Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Posts Tagged ‘ұялу’

Немесе мен емес, анау

Сырт адамдар болмаса, жатақхананы студенттердiң бәрi де үй деп атап кеткен. Расында да, үйден көп айырмашылығы жоқ, барлық жағдайы жасалған, бөлмелерi еурожөндеуден өткен, бiр бөлмеде екi не үш адам ғана тұрады. Сiздiң жұмыр жерден дәл осындай қонақжай, құдайдың құтты күнi той тойлап, қызыққа кенелiп жатқан 5-жатақханадан (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журфактың жатақханасы) басқа тағы бiр мекендi табуыңыз екiталай. Бұл өлкеде, әсiресе, кешке қарай қайнаған өмiр басталады. Құдайы қонақ, арнайы қонақ, қыдырма қонақ, шақырма қонақ дейсiз бе, қонақтың түр-түрi үй-үйдi кезiп жүредi, бiрақ бәрi де қадiрлi. Және олар етке емес, ниетке, табаққа емес, қабаққа риза боп кететiн нағыз шүкiршiл жандар.
Сіз күнiне кем дегенде елу адамға амандасып, оншақты адамға шай берiп, бiр өлең тыңдамасаңыз, басыңыз ауырып қалады. Сондақтан, бас ауырмаудың қамын ертерек жасаған жөн. Ас iшiп отырғанда ғана айтылатын әңгiмелер қандай! Тақ бiр, ұлттың күллi мәселесi тек бiзге қарап қалғандай сезiнемiз өзiмiздi.
Бiз бiр бөлмеде Шынар, мен, Назым үшеумiз тұрдық. Назым бiрiншi курста, ал бiз Шынар екеумiз төртiншi курста оқып жүрген кезiмiз. Кешкiсiн әдеттегiдей көпшiлiкпен отырып, тамақ iшiп болған соң, Назым өз достарына қыдырып кеттi де, Шынар екеумiз ыдыс-аяқты жуып, үйiмiздi реттестiрiп қойып, өз төсегiмiзге жағымызды таяна етпеттей жатып, дастархан басында айтылған тiл туралы әңгiменi жалғастырдық. Бір кезде әлдекім есік қақты
– Кiрiңiз-кiрiңiз! Бұл кiм? – деп, құрбым екеумiз бiрдей тiктелiп отырдық. Ар жақтан таза қазақша акцентпен:
– Назым ыздес? деген қарсы сұрақ естiлдi.
– Назым осында, бiрақ қазiр үйде жоқ. Кiм iздеп келдi деп айтайық? (Ашуымыз келсе керек, сiз деп сызылғанымыз жайына қалып, бiрден сенге көштiк)
– Қазыбек.
– Әй, атың Қазыбек болғанмен, затың оған лайық болмай тұр ғой. Неге қазақша сөйлемейсiң?!
– Қыздар ғой орысша сөйлейтiн. Сосын мен де орысша сұрадым.
– Сен не сонда, қыздардың ығына жығылып кете бересiң бе! Қыздарды қазақша сөйлетуге шамаң келмей ме?!
Осы кезде ойымызға не келгенiн бiлмеймiн:
– Тоқташы, түрiңдi көрiп алайық! – дедік, дедік те орнымыздан атып тұрып, Шынар екеумiз бiрдей дәлiзге қарай атып шықтық. Келген екеу екен, олар да ор қояндай секiрiп, демде жоқ болып кеттi. «Қайда кеттi-ей?» – деп, дәлiздi бойлай бұрылысқа жеткенiмiзде, анадай жерде екеуi бiрдей бiзге состия қарап тұр екен. Ұзын бойлы, бұйра шаштысын бiрден таныдым: Арман деген журналист, жанындағысы Қазыбек болса керек.
– Қазыбек, сен бе? – десек, Қазыбек бiрден:
– Мен емес, анау, – деп Арманды көрсеттi.
Арман да:
– Жоқ, мен емес, анау, – деп Қазыбекті нұсқап, екеуi баспалдақпен қақтығыса екi аттап, үшiншi қабатқа бiр-ақ секiрдi.
Бiз Шынар екеумiз бiрдей күлiп жiбердiк. Мазақтап емес, әрине, оларға риза боп күлдiк. Өйткенi, олар өз қателiктерiне ұяла бiлдi ғой.
P.S. Мен сол күйi Қазыбектiң түрiн көрмей-ақ, оқуымды аяқтадым. Мүмкiн, соның өзi дұрыс болған шығар. Екiншi курста Қазыбек қыздарды өз айтқанына көндiрiп, қазақша сайрататынына сенем, өйткенi ол туралы журфакта жақсы әңгiмелер ғана айтылады.

P.S. P.S. Көпке танымал, ұлттың сөзін сөйлеп жүрген жандар өз сөздеріне лайық болмаса, келер ұрпақ «тоқташы, түріңді көріп алайық!» – десе, қашар ма екен ұяттан өртеніп??? Әлде «мен емес, анау» деп бір-біріне сілтер ме екен???
Кәмшат

Read Full Post »