Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Posts Tagged ‘Ертегі’

Ақжігіт көркем жігіт. Біз ойлағаннан да көркем. Елгезектігінің өзі көпке үлгі боларлықтай. Жұрттың бәрі оны жақсы көреді. Әңгімелері кіл жақсылықтардан тұрады. «Атымтай атаның қорасының төбесін жауып беріп келе жатырмын» деп, Мақта қыздың үйінен шай ішіп, сосын пешін сылап, «Мақта қыздың пешін сылап бердім» деп, Жиренше шешеннің отынын арқаласып кетіп бара жататын. Сөзіне ісі сай жан кімге үлгі болмасын?! Кімге ұнамасын?! Бәрі оны жақсы көретін. Ауылдың қай тойы болмасын, Ақжігіттің тері сіңіп, төрінде отыратын ақсақалдармен бірге әңгімелесіп. Ооо, сіз оның ақылды әңгімелерін тыңдаған жоқсіз ғой, тыңдап көрсеңіз, бірден бас ұарар едіңіз.
Күндерді бір күн ақкөңіл Ақжігіт түнде ғажап түс көреді. Түсінде оған хан да, қара да сыйлық әкеп беріп жатыр. Небір қымбат тондар, алтындалған ерлер, қапталы күміс күймелер, гаухар, жақұты төбе боп үйіліп жатыр. Ақжігітті өзімсінетін жұрт оның сыйлықтарын да ашып көріп, тонын киіп көріп, еркінсіп жүр. Әйтеуір, Ақжігіттің бір қуанышы боп жатыр. Не қуаныш екенін ол өзі де түсінен емес, тек күле беретіні әрі аздап ашуланып, жабырқап отырғаны да шындық. Осыншама сый құрметке неге ренжіп отыр екен? Әлде, алып үйренбегендіктен, өзін жаман сезініп отыр ма?
Міне, кезекті сыйылығын Қожанасыр атасы берді. Бұл кісінің сөзі де, өзі де, сыйлығы да ерекше ғой. Үстелдің үстін қаумалай отырған қалың жұрттан сыйлығын «қол жалғап жіберші» деп бергені сол, тағы да алған адамнан бастап жылтыр қағазын жыртып, қорабын ашып, ішінде не бар екенін қолдарына алып көре бастады. Қожанасыр ата оған сыйқырлы құмыра беріпті. Оған қарап отырып, не ойласаң, соның бейнесі көрінеді екен. Бұл сыйлық бағанағы сыйлықтарға қарағанда жұрттың қызығуылығын одан әрі арттырып, қолдан қолға өтті, бір бірінің ойын құмырадан көріп, күліп, қорқып, таңданысып, сыйлық иесін ұмытып та кетті. Тезірек қолыма тисе екен деп Ақжігіт отыр. Бір кезде құмыра қолынан түсіп кетіп, оның ернеуінің шеті ұшып кетті. Өмірі ашуын білдірмейтін әдетіне басып, жай күле салған болды. Ызыланып отыр. Неге бірден бермейді деп ашуланады. Оның жуастығын пайдаланып, тиесілі сыйлығын рұқсатсыз ашып көруге бола ма???
Шеті кертік құмырасы да өзіне тиді ау әйтеуір. Құмырадан Ақжігіт ашуланып, ашуын ішіне бүгіп, тесірейіп отырған арыстанды көрді де, өзінің ашуланып отырғанын көріп, ұялғаннан күліп жіберді. Ақжарқын су сылдырап аққандай сурет шыға келді. Иәә, ол күнгі Ақжігіт алмаған, Ақжігіт көрмеген сыйлық жоқ. Тек, шапаны жыртық, Алпамыс әкесін күтіп жүрген Жәдігер сыйлаған сый ғана оған ашылмай жетіп, өзі бірінші ашты. Жүрегі өрекпіп әрең ашты. Ішінде мөп мөлдір бір нәрсе жатыр. Ешбір асылтасқа ұқсамайды, барлық сыйлықтан өзгеше. Алақанына алып көріп еді, жылуы бойына тарап, жұпары танауын қытықтады. Қай жақсылықты да жалғыз өзі пайдалануға ұялатын Ақжігіт аты белгісіз ғажап сыйлықты жанындағыларға да көруге берді. Барлық адам алақандарына алып тұрып «бақыт бақыт, қандай бақыт!» десіп жатты. Ол сыйдың аты расында да бақыт еді. Бақытын қолына қайта алып жатып Ақжігіт оянып кетті. Бұл түсін не деп жорырын білмеді. Данадан да сұрады, ғалымнан да сұрады, батырдан да сұрады, биден де сұрады, бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «бақытты болады екенсің» деді. Бірақ, жүрек шіркін тыншымады, жауабын ізде, іздей түс деп өрекпіді. Ақжігіт ауылдастарын тастап, түсін жоритын жан іздеуге кетті. Әбден арып ашып, жер шетіне шықтым ғой деген кезде бір қойшы баланы көрді. Ол қойшы бала бұның түсін естіп күлді, күлді де: «бәрі рас айтады, сен екі дүниенің бақыттысы болады екенсің. Сенің білгің келетіні ашуланған сеебің ғой, ә?» – деді.
– Дөп түстің!
– Оны сен маған бір жыл көмектес, сосын айтайын, – деді. Ақжігіт келісті.
Уәделі жыл өтіп, қойшы баланың сөзін естуге келді Ақжігіт. Бүгін бұл бала тым өзгеше. Күліп қарсы алды, ерекше қылып дастархан жасап қойыпты. Сосын қойшы бала түсін былай жорыды:
– Сен түсіңде көп сый алдым дедің. Расында да, кім не ексе, соны орады. Ол сыйлықтың бәрі сені күтіп тұрған жақсылықтар, нығметтер. Оның бәрін әппақ көңіл, маңдай термен иеленгенсің. Бірақ, сол сыйлықтарыңды ең бірінші өзіңнен бұрын өзгелер көрді. Бұл сен өзің жасаған жақсылықтарды жария ететіндігіңді білдіреді. Жасаған жақсылығыңды жасыра білу – үлкен өнер! Сен кімге көмек көрсеттің, кімнің отынын арқаластың, бәрін-бәрін ел біліп отырады. Ал, ана жетім бала берген бақыт сыйлығын ғана өзің ашу бақытына ие болдың. Оның себебі, сен ол бала аш жүргенде, қолыңдағы азықтан бөліп беріп, көз жасын құрғатады екенсің. Өзгелерге жасағаныңды жақсылық деп ойлағаныңмен, бұны сондай бір жетістігім деп санамапсың. Содан болар, оны айтуды да ұмытып кеткен екенсің. Сол жақсылығың саған жұмбақ, тосын, сый, тосын бақыт болып оралды, – депті.
Содан бері Ақжігіт өзі жасаған жақсылықтарды жарияламаса, екі есе көбейетінін ұғып, бұрынғыдан да тамаша жанға айналыпты.
P.S. Жақсылық көрсең асыр, өзің жасасаң, жасыр
Кәмшат

Read Full Post »

 Ерте-ерте, ертеде бір сұлу болыпты. Жаны мөлдірден мөлдір. Өзі әлемнің сұлулығын бойына жиған сұлу екен. Ол күлгенде әлем күліп, мұңды жан мұңын ұмтыпты. Солған гүл тіріліп, ұйқыдағы жан ояныпты. Өлген адамды ғана оята алмайды екен. Ол аруға адам түгіл аңдар аңтарыла қарап, құстар ұзыыын боп шұбатылған әсем көйлегінің етегін тұмсықтарымен тістей ұшып, құндыз мамық терісін табанына төсейді екен. Оны ешкім ренжітпепті. Ренжітуге қимапты. Ал, жігіттер сөз айтуға бата алмай, ол аруды сыйлапты. Оның сондай ғажап алқасы болыпты. Ол алқа жарқырағанда әлем түгел жарқырайды екен. Ол қыздың бір жүзігі болыпты. Ол жүзіктің мөлдірлігін мөлдір мұң деп те, мөлдір көл деп те, мөлдір көз деп те жеткізе алмаймыз.
Жақсыны қанша жақсы болса да күндеушілер табылады. Оның бұл жүрісін, өзгеге тек қуаныш сылайтынын көре алмағандар да болыпты. Арудың өзін құшу, әрине, мүмкін ғой, бірақ оның ағыл да тегіл махаббатына ие болу, әппақ жүрегінен орын алу үшін анау-мынау жігіт жарамайды. Өзгелер оның осы қылығын ұнатса да, сынай бастайды. Өздері ертегі, жырларында арман ететін кейіпкерлерін көрсе де, оны қабылдауға, онымен өмір сүруге дәрменсіз екендеріне ашулары келіп, қызды кінәлауға сылтау іздейді. Тіпті таппаған соң «сен неге біздей болмайсың?!» деп дүрсе қоя береді. Олар арудың киімдерін киіп алсақ, ол көріксіз боп қалады деп ойлайды. Сосын қыздың қызыл шарқатын, әппақ көйлегін, сары орамалын тартып алып, оған дөрекілік көрсетіп, жанын жаралайтынды шығарды. Тіпті, біреуі әдемі алқасын жұлып алып, оны отқа лақтырады. Ал, бірі жүзігін тартып алып, оны көлге лақтырады. Өздері тағуға болмайтынын білетін еді олар, өйткені жақсы жандардан «сыбағасын» тартады ғой. Қыз сонда да еш мұңаймапты. Тіпті жыламапты да. Тек, күлімсіреп, шарқатын алған адамға қалай орауды, орамалын алған адамға бйлауды үйретіпті. Тіпті, оларға қосымша тағы сыйлық сыйлапты. Қыздың бұл қылығына олар таңданыпты. Қателіктерін мойындап, аяғына бас ұрыпты. Тартып алғандарын да қайтарыпты. Қыз олардың алғандарын алмай, керісінше, қонақ қылыпты. Біраздан соң олардың пенделіктері тағы да оянып, тағы да әлдене ойластыра бастапты. Әлбетте, бұл топ тым аз еді, Құдайға шүкір. Енді олар қыз жасаған жақсылықтарды теріске шығаруды көздепті. Таныс емес жандарға да амандасатын қасиетін ақымақтық, үйіне келген қонағының аяқ киімін де тазалап қоятын қылығын әсіре жағымпаздық, біреудің жақсы жағын көретін қылығын саралауға қабілеті нашар, таяздыққа балапты. Қуаныштарына айналған сол қызды жанында көлі бар бір таудағы үңгірге апарып қамап тастапты. Оған әлгі сұлу құндыздар жәрдем етіпті. Суға тастағанда, балықтар ол қызды көріп, ғашық болып, алып қалғысы келіпті. Бірақ, қыздың судан мөлдір жасын көріп, шыдамай жағаға әкеледі. Су астында қыз өз жүзігін тауып алады. сосын оны отқа тастайды. Қыздың оттан ыстық жүрегіне таңданған оттың тіл-аузы байланғаннан сөйлей де, жана да алмай тоқтап қалыпты. Қыз ол жерден алқасын тауып алады. Әбден қиындық көріп, оларды көргеніне де қуанып отырған қызды көктен әлдеқандай бір жігіт келіп алып кетіпті. Содан бері жер бетінде ондай қыз жоқ екен. Білетіндер, оның аты Жарық болған деседі. Біреулер Сәуле еді дейді. Қазақ жақсы көрген жанын жарығым, сәулем дейді ғой. Егер сіз күндіз аспанға қарасаңыз, жарқырап тұрған жарық күнді көресіз. Ол – арудың алқасы. Түнгі аспанды айдын қылып жүзген ай арудың жүзігінің көзі. Айдың кейде суда бейнесі дірілдеп тұрса, ол бір кездері суда болғанда, оның сол жерде қалған нұры деп біліңіз. Күн оттай ыстық болса, отқа түскендіктен емес, ару жүрегіне жақын болғандықтан дейді. Ал, қыз жер бетіне сол күйі келмей кетті деп ойласаңыз, қателесесіз. Қыз жер бетіне күнде келіп, жарығын себеді екен. Ол жер бетіне керек екенін білетіндіктен, бәлсінуге ұялады.
Қыз өзіне қастандық жасағандарды да жақсы көріп, оларды да өз жарығынан кенде қалдырмайды екен. Адамдар оны әлі күнге дейін қатты аңсайды. Қыз жер бетінен қалай көтеріледі, сол мезет қараңғылық орнайды. Кеште ол кеткенде оның орнын жоқтатпау үшін жасанды жарыққа жүгіреді. Ал, ең ізгі құндылығы – білімін, иманын жүрек жарығы деп атапты. Күнде ұйқыға жатар алдында олар ертеңгі көрер жарығына сеніп жатады. Сізде де солай ғой, иә?
Кемпірқосақты білесіз. Қызылды-жасыл көркем жаратылыс. Жаздың махаббатқа толы жаңбырынан соң көрінеді бізге. Бірақ ұстатпайды. Міне, бұл сәуле-жарықтың су-айнаға қарағанда шағылысқан жанарының қиығы ғана. Кемпірқосақ шыққанда ол сұлу сыңғырлай күліп, шаттанып жатыр деп қабылдаңыз.
Кәмшат
21/ 01/ 2010 01:15

Read Full Post »