Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қыркүйек 1st, 2010

Мысыр елі Омардың (р.а.) ел басқарған халифалығы тұсында мұсылмандардың қолына өтті. Мысырды мұсылмандардың қол астына қаратқан даңқты қолбасшы – Амр ибн Ас еді.
Мысыр халқы Амр ибн Асқа өздеріндегі әдет-ғұрыптарды таныстыра келіп:
– Ей, қолбасшы! Біздің салт-санамыз бойынша Маусым айының он екінші түні үйлене қоймаған жас қызды барынша сәндеп, әдемі киіндіреміз. Сөйтеміз де Ніл өзеніне тастаймыз. Біз бұны Ніл өзені арнасынан тасып, маңайындағы егіндіктерді суғару үшін жасаймыз,- деп түсіндірді.
Амр ибн Ас мысырлықтарға:
– Бұл исламға мүлдем жат нәрсе. Ислам діні бұрынғы барлық жаман әдеттерді жойды,- деді.
Алайда сол жылғы маусым, шілде, тамыз айларында Ніл өзенінің суы тасымай Ніл жағалай күн көретін халық құрғақшылыққа ұшырап қатты қиналды. Халық жапа-тармағай көшуді жөн көрді.
Амр ибн Ас болса жағдайды баяндап, халифаға хат жіберді. Хатты алған Омар (р.а.) іле-шала былай деп жауап жазды:
«Сен өте орынды істепсің. Исламның бұрынғы жаман әдеттерді жойғаны да рас. Саған хатпен бірге тілдей қағазға өзінше бөлек жазу жіберіп отырмын. Сол бір жапырақ қағазды Ніл өзеніне тастарсың».
Амр ибн Ас әлгі айтылған тілдей қағазға көз тастағанда онда былай деп жазулы тұр еді:
«Аллаһтың құлы әрі мүминдердің басшысы Омардан Мысырдың Ніл өзеніне!
Ей, Ніл! Егер сен осы уақытқа дейін өз күшіңмен ағып келсең, онда бұдан былай ақпай-ақ қой. Алайда құдіреті күшті бір Аллаһтың бұйрығымен ағып келсең, онда Аллаһ тағаладан бұдан кейін де сені толассыз ағызып, арнаңнан тасытуын тілейміз».
Хазірет Амр халифаның дегенін істеп, қағазды Ніл өзеніне ағызды. Таңертең Ніл суының жеті-сегіз метр көтерілгені сонша, арнасынан сыймай тасып кетті.
Сол күннен бері Ніл заңы әлі күнге дейін өзгерген емес .

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Омардың қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар ибну-л- Хаттаб оған:
– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін,- деді.
Жанында тұрғандардың біреуі:
– Мен оны танимын,- деді.
Омар одан:
– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам?- деп сұрады. Ол кісі:
– Жөні түзу, әділ кісі,- деп жауап берді.
Омар (р.а.) қайта сұрады:
– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей жақын көршің бе еді?
– Жоқ,- деп жауап берді әлгі кісі.
Омар (р.а.):
– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекеті мен қылықтарынан белгілі. Бұл кісі сауда-саттықпен айналысушы ма еді?- деп қайта сұрады.
Әлгі кісі бұған да:
– Жоқ,- деп жауап берді.
Бұл жолы Омар (р.а.):
– Бұл кісінің мінез- құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің?- деп тағы сұрады.
Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде Омар:
– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің,- деді де куәгерлік айтқан адамға қарап:- Бар да, сені танитын басқа біреуді ертіп кел,- деді .
Демек, бір адамды жақыннан тану үшін 3 шартқа аса мән берген жөн. Не қоян-қолтық араласатын көрші болып тұрасың, не саудаласып көресің, не бірге сапарға шығасың. Ал, осы үш шарт жүзеге аспаған болса – ол адамды танимын деу ағаттық.

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »