Feeds:
Жазулар
Пікірлер

Кедей… Тұлпар… Бола ма?

Бір кедейдің сұлу тұлпары болған екен. Ол тұлпарының үстінде келе жатқанда барлығы оған таң қалып қарасатын, сол кезде оның жүрегі мақтанышқа толып, тәкаппарланатын еді. Ол жұмыс істеудің орнына, атымен ел кезгенді жақсы көреді. Кейде қалалық базарға кіріп, адамдардың: «Қадірлі мырза ғой деймін…» деп сыбырласқандарын естіп, іштей масаттанатын. Ал кейде ел аралағанда, бірден басшыларына барады. Олар оның құрметіне жиын-той ұйымдастырып, мамық төсекке жатқызып, сыйлықтармен шығарып салатын. Ол ешқашан бұлай молшылықта өмір сүрмеген еді.
Бір күні ол бір қалаға жетті. Қалаға кіріп, тұлпарымен тұрғындардың алдында паңданып келе жатты, ал олар болса, атақты саудагер немесе жорықтан қайтқан жауынгер екен деп аңырып қарасты. Белгісіз адамның келгені туралы хабар қала әміршісіне де келіп жетті. Кедейді барлығы құрметпен қарсы алды. Қонақ бөлмесіне шақырып, ас берді. Ал кеш батқанда, оған:
- Тыныш жата бер, біз сенің тұлпарыңа жақсылап қараймыз,- деді.
Бірақ кедей:
- Ол қонақ бөлмесінде менімен бірге қала берсінші, – деп өтінді.
- Бұндай нәрсе бұрын-соңды болып көрген емес.
- Мен үшін менің атым – туған бауырымнан кем емес. Біз әрдайым бір бөлмеде ұйықтаймыз.
Сөйтіп аты иесімен бірге қалды. Түннің бір уағында ат қырылдай бастады. Кедей шамды жағып, атының жанына келсе, ол өліп қалыпты.
- Менің арғымағым-ай! Асыл атым қаза болды! – деп айқай салды.
Әміршінің отбасы мүшелері жиналып қалды.
- Қатты қайғыра берме. Барлық ат та ерте ме, кеш пе өледі.
Әйтсе де кедей қоймады. Өкіріп жылағаны сонша әміршінің өзін ұйқысынан оятып жіберді. Ол не болып қалғанын білуге келді.
- Бүйтіп қайғыра берме,- деді кедейге, – мен саған өз аттарымның бірін берейін.
Сөйтіп, кішкенеден соң тамаша тұлпар алып келді. Кедей тұлпарды көрген соң сабасына түсіп, әкімге алғысын айтты, олар болса өз бөлмелеріне тарасты. Тұлпарын біраз тамашалаған кедей кенет өкіріп жылап жіберді:
- Қандай бақытсыз едім! Қымбатымнан айрылдым-ау!
Қызметшілер қайтадан жүгіріп келді. Оның артынан әкімнің отбасы жетіп келді. Бірақ кедейді қанша жұбатса да көз жасы тиылмады. Ақырында әкім шыдамай:
- Не болды сонша жылап? Саған бұрынғыдан еш кем емес жаңа тұлпар сыйлаған жоқ па едік?
Бірақ кедей:
- Жыламай қайтейін. Сенің сыйлығың шындығында да керемет. Менің бұрынғы атым сияқты. Бірақ ол өлмегенде бұл кезде менде екі ат болар еді ғой. Ал қазір біреу-ақ! Қандай зор қайғы. Сорлы басым-ай! – деп бұрынғыдан да бетер өкіріп жылады.
Ешкім жұбата алмай әлек болды. Сонда әмірші:
- Жарайды, сонша қайғырып кеттің ғой, дегенің болсын, тағы бір ат берейін. Тек дыбысыңды шығармашы, әйтпесе сенің даусыңнан бүкіл қала ұйықтай алмай жатыр,- деді.
Қызметшілер алдыңғы ат сияқты тағы бір керемет тұлпар әкелді. Кедей жылауын тоқтатып, әкімге алғысын жаудырды. Барлығы қайта тарасып, бөлмелеріне барып жатып қалды. Тек кедей ғана қандай бақытқа кенелгені туралы ойланып отырды. Бір ғана аты бар еді, енді екі аты бар.
Сол кезде оның көзі өлі атына түсіп кетті де, қайтадан ойбайға басты:
- Қандай қайғы? Қандай бақытсыздық?
Сарай тұрғындары қайта жиналды. Әмірші қайта келіп оны жұбата бастады:
- Қайғың қаншалықты ауыр болса да, сен өз-өзіңді қолға алу керексің ғой. Еркек емессің бе? Өмір бойы өлген атқа қайғырып өтпейтін шығарсың?
- Қайғымды баса алмай отырмын, – деді кедей. – Өлген атыма қарасам осыдан бір-екі сағат бұрын тірі болғаны есіме түседі де ішім ашып кетеді. Көз жасымды тыя алмай қаламын. Ол тірі болғанда менде үш ат болар еді ғой.
Әкім әбден шаршап, қабағы шытылып кетті, бірақ тағы бір ат әкелуге бұйырып:
- Енді бақыттысың ба? – деп сұрады кедейден. – Сенде енді үш бірдей ат бар, енді үнің өшетін шығар, бізге ұйқы бер.
Барлығы енді ұйқыға кеткенде кедей тағы да еңірей бастады:
- Қандай қайғы! Қандай бақытсыздық!
Сол кезде әбден ашуланған әмірші қызметшілеріне оның барлық атын тартып алып, өзін қуып шығуды бұйырды. Сөйтіп, ол барлық аттан жұрдай болып, бейшара кейіпте масқара болып, жаяулап-жалшылап үйіне қайтты. Ал шыққан кезде қандай еді!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деді:
«Адам баласының екі сахара толы байлығы болса да, ол үшіншісін қалар еді және оның ішін тек топырақтан басқа ештеңе толтыра алмайды.»

Айнұр Сарбала, Айнұр Сарбаланікін Қайнар Ильясов жіберіпті :) Бәріне де АРБ!

«ҚОШ МАХАББАТ!»

Немесе театр тақырыптарынан тәмсіл

«ӘҢГҮДІК» Айдар бүгін ерекше мұңды. Алматыдағы қос бөлмелі үйіне сыяр емес. Шабыты қасарда осындай күй кешуші еді. Оның бұл мінезіне жас келіншегі «ТОМИРИС» – Тұмаржан да (Айдар қазақшалап алған) әлі үйрене алмай жүр. Жаңа үйлеріне бір кіреді, бір шығады – бәрібір байыз таба алар түрі жоқ. Бір кезде шыдамай көрші тұратын «ӘПКЕсіне» қарай тартып кетті. Жалғыз қалған Айдар өткен-кеткеніне біраз көз жүгіртіп, қиялдап жатыр.
Осыдан екі-үш жыл бұрын бір көшеде тұратын бес жігіт дос болған еді. «Атың шықпаса жер өрте» деген. Бұлардың аты елден ерен есерліктерімен шықты. Анда-санда араққа тойып алып «СЫҒАН СЕРЕНАДАСЫн» шырқап отырғанда қастарына өтіп бара жатқан ит екеш итті де құр жібермей, тас атып әудем жерге «шығарып» салушы еді. Бірде сол бесеудің бірі – біздің кейіпкеріміз Айдар көршінің қызы «ҚАРАГӨЗге» ғашық болды. «ҚАРАГӨЗ» де бұған кет әрі емес. Несі бар, аздап арақ ішетіні, мәшинесінің жоқтығы, үйінің ескілігі болмаса, өзі ақын, өзі әп-әдемі-ақ жігіт. Әр күн сайын екеуі ымыртты асыға күтетін болды. «ЫМЫРТТАҒЫ МАХАББАТтың» таң атпай тарқамайтыны тағы белгілі. «ЕСТАЙДЫҢ ҚОРЛАНЫ» атанған Қарагөздің Айдарға деген «МӨЛДІР МАХАББАТына» тәнті болған жұрт сырттарынан тамсана көз тастаушы еді. Бірде Айдар елдің бәрін тәнті етіп, керемет бір сурет салыпты, «ҚАРАГӨЗ» екеуінің. Бұған «СҰЛУ МЕН СУРЕТШІ» деген ат қойыпты. «Неге ақын емес, суретші?» деп сұрағандарға: «Ақын суретші емес пе», – деп жауап беріпті сан қырлы жігіт. Оның талантын енді байқай бастаған кей қыздар Айдарды бұрын тентек, есер деп аулақ жүруге тырысатындарын естен шығарып, «ҚАРАГӨЗді» күндей бастады. Айдар арақ ішуді де, есерлікті де қойып, өмір салтын өзгерткен соң, «ЖЕЛІККЕН ЖАСТАРдың» да желігі басылып, қыздарға қармақ салып, өзгеше қызық өмір сүруге бет қойды. Олар үшін бұл өмір жай ғана өмір емес, «ДҮНИЕ ДУМАНҒА» айналды. «МАХАББАТ ДАСТАНЫ» бес жұптың арасында да шырқалып жатты. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», бүкіл ауыл «БЕС БОЙДАҚҚА БІР ТОЙ» жасап, ұлы қуанышқа кенелеміз деп абыр-сабыр. Әлі болмаған «ҚҰДАЛАРдың» да ауылы аралас, қойы қоралас болып, алдағы мың жылдыққа жоспар жасай бастаған.
Бір күні ауылда аяқ астынан «АПАТ» болды. Жаңбыр жауып, тау етегіндегі ауылды сел басты. Бүкіл ел той дүрбелеңінен үй ішілік абыр-сабырға көшті. Сел Айдардың ескі үйінің бір қабырғасын опырып кетіпті. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, бүкіл жұртты асарлатып үй соғып жатқанда, «ҚАРАГӨЗді» көрші ауылдың жігіті алып қашып кетті» деген сыбыс жетті. «СЕРГЕЛДЕҢ БОЛҒАН СЕРІЛЕР» сең соққан балықтай есеңгіреп қалған Айдардың есін жиғызу үшін «БӨРІК АСТЫНДАҒЫ БӨЛТІРІККЕ» аттанды. Бірақ, бәрі кеш еді, «ҚАРАГӨЗ» аттаған босағасында қалатынын айтыпты…
Айдар сол түні тұңғыш рет еңкілдеп тұрып жылады. «Уа, АНА, ЖЕР-АНА», неге біздің махаббатымыз баянсыз болды?» деп еңкілдейді. Бәйге аты торыға мініп, олай да, былай да шапқылады. Құдай куә, дәл сол түні Айдармен бірге бәйге торы да жылаған еді. Бұл түн Айдардың есінде «АТ ЖЫЛАҒАН ТҮН» болып қалды. Сол түні «ЕСКІ ҮЙМЕН ҚОШТАСУ» да жасады. Күйіктен біраз уақыт «ӘҢГҮДІКтікке» де басты, өз өмірін «ӨМІРЗАЯ» деді, өлеңге көбірек сыр ашты.
«Уақыт – ең керемет емші» деген рас екен. Басын тауға да, тасқа да ұрғанмен, өмір шу асауды құрықтады, тентекті тезге салып түзетті. Қазір «ҚАРАГӨЗдің» үш баласы бар деп естиді. Бірақ оның көңілінде өз ғашығының «МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» қалпы ғана сақталып қалды. Өзі де жақында үйленген. Келіншегі – манағы «ТОМИРИС». Оны да жақсы көреді. «ТОМИРИС» Айдарды ақындығынан болар, әлде пәлсапашылдығынан, әйтеуір «АБАЙ» деп атайды. Әрине, ол сөз тек екеуі жеке қалғанда ғана айтылады. Кей күндерде «ҚАРАГӨЗ»: «Үш ұл тұрмақ, «ОТЫЗ ҰЛЫМ БОЛҒАНША»… сүйікті шалым болсын», – деп бұған қайта келіп, «ТОМИРИС» екеуінің бақытты өмірін көріп, қинала тұрып «ТОМИРИСке»: «КҮЙЕУІҢІЗДІ САТЫҢЫЗШЫ»? Қаншаға болсын алам», – деп әзілдейтіндей көрінеді. Сосын өз ойына өзі күледі. Күледі де: «ҚОШ, МАХАББАТ!», маған бұйырмаған асыл махаббат!» – дейді шарасыз.
Айдарда ақындық бар. Ал, ақынның періште болуы міндет, сондықтан періштелік те бар, мәңгі өшпес махаббат та бар. «АҚЫН… ПЕРІШТЕ… МАХАББАТ….». «ТОМИРИСІ» – Әйгерім, «ҚАРАГӨЗІ» – Тоғжан. «Мен бақыттымын, ия, шексіз бақыттымын! Жақында әке болам. Тұмаржаным қайда кетті екен?» – деп орнынан тұрғаны сол еді, «ТОМИРИС» те қайтып келіпті. Қос ғашық бүгін Қазақ мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрына барып «ГАМЛЕТті» тамашалауға келісті.

Дәл осы оқиғаның басы-қасында болып, баяндаған жан – Кәмшат

«Иманжүзді»

Иман келтірген жанның жүзінде тыныштық бар. Кей кездері тіпті нұрланып тұрады. Тыныштық жан-тәнімен Құдайға берілген соң пайда болған. Ал нұрланып тұратын себебі, көпшілікке көріне бермейтін ақиқатты көре білуінде.
Айналасында болып жатқан оқиғаны діндарлар жүрексіз қабылдайды. Бәрі де солай болуы керек тәрізді. Жеңістің де, жеңілістің де дәмі бір. Қайғы ма, қуаныш па бәрібір. Бәрі де бір Құдайдың қалауы. Бәрі де өтпелі, өткінші. Януш Корчак сол иманымен жөйт бүлдіршіндерімен бірге газ камерасына енген. Жүзінен бір де бір қорқыныштың табы білінбестен Тереза ана Калькутта көшесіндегі жаураған жандарды бауырына басқан. Ал бірақ қазіргі көптеген діндарлардың жүзінен сол иманды көре алмайсың. Өкінішке қарай, көпшілікпен санаспайтын ұмсыныс пен сыртқы әлемнен бөлектену бар. Сақал жіберген жастардың өзеуреген болмысынан иман тыныштығы безіп кеткенін көрсетеді. Мүмкін олар жанын құрбан етуге дайын болар, бірақ иманның есебінен емес, оқшаулап, өзгергендіктен. Жүзінде иман жоқ, бірақ иманның топас көрінісі ғана бар.

Асқар Исабековтің блогындағы «Лицо верующего» жазбасының еркін аудармасы

minber.kz

Хазірет Әли құрма бақшасында кешке дейін жұмыс істеп, кешкісін түйесіне бір қап жеміс теңдеген күйі үйіне қайтты. Түйенің тізгіні көмекшісі Қамбардың қолында, ал өзі болса алда келе жатты.

Мәдинаға кіре берісте жол шетінен жалынышты дауыс естілді. «Аллаһ разылығы үшін» деп өткен-кеткенге алақан жайған қайыршының күйі аянышты-ақ еді.

Дәл осы сәт Әли мен түйе жетектеп келе жатқан Қамбардың арасында мынадай бір әңгіме өрбіді.

Әли:

- Әй, Қамбар! Мына байғұс не сұрап тұр?

- Құрма сұрап тұр.

- Берсеңші, ендеше!

- Құрма қапта ғой..

- Қабымен бер, ендеше!

- Қап түйенің үстінде ғой..

- Түйесімен бер, ендеше!

Әлидың айтқанын бұлжытпай орындаған Қамбар:

«Түйенің тізгіні менің қолымда деуге қорықтым, – дейді, – әйтпесе, мені де қоса ойланбастан әлгі қайыршыға беріп жібергендей еді…».

Иә, сахабалар тым дархан мінезді еді.

Қ. Бағашар Тағлым тамшылары кітабынан

Жылы жаңбыр құйып тұр

Калкаман Сарин

Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса құйсын.
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.

Жаушы жаңбыр, жауа түс, жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл…
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр !

Жаушы жаңбыр – алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозжусан бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті жасарып көз алдымда.

Бір Құдірет тастады бәрін сілкіп,
Шұғылаға шомылдым жаным шылқып.
Періштелер ұшып жүр қанатымен,
Кірлеп кеткен құрлықтың шаңын сүртіп.

Бір Алланың алғандай алғысын көп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кемпірқосақ ! деп шулап балалар жүр,
Ал, мен тұрмын: жаңа күн, армысың деп.

Жаушы жаңбыр, жауа түс жаушы жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл.
Періштелер қондырған қанатымен,
Мен сендегі ғашықпын тамшыға әрбір.

Қолы сынған қыз

…Бағдатта елді аштықтың қатты бір тықсырған кезі.

Бұл қиын жағдай әсіресе қолындағы арқанымен әркімнің жүгін тасып, солардың ұстатқан азын-аулақ тиын-тебенімен күнелтетін жүктасығыш «хаммалдардың» қабырғасын қайыстырып, жандарына қатты батты.

Бір күні жүк тасушы хаммалдың біреуі жаңа піскен нан исі бұрқырап шығып жатқан жатқан бір үйдің тұсынан өтіп бара жатып аштықтан бұратыла ішке дауыстады:

- Неше күннен бері нәр татпаған мен бейбаққа Аллаһ ризалығы үшін бір үзім нан беретін жан болар ма?

Тандырдың қасындағы шешей жаңа піскен ып-ыстық күлшеден қызына беріп жатып «Ана кісіге ұстат» деді. Қызы бір ауыз сөзге келместен ыстық күлшені жақсылап ораған күйі аш хаммалдың қолына ұсатты.

Хаммалдың қуанышында шек жоқ. Неше күннен бері бір күлшеге зар болып еді. Енді міне сол тілеуін Құдай аяқ астынан берді деген сөз.

Бірден үйіне қарай бет алды. Алайда дәл осы мезет ту сыртынан естілген өктем дауыстан тұрған орнында қатты да қалды. Ол дауыс:

- Айт, тез, андағы нанды қайдан алдың?- деді.

Бұл байғұс жаңа ғана шыққан үйін қолымен нұсқады.

Қабағы онсыз да қату әлгі кісі ашуланған күйі:

- Бәсе,- деді,- мынадай заманда басқа кімнің үйі елді жарылқап нан береді дейсің?!

Сөйтті де үйіне барып:

- Қайыршы хаммалға нан берген қайсысың?- деп айғайлады.

Әйелі байғұс қатты қорыққандықтан жең ұшымен қызын көрсетті. Онысы – қызына жаны ашыр, басы артық қылыққа бара қоймас деген ойы еді. Алайда қыздың әкесі сараңдық пен ынсапсыздықтың ауруына мықтап шалдыққан болатын. Сондықтан да болар ойланып жатпастан босағада тұрған таяқпен «нан берген қолың осы болса» деп қызының қолынан оңдырмай салып қалды. Қыздың баж еткен даусы ғана шықты. Өйткені, онсыз да нәзік қолы сол мезет сынып кетіп, өмірлік мүгедек болып қалған-ды. Оған қарап жатқан әке бар ма?! Ол өз ісін іштей дұрыс деп түйді, «елдің бәріне нан тарата берсем бұл үйде нан қала ма» деп ойлады.

Алайда оның бір нәрсені ақылға салып таразылауға, түйсінуге парасат-пайымы жетпеген еді. Ол – өзіне нәсіп етілген әрбір нығметке шүкір ету қажеттілігі еді. Яғни адам баласы да әрқашан Аллаһ Тағаланың маңдайға бұйырған әрбір жақсылығына іштей шүкіршілік қылып, соны біліп жүруі керек. Өйткені шүкір ұмытылған жағдайда Аллаһ Тағаланың ол адамды бар жақсылықтан мақұрым ғып, құр алақан қалдыруы демде еді.

Айтқандай-ақ осы бір ақиқат шығайбайшыл әлгі сараңды өз ырқына бас идірді де. Көп өтпей-ақ ісі өрге баспай, кетеуі кете бастаған әлгі үй иесінің базардағы сауда орнын сатуы да сол берекесі қашқан тірлігінің бір көрінісі еді. Аз-ақ уақытта кедейленіп шыға келгені соншалық, бір күндері нан таппайтындай жағдайға қалай душар болғанын да өзі сезбей қалды.

Салы суға кетіп кешқұрым үйіне қайтқан ол үйдегілерге мынаны айтуға мәжбүр болды:

- «Болды енді, менен үміттеріңді біржолата үзіңдер! Бүгін күні бойы нан алатын ақша да таба алмадым. Қызым, бүгін сен одан да базарға барып өткен-кеткендерден біраз нан алатын ақша сұрап қайт!»

Қызы қол жайып қайыр сұрауға қанша арланса да шарасыздықтан қысыла-қымтырыла базардағы бұрынғы дүкендерінің алында тұрып таныс біреу-міреу кездесіп қалар ма екен деп күте бастады.

Сәлден кейін-ақ өзін байқаған әлгі дүкендегі кісі келіп:

- Сенің бір қыжалатың бар секілді. Бұл жерде кімді күтіп тұрсың?- деп сұрады.

Қыз лажсыздан бар шындықты жасырмай айтты:

- Шыны керек, нан алатын ақшамыз болмай, қолыма бірдеме ұстатар таныс кісілер кездесіп қалар ма деп тұрған жайым бар…

Әлгі кісі қолын бірден қалтасына салып біраз ақша алып «мә, ала ғой» деді. «Сен бұған қалағаныңша нан сатып ала аласың. Мен де сенің арқаңда Аллаһтың өзіме жасаған жақсылығына аз да болса шүкіршілігімді қылған болып саналамын»,- деді.

Қыздың манадан бері бір қолын артына жасырып, берген бір уыс ақшаны да бір-ақ қолымен алғаны әлгі кісіні таңдандырмай қоймады. Сол сол-ақ екен:

- Қолыңда жара болса, айт, емдетіп берейін. Неге артыңа көрсетпей жасырып тұрсың? Аллаһ маған көп нығмет-несібе бергенде мен де оған шүкіршілік етіп басқаларға жақсылық жасауым керек емес пе?- деді.

Қыз қолы жайлы қанша айтқысы келмей тартыншақтағанымен, әлгі кісі сұрап тұрып алғаннан кейін айтуды жөн көрді.

- Кезінде мен бір пақырға нан берген едім. Әкем әлгі байғұстан «нанды қайдан алдың» деп сұраса ол біздің үйді көрсетіпті. Әкем қатты ашуланып, үйге келе сала нан берген қолың осы болса деп менің қолымды таяқпен ұрып, өстіп мүгедек қылып тастады. Көрсетуге ұялатындықтан ел бетіне көрінбей үйде отырамын деп күйеуге де шықпай қалған жайым бар…

Әлгі кісі қыздың айтқандарын ести сала бар көрші-қолаңын шақырып айғай салады.

- Әй, көршілер! Келіңдер, мен өз қиялымдағы ақ жүректі аруды енді таптым. Ол, міне, алдарыңда тұр. Сендер де менің бұл ісіме куә болыңдар!

Сөйтеді де аң-таң болып тұрған қызға болған жайды әңгімелеп түсіндіре бастайды:

- Кезінде сенен нан сұраған бейбақ мен едім. Мен ол кездері елдің жүгін тасып күнелтетін кедей бір хаммал едім. Демек қолыңның сынғанына мен себеп болған екем. Сенің қолыңның сынғанына себеп болып қана қоймай, сенің тұрмыс құра алмағаныңа да себеп болғаным жарамас. Бұған Аллаһ Тағала да разы бола қоймас. Сені көргенде іштей ұнатып қалғаным да рас. Маған нан берген қызға қатты ұқсайды екен деп қадала қарап қалған едім. Қателеспеген де екем. Әкең шүкіршілік етпегендіктен қолындағы барынан айрылып қалды. Ал керісінше оның айрылып қалған байлығын Аллаһ Тағала маған нәсіп етті. Мен ондай шүкіршілікті білмейтін адам емеспін. Кел, екеуміз одан да некемізді қиғызып, отау құрайық. Әкеңді де қиыншылықтан құтқарармыз.

Екеуі бірге қол ұстастан күйі қыздың әкесіне көмектеспек ниетпен жолға шығады…

«Шүкір етсеңдер ырыс-несібемді молайта түсемін. Ал шүкіршілікті ұмытсаңдар, қолдарыңдағы нығметімді аламын да шүкіршілігі бар басқаларға нәсіп етемін. Шүкіршілік етпегендерді әрі қатты азапқа ұшыратамын…» (Құран Кәрім, 14/7)

Қ.Бағашар, Тағлым тамшылары кітабынан
muftyat.kz

Шыда

Шыда, шыда,
Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Үміттің құлан иек құба таңы
Әйтеуір, бір атады, бір атады.
Өкінбе,өкпелеме
Бүгініңе
Өмір, өмір!
Болмайды түңілуге.
Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,
Қайта тұрып қақың бар жүгіруге.
Түсінемін жаныңның ауырғанын,
Шыдадың ғой, шыдай түс, дамылдағын.
Иогтардың тәсілін қабылдағын,
Басқасына бас ұрып табынбағын.
Шыда, шыда
Шыдай түс, тағы шыда,
Тау құлатқан тасқынның ағысына.
Кір жуытпай кіршіксіз намысыңа,
Қарысуға болады, алысуға…
Мұқағали Мақатаев

Қарақат қыз

Жұлдызды түн. Уақыт мәмілелі…

Кәрі төбет ерініп паң үреді.

Қарақат қыз қарайды мамасына,

Сылтауратсам екен деп тағы нені.

Маған пана сол үйдің бәйтерегі,

Күндегідей төбемнен ай төнеді.

Қолжуғыштың шелегі толмаса да,

Төкпек болып шығады, қайтеді енді?!

Кім екенін білмесін, білсін мейлі…

Әдеті ғой, ақырын «кімсің?» дейді.

Біле тұрып не үшін келгенімді,

«Қай жақтан мұнда адасып жүрсің?» дейді.

Бейбіт Сарыбай

Ертегіден келген қыз

Айдын қылып ауаны кешіп кетіп барады
Барған сайын бағасы өсіп кетіп барады
Біреу жетіп қарады, біреу өтіп қарады
Арман біткен арумен көшіп кетіп барады
Күллі ырғақты бір өзі, алып кетіп барады
Күл қалмады демесең, жанып кетіп барады
Қалқан құлақ бір бала, әлсін- әлсін күрсініп
Әлденеге әйтеуір налып кетіп барады
Бұл дүниені бір өзі бар қып кетіп барады
Бар қылғанын қайтейін, тар қып кетіп барады
Алыстағы жақыным, жақындағы алысым
Басқан ізін бара алмас, жар қып кетіп барады
Мас мұңайып мастығын жасырғысы келеді
Жас жалаңдап бағасын асырғысы келеді
Бір күлімдеп қараса, Күнекей қыз бұрылып
Еркек біткен алдында, басұрғысы келеді
«Ертегіден келген қыз, болар бәлкім ақылды
Құрметтейді батырды, не болмаса ақынды…»
Деді дағы бір бейбақ қалам ұшын тістеді
Деді дағы бір бейбаќ оны оңаша шақырды
Ертегіден келген қыз, біз осындай елденбіз
Көрсе қызар көңілдің, көшін бастап келгенбіз
Саққұлақ та өзіміз, желаяқ та өзіміз,
көл таусардың көзіміз,
Дей тұрғанмен сенбеңіз, «жау келеді қай жақтан»
дегенім де кеше мен
Саққұлағым жерге емес, сөзге құлақ төсеген
Желаяқтың бұл күнде, көлік міну арманы
Барады әне теңселіп, таусоғарым көшемен
Сен солардың біріне кез боларсың түбінде
Серттесерсің, дүние ай, болар екен күнің не
Қайдан, қалай тап болдың, онсыз да тар бұл маңға
Қалай, қайтіп қияйын, ертегімді бүгінге
Ертеңіне сақтаған, елдің тұнық айдыны өзің едің,
егіліп, шер төгерсің қай күні
Ертегіден келген қыз, ең ерекше күнде де
Біртүрлі елміз біз деген, ән салатын қайғылы
Арман, нала, мұң, күйік, әнмен бәрін айтамыз
Соқа басты сорайтып, сосын үйге қайтамыз
Біртүрлі елміз, біз деген, біртүрлісіз сіз дер ем
Іздегенің біз болсақ, қош келдіңіз, байқаңыз,
Ертегіден келген қыз…

ЖАРАС СӘРСЕК

… өкінеді

Бірде бір кісі (кейде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) деп те айтылады) келе жатып, тау арасымен өтіпті. Түн мезгілі болса керек. Сонда жанында келе жатқандарға:
«Аяқтарыңның астында жатқанды тергендерің де өкінесіңдер, термегендерің де өкінесіңдер», – депті. Оны естіген бәзбіреулері: «Ақыр өкінеді екенбіз, теріп керегі не?» – деп ойлапты. Енді бір тобы: «Термей өкінгенше, теріп өкінейік те» – деп біреу бір дорба, біреу жарты дорба, енді біреулер қап—қап қылып жинап алыпты. Ертесі тұрып қараса, тас дегендері алтын екен. Сонда жинамағандар «неге жинамадық?!» деп өкінсе, жинағандар: «аз жинап қалғанымызды қарашы!» деп өкініпті дейді.

P.S. Бұны айтып берген Қайнар: «Адам о дүниеге барғанда намаз оқымаса, «неге оқымадым» деп, оқыса, «неге аз оқыдым!» деп өкінеді» деген түсініктеме де берген еді.

Бұрынғы жазбалар »