Романтиктер мерекесі.
Қыс маған хан қызын елестеді. Неге екенін білмеймін, ханшайымдай көрем қысты. Жоқ, қысты емес, қарды. Қардың асыл, жақұтқа тым әуестігі мен тым тәкаппарлығы ерекше. Бұл қасиеттер оған әдемі көрік береді.
Қысты мен ерекше күтемін. Бұрыннан солай.
Анам су әкелуге жібергенде, шанамен зымырап келе жатып, ойым сырғанақтың жанына жеткенде сырғанақтай бастайтын. Сырғанақ тебуге емес, сол мұз жолын ұзартуға. Сосын, флягымдағы суды сырғанаққа қарай төгетінмін. Кешкі апақ сапақта. Ешкім ойнамайтын мезгілде. Дәл сол кезде анамның «тез кел» дегені есіме түсіп, калонкаға қарай қайта заулайтынмын. Сіңіліммен бірге жіберсе де, дәл сол сырғанақтың тұсына жеткенде екеуміз бірдей кібіртіктеп барып, бір-бірімізге жаңағы ойды айтатынымыз қызық. Сосын, ол «қулығымызды» ешкімге айтпаймыз. Нанасыз ба, өзге балалар да соны жасайды ғой, әйтпесе, біздің сырғанағымыз қайдан пайда болсын? Сырғанағымызға кім еңбек сіңірсе де, ешқашан меншіктеген емес. Ол ортақ құндылық. Әлімсақтан солай, солай боп қала беретін. Кішкентай адамдардың жақсылыққа ұмтылуы деп білем бұны. Қыс қана жасата алатын жақсылыққа!
Жақында ауылыма жолым түсті. Менің ғажайып мекеніме. Нанасыз ба, ол жердегі сырғанақ кішірейіп қалыпты. Мен онда ойнамағалы қанша жыл өткенін де білмеймін. Бірақ, сырғанақтың тым аласарып кеткенін сездім. (Бәлкім, мен есейдім бе екен?). Әйтеуір, сырғанағымыз кішкентай. Кішкентайлығынан бұрын, онда ешкім де ойнап жүрген жоқ. Таңқалдым. Әр үйдің есігінен аналары шығып, қарға көздері қарығып, қолдарымен көлегейлеп тұрған жоқ, қайт деген белгіні беріп. Балалар аздырар ойынды қойып кетті ме екен, әлде?… Білмеймін…
Айтпақшы, ауылға бара жатқанда біз отырған көлік бұзылып қалды. Елді мекеннен алыс жерде. Айдалада. Ешқандай сусыз, отсыз жерде. Моторы бұзылған көліктің азынаған ішінде бір-бірімізден жөн сұрасып, түрлі жақсы әңгімелер айтып біз отырдық. Бұл дегеніңіз қыс қана жасай алар ерлік. Рас айтам! Жазда да көлігіміз бұзылған, бірақ дәл осылай араласып, әңгіме айтып, бір көрпешені тізелеріне бірдей орамаған еді үлкен кісілер. Бүгін ерекше. Қыстың адамдарды достастыратын қасиеті бұл! Кеш батқанша, таксилер тоқтап біртіндеп алып кеткенше отырдық, әбден тоңдық. Бірақ, қысқа, қарға ренжи алмадық. Қыс деген сұлу ғой. Оған қалай ренжиік? Әйтеуір, ауылыма кіргенде терезеден ентелеп өзенге қарай алмадым, қараңғылық қоршап тұрды. Тоғайға сүйсіне алмадым, түн шымылдығын түсіріп қойыпты…
Қыстың түні де тамаша. Әр үйден будақ-будақ шығатын түтінге қарап, терезеден телміріп отыратын әдетіме тағы бастым. Көрші үйлердің шатырының үстін қалыың қар басқан. Қызық, біздің де шатырдың үстінде Қар сұлудың шәлісі жайылып тұрды, иә, сол кезде?! Қонақтан қыдырып келіп, аязға бетімізден сүйгізіп келіп, жылы үйге кіріп рахаттанып отырдым. Шаң баспаған қарды жегім келді, анамнан ұялдым… Қыс шыдамды тексергіш өзі.
Таңғы 7-лер шамасында ауылды аралап жүрміз. Мен Алматыға қайтатын күні ғой бұл. Әр ағашқа таңдана қараймын. Бастан-аяқ моншақ тағынған, інжуге оранған ағаштардың моншағын кім қадап берді екен? Және ретпен, біреуін шашау шығармай, бір жібінің ұшын көрсетпей, асқан ұқыптылықпен! Сахна көйлектерін (бәлкім қалыңдық киімін) киген ағаштар, тек ертегі елінде ғана болатын аппақ ағаштар ортаға шығып өздерінше ән салып тұр. Мұңды емес, қаһарлы емес, көңілді емес, әйтеуір бір ән… Ол қыс әні ғой. Еш әнші орындай алмайтын ән!
Сол күні жолға шыққан қаншама адам көлікке сыймай қалды. Жолай ала кетші деп шопыр ағаға өтінді. Бірақ, жүргізуші аға: «біраз адамдар кеше «мені үйден алып кет» деп өтініп еді, уәде бергенмін. Қалай тастап кетемін?» – деді. Уәде бергендері өзінің таныстары не туыстары емес. Тек, алдын ала уәдесін алғандар ғана. Оңай олжаға, кешіріңіздер, жолай кезіккен жүргіншілерге айып етпеуін сұрап, адамдық борышын арқалап, қалдырып кетті оларды мейірімді аға. Қыс төзімді ғана емес, адамгершіліктің де сыншысы. Мен қуандым. Таңдандым. Қыстың, қардың сынағынан өткен шопыр ағаның жүзі қызылшырайланып, күліп тұр. Оған осы көрікті берген өзге емес, дәл осы АЛЛАның әдемі мезгілі ғой. Қыс өзін ғана емес, өзгелерді де әсемдеуші. Тек, сынағынан өте білсеңіз болды.
Қыс адамды сергітеді, бір-біріне жақындастырады. Әдемі қылады. Жазда отын сұрамайтын көршілер қыста ғана сұрайды, солай бір-бірінің мәрттігіне куә болады. Жазда шөп сұрамайтын ағайын қыста сұрайды, бір-бірін ырза қылады…
Алматыда қазір қыс. Өзгеше қыс. Жаңбыр жауып, артынан қарға айналатын қысқа да үйреніп қалдық. Кеше қар жауған. Бүгін шыршалар үлбіреген нәзік алақандарын жайып, өздеріне қонақтаған қарға мақтанып тұр. Теректер «менің түбімдегі қазынаға, үстімдегі шапанға қара» дегендей өзіне шақырады. Оларды барып сілкіп қалсаң, өзің ақ мамыққа, әппақ мамыққа көміліп шығасың. Нанбасаңыз, жасап көріңізші. Мен солай еттім бүгін. Іммм! Сөзім жоқ айтарға! (Мен өзіме бір құпия аштым. Ағаш бұтақтарына қар тұрмас бұрын, олар да өздеріне орын жасап алады екен. Қалай дейсіз бе? Кәдімгі мұздан. Мұзды моншақ қылып тізіп, қар қауырсындары соның үстіне жайғасады екен. Сонда нық әрі әдемі орналасады екен!)
Алмарасанға бардық жексенбіде. Тізеден келер қарға сүрініп, омбылап, әбден күлдік, сығанадық. Бала болдық. Мен қар жедім. (Кешіріңізші, анашым?) Бала кезде қалған әдет, қалдырып кеткен едім мен оны өзім. Қайта тауып алдым. Әппақ қар – әппақ балмұздақты жемеу мүмкін емес еді. Қаланың қары сияқты емес, өзгеше, тәтті қар екен тау қары. Ханшайымның өзі қандай әппақ болса, көйлегі де, үйі де сондай әппақ! Өзіне тартып тұрады. Және үнемі бір әуенмен ырғалып жүреді. Сол әнді тыңдайықшы! Жай жүріп, жұмысқа да, ештеңеге де алаңдамай! Әне, ағаштар қарға көмілгенде тығылып, сыбырлап ән салып отыр біреу. Ханшайымның өзі болар?! Білмеймін. Әдемі ән төгіліп тұр, төгіліп тұр… Қыс әні, қыс сазы ол!… «Романтиктер әні» ғой бұл әннің аты!!! Бәсе, бәсе, енді таптым!!! Алақай! Романтиктер әні!… Тсс! Ақырын!… Ән үзіліп қалмасын…
18/ 01/ 2010 сағат кешкі 21:45
Кәмшат
Read Full Post »