Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларымен отырған бір сәтінде өз-өзінен сәл-пәл жымиып:
– Неге күлімсіредім, білесіздер ме?- деп сұрады. Сахабалары «Жоқ» дегенде, Пайғамбарымыздың өзі:
– (О дүниеде есеп берілгенде) Құл шыр-пыры шыға өз-өзін ақтамақ болады, іле-шала Аллаһ тағаламен арада мынадай бір әңгіме өрбиді мен соған еріксіз жымидым:
Құл:
– Сен мені тіршілігімде қиянаттан қорғамадың ғой?- деп сұрайды.
Аллаһ тағала:
– Иә,- дейді.
Құл:
– Онда маған да бөгде куәгердің қажеті жоқ. Маған менің өзімнен куәгер беруіңді сұраймын,- деген кезде Аллаһ тағала:
– Ал онда сенің куәгерлерің өзіңнің дене мүшелерің болсын. Тіпті саған «Кираман Катибин» періштелері де куә болмай-ақ қойсын,- дейді де әлгі құлдың тілін байлағаннан кейін дене мүшелеріне қарап не істеп, не қойғанының бәрін түк қалдырмай айтып беруін бұйырады.
Ал жаңағының дене мүшелері болса бір-бірлеп сөйлей бастайды. Кейіннен барып тілінің күрмеуі шешіліп қайта сөйлеуге келгенде ол ренжіп, өзінің дене мүшелеріне қарап «Мен сендерді қорғаштап жаным шығып жатса, сендер не істеп, не қойғандарыңның бәрін жіпке тізе тәптіштеп айтып шыққандарыңа жол болсын, бәрің де көзіме көрінбей, қараларыңды батырыңдар!» деп ашулана айғайлайды….
Құдайберді Бағашар, «Тағлым тамшылары»
Куәгер
Шілде 1, 2010 авторы Ainameken
Пікір қалдыру