Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Posts Tagged ‘сезім’

Бұл өмір қысқа құстың тұмсығындай,
Жастығың жара бермес бүршік ыңғай.
Өкініп өткен күнге өксігенмен,
Жуарсың көңіліңнің кіршігін қай?

Бұл өмір – ойнап жүріп от басулар.
Кездейсоқ кездесулер, …Қоштасулар,
Таусылған тағдырларды теңдеп алып,
Келмеске кеткен сонау көп ғасырлар.

Бұл өмір жауабы жоқ, сұрағы бар,
Алдамшы арзан бақтан кім арылар?
Қаңтарда көбелек боп жауған қардың,
Көктемде көз жасына куә қылар.

Бұл өмір кімге мәнді, кімге мәнсіз?
(Сағымдай бірде жоқсыз, бірде барсыз).
«Қар жаумай, қазан ұрмай солып қалар»,
Қайтейін, ғұмырымды гүлден әлсіз.

Бұл өмір бізге мәлім өткел сынды,
Өтем деп сол өлкелді көп тер сіңді.
Жазғырып жаратқанды жылаймыз ау,
Жүргендей қатар кешіп от пен суды.

Бұл өмір өтпес, өтсек біз өтерміз,
Қыс, Көктем, жасыл Жаз бен Күз екенбіз.
Тұншығып жасына әбден көзіміздің
Бір күні еріп кетер мұз екенбіз.

Қалқаман Сарин

Read Full Post »

Мақта қар жауып тұр мақтаншақ,
Айнала шашылып ақ моншақ.
…Ал менің жапырақ жүрегім,
Жабықты жаз күнін қатты аңсап.

Қар жауды. Ұялшақ көктемнің,
Салқындық тағы да өпті ернін.
Құтқарып алатын мені ойдан,
Қайдасың көріктім,
…жоқ белгің.

Мен сені қамығып қанша күн,
Сағынып іздедім, аңсадым.
Бақ ішін қатал қыс кезіп жүр,
Тоңдырып сәмбітал саусағын.

Жазығы жоқ қардың кіршіксіз.
Бүріскен бұтасы бүршіксіз,
Ақ қайың арманым тек менің
Мұңайып тұрғандай мұң – шықсыз.

Қалқаман Сарин

Read Full Post »