Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for the ‘Өлеңдер’ Category

Мақта қар жауып тұр мақтаншақ,
Айнала шашылып ақ моншақ.
…Ал менің жапырақ жүрегім,
Жабықты жаз күнін қатты аңсап.

Қар жауды. Ұялшақ көктемнің,
Салқындық тағы да өпті ернін.
Құтқарып алатын мені ойдан,
Қайдасың көріктім,
…жоқ белгің.

Мен сені қамығып қанша күн,
Сағынып іздедім, аңсадым.
Бақ ішін қатал қыс кезіп жүр,
Тоңдырып сәмбітал саусағын.

Жазығы жоқ қардың кіршіксіз.
Бүріскен бұтасы бүршіксіз,
Ақ қайың арманым тек менің
Мұңайып тұрғандай мұң – шықсыз.

Қалқаман Сарин

Read Full Post »

Мен не дедім?
Сен не дедің?
Бұл не сын?
Сәттік оймен шыққаны ма мүлде есім?!
Мұңды есігін жабайықшы өткеннің,
Татулықтың сөгіп алмай іргесін.

Жанды жердің түре бермей етегін,
Сыйластықтың жөн көрейік жетегін.
Екеуміз де түсінгендей едік қой,
Бұл өмірдің ертегі емес екенін.

Көркейсек деп алған шақта көкке бет,
Қажасудың қажеті де жоқ демек.
Ақымақпын ашу қысса …
Қайтесің
көңіліңе ап көзсіздікті, өкпелеп…

Есті едік қой…
Басып не бар еңсені?
Түсінісу азапты ойды жеңсе еді.
…Мінезімнен шындық іздеп қайтесің,
Ақиқаты: сүйемін ғой мен сені.

Азабымның табамын деп себебін,
Ауыр ойларға өзімді кеп жегемін.
..Асып-тасып кететіндей, әйтпесе,
Мені қай бір жетісіп жүр деп едің?!

Бақыт та сын…
Өткен уақыт…
ол да сын.
Әнімізді бұзбаса екен болмашы үн.
… Бәрін-
бәрін
көтеремін. (Айттым ғой!)
Тек періште перілерден қорғасын!

Көктің күтпей үлде менен бүлдесін,
Татулықтың сақтайықшы іргесін.
…Аққа құмар жыландайын жылмыңдап,
Жанымызға сайтан еніп жүрмесін.

Неге ашу көтерді екен деме бой,
Сәттік күйге әр кез сәйкес келе ме ой?!
…Кешірімшіл емес пе едің әрдайым,
Маңдайыңнан иіскейінші…
Келе ғой…

Рахат Әбдірахманов

Read Full Post »

… Аппақ еді- ау ол күнде арман – бақыт,
Ақ қаздар қанатымен самғар уақыт.
Он сегіздің, кім білсін, желігі ме,
Құрбы қызды кетуші ек қарға аунатып.

Жасырмаймын сырымды,
іркімеймін,
(Сұлулыққа жігіттің құлқы бейім)
Бізді көрсе сол қыздар қашушы еді- ау,
Қырдан қашқан ор қызыл түлкідейін.

Жауатын- ды онда қар баптап тұрып,
Дала жатар көрсетіп аппақ қылық.
Қашқан қыздар қайырылып тұрар еді,
Жете алмаған біздерге сақ- сақ күліп.

Өжет ойын, өр мінез, таныс үнді,
Естіп талай жаманның сағы сынды.
Қыз күлкісі қанжардай тілгілейтін
Онсегізде оянған намысымды.

Сабыр деген салмақты құлыпты ашып,
Тентек үміт тізгінін жұлып қашып,
Сосын бар ғой, сосын біз қу қыздарды
Қарға аунатып кетуші ек қуып басып…

Бойыңдағы желікке мастау сеніп,
Қызыл майдан бір ойын бастаушы едік.
Ысытқ- ыстық қойынды аппақ- аппақ
Ұлпа қармен толтырып тастаушы едік.

Сөгер дейсің кім қызды, кім ақынды,
(Сағындым ғой сол жастық – сұрапылды)
Абайсызда қолымыз тиген төстен
Бір жылы бу бұрқырап тұратын- ды.

… Бозбала күн,
Бір соғар керемет пе ең,
(Жүрегімді жылытып келем ептеп)
Еске салып сол өткен зарық күнді,
Қар жауып тұр далада ебелектеп…

Мұрат Шаймаран

Read Full Post »

Сіз кедейсіз,
Ақылдысыз несіне?
Несіне күрсінесіз кей түнде?!
… Қоғамдық пікірлер есінеп,
Қоғамдық көліктердегі қариялардың кейпінде,
Тұр әне..!
Немересінің достары, бәлкім,
(Айналдым!)
Отыр.
Көзінің шырағы,
Ардагерлері болашақ майданның.
Сіз кедейсіз.
Сіздің ақылыңыз – сол қарияның шашы ағарған,
Кедейлігіңіз – оның көңілі,
Күрсінісіңіз – қатыгез жылдарға тоналған
Өмірі!
Кедейдің ақылы
Оның аш қалуына толық жетеді.
Адалдық жайлы ұрандардың мәтіні
жазылған
қағаздарды кемірудің не екенін
сіз білесіз, тегінде,
Ол қағаздар айналмайды ақшаға!
Менің де
Кедей болуға басым жетті, жақсы аға!
Құрметтеудің дәуірі өткен кедейді,
Сондықтан,
Көбінің кедей болуға батылы жетпейді…
… Еңбек етпеген нан жемейді!
немесе
Нан жемеген еңбек етпейді!

Ерлан Жүніс

Read Full Post »

Ойлаумен тек өзіңді түн де ұзарар,
Сырыма қанып үнсіз жұлдыз ағар.
Мендегі махаббатты оятты ғой,
Сендегі сезім тұнған нұрлы жанар.

Көркің бар көз қуантар гүлден де әсем,
Қамығып қалам сені бір көрмесем.
Өкініп өтер едім өмірден бұл,
Өзіңе бақыт сыйлап үлгермесем.

Бақытым кешіктіріп кездестірген,
Өзіңсіз өмірге енді төзбеспін мен…
Іздейді сені ғана іңкәр жүрек,
Серігін таппаған соң өзге ешкімнен.

Ай дидар! Ашық маңдай…
Жанымда жүрші аяулым жасып қалмай
Жазықсыз жаралған жан еркем – ай,
Қайтейін, қала алмадым ғашық болмай…
ғашық болмай!…

Қалқаман Сарин

Read Full Post »

Абзал Бөкен

Жастық бастан көшпейтұғын секілді,
Жанған сезім өшпейтұғын секілді.
Қара шашың – қарағайдың ішіне
Ақ қайыңдар өспейтұғын секілді.

Жаным сері-сал боп туған секілді
Жарқын өмір әні көп думан секілді
Біздер ғана жігіт болып, ал шалдар
әуелден-ақ шал боп туған секілді.

Тізең мәңгі талмайтұғын секілді
Бетіңді әжім шалмайтұғын секілді
Кәрі әжелер, біз заманның бір деген
қызы едік деп алдайтұғын секілді.

Бізсіз өткен ойын да оғаш секілді,
Бізсіз өткен тойың да оғаш секілді
Жастық деген керемет қой морт кетсе,
мезгілді де мойындамас секілді.

Read Full Post »

Күбірлесең көрініп бағымда Күн,
Сыбырласаң жоғалған табылды әнім.
…Жалғыз сенің «сүйемін» дегеніңді,
Барлық әлем айтқандай қабылдадым!

Таңғы шықтың моншағы тағынғаның,
Тіл қатып ең, айналды сағымға мұң.
Шаштарымнан салалай сипап өткен,
Саусағыңнан сезілді сағынғаның!

Өзегіме өртенген жардан құлап,
Сыңғырлата сіңірдің балдан бұлақ.
О, Жаратқан! Менше кім мас болыпты
Қолындағы бақ құсын арман қып ап?!

Мөлтілдеген қос жанар мөлдір әлем,
Айдын болса жырдан нұр қондырар ем!
Жолым болып көрмеген сорлы басым,
Сен боп құшқан бақытқа көндім әрең…

Жаныңдамын! Мендік ән бағыңдағы үн,
Содан көргін ғаламның лағылдарын!
…Кірпігіңді қаққаның қайта-қайта,
Өн бойымды өртейді-ай жаным! Жаным!

Сәні, заңы өмірдің…Бәрі де осы!
Ғашық оты-жүректің дәру-асы!
…Сенен басқа біреуді сүю деген-
Менен басқа біреудің шаруасы!

Лезде өрт қып жіберер лебің мен,
Тілегіңнен кеудеме гүл егілген.
Лүпілімен ғаламды тербетердей
Жүрегіңнен айналдым…жүрегіңнен!

Жыр болған соң бойыңа тағынғаның,
Жіпке тізген жаухардай қабылдадым!
…Жарым да Арым тек сенсің жалғандағы,
Барым да тек өзіңсің бағым да мың!
Жаным! Жаным!
Рахат Абдирахманов

Read Full Post »

Калкаман Сарин

Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса құйсын.
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.

Жаушы жаңбыр, жауа түс, жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл…
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр !

Жаушы жаңбыр – алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозжусан бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті жасарып көз алдымда.

Бір Құдірет тастады бәрін сілкіп,
Шұғылаға шомылдым жаным шылқып.
Періштелер ұшып жүр қанатымен,
Кірлеп кеткен құрлықтың шаңын сүртіп.

Бір Алланың алғандай алғысын көп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кемпірқосақ ! деп шулап балалар жүр,
Ал, мен тұрмын: жаңа күн, армысың деп.

Жаушы жаңбыр, жауа түс жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл.
Періштелер қондырған қанатымен,
Мен сендегі ғашықпын тамшыға әрбір.

Read Full Post »

Шыда

Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құба таңы
Әйтеуір, бір атады, бір атады.
Өкінбе,өкпелеме
Бүгініңе
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге.
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып табынбағын.
Шыда, шыда
Шыдай түс, тағы шыда,
Тау құлатқан тасқынның ағысына.
Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға…
Мұқағали Мақатаев

Read Full Post »

Жұлдызды түн. Уақыт мәмілелі…

Кәрі төбет ерініп паң үреді.

Қарақат қыз қарайды мамасына,

Сылтауратсам екен деп тағы нені.

Маған пана сол үйдің бәйтерегі,

Күндегідей төбемнен ай төнеді.

Қолжуғыштың шелегі толмаса да,

Төкпек болып шығады, қайтеді енді?!

Кім екенін білмесін, білсін мейлі…

Әдеті ғой, ақырын «кімсің?» дейді.

Біле тұрып не үшін келгенімді,

«Қай жақтан мұнда адасып жүрсің?» дейді.

Бейбіт Сарыбай

Read Full Post »

Older Posts »