басшысы:
– Біз басшылық ретінде Аббасқа жер құнын еселеп беруді ұсынған едік. Оның бұған келіспейтін жөні жоқ. Жерін берсін, Пайғамбар мешітін кеңейтуіміз керек.
Аббастың жауабы:
– Жер менікі болса, мүлік иесі мен болсам, құнын қанша еселеп берсе де бергім келмейді. Ақшамен қыстаса да, мешітке қосамыз десе де қолымнан күштеп ала алмайды.
Сот үкімі:
– Ислам құқығы бойынша ешкім ешкімнің жері мен мүлкін ақшалай болса да тартып алуға хақысы жоқ. Тіпті мешіт үшін де мүлік иесін күштей алмайды. Аббастың мүлкі Аббастың өз қолында қалады. Үкіметтің оны күштеуіне жол берілмейді!
Соттың бұлжымайтын шешімі шығып, екі жақ та сот үкіміне көніп есікке бет алғанда, аяқ астынан бір дауыс саңқ ете қалды. Міне, қызық! Ол дауыс Аббастыкі еді:
– Ей, Ұбәй! Сот үкімі осымен бітті ме? Нақ осы шешімге тоқталдық па?
– Иә, Соттың нақты үкімі шықты, ешкім сенің жеріңді құнын көп төлесе де күштеп ала алмайды.
– Олай болса, мені жақсылап тыңдаңдар! Сот алдында мен өз шешімімді айтайын: Жерімді дәл қазірден бастап Расулаллаһтың мешітіне қосуға тегін-ақ бағыштадым. Маған бір тиын да пайданың керегі жоқ. Бәрің де куәгер болыңдар, құнын қанша еселеп төлесе де бермеген жерімді су тегін-ақ Пайғамбар мешітін кеңейту үшін халифаға бердім. Бұдан былай мүлік иесі мен емес, мына тұрған халифа.
Ұбәй ибн Кааб сұрады:
– Ей, Аббас! Бұныңды қалай түсінуге болады? Басында еселеп төлеген ақшаға бермеген жеріңді қалайша тегін-ақ бере салдың?
Аббастың берген жауабы, шынында да, таңғаларлық:
– Ислам дінінің адам құқықтарына деген зор құрметін айдай әлемге паш ету үшін!..
Рас, Ислам діні адам құқықтарына зор құрметпен қараған. Тіпті бір жанұяның өзінде ата-ана, бала, отағасының, жұбайының құқықтары деп жеке-жеке тоқталуы да соның айғағы.

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Бірде Омар (р.а.) мен Саад ибн Әби Уаққас Иранға жылқы сатуға барды. Қалаға кіре берісте алаяқтыққа басып ойын ұйымдастырып, өткен-кеткен елді ынтықтырып тұрған бір топ жастарды көрді. Екеуінің өздерінен көз алмай қарап тұрғанын байқаған әлгі жігіттердің біреуі дереу келіп, бұларға ауыр-ауыр сөз айтып, сатпақ болып әкелген араб аттарын да қолдарынан тартып алды.
Омар (р.а.) мен Саад ибн Әби Уаққастың сауда жасаймыз ба деп келген көңілдері су сепкендей басылды. Жығылғанға жұдырық дегендей азықтары таусылған кезде қалтадағы ақшадан да қағылып, екеуі де пұшайман күй кешті. Аштан-аш кеш батуын күтуге тура келді. Әне-міне дегенше кеш те болып жолаушылар керуен сарайға барып түнейді. Ол жердегі қонақ күтуші бұл екі кісінің ренжулі екенін қабақтарынан бірден байқап, бір реті келгенде себебін сұрады. Омардың жүзі тым сынық болғандықтан еш нәрсеге зауқы соқпай үндемегендіктен қалаға келгелі бергі көрген құқайлары мен алаяқтарға қалайша жем болғанын Әби Уаққас назалана баяндады..
Әби Уаққасты бастан-аяқ тыңдаған сарай күтушісі оларды жұбатып:
– Сіздер қатты қайғырмаңыздар, біздің патшамыз өте әділ кісі. Ол кісі сіздерден көмегін аяп қалмайды, не жылқыларыңызды таптырады немесе ақысын төлетіп береді. Сіздердің айтқандарыңызға қарағанда жылқыла-рыңызды тартып алған жігіт патшаның өз баласы сияқты. Ол бұл мәселені еш қиындықсыз-ақ шешіп беруге тиіс. Менің тілімді алсаңыздар ертең таң ата базарға барыңыздар. Өйткені ол күн сайын сол базарға соғып халықтың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Сіздер де өз арыздарыңызды айтып қалыңыздар,- деп ақыл-кеңес берді.
Таң ата Омар мен жолдасы базарға барып патшаны күте бастады. Бір уақытта қасына аудармашысын ерткен патша күнделікті әдеті бойынша базарға ат басын бұрды. Елден түскен арыз-шағымға қарай патша оның орындалуы үшін қызметкерлеріне әмір беріп жатты. Кезек Омар мен Әби Уаққасқа келгенде олар да бұл қалаға келудегі ниеттерінен бастап, ұшырап отырған қазіргі жағдайға дейін жасырмай айтып, сатуға әкелген сол жылқыларды тапқызып беруін өтінді. Бұларды тыңдап тұрған патшаның іштей қынжылғаны байқалғандай еді. Бұларды тыңдап болған соң, патша дереу бір кесе алтын ұстатып, аттарының көп ұзамай табылатындығына уәде берді. Алайда патшаның қасындағы аудармашы жылқыны тартып алған адамның патшаның өз баласы екендігін айтпай жасырып қалды.
Хазірет Омар мен Әби Уаққас кеш бата кешегі керуен сарайға қайта келді. Бұл жолы қалтада ақша бар, қарын да тоқ. Түнеген ақыларын төлеп ертеңгісін жолға жиналмақ. Сарай қызметшісі мәселенің қалай шешілгендігін сұрады. Бұлар патшамен кездесіп мән-жайды түсіндіргендіктерін, аттарды тауып беретін болып патшаның уәде бергенін айтты.
Күтуші бірден ашуланып:
– Мұнысы қалай, кінәлі өз баласы болса жағдайды басқаша шешпек пе?-деді.
Күтуші таң ата патшаға барып:
– Ел жамандық жасаса жазаға ұшырайды, ал сіздің балаңыз бассыздық жасаса да, еленбей кете бермек пе?- деп салды.
Нүшіруан мәселенің байыбына барғанда, қатты ашуланды. Сөйтті де:
– Ат иелері ертең қаладан кетсін! Бірақ біреуі қаланың солтүстік есігінен, екіншісі болса қаланың оңтүстік есігінен шықсын,- деп бұйырды.
Ертесі күні патша Омар мен оның жолдасына сатпақ болып келген аттарының ақшаларынан да көп ақша берді. Патшамен қош айтысып жолға шыққан олар қаланың екі жақ бетіндегі екі бөлек есіктен шығып бара жатып, сұмдық бір көрініске тап болды: бір есікте аттарды алған патша баласы, ал екінші есікте шындықты жасырған аудармашы дарға асулы тұрған еді. Тіпті олардың денесі суып та үлгерген екен.
Бір өкініштісі, қара қылды қақ жарған бұл әділ басшыға иман нәсіп болмады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имансыз кеткен кісілердің қатарында оның да атын атаған еді.
…Арада біраз уақыт сырғып, Хазірет Омар бүкіл мұсылман әлемінің басшысы, ал Саад ибн Әби Уаққас Мысырдың әкімі болып тағайындалды.
Мысырды Саад ибн Әби Уаққас басқарып тұрғанда ислам дінін өркендету мақсатында бір жерге мешіт тұрғызылуы керек болады. Бірақ ең ыңғайлы деп тапқан жер бір яһудидікі (еврейдікі) еді. Мысыр әкімі әлгі яһудидің жеріне мешіт салуға бұйрық шығарып, мешіт құрылысы басталып та кеткен-ді. Басқа жері болмағандықтан далада қалған яһуди шарасыз әркімге бір мұңын шаққан соң, ел оған Мәдинадағы халифа Омарға барып шағымдану керектігін айтып жөн сілтеді.
Ол кезде әлгі яһуди Ислам дінінен мүлде бейхабар болатын. Көп уақыт созбастан Мәдина қаласына жол тартты. Халифаның қайда екенін сұрастырып жүріп бақшада екендігін білді. Бақшаны да тапқанмен, бір қызығы, бақшада бір-ақ адам жұмыс істеп жүр екен. Қасына жақындап барған яһуди:
– Маған халифа Омар керек еді,- деді. Әлгі кісі:
– Иә, Омар мен боламын. Қандай шаруамен жүрсің, айта бер,-деді жай ғана.
Хазірет Омар яһудидің шағымын естігенде, қатты ашуланды. Іле-шала жерден бір сүйекті ала салып соған бірдеңе деп сүйкеп жазды да:
– Мә, мынаны әкіміңе апарып бер,- деп қолына ұстатты.
Яһуди жазуға қанша үңілгенімен, ештеңе ұға алмады. «Сонша жерден іздеп келгенімде мынаусы несі, ойыны ма шыны ма, әжетіме жарай ма, жарамай ма» деген екіұдай оймен өз-өзіне сенімсіз күйде келген ізімен салғырт қана кері қайтты. Мысырға келіп сүйекті әкімнің қолына ұстатқаны сол еді, сүйектегі жазуды оқығанда Саад ибн Әби Уаққастың зәресі ұшып кетті. Бірден яһудидің үйін өзіне қайтарып, тіпті бұрыңғысынан да әдемі қалыпқа келтіртті. Онымен де қоймай тағы біраз көмек те жасады.
Хазірет Омардың сондағы сүйекке жазған жазуы мынау еді:
«Байқа, мен Нүшіруаннан да әділірекпін!»
Халықтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деуі тегін бе?!
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »