Хижреттің 17-18 жылдары Шам төңірегінде «Әмуас обасы» деп аталатын оба ауруы кең тарады. Ең алғашқы шыққан жері Палестинаның Әмуас аймағы болғандық-тан осылай аталған. Бұл жұқпалы ауру әкелген кеселден 25 мың адамның өмірі қиылып, тіпті үлкен сахабалардың қатарындағы Әбу Үбәйда ибн Жәррах пен қоса Муаз ибн Жәбал да айықпас дерттің қармағына іліккен-ді . (толығырақ…)
Archive for 2010 Қыркүйек
Тағдырдан тағдырға қашу
Posted in Uncategorized, tagged "Тағлым тамшылары", Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 14, 2010| 8 Comments »
Қапастағы батыр
Posted in Uncategorized, tagged "Тағлым тамшылары", Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 14, 2010| Leave a Comment »
Алтынға айналған қамшы
Posted in Uncategorized, tagged “Тағлым тамшылары”, Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 2, 2010| Leave a Comment »
Мұхаммед ибн Мәсләма – Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысқан алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі. Ол Мәдина қаласында Расулаллаһтың орнына уәкіл ретінде тағайындалған хазірет Омардың ел ішіндегі «арыз-шағым бұрышына» жауапты кісісі болатын. Халықтың бар арыз-тілектері осы бұрыш арқылы шешіліп, қажет болған жағдайда пара алған, біреудің құқығын аяққа таптаған басшылар мәселенің мән-жайы әбден анықталған соң, осы бұрыштың шешімі арқылы лайықты жазасы берілетін.
Бір жолы Омар (р.а.) Мәдинаға жиналған атқа мінер ел ағаларына олардың халыққа жақсы қарауы керектігін, ешкімге әділетсіздіктің жасалмауын қатал түрде ескерткен-ді. Дәл осы мезет халық арасынан сытылып шыққан біреу:- Мына пәлен деген басшыңыздың мені қарадай кінәлап, жөнсіз ұрғаны бар еді. Алайда соңында менің кінәсіз екендігім белгілі болған-ды,- деді де, өзінің сол адамда ақысы кеткендігін айтып қалды.
Мәселенің жай-жапсарын анықтай келе басшы болып тағайындалған адамның кінәсіз адамды жөн-жосықсыз жазалап, сабатқаны белгілі болды.
Бұл кезде хазірет Омардың да шешімі дайын еді:
– Сені сабаған басшыны сен де соншалықты сабайсың!
Алайда Амр ибн Ас бұған қарсылық білдірді:
– Ей, Омар! Сонда бұдан былай басшыларыңыздың халықтың көзінше сабатпақ болғаныңыз ба? Егер бұлай жасар болсаңыз, бұдан кейінгі уақытта басшылардың ел алдындағы абырой-беделіне нұқсан келеді. Онда олар жұмыс істеуден қалады ғой…
Хазірет Омардың да бұған жауабы дайын еді:
– Менің өйтіп-бүйтіп тісін батырған әлдіні қорғаштап, жәбір көрген әлсізді дәрменсіз кейіпте қалдыруға дәтім шыдамайды. Кім озбырлық жасаған болса, екінші рет ондай жөнсіз әрекетке баруға жүрегі дауаламау үшін жақсылап жазалануы керек!
Иә, шешім қатал.
Таяқ жеген адам өзін қамшымен қанша рет сабаса, ол да сол басшыны сонша рет сабамақ болды.
Бұл жолы ешкімі жоқ әлгі адамға Амр ибн Ас қайта барды. Бара сала өз ұсынысын айтты.
– Сені қанша рет қамшымен сабаса, мен саған сонша алтын берейін. Осыны ал да, кеткен ақыңды кешір. Әйтпесе халық батылданып, басшылардың жүрегі шайлығып қалар…
Таяқ жеген кісі қамшы салудың орнына алтын алғанда ғана барып, әлгі басшыны кешіреді. Содан былайғы уақыттан бастап тағы да хазірет Омардың қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында панасыз жандарды басынып оларды жөнсіз сабау ісі сап тыйылған еді.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”
Елден ерек елбасы
Posted in Uncategorized, tagged “Тағлым тамшылары”, Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 2, 2010| Leave a Comment »
Грек елшісі Мәдина қаласына саяси бір кездесу мақсатында келді. Келген бойда мұсылман елінің басшысы халифа Омардың сарайын сұрады. Кімнен сұраса да бәрі:- Біздің халифаның барша жанды сыйдырған көңіл сарайынан басқа ел қабылдайтын арнайы салдырған ешқандай сәнді сарайы жоқ. Тек қана кедей-кепшіктіктердікі тәрізді кішкене ғана күркесі бар,- десті.
Бұны естігенде грек елшісінің таңданысында шек болмады. Қанша тиелген жүктері мен сыйлықтарын, түйелерін-бәрін бос қоя беріп Омар Фаруқты іздей бастады. Қала ішінен түк қалдырмай халифаны іздеп жүріп өз-өзіне: «Мәссаған, демек адамдардың назарына көп түсе бермейтін ел басшысы да болады екен-ау» деп күбірлеген ол одан әрі іздестіреді.
Бір араб әйел:
– Сен іздеп жүрген халифа Омар әне, ана құрма ағашының көлеңкесіндегі кісі. Елдің бәрі төсекте жатқанда ол керісінше жерде құм үстінде жатыр. Бар да көлеңкеде жатқан зылл-ы- иләһиге (Хақтың көлеңкесіне) көз сал!..- деген еді.
Ұйықтап жатқан хазірет Омардың сұсты кейпі грек елшісіне қатты әсер етті. Қорқыныш пен ұнамдылық екеуі екі бөлек жайт болғанымен, екеуінің бірдей бойын баурап алғанына таңданған елші өз-өзіне «Мен қаншама императорларды көріп, солардың мақтауын естіген жанмын. Алайда сол патшалардың қасында ұяламаған қорқыныш пен сүйіспеншіліктің дәл осы бір кісінің қасына келгенде бойымды тебіренткені тегін болмаса керек. Халифа ешбір қарусыз жерде жатса да, менің қалшылдап қорыққаныма жол болсын?! Бұл не өзі сонда?! Сірә, бұл сұсты кейіп мына шапанға оранып жатқан кісіге Хақтан берілсе керек» деді іштей.
Грек елшісі осылайша өз ойымен өзі арпалысып тұрғанда хазірет Омар да ұйқысынан оянған еді. Грек елшісі хазірет Омарға иіліп құрметпен сәлем береді. Халифа да ерекше бір ілтипатпен сәлемін қабыл алып, демде-ақ оны өзінің жан сарайымен баурап, небір шуақты тәтті сөздерін сыйлап, жанын жадырата түсті.
Елші мынадай ел басшысы дәрежесіндегі адамның соншалықты кішіпейілдігіне таң тамаша болған еді. Тіпті бөтен елден келген елші сәлден кейін-ақ Омарға өз елінің адамынша бауыр басып, әдемі әңгімеге беріліп, ерігені сонша, не жұмыспен келгені де есінен тарс шықты.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”
Нілдің тасуы
Posted in Uncategorized, tagged “Тағлым тамшылары”, Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 1, 2010| 4 Comments »
Мысыр елі Омардың (р.а.) ел басқарған халифалығы тұсында мұсылмандардың қолына өтті. Мысырды мұсылмандардың қол астына қаратқан даңқты қолбасшы – Амр ибн Ас еді.
Мысыр халқы Амр ибн Асқа өздеріндегі әдет-ғұрыптарды таныстыра келіп:
– Ей, қолбасшы! Біздің салт-санамыз бойынша Маусым айының он екінші түні үйлене қоймаған жас қызды барынша сәндеп, әдемі киіндіреміз. Сөйтеміз де Ніл өзеніне тастаймыз. Біз бұны Ніл өзені арнасынан тасып, маңайындағы егіндіктерді суғару үшін жасаймыз,- деп түсіндірді.
Амр ибн Ас мысырлықтарға:
– Бұл исламға мүлдем жат нәрсе. Ислам діні бұрынғы барлық жаман әдеттерді жойды,- деді.
Алайда сол жылғы маусым, шілде, тамыз айларында Ніл өзенінің суы тасымай Ніл жағалай күн көретін халық құрғақшылыққа ұшырап қатты қиналды. Халық жапа-тармағай көшуді жөн көрді.
Амр ибн Ас болса жағдайды баяндап, халифаға хат жіберді. Хатты алған Омар (р.а.) іле-шала былай деп жауап жазды:
«Сен өте орынды істепсің. Исламның бұрынғы жаман әдеттерді жойғаны да рас. Саған хатпен бірге тілдей қағазға өзінше бөлек жазу жіберіп отырмын. Сол бір жапырақ қағазды Ніл өзеніне тастарсың».
Амр ибн Ас әлгі айтылған тілдей қағазға көз тастағанда онда былай деп жазулы тұр еді:
«Аллаһтың құлы әрі мүминдердің басшысы Омардан Мысырдың Ніл өзеніне!
Ей, Ніл! Егер сен осы уақытқа дейін өз күшіңмен ағып келсең, онда бұдан былай ақпай-ақ қой. Алайда құдіреті күшті бір Аллаһтың бұйрығымен ағып келсең, онда Аллаһ тағаладан бұдан кейін де сені толассыз ағызып, арнаңнан тасытуын тілейміз».
Хазірет Амр халифаның дегенін істеп, қағазды Ніл өзеніне ағызды. Таңертең Ніл суының жеті-сегіз метр көтерілгені сонша, арнасынан сыймай тасып кетті.
Сол күннен бері Ніл заңы әлі күнге дейін өзгерген емес .
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”
Адамды тану
Posted in Uncategorized, tagged “Тағлым тамшылары”, Құдайберді Бағашар on Қыркүйек 1, 2010| 2 Comments »
Омардың қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар ибну-л- Хаттаб оған:
– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін,- деді.
Жанында тұрғандардың біреуі:
– Мен оны танимын,- деді.
Омар одан:
– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам?- деп сұрады. Ол кісі:
– Жөні түзу, әділ кісі,- деп жауап берді.
Омар (р.а.) қайта сұрады:
– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей жақын көршің бе еді?
– Жоқ,- деп жауап берді әлгі кісі.
Омар (р.а.):
– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекеті мен қылықтарынан белгілі. Бұл кісі сауда-саттықпен айналысушы ма еді?- деп қайта сұрады.
Әлгі кісі бұған да:
– Жоқ,- деп жауап берді.
Бұл жолы Омар (р.а.):
– Бұл кісінің мінез- құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің?- деп тағы сұрады.
Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде Омар:
– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің,- деді де куәгерлік айтқан адамға қарап:- Бар да, сені танитын басқа біреуді ертіп кел,- деді .
Демек, бір адамды жақыннан тану үшін 3 шартқа аса мән берген жөн. Не қоян-қолтық араласатын көрші болып тұрасың, не саудаласып көресің, не бірге сапарға шығасың. Ал, осы үш шарт жүзеге аспаған болса – ол адамды танимын деу ағаттық.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”