Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for Қыркүйек 2nd, 2010

Мұхаммед ибн Мәсләма – Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысқан алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі. Ол Мәдина қаласында Расулаллаһтың орнына уәкіл ретінде тағайындалған хазірет Омардың ел ішіндегі «арыз-шағым бұрышына» жауапты кісісі болатын. Халықтың бар арыз-тілектері осы бұрыш арқылы шешіліп, қажет болған жағдайда пара алған, біреудің құқығын аяққа таптаған басшылар мәселенің мән-жайы әбден анықталған соң, осы бұрыштың шешімі арқылы лайықты жазасы берілетін.
Бір жолы Омар (р.а.) Мәдинаға жиналған атқа мінер ел ағаларына олардың халыққа жақсы қарауы керектігін, ешкімге әділетсіздіктің жасалмауын қатал түрде ескерткен-ді. Дәл осы мезет халық арасынан сытылып шыққан біреу:- Мына пәлен деген басшыңыздың мені қарадай кінәлап, жөнсіз ұрғаны бар еді. Алайда соңында менің кінәсіз екендігім белгілі болған-ды,- деді де, өзінің сол адамда ақысы кеткендігін айтып қалды.
Мәселенің жай-жапсарын анықтай келе басшы болып тағайындалған адамның кінәсіз адамды жөн-жосықсыз жазалап, сабатқаны белгілі болды.
Бұл кезде хазірет Омардың да шешімі дайын еді:
– Сені сабаған басшыны сен де соншалықты сабайсың!
Алайда Амр ибн Ас бұған қарсылық білдірді:
– Ей, Омар! Сонда бұдан былай басшыларыңыздың халықтың көзінше сабатпақ болғаныңыз ба? Егер бұлай жасар болсаңыз, бұдан кейінгі уақытта басшылардың ел алдындағы абырой-беделіне нұқсан келеді. Онда олар жұмыс істеуден қалады ғой…
Хазірет Омардың да бұған жауабы дайын еді:
– Менің өйтіп-бүйтіп тісін батырған әлдіні қорғаштап, жәбір көрген әлсізді дәрменсіз кейіпте қалдыруға дәтім шыдамайды. Кім озбырлық жасаған болса, екінші рет ондай жөнсіз әрекетке баруға жүрегі дауаламау үшін жақсылап жазалануы керек!
Иә, шешім қатал.
Таяқ жеген адам өзін қамшымен қанша рет сабаса, ол да сол басшыны сонша рет сабамақ болды.
Бұл жолы ешкімі жоқ әлгі адамға Амр ибн Ас қайта барды. Бара сала өз ұсынысын айтты.
– Сені қанша рет қамшымен сабаса, мен саған сонша алтын берейін. Осыны ал да, кеткен ақыңды кешір. Әйтпесе халық батылданып, басшылардың жүрегі шайлығып қалар…
Таяқ жеген кісі қамшы салудың орнына алтын алғанда ғана барып, әлгі басшыны кешіреді. Содан былайғы уақыттан бастап тағы да хазірет Омардың қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында панасыз жандарды басынып оларды жөнсіз сабау ісі сап тыйылған еді.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Грек елшісі Мәдина қаласына саяси бір кездесу мақсатында келді. Келген бойда мұсылман елінің басшысы халифа Омардың сарайын сұрады. Кімнен сұраса да бәрі:- Біздің халифаның барша жанды сыйдырған көңіл сарайынан басқа ел қабылдайтын арнайы салдырған ешқандай сәнді сарайы жоқ. Тек қана кедей-кепшіктіктердікі тәрізді кішкене ғана күркесі бар,- десті.
Бұны естігенде грек елшісінің таңданысында шек болмады. Қанша тиелген жүктері мен сыйлықтарын, түйелерін-бәрін бос қоя беріп Омар Фаруқты іздей бастады. Қала ішінен түк қалдырмай халифаны іздеп жүріп өз-өзіне: «Мәссаған, демек адамдардың назарына көп түсе бермейтін ел басшысы да болады екен-ау» деп күбірлеген ол одан әрі іздестіреді.
Бір араб әйел:
– Сен іздеп жүрген халифа Омар әне, ана құрма ағашының көлеңкесіндегі кісі. Елдің бәрі төсекте жатқанда ол керісінше жерде құм үстінде жатыр. Бар да көлеңкеде жатқан зылл-ы- иләһиге (Хақтың көлеңкесіне) көз сал!..- деген еді.
Ұйықтап жатқан хазірет Омардың сұсты кейпі грек елшісіне қатты әсер етті. Қорқыныш пен ұнамдылық екеуі екі бөлек жайт болғанымен, екеуінің бірдей бойын баурап алғанына таңданған елші өз-өзіне «Мен қаншама императорларды көріп, солардың мақтауын естіген жанмын. Алайда сол патшалардың қасында ұяламаған қорқыныш пен сүйіспеншіліктің дәл осы бір кісінің қасына келгенде бойымды тебіренткені тегін болмаса керек. Халифа ешбір қарусыз жерде жатса да, менің қалшылдап қорыққаныма жол болсын?! Бұл не өзі сонда?! Сірә, бұл сұсты кейіп мына шапанға оранып жатқан кісіге Хақтан берілсе керек» деді іштей.
Грек елшісі осылайша өз ойымен өзі арпалысып тұрғанда хазірет Омар да ұйқысынан оянған еді. Грек елшісі хазірет Омарға иіліп құрметпен сәлем береді. Халифа да ерекше бір ілтипатпен сәлемін қабыл алып, демде-ақ оны өзінің жан сарайымен баурап, небір шуақты тәтті сөздерін сыйлап, жанын жадырата түсті.
Елші мынадай ел басшысы дәрежесіндегі адамның соншалықты кішіпейілдігіне таң тамаша болған еді. Тіпті бөтен елден келген елші сәлден кейін-ақ Омарға өз елінің адамынша бауыр басып, әдемі әңгімеге беріліп, ерігені сонша, не жұмыспен келгені де есінен тарс шықты.

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »