Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for the ‘Ғибратты әңгімелер’ Category

muftyat.kz сайтының кітапхана айдарынан «Жұма мінбері» деген кітап ұнап жүр. Сонда Алау Әділбаев ағамыздың тәуекел туралы тамаша мақаласы бар екен. Мына оқиға сол жерден алынды. «Адам дұға ету керек және әрекет ету керек» деген ой айтады ағамыз:
«…Жасы келіп қалған бір әжейдің жалғыз түйесі үйездеп
қалады. Ол өлсе күнкөрісі қиындайтынын уайымдаған әжей
қатты қапаланады. Күндіз-түні қайғырған әжейдің бұған қолдан
келер еш қайраны жоқ еді. Қолынан бар келгені Аллаға жалбары-
нып, түйесінің сауығуын тілеп, дұға етумен болады.
Бір күні жайылсын деп қырға шығарған түйесінің аузына нәр
алмағанын байқап, еңсесі мүлдем түсіп кетеді. Қолдарын жайып,
көз жасын төгіп, дұға етуден басқа шарасы қалмайды. Осы кезде
Пайғамбарымыз бір топ сахабаларымен әлгі әйелдің қасынан өтіп
бара жатып:
– Уа, Алланың құлы, неге жылайсың? – дейді.
– Түйем өлетін болды сол үшін жылаймын. Түйеммен жан
бағып отыр едім. Ол өліп қалса жағдайым не болмақ? Түйемнің
кеселінен айығуы үшін, қанша күннен бері қол жайып дұға ету-
демін, бірақ, дұғам қабыл болмай жатыр, – дейді әжей мұңын
шағып. Пайғамбарымыз күлімсіреп:
– Дұғаңның қабыл болғанын қаласаң, дұғаңа қара май қос,
қара май! – дейді.
Әжей ойлана бастады. Қара май қос дегені несі? Артынша
түсінгендей болды. Қоңсыларынан қара май сұрап алған әйел ал-
дымен түйенің аузын қара маймен сүртіп, содан кейін дұға ете
бастады. Қара майдың арқасында түйенің аузындағы бүкіл мик-
робтар өліп, түйе ауруынан айығып кетеді.
Яғни, кез-келген мәселеде тек қана қол жайып дұға ету
жетпейді, оның шешімін іздеу керек. Осыны түсінген әжей
Пайғамбарымыздың кеңесін тыңдап, түйесін аман алып қалған
еді.»

Read Full Post »

Баяғыдан құлпы мен кілттің дос болғаны бесенеден белгілі ғой бәрімізге. Олардың ренжісіп қалғаны жайлы да аңыз бар екен.
(толығырақ…)

Read Full Post »

Хазірет Иса (а.с.) бірде жолда кетіп бара жатып бір қарияны бас салып тепкілеп жатқан жас жігітті көріпті. Әлгі кісіге жаны ашыған Иса пайғамбар бірден жүгіріп барып, араша түспек болғанда қарт оны тоқтатып:
– Мені арашаламай-ақ қой, тепкілей берсін!- депті.
Қарттың бұл сөзіне қатты таңырқаған Иса (а.с.) себебін сұрағанда, әлгі шал оның мәнісін былай деп түсіндірген екен:
– Мен де кезінде өз әкемді тұп-тура осы жерде дәл осылай тепкілеген едім. Мына жігіт – менің туған балам. Менің әкеме істегенімді балам маған істеп жатыр. Менде кеткен әкемнің өшін өз баламның менен алып жатқан жайы бар…
Бұл «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген нақыл сөздің астарын анық ұқтырса керек.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Пайғамбарымыз бір күні сахабаларына ораза ұстауды бұйырып, артынша былай деп қатаң ескерту жасады:
– Мен рұқсат етпейінше кешке ешкім де ауыз ашпасын!
Елдің бәрі жаппай ауыз бекітіп, ораза ұстады. Кеш түскенде жеке-жеке келіп, ауыз ашуға рұқсат алып жатты. Дәл осы тұста бір кісі жақындап келіп:
– Уа, Расулаллаһ! Екі қызым да күні бойы ораза ұстаған еді. Ұялғандықтан өздері келіп сізден рұқсат сұрай алмады. Рұқсат етсеңіз, оразаларын аяқтап, ауыздарын ашса жақсы болар еді,- деп өтініш білдірді.
Алайда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған рұқсат бермеді.
Әлгі кісі тағы екі рет келіп рұқсат сұрады. Үшінші рет келгенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Өкінішке орай, олар бүгін ораза ұстаған жоқ.. Күні бойы «кісі етін жеген» (әркімнің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйлеген) адам қайтіп ораза ұстасын?! Бар да оларға айт: егер ниет етіп ораза ұстағандары рас болса, дереу құсып асқазанындағының бәрін шығарсын,- деді.
Әлгі кісі қыздарына Пайғамбарымыздың айтқандарын айна қатесіз жеткізді. Олар пайғамбарымыздың бұйрығын дереу орындап, өздерін күштегенде кесек-кесек қан құсысты. Әлгі кісі келіп бұл жайды Пайғамбарымызға айтқанда, ол:
– Құдіреті күшті Аллаһ тағалаға ант етейін, егер олар әлгі ұйыған қанды құсып тастамай, асқазанда сол күйі қалып кеткенде Тозақ отына отын болар еді, – деді.
Иә, тек тамаққа ғана емес, тілге де, көзге де, аяққа да, қолға да ораза болса, сонда ғана ол нағыз ораза болмақ.
Құдайберді Бағашар «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Мұхаммед пайғамбарымыз (а.с.) бір мереке күнінде қуана ойнап жүрген балаларға қарап тұрып, олардың қастарында жыртық киімді бір баланың жылап отырғанын көреді.
Бірден қасына барып: – «Балалармен бірге неге ойнамайсың? Неге жыладың?»,- деп сұрады.
Бала қайғырып:
– Әкем пайғамбармен бірге пәлен соғыста қайтыс болды. Шешем басқа біреуге үйленді. Өгей әкем мені үйден қуып жіберді. Жейтін тамағым, киетін киімім, паналайтын жерім де жоқ. Әке-шешелері бар балалардың жақсы киім киініп, ойнап жүргендеріне қызығып, қорланып жылап тұрмын, – деп жауап бергенде, пайғамбарымыз оның қолынан ұстап:
– Мен – әкең, Айша – шешең, Хасан мен Хұсейннің саған – бауыр болуын қалар ма едің? – деп сұрады.
Сонда бала өзімен сөйлесіп тұрғанның пайғамбарымыз екенін біліп:
– Әрине, я, Расулаллаһ! Қалайша разы болмаймын, – деп қуана жауап қатты.
Баланы үйіне ертіп апарып, тамақтандырып, жақсылап киіндіргеннен кейін шаттанған баланы достарының қасына қайта жіберді.
Балалар оны көргенде:
– Жаңа ғана жылап тұр едің. Қалайша қуанып қайттың? – деп сұрады.
Бала мән-жайды толық айтып бергенде, достары:
– Шіркін, біздің де әкелеріміз сол соғыста шейіт болып, біз де сен сияқты болғанда ғой, – десті тамсана…

Read Full Post »

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) балаларға тым мейірімді еді. Сахабалардан Абдуллаһ ибни Омар (р.а.) немерелері Хасан мен Хұсейн үшін пайғамбарымыздың «дүниедегі екі райханым (хош иісті гүл) менің» дегенін, Әнәс ибн Малик Расулаллаһтың оларды бауырына басып, иіскеп, оларға дұға оқитындығын айтқан. Усама бин Зейд (р.а.) болса «Расулаллаһ мені бір тізесіне, Хасанды екінші тізесіне отырғызып, екеуімізді де бауырына бірдей қысып «Иә, Раббым! Менің бұларға мейіріммен қарағанымдай сен де бұларға мейіріміңді төге гөр!» деп пайғамбар сүйіспеншілігінің тек қана өз немерелеріне ғана емес, басқаларға да дәл сондай екендігін айтқан.
«Кішкентайларымызға мейірімділік танытпаған бізден емес» (Әбу Дауыт, әдеп, 58) деп хадисінде айтқан пайғамбарымыз, реті келгенде бұл жайлы ата-аналарға да жұмсақ тілмен ескертіп отырған.
Әр түрлі сахабалардың айтуына қарағанда, пайғамбарымыз балаларды өте қатты жақсы көріпті. Оларды құшақтап, көтеріп, мойнына отырғызып, бауырына басып, сүйіп, түйемен келе жатса, түйесіне мінгізіп, алдына алып ойнатып, балалармен бірге өзі де ойнап, бірдеңе бүлдіріп үстін былғап қойса да еш ұрысып, қабақ шытпаған екен.
Бұл жайында кейбір сахабалардың айтқандары:
Абдуллаһ ибн Бүср Расулаллаһты тамаққа шақырғанда, тамақтан кейін әдеттегідей сол үй-ішіне аман-есендік тілеп, дұға оқығандығын әрі «мына бала бір ғасыр өмір сүреді» деп басынан сипағандығын айтқан.
Абдуллаһ ибн Жафер (р.а.): «Расуллаһ сапардан қайтқанда немерелері Хасан мен Хұсейн алдынан жүгіріп шығатын. Ол болса бірінші жеткенін алдына, екінші жеткенін артына мінгестіріп Мәдинаға дейін сөйтіп алып кіретін».
Махмұд ибн Рәби бес жастарында Пайғамбарымыздың бір тостағаннан аузына су толтырып үстіне бүріккендігін айтады. Бұл Расулалланың балалармен ойнауының, кейде оларды ойнатуының бір көрінісі.
Ялла ибн Мүррә Расулаллаһтың бірде қонаққа бара жатып, жолда балалармен ойнап жүрген немересі Хұсейннің де ала кетпек болғандығын, бірақ Хусейннің атасын көргенде қашып, Расулаллаһтың оның артынан бала секілді қорбаңдап жүгіріп, қуғанын айтқан. (Ибн Мажә, Мұқаддима, 11).
Хазірет Пайғамбарымыздың немерелерінің бірін сүйіп жатқанда, оны көрген Акра бин Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын да әлі маңдайынан сипап көрген емеспін» дегенде пайғамбарымыздың оған: «Сен басқаға мейірбандық көрсетпесең, саған да Аллаһ мейірбандық көрсетпейді» – деп жауап бергені айтылады.
(Әбу Хурайрадан)
Сол секілді Мәдиналық біреудің: «Менің бір балам бар. Балиғатқа толды. Сонда да әлі бір рет те иіскеп, сүйіп көрген емеспін» дегенде, пайғамбарымыздың оған: «Аллаһ тағала жүрегіңнен сүйіспеншілікті алып тастаса, мен не істейін (менің кінәм не?)» деп жауап бергенін айтқан.
Сонымен қатар, әз Пайғамбар балаларына жақсы қарайтын ата-аналарды да мақтап, жақсы-жақсы сөздер айтатын.
Бір күні баласын жоғалтып, тұтқындардың арасынан кез-келген баланы бауырына басып іздеп жүрген әйелді көрсетіп, пайғамбарымыз:
«Біліп қойыңдар, Аллаһтың құлдарына деген мархабаты, сүйіспеншілігі, мына әйелдің өз баласына деген махаббатынан да асып түседі» деген.
Жаратушының пенделеріне деген махаббатын анық айқындаған бұл хадис Бұхари мен Мүслим тарапынан алынған.

Read Full Post »

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сапарда ат басын тежеп, достарымен бірге көліктерінен түсер-түспес жүктерін жерге қойысты. Жолсоқты боп қарын ашқандықтан бір қой сойып жеуге ақылдасты. Бар жұмысты әркім өзара бөлісе бастады.
Біреуі:- Қойды мен сояйын,- деді.
Екіншісі:- Терісін мен сыпырайын,- деді.
Үшіншісі:- Ет пісіру менің мойнымда болсын,- деді.
Сол кезде Пайғамбарымыз да:- Шөлден отын жинап қайтуға мен барайын,- деді. Бұны естігенде сахабалардың бәрі әбігерленіп:- Уа, Аллаһтың құрметті Елшісі! Еш әуре болмастан сіз көлеңкеде сәл тыныға тұрыңыз. Біз өзіміз- ақ бәрін қуана-қуана істейміз,- десті.
Сонда Пайғамбарымыз: – Иә, бұл жұмыстарды мен сендердің өздерің-ақ істей алатындарыңды білем, алайда Аллаһ тағала қандай да бір құлдың өзін өзгелерден артық сезініп дос-жарандарынан бөлек отырғанын ұнатпайды,- деп жауап берген еді.
Сөйтті де, шөлге барып бір құшақ отын теріп әкелді…
Бұл Аллаһ елшісінің сөзі мен ісі тең, турашыл сипатының қарапайым ғана бір көрінісі.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Аллаһ тағаланың сүйікті құлы пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) бір топ кісілер қаумалай отырысып, алқа-қотан әңгіме-дүкен құрып отырды. Бір уақытта үстіндегі киімі жұпынылау бір кедей мұсылман есіктен бас сұқты. Ислам әдебі бойынша қонақтардың үстінен түскен адам өзіне арнайы орын таңдап жатпастан табылған орынға отыра кетуі керек-ті. Ол да соның ыңғайымен отырғандарды асығыстау көзімен бір шолып, бостау тұрған бір орынға жайғаса кетті. Алайда бір қызығы – ол тұс бай біреу отырған жер болатын. Кедей келіп қасына отырғанда, онымен қатар отыруға намыстанған әлгі бай қымбат шапанының етек-жеңін жиыңқырап ұстаған күйі аулағырақ барып басқа орынға отырды. Оның бұл қылығын жақтырмаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Немене, кедейлігі жұғып кетеді деп қорықтың ба?- деді байға қарап.
Ол:
– Жоқ,- деді.
Пайғамбарымыз тағы да:
– Жоқ әлде ырысың ауып кетеді деп қорықтың ба?- деді.
Ол болса:
– Я, Расулаллаһ, ондай да ойым болған жоқ,- деп ақталғансыды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Онда неге аулағырақ барып отырдың?- деп сұрағанда, ол өзінің үлкен қателік жасағанын аңғарып:
– Менен бір ағаттық кеткен екен. Оны мойындаймын. Осы қателігімді жуып-шаюды ниет етіп, бар байлығымның тең жартысын осы мұсылман бауырыма бағыштасам деймін. Сірә, кемсітті деп көңліне қатты алып қалған шығар. Мені кешірсін,- деп жаңағы кедей мұсылманнан кешірім сұрамақ болды.
Алайда кедей мұсылман болса күтпеген жерден:
– Я, Расулаллаһ! Маған оның байлығы керек емес,- деп үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Бұған отырғандардың бәрі таңғала неліктен екендігін сұрағанда, ол:
– Өйткені мен де байлықтың буына мастанып, мына отырған бай секілді күндердің бір күні жағдайы өзімнен төмен мұсылман бір бауырымның көңліне кірбің түсіріп алам ба деп қорқамын,- деп, өзінің нағыз мұсылман екендігіне жұртты тәнті ете мағыналы жауап қайырған екен .
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»

Read Full Post »

Жабир (р.а.) әңгімелеуде:
Пайғамбарымыз Расулаллаһқа бір кісі келіп:
– Я, Расулаллаһ! Пәлен деген көршім құрмасының қоқыстарын менің аулама тастайды. Маған жамандық жасауын тыяр емес,- деп мұңын шақты.
Пайғамбарымыз әлгінің көршісін шақырып алып:
– Көршіңнің ауласына тастап жүрген құрмаңның қажетсіз ағаштарын маған сат,- деп сұрады.
Әлгі кісі бірден:- Болмайды,- деп үзілді-кесілді келіспеді.
– Онда маған сыйлашы, – деп өтінді.
Әлгі кісі тағы да:
– Болмайды,- деді.
– Онда маған беріп, орнына Жұмақтық қайтарымын ал, – деп ең бір бағалы ұсыныс жасап еді, бұл жолы да әлгі кісі сазарған қалпы:
– Болмайды,- деді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кейіген күйі:
– Сәлемдесуден қашатын кісілерді қоспағанда (бүгінге дейін) сенен өткен сараң адам көрмеппін,- деген еді тұнжырап ..

Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары» кітабынан

Read Full Post »

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қай іске болсын аса бір жауапкершілікпен қараған. Тіпті біреуге уәде берсе, сол уәдесін орындағанша асығатын.
Өзін іздеп келген досы бір күні онымен базарда кездеспек болып келісті. Айтқан уақытынан сәл ерте барған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өткен-кеткеннен уақыт сұрап досын күтіп тұрды. Өкінішке орай досы көп кешікті. Қас қарайғанша күтті, келмеді…
…Екі-үш күннен соң бір жұмыстармен базарға соққан досы өзін уәделескен жерде әлі күтіп тұрған Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көріп қатты таңғалды. Іштей әлдеқашан есінен тарс шығып кеткен кездесу есіне түсіп қатты ұялды. Шынында да, ұмытып кеткен екен. Ал Пайғамбарымыз болса оны екі-үш күннен бері тапжылмастан сол орында күтіп тұр еді. Досы өзінің қай іске болсын бей-жай қарайтын салғырттығына бас шайқап қатты өкініш білдірді. Бір жағы, ел айтып жүрген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарайтындығына осы жолы анық көз жеткізген еді.
Өйткені жақындап келген досына Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) жай ғана: – Мені неге күттірдің? Біраз шаруаларым аяқсыз қалды ғой,- дегеннен басқа ештеңе айтпаған-ды…
«Уәде-Құдай сөзі» демекші, рас, Пайғамбарымыз қай істе де үмметіне өнеге бола білген.
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары» кітабынан

Read Full Post »

Older Posts »