Feeds:
Жазбалар
Пікірлер

Archive for the ‘"Жанымның жазба нұсқасы"’ Category

Амангелді Сейітхан ағаны таныстырып жату артық болар. Сөйлей бастаса болды, аузынан сөз емес, маржан төгілетін шешен кісі. Сол Амангелді аға бүгін Өркен екеуміздің жүрегімізді ауыртып кетті.
– Аманғалиды білесің бе? – дейді аға. «Қай Аманғали?» деп есімізге түсіргенше, ол кісі «Базар жоқтағы» деді. Төрт түлікке пародия жасап жүрген жігітті сырттай білетінмін. «Ол не істепті?» дейміз.
Әңгіме былай ғой:
«Базар жоқ» театрының концертінде өнер көрсетіп жатқан Аманғали мал-жанға арналған қазақ әндеріне пародия жасап жатып, оңтүстік, Тараз жаққа келгенде былай депті: «Ол жақта уақ мал да, малшы да көп. Әндері де солай келе ме деймін. Білмеймін, мынадай бір өлең бар» деп домбырасын қағып-қағып жіберді. Артынша «Маңырайсың ақ ешкі…лағыңа …» деп маңырап, «ммәә-әә, мә-әә-ә» елді күлдіріпті.
Бұл Кенен Әзірбаевтың қасіреті ғой! Кенен атамыздың үйінде бала құтаймай, дүниеге келген баланың бәрі шетінен шетінеп кете берген. Үш жарымдағы Базары мен бір жарым жастағы Назары да атамыз Алатау жақты айналып келгенше О дүниелік болып, жұрт өзара келісіп, әкелерін күтпей, жер қойнына тапсырып қойған екен. Шешек ауыруынан қайтқан ботақандары жатқан төмпешікті құшақтап, зарлап қалған ата-ананың қасіретіне қасірет қосып, ақ ешкінің де екі лағы өліп қалады. Тірі жанның төбе құйқасын шымырлатып, қос лағын жоқтап маңыраған ешкінің үніне шыдамаған Кенен:
«Зарланасың ақ ешкі лағыңа,
Емшегіңмен емізген шырағыңа.
Кел, екеуміз қосылып бір жылайық,
Жетер ме екен Құдайдың құлағына.
Базарым-ай, Назарым-ай,
От басында күл шашарым, қарағым-ай.
Жалған дүние-ай, салдың күйге-ай,
Омырауымнан үзіліп түсті екі-ай түйме-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Қу шешектен болды-ау, сенің ажалың-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Сен өлгелі қашты-ау менің ажарым-ай,
Ой, дүние-ай.
Ешкі қандай, ой-дүние-ай, лақ қандай,
Лақ ойнап тезекті құлатқандай.
Бірте-бірте баламды ала бердің,
Жаратқан-ау, не жаздым, зарлатқан¬дай?!
Ат шалдырар жолаушы жол астына,
Ел тұрмайды бұзықтың қол астында.
Талып қалып мен жоқта көмді ме деп,
Алты бардым балалар моласына.
Кенейің мен ойнайтын сақаң қалды,
Киетұғын ілулі шапан қалды.
Бәсіре мінетұғын атың қалды,
Үй ішінде сұңқылдап апаң қалды.
Көштің көркі болмайды түйесі жоқ,
Таппай айтқан сөз жаман жүйесі жоқ.
Көптің көңілін көп ашқан бұлбұлы едім,
Домбырамның қала ма иесі жоқ?! – деп жоқтаған екен.
Басқа-басқа, жоқтауға күлгенді көрген кім бар?! Жоқтауға күлдірткенді ше?!
Амангелді аға: «Апырай, ол жігітте бала жоқ па екен?! Әлде қайғы түсінер жүрегі жоқ па екен?!» деп кейіп, әлгі өлеңді қайта-қайта орындағанда, Кененнің қасіреті сол сәтте болғандай, жаным ауырып, жүрегім ауырып, күні бойы дел-сал болып жүрдім. Амангелді аға неге өйтті? Өйткенде, жүрегімізді ауыртты дегенім ғой. Ол кісі қасіреттің пародияға айналғанына, Кененнің келекеге ұшырағанына,… ең бастысы – халықтың да (!) қайғыға күлгеніне налыды.
«Білмеген у ішеді» деген осы болар.
Мақаланың толық нұсқасы мұнда.

Read Full Post »

Бұрын мені «жердің шеті қайсы екен?» деген сауал қызықтыратын. Жердің шеті. Карта бойынша, Америка – жердің бір шеті. Бұл алып елге келуді мен ешқашан ойға алмаппын, бірақ. Тіпті бір жыл бұрын біреу маған «осы елде екі жылың өтеді» десе, сенбес едім. Өйткені, менің өзім үшін қарбалас та қызық жұмысым ғана қымбат еді ол кезде. Иә, біраз уақыт болды, мен – АҚШ-тамын. (толығырақ…)

Read Full Post »

Тағы бір жаңа блог дүниеге келді! Адресі – http://kainarilyass.wordpress.com
Мен үшін құны да, қадірі де артық блогтардың бірі болатынына өз басым 100 пайыз сенем, ИНШАЛЛАХ! Сізге сәттілік тілеймін, Қайнаржан! Іске сәт! :))))

Read Full Post »

Ақжігіт көркем жігіт. Біз ойлағаннан да көркем. Елгезектігінің өзі көпке үлгі боларлықтай. Жұрттың бәрі оны жақсы көреді. Әңгімелері кіл жақсылықтардан тұрады. «Атымтай атаның қорасының төбесін жауып беріп келе жатырмын» деп, Мақта қыздың үйінен шай ішіп, сосын пешін сылап, «Мақта қыздың пешін сылап бердім» деп, Жиренше шешеннің отынын арқаласып кетіп бара жататын. Сөзіне ісі сай жан кімге үлгі болмасын?! Кімге ұнамасын?! Бәрі оны жақсы көретін. Ауылдың қай тойы болмасын, Ақжігіттің тері сіңіп, төрінде отыратын ақсақалдармен бірге әңгімелесіп. Ооо, сіз оның ақылды әңгімелерін тыңдаған жоқсіз ғой, тыңдап көрсеңіз, бірден бас ұарар едіңіз.
Күндерді бір күн ақкөңіл Ақжігіт түнде ғажап түс көреді. Түсінде оған хан да, қара да сыйлық әкеп беріп жатыр. Небір қымбат тондар, алтындалған ерлер, қапталы күміс күймелер, гаухар, жақұты төбе боп үйіліп жатыр. Ақжігітті өзімсінетін жұрт оның сыйлықтарын да ашып көріп, тонын киіп көріп, еркінсіп жүр. Әйтеуір, Ақжігіттің бір қуанышы боп жатыр. Не қуаныш екенін ол өзі де түсінен емес, тек күле беретіні әрі аздап ашуланып, жабырқап отырғаны да шындық. Осыншама сый құрметке неге ренжіп отыр екен? Әлде, алып үйренбегендіктен, өзін жаман сезініп отыр ма?
Міне, кезекті сыйылығын Қожанасыр атасы берді. Бұл кісінің сөзі де, өзі де, сыйлығы да ерекше ғой. Үстелдің үстін қаумалай отырған қалың жұрттан сыйлығын «қол жалғап жіберші» деп бергені сол, тағы да алған адамнан бастап жылтыр қағазын жыртып, қорабын ашып, ішінде не бар екенін қолдарына алып көре бастады. Қожанасыр ата оған сыйқырлы құмыра беріпті. Оған қарап отырып, не ойласаң, соның бейнесі көрінеді екен. Бұл сыйлық бағанағы сыйлықтарға қарағанда жұрттың қызығуылығын одан әрі арттырып, қолдан қолға өтті, бір бірінің ойын құмырадан көріп, күліп, қорқып, таңданысып, сыйлық иесін ұмытып та кетті. Тезірек қолыма тисе екен деп Ақжігіт отыр. Бір кезде құмыра қолынан түсіп кетіп, оның ернеуінің шеті ұшып кетті. Өмірі ашуын білдірмейтін әдетіне басып, жай күле салған болды. Ызыланып отыр. Неге бірден бермейді деп ашуланады. Оның жуастығын пайдаланып, тиесілі сыйлығын рұқсатсыз ашып көруге бола ма???
Шеті кертік құмырасы да өзіне тиді ау әйтеуір. Құмырадан Ақжігіт ашуланып, ашуын ішіне бүгіп, тесірейіп отырған арыстанды көрді де, өзінің ашуланып отырғанын көріп, ұялғаннан күліп жіберді. Ақжарқын су сылдырап аққандай сурет шыға келді. Иәә, ол күнгі Ақжігіт алмаған, Ақжігіт көрмеген сыйлық жоқ. Тек, шапаны жыртық, Алпамыс әкесін күтіп жүрген Жәдігер сыйлаған сый ғана оған ашылмай жетіп, өзі бірінші ашты. Жүрегі өрекпіп әрең ашты. Ішінде мөп мөлдір бір нәрсе жатыр. Ешбір асылтасқа ұқсамайды, барлық сыйлықтан өзгеше. Алақанына алып көріп еді, жылуы бойына тарап, жұпары танауын қытықтады. Қай жақсылықты да жалғыз өзі пайдалануға ұялатын Ақжігіт аты белгісіз ғажап сыйлықты жанындағыларға да көруге берді. Барлық адам алақандарына алып тұрып «бақыт бақыт, қандай бақыт!» десіп жатты. Ол сыйдың аты расында да бақыт еді. Бақытын қолына қайта алып жатып Ақжігіт оянып кетті. Бұл түсін не деп жорырын білмеді. Данадан да сұрады, ғалымнан да сұрады, батырдан да сұрады, биден де сұрады, бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «бақытты болады екенсің» деді. Бірақ, жүрек шіркін тыншымады, жауабын ізде, іздей түс деп өрекпіді. Ақжігіт ауылдастарын тастап, түсін жоритын жан іздеуге кетті. Әбден арып ашып, жер шетіне шықтым ғой деген кезде бір қойшы баланы көрді. Ол қойшы бала бұның түсін естіп күлді, күлді де: «бәрі рас айтады, сен екі дүниенің бақыттысы болады екенсің. Сенің білгің келетіні ашуланған сеебің ғой, ә?» – деді.
– Дөп түстің!
– Оны сен маған бір жыл көмектес, сосын айтайын, – деді. Ақжігіт келісті.
Уәделі жыл өтіп, қойшы баланың сөзін естуге келді Ақжігіт. Бүгін бұл бала тым өзгеше. Күліп қарсы алды, ерекше қылып дастархан жасап қойыпты. Сосын қойшы бала түсін былай жорыды:
– Сен түсіңде көп сый алдым дедің. Расында да, кім не ексе, соны орады. Ол сыйлықтың бәрі сені күтіп тұрған жақсылықтар, нығметтер. Оның бәрін әппақ көңіл, маңдай термен иеленгенсің. Бірақ, сол сыйлықтарыңды ең бірінші өзіңнен бұрын өзгелер көрді. Бұл сен өзің жасаған жақсылықтарды жария ететіндігіңді білдіреді. Жасаған жақсылығыңды жасыра білу – үлкен өнер! Сен кімге көмек көрсеттің, кімнің отынын арқаластың, бәрін-бәрін ел біліп отырады. Ал, ана жетім бала берген бақыт сыйлығын ғана өзің ашу бақытына ие болдың. Оның себебі, сен ол бала аш жүргенде, қолыңдағы азықтан бөліп беріп, көз жасын құрғатады екенсің. Өзгелерге жасағаныңды жақсылық деп ойлағаныңмен, бұны сондай бір жетістігім деп санамапсың. Содан болар, оны айтуды да ұмытып кеткен екенсің. Сол жақсылығың саған жұмбақ, тосын, сый, тосын бақыт болып оралды, – депті.
Содан бері Ақжігіт өзі жасаған жақсылықтарды жарияламаса, екі есе көбейетінін ұғып, бұрынғыдан да тамаша жанға айналыпты.
P.S. Жақсылық көрсең асыр, өзің жасасаң, жасыр
Кәмшат

Read Full Post »

«Ислам қркениеті» газетінен оқыдым. Анығы бір АЛЛАға аян, жер бетінен осы уақытқа дейін 80 миллиард адам қайтыпты дейді…

Read Full Post »

Грипп сөзі француз тілінен аударғанда тыныс жолдарының жұқпалы ауруы дегенді білдіреді екен. Жыл сайын жер бетінде 500 миллион адам осы аурудан зардап шегеді. Бүгінгі таңда бұл аурудың 2000-нан астам түрі белгілі.
Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай. Дәл осы екі ай тоғысқан кезде тұмау да өршелене түседі. Мәселен, 2006-2007 жылдары осы екі-үш апта аралығында елімізде 15000 тұрғын ауырса, биылғы тұмау маусымында олардың саны 60 000-ға дейін артқан екен. Бұл тұмау маусымының ең шырқау шегіндегі деректер ғана. Елімізде жылына 800 мыңнан 1,5 миллионға дейін адам тұмаумен ауырады. Ал, әлем бойынша жыл сайын 500 миллион адам тұмауратып, 2 миллионы осы аурудың себебімен өмірімен қош айтысып жатады.
Грипп те біз түлкі боп қашсақ, тазы боп шалуын қояр емес, тіпті түрін, атын да өзгертуді әдетке айналдырған. 1918-20 жылдары тұмаудың Испандық түрі шығып, Жер шарының 40 пайызға жуық халқының басына зобалаң келген екен. Одан соң азияттық тұмау, Гонконгтық тұмау… 21-ғасырдың басынан бастап бұл ауру ит-құспен тығыз байланыс орнатып алды. Мойны қылдырықтай құс тұмауы дедік, жуан желке шошқа тұмауы дедік. Енді, кедейдің есін жиғызар ешкі малына байланысты ешкі тұмауы деген тұмау шықты. Бірақ, мамандар «ешкі тұмауы бізге бұрыннан таныс Ку-лихорадкасы деген ауру» дейді.
Тұмаудың екінші маусымы келе жатыр. Ауырмаңыздар! Ал, ауырғандарға АЛЛА шипасы мен сауабын берсін!

Read Full Post »

Немесе мен емес, анау

Сырт адамдар болмаса, жатақхананы студенттердiң бәрi де үй деп атап кеткен. Расында да, үйден көп айырмашылығы жоқ, барлық жағдайы жасалған, бөлмелерi еурожөндеуден өткен, бiр бөлмеде екi не үш адам ғана тұрады. Сiздiң жұмыр жерден дәл осындай қонақжай, құдайдың құтты күнi той тойлап, қызыққа кенелiп жатқан 5-жатақханадан (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журфактың жатақханасы) басқа тағы бiр мекендi табуыңыз екiталай. Бұл өлкеде, әсiресе, кешке қарай қайнаған өмiр басталады. Құдайы қонақ, арнайы қонақ, қыдырма қонақ, шақырма қонақ дейсiз бе, қонақтың түр-түрi үй-үйдi кезiп жүредi, бiрақ бәрi де қадiрлi. Және олар етке емес, ниетке, табаққа емес, қабаққа риза боп кететiн нағыз шүкiршiл жандар.
Сіз күнiне кем дегенде елу адамға амандасып, оншақты адамға шай берiп, бiр өлең тыңдамасаңыз, басыңыз ауырып қалады. Сондақтан, бас ауырмаудың қамын ертерек жасаған жөн. Ас iшiп отырғанда ғана айтылатын әңгiмелер қандай! Тақ бiр, ұлттың күллi мәселесi тек бiзге қарап қалғандай сезiнемiз өзiмiздi.
Бiз бiр бөлмеде Шынар, мен, Назым үшеумiз тұрдық. Назым бiрiншi курста, ал бiз Шынар екеумiз төртiншi курста оқып жүрген кезiмiз. Кешкiсiн әдеттегiдей көпшiлiкпен отырып, тамақ iшiп болған соң, Назым өз достарына қыдырып кеттi де, Шынар екеумiз ыдыс-аяқты жуып, үйiмiздi реттестiрiп қойып, өз төсегiмiзге жағымызды таяна етпеттей жатып, дастархан басында айтылған тiл туралы әңгiменi жалғастырдық. Бір кезде әлдекім есік қақты
– Кiрiңiз-кiрiңiз! Бұл кiм? – деп, құрбым екеумiз бiрдей тiктелiп отырдық. Ар жақтан таза қазақша акцентпен:
– Назым ыздес? деген қарсы сұрақ естiлдi.
– Назым осында, бiрақ қазiр үйде жоқ. Кiм iздеп келдi деп айтайық? (Ашуымыз келсе керек, сiз деп сызылғанымыз жайына қалып, бiрден сенге көштiк)
– Қазыбек.
– Әй, атың Қазыбек болғанмен, затың оған лайық болмай тұр ғой. Неге қазақша сөйлемейсiң?!
– Қыздар ғой орысша сөйлейтiн. Сосын мен де орысша сұрадым.
– Сен не сонда, қыздардың ығына жығылып кете бересiң бе! Қыздарды қазақша сөйлетуге шамаң келмей ме?!
Осы кезде ойымызға не келгенiн бiлмеймiн:
– Тоқташы, түрiңдi көрiп алайық! – дедік, дедік те орнымыздан атып тұрып, Шынар екеумiз бiрдей дәлiзге қарай атып шықтық. Келген екеу екен, олар да ор қояндай секiрiп, демде жоқ болып кеттi. «Қайда кеттi-ей?» – деп, дәлiздi бойлай бұрылысқа жеткенiмiзде, анадай жерде екеуi бiрдей бiзге состия қарап тұр екен. Ұзын бойлы, бұйра шаштысын бiрден таныдым: Арман деген журналист, жанындағысы Қазыбек болса керек.
– Қазыбек, сен бе? – десек, Қазыбек бiрден:
– Мен емес, анау, – деп Арманды көрсеттi.
Арман да:
– Жоқ, мен емес, анау, – деп Қазыбекті нұсқап, екеуi баспалдақпен қақтығыса екi аттап, үшiншi қабатқа бiр-ақ секiрдi.
Бiз Шынар екеумiз бiрдей күлiп жiбердiк. Мазақтап емес, әрине, оларға риза боп күлдiк. Өйткенi, олар өз қателiктерiне ұяла бiлдi ғой.
P.S. Мен сол күйi Қазыбектiң түрiн көрмей-ақ, оқуымды аяқтадым. Мүмкiн, соның өзi дұрыс болған шығар. Екiншi курста Қазыбек қыздарды өз айтқанына көндiрiп, қазақша сайрататынына сенем, өйткенi ол туралы журфакта жақсы әңгiмелер ғана айтылады.

P.S. P.S. Көпке танымал, ұлттың сөзін сөйлеп жүрген жандар өз сөздеріне лайық болмаса, келер ұрпақ «тоқташы, түріңді көріп алайық!» – десе, қашар ма екен ұяттан өртеніп??? Әлде «мен емес, анау» деп бір-біріне сілтер ме екен???
Кәмшат

Read Full Post »

«Осы біз ру шежіресін не үшін оқимыз?» деген ой мазалап жүр. Бұрын мән бермейтінмін, кім қай рудан, қай жүзден – маңыздысы ол емес мен үшін. Қазір «күштеп» тұрып, өз руын танытатындарды көп көрем. Қазақша шатып-бұтып сөйлегенде 2 жасар баладан ары, салт-дәстүрге мақұрымдығы былай тұрсын, оны тіпті қабылдай да алмайтын, әдемі, ақылды қыз «менің руым ең мықты ру! Бар қазақтың қазақ болуына септігі тиген ру!» – деп, руластарын көргенде ерекше жадырап кететінін көргенде, таңқалдым. Руластарын көргенде жадырасын ғой, өзі біледі, бірақ оның руынан үлкен ұлты бар ғой! Ұлтымен неге мақтанбайды екен, ә?

Сосын бар ғой, біз әр рудың тарихын білгенде, оқығанда, өзге руларды кемсітіп, бетке басар қандай міні бар екенін білу үшін оқимыз ба деп қалдым. Белгілі кісілердің бейресми әңгіелерінде «саясатта біздің рудан мынанша адам жүр, өнерде мынанша, спортта мынанша» деп санамалап бергенін көргенде жағамды ұстадым.

Өзімнің күнде көретін бір досым да өз руын мақтағанда, жорғаңыз бекер қалады. Ешкім жетпейді! Сол жігіт те «қазақ боп туғаныма қуанам, бірақ мақтанбаймын» деді. Дәл солай айтты! Жаным ауырды. Солай бола ма??? Ұлтты жек көру, ұлтты емес, ұлтыңды жек көруге бола ма?

Қазір қазақты жамандау – сән! Кәдімгідей сән! Қазақтың қолынан не келеді деп бастайды. Қазақ ең бейшара дейді. Қарсы шықсаң, оған бет қаратпайды. Абайды алға тартады. Абайдың мақсаты – қазақты түзеу болды, ал бүгінгі сыншы-сымақтардың мақсаты не?! Бүтін ұлтты қорлауға, жамандауға құқысы бар ма?! Ұялмай ма оған?! Қазақты жамандап отырған кезде, оған өз руының атын атап, түсін түстеп, соны жамандасаң, неге қызылөңештеніп шыға келеді? Түсінуге келмейтін жайт!
«Әр қазақ менің жалғызым» дейтін Сабыр Адайдың сөзі есіме түседі осындайда. Румен емес, елмен мақтанатын күн қашан туар екен?!

Read Full Post »

 Ерте-ерте, ертеде бір сұлу болыпты. Жаны мөлдірден мөлдір. Өзі әлемнің сұлулығын бойына жиған сұлу екен. Ол күлгенде әлем күліп, мұңды жан мұңын ұмтыпты. Солған гүл тіріліп, ұйқыдағы жан ояныпты. Өлген адамды ғана оята алмайды екен. Ол аруға адам түгіл аңдар аңтарыла қарап, құстар ұзыыын боп шұбатылған әсем көйлегінің етегін тұмсықтарымен тістей ұшып, құндыз мамық терісін табанына төсейді екен. Оны ешкім ренжітпепті. Ренжітуге қимапты. Ал, жігіттер сөз айтуға бата алмай, ол аруды сыйлапты. Оның сондай ғажап алқасы болыпты. Ол алқа жарқырағанда әлем түгел жарқырайды екен. Ол қыздың бір жүзігі болыпты. Ол жүзіктің мөлдірлігін мөлдір мұң деп те, мөлдір көл деп те, мөлдір көз деп те жеткізе алмаймыз.
Жақсыны қанша жақсы болса да күндеушілер табылады. Оның бұл жүрісін, өзгеге тек қуаныш сылайтынын көре алмағандар да болыпты. Арудың өзін құшу, әрине, мүмкін ғой, бірақ оның ағыл да тегіл махаббатына ие болу, әппақ жүрегінен орын алу үшін анау-мынау жігіт жарамайды. Өзгелер оның осы қылығын ұнатса да, сынай бастайды. Өздері ертегі, жырларында арман ететін кейіпкерлерін көрсе де, оны қабылдауға, онымен өмір сүруге дәрменсіз екендеріне ашулары келіп, қызды кінәлауға сылтау іздейді. Тіпті таппаған соң «сен неге біздей болмайсың?!» деп дүрсе қоя береді. Олар арудың киімдерін киіп алсақ, ол көріксіз боп қалады деп ойлайды. Сосын қыздың қызыл шарқатын, әппақ көйлегін, сары орамалын тартып алып, оған дөрекілік көрсетіп, жанын жаралайтынды шығарды. Тіпті, біреуі әдемі алқасын жұлып алып, оны отқа лақтырады. Ал, бірі жүзігін тартып алып, оны көлге лақтырады. Өздері тағуға болмайтынын білетін еді олар, өйткені жақсы жандардан «сыбағасын» тартады ғой. Қыз сонда да еш мұңаймапты. Тіпті жыламапты да. Тек, күлімсіреп, шарқатын алған адамға қалай орауды, орамалын алған адамға бйлауды үйретіпті. Тіпті, оларға қосымша тағы сыйлық сыйлапты. Қыздың бұл қылығына олар таңданыпты. Қателіктерін мойындап, аяғына бас ұрыпты. Тартып алғандарын да қайтарыпты. Қыз олардың алғандарын алмай, керісінше, қонақ қылыпты. Біраздан соң олардың пенделіктері тағы да оянып, тағы да әлдене ойластыра бастапты. Әлбетте, бұл топ тым аз еді, Құдайға шүкір. Енді олар қыз жасаған жақсылықтарды теріске шығаруды көздепті. Таныс емес жандарға да амандасатын қасиетін ақымақтық, үйіне келген қонағының аяқ киімін де тазалап қоятын қылығын әсіре жағымпаздық, біреудің жақсы жағын көретін қылығын саралауға қабілеті нашар, таяздыққа балапты. Қуаныштарына айналған сол қызды жанында көлі бар бір таудағы үңгірге апарып қамап тастапты. Оған әлгі сұлу құндыздар жәрдем етіпті. Суға тастағанда, балықтар ол қызды көріп, ғашық болып, алып қалғысы келіпті. Бірақ, қыздың судан мөлдір жасын көріп, шыдамай жағаға әкеледі. Су астында қыз өз жүзігін тауып алады. сосын оны отқа тастайды. Қыздың оттан ыстық жүрегіне таңданған оттың тіл-аузы байланғаннан сөйлей де, жана да алмай тоқтап қалыпты. Қыз ол жерден алқасын тауып алады. Әбден қиындық көріп, оларды көргеніне де қуанып отырған қызды көктен әлдеқандай бір жігіт келіп алып кетіпті. Содан бері жер бетінде ондай қыз жоқ екен. Білетіндер, оның аты Жарық болған деседі. Біреулер Сәуле еді дейді. Қазақ жақсы көрген жанын жарығым, сәулем дейді ғой. Егер сіз күндіз аспанға қарасаңыз, жарқырап тұрған жарық күнді көресіз. Ол – арудың алқасы. Түнгі аспанды айдын қылып жүзген ай арудың жүзігінің көзі. Айдың кейде суда бейнесі дірілдеп тұрса, ол бір кездері суда болғанда, оның сол жерде қалған нұры деп біліңіз. Күн оттай ыстық болса, отқа түскендіктен емес, ару жүрегіне жақын болғандықтан дейді. Ал, қыз жер бетіне сол күйі келмей кетті деп ойласаңыз, қателесесіз. Қыз жер бетіне күнде келіп, жарығын себеді екен. Ол жер бетіне керек екенін білетіндіктен, бәлсінуге ұялады.
Қыз өзіне қастандық жасағандарды да жақсы көріп, оларды да өз жарығынан кенде қалдырмайды екен. Адамдар оны әлі күнге дейін қатты аңсайды. Қыз жер бетінен қалай көтеріледі, сол мезет қараңғылық орнайды. Кеште ол кеткенде оның орнын жоқтатпау үшін жасанды жарыққа жүгіреді. Ал, ең ізгі құндылығы – білімін, иманын жүрек жарығы деп атапты. Күнде ұйқыға жатар алдында олар ертеңгі көрер жарығына сеніп жатады. Сізде де солай ғой, иә?
Кемпірқосақты білесіз. Қызылды-жасыл көркем жаратылыс. Жаздың махаббатқа толы жаңбырынан соң көрінеді бізге. Бірақ ұстатпайды. Міне, бұл сәуле-жарықтың су-айнаға қарағанда шағылысқан жанарының қиығы ғана. Кемпірқосақ шыққанда ол сұлу сыңғырлай күліп, шаттанып жатыр деп қабылдаңыз.
Кәмшат
21/ 01/ 2010 01:15

Read Full Post »

Романтиктер мерекесі.

Қыс маған хан қызын елестеді. Неге екенін білмеймін, ханшайымдай көрем қысты. Жоқ, қысты емес, қарды. Қардың асыл, жақұтқа тым әуестігі мен тым тәкаппарлығы ерекше. Бұл қасиеттер оған әдемі көрік береді.

Қысты мен ерекше күтемін. Бұрыннан солай.

Анам су әкелуге жібергенде, шанамен зымырап келе жатып, ойым сырғанақтың жанына жеткенде сырғанақтай бастайтын. Сырғанақ тебуге емес, сол мұз жолын ұзартуға. Сосын, флягымдағы суды сырғанаққа қарай төгетінмін. Кешкі апақ сапақта. Ешкім ойнамайтын мезгілде. Дәл сол кезде анамның «тез кел» дегені есіме түсіп, калонкаға қарай қайта заулайтынмын. Сіңіліммен бірге жіберсе де, дәл сол сырғанақтың тұсына жеткенде екеуміз бірдей кібіртіктеп барып, бір-бірімізге жаңағы ойды айтатынымыз қызық. Сосын, ол «қулығымызды» ешкімге айтпаймыз. Нанасыз ба, өзге балалар да соны жасайды ғой, әйтпесе, біздің сырғанағымыз қайдан пайда болсын? Сырғанағымызға кім еңбек сіңірсе де, ешқашан меншіктеген емес. Ол  ортақ құндылық. Әлімсақтан солай, солай боп қала беретін. Кішкентай адамдардың жақсылыққа ұмтылуы деп білем бұны. Қыс қана жасата алатын жақсылыққа!

Жақында ауылыма жолым түсті. Менің ғажайып мекеніме. Нанасыз ба, ол жердегі сырғанақ кішірейіп қалыпты. Мен онда ойнамағалы қанша жыл өткенін де білмеймін. Бірақ, сырғанақтың тым аласарып кеткенін сездім. (Бәлкім, мен есейдім бе екен?). Әйтеуір, сырғанағымыз кішкентай. Кішкентайлығынан бұрын, онда ешкім де ойнап жүрген жоқ. Таңқалдым. Әр үйдің есігінен аналары шығып, қарға көздері қарығып, қолдарымен көлегейлеп тұрған жоқ, қайт деген белгіні беріп. Балалар аздырар ойынды қойып кетті ме екен, әлде?… Білмеймін…

Айтпақшы, ауылға бара жатқанда біз отырған көлік бұзылып қалды. Елді мекеннен алыс жерде. Айдалада. Ешқандай сусыз, отсыз жерде. Моторы бұзылған көліктің азынаған ішінде бір-бірімізден жөн сұрасып, түрлі жақсы әңгімелер айтып біз отырдық. Бұл дегеніңіз қыс қана жасай алар ерлік. Рас айтам! Жазда да көлігіміз бұзылған, бірақ дәл осылай араласып, әңгіме айтып, бір көрпешені тізелеріне бірдей орамаған еді үлкен кісілер. Бүгін ерекше. Қыстың адамдарды достастыратын қасиеті бұл! Кеш батқанша, таксилер тоқтап біртіндеп алып кеткенше отырдық, әбден тоңдық. Бірақ, қысқа, қарға ренжи алмадық. Қыс деген сұлу ғой. Оған қалай ренжиік? Әйтеуір, ауылыма кіргенде терезеден ентелеп өзенге қарай алмадым, қараңғылық қоршап тұрды. Тоғайға сүйсіне алмадым, түн шымылдығын түсіріп қойыпты…

Қыстың түні де тамаша. Әр үйден будақ-будақ шығатын түтінге қарап, терезеден телміріп отыратын әдетіме тағы бастым. Көрші үйлердің шатырының үстін қалыың қар басқан. Қызық, біздің де шатырдың үстінде Қар сұлудың шәлісі жайылып тұрды, иә, сол кезде?! Қонақтан қыдырып келіп, аязға бетімізден сүйгізіп келіп, жылы үйге кіріп рахаттанып отырдым. Шаң баспаған қарды жегім келді, анамнан ұялдым… Қыс шыдамды тексергіш өзі. 

Таңғы 7-лер шамасында ауылды аралап жүрміз. Мен Алматыға қайтатын күні ғой бұл. Әр ағашқа таңдана қараймын. Бастан-аяқ моншақ тағынған, інжуге оранған ағаштардың моншағын кім қадап берді екен? Және ретпен, біреуін шашау шығармай, бір жібінің ұшын көрсетпей, асқан ұқыптылықпен! Сахна көйлектерін (бәлкім қалыңдық киімін) киген ағаштар, тек ертегі елінде ғана болатын аппақ ағаштар ортаға шығып өздерінше ән салып тұр. Мұңды емес, қаһарлы емес, көңілді емес, әйтеуір бір ән… Ол қыс әні ғой. Еш әнші орындай алмайтын ән!

Сол күні жолға шыққан қаншама адам көлікке сыймай қалды. Жолай ала кетші деп шопыр ағаға өтінді. Бірақ, жүргізуші аға: «біраз адамдар кеше «мені үйден алып кет» деп өтініп еді, уәде бергенмін. Қалай тастап кетемін?» – деді. Уәде бергендері өзінің таныстары не туыстары емес. Тек, алдын ала уәдесін алғандар ғана. Оңай олжаға, кешіріңіздер, жолай кезіккен жүргіншілерге айып етпеуін сұрап, адамдық борышын арқалап, қалдырып кетті оларды мейірімді аға. Қыс төзімді ғана емес, адамгершіліктің де сыншысы. Мен қуандым. Таңдандым. Қыстың, қардың сынағынан өткен шопыр ағаның жүзі қызылшырайланып, күліп тұр. Оған осы көрікті берген өзге емес, дәл осы АЛЛАның әдемі мезгілі ғой. Қыс өзін ғана емес, өзгелерді де әсемдеуші. Тек, сынағынан өте білсеңіз болды.

Қыс адамды сергітеді, бір-біріне жақындастырады. Әдемі қылады. Жазда отын сұрамайтын көршілер қыста ғана сұрайды, солай бір-бірінің мәрттігіне куә болады. Жазда шөп сұрамайтын ағайын қыста сұрайды, бір-бірін ырза қылады…

Алматыда қазір қыс. Өзгеше қыс. Жаңбыр жауып, артынан қарға айналатын қысқа да үйреніп қалдық. Кеше қар жауған. Бүгін шыршалар үлбіреген нәзік алақандарын жайып, өздеріне қонақтаған қарға мақтанып тұр. Теректер «менің түбімдегі қазынаға, үстімдегі шапанға қара» дегендей өзіне шақырады. Оларды барып сілкіп қалсаң, өзің ақ мамыққа, әппақ мамыққа көміліп шығасың. Нанбасаңыз, жасап көріңізші. Мен солай еттім бүгін. Іммм! Сөзім жоқ айтарға! (Мен өзіме бір құпия аштым. Ағаш бұтақтарына қар тұрмас бұрын, олар да өздеріне орын жасап алады екен. Қалай дейсіз бе? Кәдімгі мұздан. Мұзды моншақ қылып тізіп, қар қауырсындары соның үстіне жайғасады екен. Сонда нық әрі әдемі орналасады екен!)

Алмарасанға бардық жексенбіде. Тізеден келер қарға сүрініп, омбылап, әбден күлдік, сығанадық. Бала болдық. Мен қар жедім. (Кешіріңізші, анашым?) Бала кезде қалған әдет, қалдырып кеткен едім мен оны өзім. Қайта тауып алдым. Әппақ қар – әппақ балмұздақты жемеу мүмкін емес еді. Қаланың қары сияқты емес, өзгеше, тәтті қар екен тау қары. Ханшайымның өзі қандай әппақ болса, көйлегі де, үйі де сондай әппақ! Өзіне тартып тұрады. Және үнемі бір әуенмен ырғалып жүреді. Сол әнді тыңдайықшы! Жай жүріп, жұмысқа да, ештеңеге де алаңдамай! Әне, ағаштар қарға көмілгенде тығылып, сыбырлап ән салып отыр біреу. Ханшайымның өзі болар?! Білмеймін. Әдемі ән төгіліп тұр, төгіліп тұр… Қыс әні, қыс сазы ол!… «Романтиктер әні» ғой бұл әннің аты!!! Бәсе, бәсе, енді таптым!!! Алақай! Романтиктер әні!… Тсс! Ақырын!… Ән үзіліп қалмасын…

18/ 01/ 2010 сағат кешкі 21:45

 Кәмшат

Read Full Post »

Older Posts »