Бұрын мені «жердің шеті қайсы екен?» деген сауал қызықтыратын. Жердің шеті. Карта бойынша, Америка – жердің бір шеті. Бұл алып елге келуді мен ешқашан ойға алмаппын, бірақ. Тіпті бір жыл бұрын біреу маған «осы елде екі жылың өтеді» десе, сенбес едім. Өйткені, менің өзім үшін қарбалас та қызық жұмысым ғана қымбат еді ол кезде. Иә, біраз уақыт болды, мен – АҚШ-тамын.
Алып мұхит үстін көктей өтіп, ұшағымыз жерге таяй бергенде, артта отырған қыздың: «О-о, анау Манхеттен ғой!» – деген даусы елең еткізді. Сіріңкенің қорабындай ғана үйлердің бір шоғыры сәл биіктеу көрінеді екен, балалардың ойыншық алаңы сияқты тура. Жерге түсіп, есімізді жиған соң, манағы «балалардың ойын алаңындай ғана екен» деп ойлаған Манхеттенге келдік.
Пәлі! Төбеден титтей көрінген үйлерім таудай-таудай екен! 100 қабатты, бәлкім, одан да биік үйлердің бәрі-бәрі бір жерге шоғырланған. Аралары қарыс қадам, 98 қабаттық ғимаратқа арқаңды сүйеп, 115 қабаттық ғимаратқа аяғыңды тіреп отыра аласың. Ғимараттардың бірінің көлеңкесі аяқталмай жатып, екіншісінікі қосылады. Іргетастардың көбі салынғаннан бері күн сүймеген екен. Өйткені, күн сәулесі жерге түспейді.
Әр көшенің санмен белгіленуі маған ұнады, шетелдіктердің жаттауына, шатаспауына ыңғайлы екен. Көшелерінің аралары өте жақын орналасқаны сондай, қанша ұзақ жүрсең де, шаршағаныңды сезінбейсің. Адамдары ығы-жығы. Екі кісі қатар келе жатып, бір-бірінен көз жазып қалуы оп-оңай. Көшелерін адам көші басқан бұл мекенге мәшинелердің кіруі өте қиын.
Әрі салығы да көп болған соң, көп көлік көрмейсіз. Күндіз-түні легі толастамай жатқан адамдар немен жүреді дейсіз ғой? Метромен! Үсті қатар-қатар тізбелей салынған алып ғимараттардың астында метро барын және ол метроның бір емес, үш қабатты екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Ғасырлық тарихы бар 100 қабатты үйдің астын үңгіп, жер асты жолын салу үшін үлкен тәуекел ғана емес, қаншама есеп керек!!! Сонда бұл қаланың асты-үсті қыбыр-жыбыр тіршілік деген сөз! «Мұнда таза америкалықтарды кездестіру қиын, көбі эмигранттар, Нью-Йорк – АҚШ емес!» деді мені күтіп алған кісі.
Нью-Йоркта біраз күн болып, Колорадо штатына қарай жол тарттық. Алекс есімді жігіт қарсы алды. Александр Уайт – Қазақстанға ерікті ретінде барып, тіл үйреткен, өзі де қазақшаға біршама жүйрік азамат. Анасы екеуі халал бір мейрамханаға тапсырыс беріп қойған екен, сол жерден тамақтандық. Адал ас беретін мейрамханалардың саны көбейіп келеді екен мұнда да. Бір қызығы,
Америкалық асхана
еліміздегідей емес. Қанша мейрамханасында болдық, дәл Қазақстандағыдай қызмет үлгісі жоқ. Сервистан бұрын, интерьері келіспейді. Мейрамхана деген аты дардай болып тұрғанмен, ішкі безендірілуіне, қойылған үстелдеріне, ыдыс-аяқтарына қарасаңыз, көңіліңіз толмайды, біздің ең-ең қарапайым асханалар деңгейінен аспайды.
Ыстық шайды да әрең табасыз мұнда. Америкалықтар ыстық шәй ішіп, уақыт кетіргенді, манты сияқты дәмді болса да, жасалуы ұзақ тамақтарды қаламайды. Қалайды ғой, бірақ уақыт кететін болғандықтан, фаст-фудқа (жылдам дайындалатын тағамдарға) разы болып жүре береді, ыстық шайдан гөрі, мұзды су не шырынмен шөл қандырғанды қалайды.
Уақыт қымбат, өйткені!
Ал кез келген біреуінен бір кеңес сұрасаңыз, олар уақыттарын аямай, ұзақ та тиянақты түсіндіреді. «Абай-Гагарин көшелерінің қиылысынан, Баспалар үйінен «Ұлан» газетінің редакциясын табасың» деп кете беру оларға жат. Америкалықтар қандай көлікпен, қалай жетуді, ол жерге баратын автобустардың қайсысы жайлы екенін, жол ақысын қалай төлеу керектігін, аялдамадан түскен соң, алдыңнан не кездесетінін – бәрін-бәрін тәпіштеп тұрып айтады.
Олар түсіндірген соң, көзіңізді жұмып барып сол жерді таба аласың. Бірақ ол сізбен ілесіп барып көрсете алмайды, америкалық ережеге жат нәрсе ол. «Жетектеп қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, жетекте жүрген адам ұзаққа шаппайды, өз миы бар, соны пайдалансын» деген қағиданы ұстанады.
Олармен кездесуге келісіп, 10 минут кешіксеңіз, кездесетін адамды бұлқан-талқан ашуландырдым деп есептеңіз. Бірақ
Америкалықтардың ашуы…
Мен оны әлі көрмедім. Бір де бір адам ашуланып жүрмейді мұнда! Әуежайдан түсе сала байқайтыныңыз – жадыраңқы жүздер. Олардың әдемі күлкісі сізге де әсер етіп, қалай жымиып келе жатқаныңызды байқамай қаласыз. Мұң бұл жерді мекен ете алмайтын сияқты. Сенің бетіңе көңілдене қарап, баяғыдан танитын адамдай жымиып амандасып бара жатқаны үнемі.
Бұл жақта ең-ең көп қолданыстағы сөз – excuse me, I am sorry (кешіріңіз!) Жолды сен бөгеп тұрсаң да, өтіп бара жатқан адам сенен кешірім сұрап өтіп бара жатады күлімсіреп. Бағдаршамның жасылы жанып тұрып, сіз жолдың тура ортасына келгенде қызыл жанып кетсе, көліктер қозғалмастан күтіп тұрады. Балағаттап, сигналды үсті-үстіне басып, есіңізді шығару – олар үшін жат қылық. Тіпті, сіз көшенің бағдаршамсыз жерінен өткіңіз келсе де, олар аппақ тістерін жарқыратып, күтіп тұрады. Сондықтан көшеден өткенде екі етегі желбіреп, ебіл-дебілі шығып, тері ағып жүгіріп жүрген адамды көрмейсіз.
Олардың мейірімі
мені қайран қалдырды. Қайран қалдырғанда… көшеде бір бомж жатыр және соның дәл жанында бір ит жалақтап, қарны ашып отыр делік. Америкалықтардың итке жаны ашиды. Итті мүсіркейді олар, адамды емес. «Бар құрметке лайық адамды емес, жануарға мейірленгені несі?!» деп таңқалдым. Сөйтсем, оған да жауап бар екен: «Рас, адам – мына әлемнің патшасы. Бірақ оның ақылы бар. Ақылы бола тұра, өзін-өзі аямаған адамды аяуға болмайды. Ал иттерде ондай ақыл жоқ қой. Табиғат әлсіз жаратқан жануарды қолдау керек!!!»
»Әлсізге көмектес, жығалғанды сүйе» деген ой сіңіп қалған мен үшін бұл принцип жат, әлі де түсінбеймін.
Телеарналардығы жарнамаларын байқасаңыз да, шоколад, байланыс саласы және итке мейірім мәселесін көп жарнамалайды. Олар көшеде тоңып, қарны ашып қалмасын, асырап алайық деп үгіттейді. Бір Алматы қаласында 50 мың қаңғыбас ит бар екенін білген кезде, жандары түршігіп, төбе құйқалары шымырлап, көздері алақандай болып кетті. «Мысығымның бетінде бір теңбіл пайда болыпты» деп дәрігерге көрсетіп, 100 доллар төлеп жүрген, итіне сүйек пішіндес титтей тамақты шамамен 1000 теңгеге алатын да солар.
Бірде тауға шыққанымызда қызық оқиға болды. Америкалықтар тауға міндетті түрде иттерін алып шығады. Сол жолы ойға түйдім – мейірім бар болмысты өзгертеді екен! Тіпті, иттік болмысты да! Аяқ киімдерімізді киіп жатқанда, екі келіншектің иттері бір-біріне қарап ыр-р-р ете қалды. Ол аздай, бір-біріне жүгірді. Жүгірістері де Қазақстанның иттерінікі сияқты жұлқынған жүгіріс емес, бір-біріне жеткен күннің өзінде, тұмсықтан тістеп алыса кететін иттердің түрі көрінбейді. Мен келгелі, бері иттің ырылын бірінше рет сонда естідім. «Апырай, иттік инстинкт аздап болсын қалған екен-ау» деп таңғалып тұрмын. Жиналғандардың бәрінің назары соларға ауды. Екі иттің арасына араша түсіп тұра қалғандар да болды. Бірінші келіншек: «Ойбу, менің итім психологиялық өзгеріске ұшырапты. Мен оны дәрігерге көрсетпесем болмас. Тауды қояйын бүгін», – деп келген ізімен кері қайтты. Ең маңызды, ең қызықты күні санайтын жексенбісін иті үшін құрбан қылды. Сөйтсек, психикасы бұзылған оның иті емес, ана екінші әйелдікі екен. Біз оны тауға шыққанда басқа иттерге жүгіргенде көрдік.
«Табиғатпен етенеміз»
Осы пікір олардың көкейіне қонақтап қалған. Бізге қонаққа келген тұрғындар «еуропалықтар біздің осы қағидамызды бұзуда» дейді. «Үйлерде қамалып, тас қалаларға сіңіп бара жатырмыз» деп мұңайған олардан осы өлкенің ежелгі тұрғындары – үндістер туралы сұрадық. Таза солар тұратын елді мекендер бар екен әлі де, бірақ үндістер өз-өздерін тастап жіберген, ішкілікке салынып кеткен дейді. Қазіргі АҚШ үндіс мәдениетін мұражай-мәдениетке айналдырып, содан пайда тауып отыр десе болады. Байырғы тұрғындар еуропалықтарға жерін бергені, азаттығын бергені аздай, енді олардың мәдениеті ақша табу құралына айналып, мұражайды «паналауға» мәжбүр…
Американың өлшемі қызық
Температураны – Фаренгейтпен, килограмды фунтпен өлшейтінін оқырмандар да білер, бәлкім. Менің айтпағым басқа. Мәселен, олардың кей сорпалары 4 литрге жуық, мейрамханаларында шараға меймілдете толтырып әкеледі. Дүкендерінде көп заттар орамасымен сатылады. Мен шашыма бір қыстырғыш алайын дегенмін, бірақ оның 50 данасын түгел сатады екен. Солай бумасымен алуға тура келді. Ондай мысалдар жетіп-артылады.
Және олардың мәдениетке қатысты да көзқарас-өлшемдері өзгеше. Көшеге қоқыс тастауға болмайды, есесіне кез-келген жерде, мәселен, сабақ үстінде де мұрнын жақсылап тазартуға (сіңбіруге) болады. Ал киімге қатысты тіпті қызық. Ескі, кір не жыртық киіммен жүру кедейлікті білдірмейді тіпті де! Киім – сыртқы форма ғана! Біз қазір тұрып жатқан Уайоминг штаты ковбойлар мекені саналады. Тіпті штаттың таңбасының өзі – асаумен алысып жатқан жігіт. Қайда қарасамасыңыз да, осы белгіні көресіз. Және тұрғындар жылқышылар киетін резеңке етікті сән үшін шкафтарының ішіне қойып қойса да, ұят емес. Ол аз десеңіз, сондай керзі етікті жылқының қиына былғанғандай қылып бояп алып киетіндер де жетерлік, тура қорадан жаңа шыққан адам сияқты. Біздің ауылдың, нақтырақ айтсақ, қораның стилі бұл жақта ерекше сән. Және ковбойлар киімі де қымбат бағаланады.
Америкада АҚШ киімдері аз
Шынын айтсам, АҚШ-та АҚШ-тың өзі өндірген заттарды өте аз кездестірдім. Нью-Йорктағы ірі дүкендерден алған киімдеріміз де, Ларамидегі бірнеше супермаркеттер де Қытай өнімдері екенін білгенде, «шок» болдым. Қытай біздегіден де артық жаулап алған. Әміркен етік қазір әміркендіктер үшін де арман ба деп қалдым. Бізде ірі дүкендер Еуропаның, корейдің, түріктің киімдерін сатуға тырысады. Халық та қытай тауарларын онша суқаны сүйе қоймайды, бірақ амал жоқтықтан алып жатады. Ал мұнда ондай қарсылық та байқамадым. Алпауыт ел қалай ғана экономикасының тізгінін айдаһар еліне ұстатқаны түсініксіз!
Түйін
Иә, мен көрген АҚШ азаматтары біз жақта сипатталатын «кейіптеріне» онша ұқсамайды. Бәле бастауға құмарлықтарынан көрі, білім мен мәдениетке құмарлықтары ерекше аңғарылады. Адамдарының иіндері де жұмсақ. Бірде біз тамақтанып болған соң, карточкамызды ұсындық кассаға келіп. Жаңа карточкаға сол күні тапсырыс берген едік, ал қолымыздағы есеп айырысу құралын құлыптап тастағынын сол мезет білген де жоқпыз. Ал кассадағы қыз бізге «карточкаларың жарамсыз, басқасын беріңдер» деп те, «кепілге зат қалдырыңдар» деп те айтқан жоқ. Күлімсірегін қалпы: «Бәрі жақсы! Рахмет!» – деп шығарып салды. Біз оны кеш білдік.
Олар көшеде түнделетіп келе жатқанымызда «жеткізіп салайық, келіңдер, отырыңдар!» деп ілтипат білдіруден жалықпайды.
АҚШ-та адам тонау деген ұғым жоқ дейді білетіндер, өйткені, қалтаңда ақша емес, карточка жүреді. Үй тонау деген де ұғым жоқ болса керек, үйлерін биік қамал тұрғай, шарбақпен қоршағандар да аз. Есікті ілмей ұйықтап, кілттемей жүретіндер де жетерлік. Адамдардың бір-біріне деген сенімдері орасан.
Әр америкалық біреуге ұқсағанды ар санайды, тіпті өзге ұлтты былай қойғанда, өзара бір-біріне ұқсап кетуден сақтанып, ерекшеліктерін сақтап жүреді.
Олар өмірді жеңілдетуге барынша тырысады. Материалдық тұрғыда да, рухани тұрғыда да!
Олар өз елін сүйетіні сондай, «мен АҚШ азаматымын!» деген ой оларға қанат бітіреді!
… Менің бір байқағаным – біз шетелдіктер сияқты өмір сүреміз, мінген көлік, ұстаған жаңа техника, тұратын үйлеріміз – бәрі-бәрі заманауи. Бірақ біз өз ділімізді, өзегімізді, білім мен мәдениетті ұмытып кетіппіз…
Кәмшат Әбілқызы,
журналист.
Арнайы «Ұлан» үшін
Ойңызыңа қосылам,
йә шын айтасыз
Пікіріңізге рахмет! 🙂
Қытайдың жаулап алғанына таң қалғаңыз енді қызық, coca-cola бутелкесін қытайлықтар жасады десе сенемін )))
Ал ен түйіндегі ойыңызға келісемін, американдықтардың өздері бір-бірінен ерекшеленгісі келсе, бізде еліктегісі келіп турады, мен оған қарсы емеспін жақсы жақтарын алса болады ғой.
Мысалы: ол өмір сүру жағдайын жеңілдету, яғни қиындатпау.
Зәулім үйлерде жұмыс істейді олар, ал нағыз американдықтардың тұратын үйлері, кәдімгі қазақтың жер үйі секілді.
Жазбаңызға рахмет!
Менде сұрақ: Сол жақта сізге жұмыс ұсынылса, сіз қалар ма едіңіз?
1. Қытайдың жаулап алғанына таңданбасқа шарам жоқ. Бүкіл заты қытайдан болса және оған американдықтар тарапынан еш қарсылық болмаса, қалай таңданбайын? Бізде ол елдің тауарын ұнатпайды, жағдайы келгендер Еуропа, кәріс, АҚШ заттарын алып жатқанына үнемі куә болатынмын. Тіпті, өз басым, бір сүт алсам да, оның Қазақстанда өндірілгеніне қарайтынмын, Қырғызстанда емес. Дәптер алғанда да, қытай не ресей өнімін емес, Қазақстан өнімін алатынмын. (өзі аса көп өнім өндірмейміз де ғой). Сондай «қарсылықпен» өмір сүрген соң ба, алып елден де өз затына, өз Отанына деген махаббатты күткенім рас.
2. Иә, бәрі мөлшерінен аспаса ғана жарасымды.
3. Менің арманым – біздегі бар құндылықтарды жоғалтпасақ екен, қайта өзге құндылықтармен жетілдірсек екен деген арман! Сол жолда қызмет еткен қызығырақ!
Пікіріңізге рахмет!!! 🙂
Әр штат әртүрлі болар деп ойлаймын. Себебі, Индияда солай. Солтүстіктен келгендер Ченнайды жақтырмайды, ал оңтүстіктер сәйкесінше оларды. Ченнай туристерге, шетелдіктерге қауіпсіз қала, ал Делиде алдап кету, ұрлау дегендер кездесіп жатады екен 🙂
Жаңа қоныс құтты болсын! :)))
Иә, солай дейді білетіндер. Кей штаттар дінге қатты берілген дейді, ал біз тұрып жатқан Уайоминг ол салқынқанды штатқа жатады екен 🙂
Өзге елде тұрып көру де қызық екен, өз еліңдегі әр оқиғаға басқаша қарайсың, сырттай бақылай аласың дегендей 🙂
Рахмет, Бальзаминка, айтсын!!! )))
Әсерлі баяндапсыз, Кәмшат! Американдықтардың тұрмыс-салтын, күнделікті тіршілігін көзіммен көргендей болып қалдым 😉
Рахмет, Розатай!!! АЛЛА разы болсын!!! 🙂
Маған да ұнады. Қарапайым әңгімелеу тәсілімен жазу,оқырманын мәтінді толық оқып шығуға өзі-ақ тартады. …»Бұл алып елге келуді мен ешқашан ойға алмаппын, бірақ. Тіпті бір жыл бұрын біреу маған «осы елде екі жылың өтеді» десе, сенбес едім…» депсің. Асекеңе жар болу құрметіне ие болғанның арқасында шетел асып кеттің. Дәм бұйырды деген осы. 🙂
Рахмет, Тоты! Рас, «адам айдаса барма, дәм айдаса қалма» деген осы шығар 🙂
«Сондықтан көшеден өткенде екі етегі желбіреп, ебіл-дебілі шығып, тері ағып жүгіріп жүрген адамды көрмейсіз». – дегенді оқып, өзіміздің үй жақтағы, жаяу адамдар өтпесі, көз алдымызға елестеп кетпесі бар ма? Бір рахаттанып күліп алдым, өйткені, екі етегім желбіреп, ебіл-себілім шығып сол жерден мен де талай далаңдап жүгіріп өткем…. тіпті машинаның астына түсіп қалғанмын да…
Әдемі екен, көз алдыма Әмерикі елестеп кетті, сол жақта жүргендей сезіндім өзімді..))))
Машинаның астына??? АЛЛА амандығын берсін!!! Қорқынышты!!!
Иә, көшеден жүгіріп өту әдет. Оның үстіне көліктер күтіп тұрғанда жай өте де алмаймыз ғой :).
Рахмет, Гүлжайнат!!!
Еркеқыз, жазбаңды оқып отырып, АҚШ-та жүргендей күй кештім. Америка десе бар озбырлық, жауыздық, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер көз алдыма елестейтін. өзіңнің көрген-білгеніңді оқығаннан кейін көзқарасым біршама өзгерді. ол ел туралы әлі де жазба күтеміз.
Рахмет, жеңеше! АЛЛА разы болсын саған!!! «Мейірімді мемлекет болмайды, мейірімді адамдар болады» деуші ме еді? 🙂
сосын әр штат әр түрлі. біз бір тыныш қаласына түсіптік
Аллай, сұлу жазасыз ғой прям аппақ))) тек позетиф))) бұрын оқығанмын, тағы оқып тұрмын вордпрес ашқалы))) біраз уақыттан кейн тағы оқырмын))) очм тоймайсыз))) тек жазып тұрыңызшы енді сағындырмай бізді))))
Жаныым, Айком, АЛЛА разы болсын! Бірқуантып тастадыңыз! Рахмеет! Енді жиі жазып тұруға тырысам