Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Posts Tagged ‘Құдайберді Бағашар’

Хижреттің 17-18 жылдары Шам төңірегінде «Әмуас обасы» деп аталатын оба ауруы кең тарады. Ең алғашқы шыққан жері Палестинаның Әмуас аймағы болғандық-тан осылай аталған. Бұл жұқпалы ауру әкелген кеселден 25 мың адамның өмірі қиылып, тіпті үлкен сахабалардың қатарындағы Әбу Үбәйда ибн Жәррах пен қоса Муаз ибн Жәбал да айықпас дерттің қармағына іліккен-ді . (толығырақ…)

Read Full Post »

(толығырақ…)

Read Full Post »

Мұхаммед ибн Мәсләма – Пайғамбарымызбен бірге барлық соғыстарға қатысқан алдыңғы қатарлы сахабалардың бірі. Ол Мәдина қаласында Расулаллаһтың орнына уәкіл ретінде тағайындалған хазірет Омардың ел ішіндегі «арыз-шағым бұрышына» жауапты кісісі болатын. Халықтың бар арыз-тілектері осы бұрыш арқылы шешіліп, қажет болған жағдайда пара алған, біреудің құқығын аяққа таптаған басшылар мәселенің мән-жайы әбден анықталған соң, осы бұрыштың шешімі арқылы лайықты жазасы берілетін.
Бір жолы Омар (р.а.) Мәдинаға жиналған атқа мінер ел ағаларына олардың халыққа жақсы қарауы керектігін, ешкімге әділетсіздіктің жасалмауын қатал түрде ескерткен-ді. Дәл осы мезет халық арасынан сытылып шыққан біреу:- Мына пәлен деген басшыңыздың мені қарадай кінәлап, жөнсіз ұрғаны бар еді. Алайда соңында менің кінәсіз екендігім белгілі болған-ды,- деді де, өзінің сол адамда ақысы кеткендігін айтып қалды.
Мәселенің жай-жапсарын анықтай келе басшы болып тағайындалған адамның кінәсіз адамды жөн-жосықсыз жазалап, сабатқаны белгілі болды.
Бұл кезде хазірет Омардың да шешімі дайын еді:
– Сені сабаған басшыны сен де соншалықты сабайсың!
Алайда Амр ибн Ас бұған қарсылық білдірді:
– Ей, Омар! Сонда бұдан былай басшыларыңыздың халықтың көзінше сабатпақ болғаныңыз ба? Егер бұлай жасар болсаңыз, бұдан кейінгі уақытта басшылардың ел алдындағы абырой-беделіне нұқсан келеді. Онда олар жұмыс істеуден қалады ғой…
Хазірет Омардың да бұған жауабы дайын еді:
– Менің өйтіп-бүйтіп тісін батырған әлдіні қорғаштап, жәбір көрген әлсізді дәрменсіз кейіпте қалдыруға дәтім шыдамайды. Кім озбырлық жасаған болса, екінші рет ондай жөнсіз әрекетке баруға жүрегі дауаламау үшін жақсылап жазалануы керек!
Иә, шешім қатал.
Таяқ жеген адам өзін қамшымен қанша рет сабаса, ол да сол басшыны сонша рет сабамақ болды.
Бұл жолы ешкімі жоқ әлгі адамға Амр ибн Ас қайта барды. Бара сала өз ұсынысын айтты.
– Сені қанша рет қамшымен сабаса, мен саған сонша алтын берейін. Осыны ал да, кеткен ақыңды кешір. Әйтпесе халық батылданып, басшылардың жүрегі шайлығып қалар…
Таяқ жеген кісі қамшы салудың орнына алтын алғанда ғана барып, әлгі басшыны кешіреді. Содан былайғы уақыттан бастап тағы да хазірет Омардың қара қылды қақ жарған әділдігінің арқасында панасыз жандарды басынып оларды жөнсіз сабау ісі сап тыйылған еді.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Грек елшісі Мәдина қаласына саяси бір кездесу мақсатында келді. Келген бойда мұсылман елінің басшысы халифа Омардың сарайын сұрады. Кімнен сұраса да бәрі:- Біздің халифаның барша жанды сыйдырған көңіл сарайынан басқа ел қабылдайтын арнайы салдырған ешқандай сәнді сарайы жоқ. Тек қана кедей-кепшіктіктердікі тәрізді кішкене ғана күркесі бар,- десті.
Бұны естігенде грек елшісінің таңданысында шек болмады. Қанша тиелген жүктері мен сыйлықтарын, түйелерін-бәрін бос қоя беріп Омар Фаруқты іздей бастады. Қала ішінен түк қалдырмай халифаны іздеп жүріп өз-өзіне: «Мәссаған, демек адамдардың назарына көп түсе бермейтін ел басшысы да болады екен-ау» деп күбірлеген ол одан әрі іздестіреді.
Бір араб әйел:
– Сен іздеп жүрген халифа Омар әне, ана құрма ағашының көлеңкесіндегі кісі. Елдің бәрі төсекте жатқанда ол керісінше жерде құм үстінде жатыр. Бар да көлеңкеде жатқан зылл-ы- иләһиге (Хақтың көлеңкесіне) көз сал!..- деген еді.
Ұйықтап жатқан хазірет Омардың сұсты кейпі грек елшісіне қатты әсер етті. Қорқыныш пен ұнамдылық екеуі екі бөлек жайт болғанымен, екеуінің бірдей бойын баурап алғанына таңданған елші өз-өзіне «Мен қаншама императорларды көріп, солардың мақтауын естіген жанмын. Алайда сол патшалардың қасында ұяламаған қорқыныш пен сүйіспеншіліктің дәл осы бір кісінің қасына келгенде бойымды тебіренткені тегін болмаса керек. Халифа ешбір қарусыз жерде жатса да, менің қалшылдап қорыққаныма жол болсын?! Бұл не өзі сонда?! Сірә, бұл сұсты кейіп мына шапанға оранып жатқан кісіге Хақтан берілсе керек» деді іштей.
Грек елшісі осылайша өз ойымен өзі арпалысып тұрғанда хазірет Омар да ұйқысынан оянған еді. Грек елшісі хазірет Омарға иіліп құрметпен сәлем береді. Халифа да ерекше бір ілтипатпен сәлемін қабыл алып, демде-ақ оны өзінің жан сарайымен баурап, небір шуақты тәтті сөздерін сыйлап, жанын жадырата түсті.
Елші мынадай ел басшысы дәрежесіндегі адамның соншалықты кішіпейілдігіне таң тамаша болған еді. Тіпті бөтен елден келген елші сәлден кейін-ақ Омарға өз елінің адамынша бауыр басып, әдемі әңгімеге беріліп, ерігені сонша, не жұмыспен келгені де есінен тарс шықты.

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Мысыр елі Омардың (р.а.) ел басқарған халифалығы тұсында мұсылмандардың қолына өтті. Мысырды мұсылмандардың қол астына қаратқан даңқты қолбасшы – Амр ибн Ас еді.
Мысыр халқы Амр ибн Асқа өздеріндегі әдет-ғұрыптарды таныстыра келіп:
– Ей, қолбасшы! Біздің салт-санамыз бойынша Маусым айының он екінші түні үйлене қоймаған жас қызды барынша сәндеп, әдемі киіндіреміз. Сөйтеміз де Ніл өзеніне тастаймыз. Біз бұны Ніл өзені арнасынан тасып, маңайындағы егіндіктерді суғару үшін жасаймыз,- деп түсіндірді.
Амр ибн Ас мысырлықтарға:
– Бұл исламға мүлдем жат нәрсе. Ислам діні бұрынғы барлық жаман әдеттерді жойды,- деді.
Алайда сол жылғы маусым, шілде, тамыз айларында Ніл өзенінің суы тасымай Ніл жағалай күн көретін халық құрғақшылыққа ұшырап қатты қиналды. Халық жапа-тармағай көшуді жөн көрді.
Амр ибн Ас болса жағдайды баяндап, халифаға хат жіберді. Хатты алған Омар (р.а.) іле-шала былай деп жауап жазды:
«Сен өте орынды істепсің. Исламның бұрынғы жаман әдеттерді жойғаны да рас. Саған хатпен бірге тілдей қағазға өзінше бөлек жазу жіберіп отырмын. Сол бір жапырақ қағазды Ніл өзеніне тастарсың».
Амр ибн Ас әлгі айтылған тілдей қағазға көз тастағанда онда былай деп жазулы тұр еді:
«Аллаһтың құлы әрі мүминдердің басшысы Омардан Мысырдың Ніл өзеніне!
Ей, Ніл! Егер сен осы уақытқа дейін өз күшіңмен ағып келсең, онда бұдан былай ақпай-ақ қой. Алайда құдіреті күшті бір Аллаһтың бұйрығымен ағып келсең, онда Аллаһ тағаладан бұдан кейін де сені толассыз ағызып, арнаңнан тасытуын тілейміз».
Хазірет Амр халифаның дегенін істеп, қағазды Ніл өзеніне ағызды. Таңертең Ніл суының жеті-сегіз метр көтерілгені сонша, арнасынан сыймай тасып кетті.
Сол күннен бері Ніл заңы әлі күнге дейін өзгерген емес .

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Омардың қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар ибну-л- Хаттаб оған:
– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін,- деді.
Жанында тұрғандардың біреуі:
– Мен оны танимын,- деді.
Омар одан:
– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам?- деп сұрады. Ол кісі:
– Жөні түзу, әділ кісі,- деп жауап берді.
Омар (р.а.) қайта сұрады:
– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей жақын көршің бе еді?
– Жоқ,- деп жауап берді әлгі кісі.
Омар (р.а.):
– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекеті мен қылықтарынан белгілі. Бұл кісі сауда-саттықпен айналысушы ма еді?- деп қайта сұрады.
Әлгі кісі бұған да:
– Жоқ,- деп жауап берді.
Бұл жолы Омар (р.а.):
– Бұл кісінің мінез- құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің?- деп тағы сұрады.
Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде Омар:
– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің,- деді де куәгерлік айтқан адамға қарап:- Бар да, сені танитын басқа біреуді ертіп кел,- деді .
Демек, бір адамды жақыннан тану үшін 3 шартқа аса мән берген жөн. Не қоян-қолтық араласатын көрші болып тұрасың, не саудаласып көресің, не бірге сапарға шығасың. Ал, осы үш шарт жүзеге аспаған болса – ол адамды танимын деу ағаттық.

Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Хазірет Омар бір күні Жұма намазына бара жатып бір тамның қасынан өте бергенде там төбесінен үстіндегі киіміне қан тамып кеткен еді. Ол бірден қан тамшылап тұрған астауды тауып әлгі тамның үстінен алып тастады, сөйтті де үйіне кері қайтып, үстіндегі киімін ауыстырып қайта келді. Мешітке келген халыққа намаз оқытып болған соң хұтбаның соңын ала бере жиналған халыққа қаратып: «Әй, жамағат, мүминдерге қиыншылық жасап отырған жайларыңыз бар,- деп бастап,- мен сол қан тамшылаған астауды орнынан алып тастадым»,- деп сөзін аяқтайды. Хазірет Омар сөзін бітірместен мешіт ішінен біреудің «Әй, Омар! Сен не бүлдірдің?» деген айғайлаған ащы даусы естілді. Бұны айтқан адам Омардың ең қатты жақсы көретін досы Аббас еді. Кезінде бір қуаңшылықтан қатты қысылғанда «Аллаһым, бұл – пайғамбардың көкесінің қолы, бізге сол қолдың құрметі үшін жаңбыр жаудыра гөр!» деген тілек те осы Аббасқа қатысты айтылған-ды.
Аббас түрегелген күйі: «Ей, Омар! Ол там – менің тамым. Ал жаңағы астауды Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) өз қолымен сол жерге қойған еді ғой, сенің мына істегенің не?»,- деп кінәлады.
Омар «пайғамбарымыз өз қолымен қойып еді» деген сөзді естігенде-ақ бойдағы бар әл-дәрмені құрып, жер сүзе құлағандай пұшайман халге түсті.
Омар өз ісіне қатты өкініш білдіре:- Уа, Аббас!-дейді,- мен қазір сол тамның түбіне барып, басымды жерге қоям, ал сен болсаң менің басымды аяғыңмен басып тұрып жаңағы астауды орнына қоясың. Сен ол астауды орнына қоймағанша мен басымды ол жерден көтермек емеспін,-дейді.
Сөйтіп, соңында ескі астау өз орнына қайта қойылды.
Иә, сахабалар хазірет Мұхаммедті (с.ғ.с.) осынша-лықты жақсы көретін, тіпті оның әрбір іс-әрекеті олар үшін бұлжымайтын қағидаға айналған еді. Ирандықтар мен Византияны тізе бүктірген Омар пайғамба-рымыздың өз қолымен қойған астауына келгенде қаншалықты кішіпейілділік танытып, майдай еріді десеңізші?! Шіркін, біз де сүйікті пайғамбарымыздың қандай да бір ісінің ұмытылмауында сахабалар көрсеткен қырағылықтың сәл-пәлін болса да көрсете алғанымызда екі дүниеміз де жұмаққа айналған болар еді…
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Омар (р.а.) қай жолмен жүрсе де сол жол бойында жатқан ірілеу тастарды аяғының ұшымен жолдың шетіне ысырып, өзінен кейін сол жолмен жүретіндерге кедергі келтірмеуіне көңіл бөлетін.
Бір күні тағы да жолмен кетіп бара жатып, жол үстінде жатқан бір тасты аяғымен жол шетіне қарай ысыра теуіп қалған. Алайда жол шетіне шығарып тастамақ болған тас байқаусызда қарсы келе жатқан бір сахабаның аяғына барып тиді. Бұл жайтқа хазірет Омар іштей өкініш білдірсе де, үндемеген қалпы кете барды.
Арада бір жыл өткен еді. Омар сол баяғы жолмен кетіп бара жатып тағы да кездесіп қалып жатқан жол бойындағы тастарды жол шетіне ысырып бара жатқан еді. Дәл сол мезет өткен жылы аяғына тас тиген сахаба да сол жолмен өтіп бара жатыр екен.
Халифа еш ойланбастан қалтасына қолын салып жіберіп бір уыс ақша алған күйі әлгі сахабаға:
– Мә, мына ақшаны ал да қажетіңе жұмса,- деді.
Сахаба таңырқаған күйі:
– Әй, мүминдердің басшысы! Жұмсайтын ақшам менің өзімде де бар ғой,- деді.
– Жұмсайтын ақшаң бар да шығар білем, бірақ сонда да алғаныңды қалап тұрмын!
– Жоқ, маған қажет емес.
– Әй, сен осы жылы қажылыққа бармаушы ма едің?
– Иә, барам.
– Онда мә, жолыңа жұмсарсың!
– Жолыма да ақшам жеткілікті.
– Иә, жолыңа да ақшаң бар екендігін білемін, алайда мені кешірсін деп осы ақшаны берсем деп едім. Есіңде болса өткен жылы дәл осы жермен кетіп бара жатып, бір тасты жол шетіне теуіп жібергенім сол еді, ол тас барып байқаусызда сенің аяғыңа тиді. Мен басшы бола тұра бір адамды болсын аяғын ауыртып, ренжіткенім үшін іштей өзімді қатты кінәлап едім. Енді міне, соның мүмкіндігі туып тұрғандай. Сен мына ақшаны ал да менің сол жолғы абайсызда болған қылығымды кешір, мен де іштей мазасыздықтан құтылайын. Сен бұны алсаң, мен де жеңілдеп, өзімді жақсы сезінер едім. Кісі ақысының салмағын өзің білесің ғой!..
Бұл сол кезгі мемлекет басшысының жағдайы еді. Ал енді сол күнгі жай қарапайым халықтың жайынан мысал беріп көрейік.
Өзі тоқ бола тұра, көршісі аш бұратылып жатса, ондай адамның мұсылманға жатпайтындығын Әбу Зәрр жиі айтатын. Ол сондай-ақ қолында мүмкіндік бола тұра кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға қараспаған адамның о дүниеде Тозақтың азабын тартатындығын да жиі ескертетін.
Оны осы қылығын жақсы білетін жақын таныстарының бірі оның өзін қатырып тұрып сынап көру үшін оған сыйлық ретінде бір кесе алтын беріп жібереді.
Әбу Зәрр болса, ол алтынды ала алмайтындығын, одан да сол алтынды өзінен де жағдайы төмен кедей-кембағалдарға тапсыруы керектігін қанша қадап айтса да алтынды әкелген құл азар да безер болып «егер сіз осыны алсаңыз, менің құлдықтан құтылатындығымды айтты» деп тұрып алған соң, Әбу Зәрр лажсыздан ол алтындарды алуға мәжбүр болды.
Ертесі күні таңертең қайта келіп тұрған кешегі құл:
– Кешіріңіз, кешегі алтындарды қайтып өзіме берсеңіз, мен оны қателесіп сізге әкеліп берген екенмін,- деп, кешегі берген алтындарды қайтарып беруін сұрайды.
Сонда оған берген Әбу Зәррдің жауабы мынау болды:
– Көршім қарызға белшеден батып отырғанда, уыс-уыс ақшаның буына мас болып отыратын адам мен емеспін, сондықтан кеше қолыма түскен ақшаны мен кешке дейін-ақ қарызынан құтыла алмай отырған жарлы-жақыбайлардың бәріне таратып бергенмін. Дәл қазір саған бере қоятындай менде ешқандай ақша жоқ!..
Иә, бұл қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай кезден, бақытты ғасырдан бір көрініс болатын.
Ал енді біраз Хижреттің жетпісінші жылдарына қарай келейік.
Тарихта қаныпезерлігімен аты шыққан Хажжаж көптеген сахабалардың басын шапқан, тас лақтырып Қағбаны қиратпақ болған, аз қалған сахабалардың өзін улап өлтірген қатыгез адам еді.
Бірде осы кісіге ел жиылып келіп:
– Әй, басшы! Сен ана Омар секілді болсаңшы. Ол әділдікті сүйетін, халықпен жақсы шығысатын еді. Ол халықтың басын шапқызбақ түгілі, абайсызда біреудің аяғына тас тиіп кеткені үшін бір жыл өтіп кетсе де ұмытпай кешірім сұрай білетін еді. Сен де соған кішкене ұқсасаңшы?!- деген екен.
Бұл сөзге Хажжаждың берген мағыналы жауабы мынау болыпты:
– Дұрыс айтасыңдар! Алайда Омардың басшылығы заманында Әбу Зәрр секілді халқы бар еді. Сендер Әбу Зәрр секілді діндес бауырларының қамын жейтін шынайы, жылы жүректі мұсылман болсаңдар, мен де Омар секілді халықты ойлайтын әділ басшы болар едім. Өздерің Әбу Зәррдай бола алмай тұрып, менен Омар болуды күтпеңдер! Өйткені сендердің мына кейіптеріңе қазіргі мен ғана лайықпын!
Мұндайды дана халқымыз «Әпкеме жездем сай» деп құптап та, «Тырнадан басшы қойсаң, төбеңнен қиқу кетпес» деп сынап та айта білген.
Құдайберді Бағашар, “Тағлым тамшылары”

Read Full Post »

Мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға сапар шеккен ұлы көш – хижреттің он жетінші жылы. Ел басқарып отырған халифа Омар келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, Пайғамбар мешітін кеңейтпек болды. Ол үшін мешіт маңындағы жерлерді иелерімен келісе отырып, мешітке қосу керек еді. Көп өтпей-ақ мешіт қасындағы жерлердің иелеріне қолқа салды:
– Үйлеріңіз бен жерлеріңізді Расулаллаһтың мешітін кеңейту үшін сатып алсам деймін. Ешкім де өз мүлкін арзанға бағаланады деп ойламасын. Әркім өз жерінің бағасын өзі шамалап айтсын. Мен біреудің жерін қолынан күштеп алып, Пайғамбар мешітін кеңейтуден аулақпын.
Елдің бәрі жерлері мен үйлерінің бағасын өздері айтып, мешіт маңындағы жерлер сатылып алына бастады. Мешітті кеңейтуге едәуір жер де табылды. Алайда күтпеген жерден бір кілтипан кездесе кетті. Ол –Аббастың (р.а.) келіспеуі еді. Аббас басын алып-қашқан күйі жерін сатпаймын деп тұрып алды. Тіпті мешіт үшін дегенге де көнбеді. Халифа өз ұсынысын тағы қайталады:
– Ей, Аббас! Жеріңді сатқаннан сен ұтылмайсың, арзанға алмаймыз. Біреудің көзінен жасын ағызып, Пайғамбар мешітіне жер алып қосар жайымыз жоқ. Егер жердің ақшасын азырқансаң, онда екі-үш есе көп төлейік. Әйтеуір, сен разы болып жеріңді сат. Осымен бұл жұмысты тәмамдайық. Пайғамбар мешіті кеңейіп халық игілігіне жарасын.
Бірақ, қайдан! Аббас бұған да көнбеді:
– Жоқ! Жер менікі, қанша ақша берсеңдер де сатқым келмейді. Тартып алмақ болсаңдар, онда басқаша!
Мәселе шешілер болмаған соң халифа Сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Қазылық қызметін атақты құқықшы Ұбәй ибн Кааб атқарады.
..Екі жақ та сот алдында отыр. Мемлекет басшысы:
– Біз басшылық ретінде Аббасқа жер құнын еселеп беруді ұсынған едік. Оның бұған келіспейтін жөні жоқ. Жерін берсін, Пайғамбар мешітін кеңейтуіміз керек.
Аббастың жауабы:
– Жер менікі болса, мүлік иесі мен болсам, құнын қанша еселеп берсе де бергім келмейді. Ақшамен қыстаса да, мешітке қосамыз десе де қолымнан күштеп ала алмайды.
Сот үкімі:
– Ислам құқығы бойынша ешкім ешкімнің жері мен мүлкін ақшалай болса да тартып алуға хақысы жоқ. Тіпті мешіт үшін де мүлік иесін күштей алмайды. Аббастың мүлкі Аббастың өз қолында қалады. Үкіметтің оны күштеуіне жол берілмейді!
Соттың бұлжымайтын шешімі шығып, екі жақ та сот үкіміне көніп есікке бет алғанда, аяқ астынан бір дауыс саңқ ете қалды. Міне, қызық! Ол дауыс Аббастыкі еді:
– Ей, Ұбәй! Сот үкімі осымен бітті ме? Нақ осы шешімге тоқталдық па?
– Иә, Соттың нақты үкімі шықты, ешкім сенің жеріңді құнын көп төлесе де күштеп ала алмайды.
– Олай болса, мені жақсылап тыңдаңдар! Сот алдында мен өз шешімімді айтайын: Жерімді дәл қазірден бастап Расулаллаһтың мешітіне қосуға тегін-ақ бағыштадым. Маған бір тиын да пайданың керегі жоқ. Бәрің де куәгер болыңдар, құнын қанша еселеп төлесе де бермеген жерімді су тегін-ақ Пайғамбар мешітін кеңейту үшін халифаға бердім. Бұдан былай мүлік иесі мен емес, мына тұрған халифа.
Ұбәй ибн Кааб сұрады:
– Ей, Аббас! Бұныңды қалай түсінуге болады? Басында еселеп төлеген ақшаға бермеген жеріңді қалайша тегін-ақ бере салдың?
Аббастың берген жауабы, шынында да, таңғаларлық:
– Ислам дінінің адам құқықтарына деген зор құрметін айдай әлемге паш ету үшін!..
Рас, Ислам діні адам құқықтарына зор құрметпен қараған. Тіпті бір жанұяның өзінде ата-ана, бала, отағасының, жұбайының құқықтары деп жеке-жеке тоқталуы да соның айғағы.

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Бірде Омар (р.а.) мен Саад ибн Әби Уаққас Иранға жылқы сатуға барды. Қалаға кіре берісте алаяқтыққа басып ойын ұйымдастырып, өткен-кеткен елді ынтықтырып тұрған бір топ жастарды көрді. Екеуінің өздерінен көз алмай қарап тұрғанын байқаған әлгі жігіттердің біреуі дереу келіп, бұларға ауыр-ауыр сөз айтып, сатпақ болып әкелген араб аттарын да қолдарынан тартып алды.
Омар (р.а.) мен Саад ибн Әби Уаққастың сауда жасаймыз ба деп келген көңілдері су сепкендей басылды. Жығылғанға жұдырық дегендей азықтары таусылған кезде қалтадағы ақшадан да қағылып, екеуі де пұшайман күй кешті. Аштан-аш кеш батуын күтуге тура келді. Әне-міне дегенше кеш те болып жолаушылар керуен сарайға барып түнейді. Ол жердегі қонақ күтуші бұл екі кісінің ренжулі екенін қабақтарынан бірден байқап, бір реті келгенде себебін сұрады. Омардың жүзі тым сынық болғандықтан еш нәрсеге зауқы соқпай үндемегендіктен қалаға келгелі бергі көрген құқайлары мен алаяқтарға қалайша жем болғанын Әби Уаққас назалана баяндады..
Әби Уаққасты бастан-аяқ тыңдаған сарай күтушісі оларды жұбатып:
– Сіздер қатты қайғырмаңыздар, біздің патшамыз өте әділ кісі. Ол кісі сіздерден көмегін аяп қалмайды, не жылқыларыңызды таптырады немесе ақысын төлетіп береді. Сіздердің айтқандарыңызға қарағанда жылқыла-рыңызды тартып алған жігіт патшаның өз баласы сияқты. Ол бұл мәселені еш қиындықсыз-ақ шешіп беруге тиіс. Менің тілімді алсаңыздар ертең таң ата базарға барыңыздар. Өйткені ол күн сайын сол базарға соғып халықтың мұң-мұқтажына құлақ түреді. Сіздер де өз арыздарыңызды айтып қалыңыздар,- деп ақыл-кеңес берді.
Таң ата Омар мен жолдасы базарға барып патшаны күте бастады. Бір уақытта қасына аудармашысын ерткен патша күнделікті әдеті бойынша базарға ат басын бұрды. Елден түскен арыз-шағымға қарай патша оның орындалуы үшін қызметкерлеріне әмір беріп жатты. Кезек Омар мен Әби Уаққасқа келгенде олар да бұл қалаға келудегі ниеттерінен бастап, ұшырап отырған қазіргі жағдайға дейін жасырмай айтып, сатуға әкелген сол жылқыларды тапқызып беруін өтінді. Бұларды тыңдап тұрған патшаның іштей қынжылғаны байқалғандай еді. Бұларды тыңдап болған соң, патша дереу бір кесе алтын ұстатып, аттарының көп ұзамай табылатындығына уәде берді. Алайда патшаның қасындағы аудармашы жылқыны тартып алған адамның патшаның өз баласы екендігін айтпай жасырып қалды.
Хазірет Омар мен Әби Уаққас кеш бата кешегі керуен сарайға қайта келді. Бұл жолы қалтада ақша бар, қарын да тоқ. Түнеген ақыларын төлеп ертеңгісін жолға жиналмақ. Сарай қызметшісі мәселенің қалай шешілгендігін сұрады. Бұлар патшамен кездесіп мән-жайды түсіндіргендіктерін, аттарды тауып беретін болып патшаның уәде бергенін айтты.
Күтуші бірден ашуланып:
– Мұнысы қалай, кінәлі өз баласы болса жағдайды басқаша шешпек пе?-деді.
Күтуші таң ата патшаға барып:
– Ел жамандық жасаса жазаға ұшырайды, ал сіздің балаңыз бассыздық жасаса да, еленбей кете бермек пе?- деп салды.
Нүшіруан мәселенің байыбына барғанда, қатты ашуланды. Сөйтті де:
– Ат иелері ертең қаладан кетсін! Бірақ біреуі қаланың солтүстік есігінен, екіншісі болса қаланың оңтүстік есігінен шықсын,- деп бұйырды.
Ертесі күні патша Омар мен оның жолдасына сатпақ болып келген аттарының ақшаларынан да көп ақша берді. Патшамен қош айтысып жолға шыққан олар қаланың екі жақ бетіндегі екі бөлек есіктен шығып бара жатып, сұмдық бір көрініске тап болды: бір есікте аттарды алған патша баласы, ал екінші есікте шындықты жасырған аудармашы дарға асулы тұрған еді. Тіпті олардың денесі суып та үлгерген екен.
Бір өкініштісі, қара қылды қақ жарған бұл әділ басшыға иман нәсіп болмады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имансыз кеткен кісілердің қатарында оның да атын атаған еді.
…Арада біраз уақыт сырғып, Хазірет Омар бүкіл мұсылман әлемінің басшысы, ал Саад ибн Әби Уаққас Мысырдың әкімі болып тағайындалды.
Мысырды Саад ибн Әби Уаққас басқарып тұрғанда ислам дінін өркендету мақсатында бір жерге мешіт тұрғызылуы керек болады. Бірақ ең ыңғайлы деп тапқан жер бір яһудидікі (еврейдікі) еді. Мысыр әкімі әлгі яһудидің жеріне мешіт салуға бұйрық шығарып, мешіт құрылысы басталып та кеткен-ді. Басқа жері болмағандықтан далада қалған яһуди шарасыз әркімге бір мұңын шаққан соң, ел оған Мәдинадағы халифа Омарға барып шағымдану керектігін айтып жөн сілтеді.
Ол кезде әлгі яһуди Ислам дінінен мүлде бейхабар болатын. Көп уақыт созбастан Мәдина қаласына жол тартты. Халифаның қайда екенін сұрастырып жүріп бақшада екендігін білді. Бақшаны да тапқанмен, бір қызығы, бақшада бір-ақ адам жұмыс істеп жүр екен. Қасына жақындап барған яһуди:
– Маған халифа Омар керек еді,- деді. Әлгі кісі:
– Иә, Омар мен боламын. Қандай шаруамен жүрсің, айта бер,-деді жай ғана.
Хазірет Омар яһудидің шағымын естігенде, қатты ашуланды. Іле-шала жерден бір сүйекті ала салып соған бірдеңе деп сүйкеп жазды да:
– Мә, мынаны әкіміңе апарып бер,- деп қолына ұстатты.
Яһуди жазуға қанша үңілгенімен, ештеңе ұға алмады. «Сонша жерден іздеп келгенімде мынаусы несі, ойыны ма шыны ма, әжетіме жарай ма, жарамай ма» деген екіұдай оймен өз-өзіне сенімсіз күйде келген ізімен салғырт қана кері қайтты. Мысырға келіп сүйекті әкімнің қолына ұстатқаны сол еді, сүйектегі жазуды оқығанда Саад ибн Әби Уаққастың зәресі ұшып кетті. Бірден яһудидің үйін өзіне қайтарып, тіпті бұрыңғысынан да әдемі қалыпқа келтіртті. Онымен де қоймай тағы біраз көмек те жасады.
Хазірет Омардың сондағы сүйекке жазған жазуы мынау еді:
«Байқа, мен Нүшіруаннан да әділірекпін!»
Халықтың «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деуі тегін бе?!
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Older Posts »