Амангелді Сейітхан ағаны таныстырып жату артық болар. Сөйлей бастаса болды, аузынан сөз емес, маржан төгілетін шешен кісі. Сол Амангелді аға бүгін Өркен екеуміздің жүрегімізді ауыртып кетті.
– Аманғалиды білесің бе? – дейді аға. «Қай Аманғали?» деп есімізге түсіргенше, ол кісі «Базар жоқтағы» деді. Төрт түлікке пародия жасап жүрген жігітті сырттай білетінмін. «Ол не істепті?» дейміз.
Әңгіме былай ғой:
«Базар жоқ» театрының концертінде өнер көрсетіп жатқан Аманғали мал-жанға арналған қазақ әндеріне пародия жасап жатып, оңтүстік, Тараз жаққа келгенде былай депті: «Ол жақта уақ мал да, малшы да көп. Әндері де солай келе ме деймін. Білмеймін, мынадай бір өлең бар» деп домбырасын қағып-қағып жіберді. Артынша «Маңырайсың ақ ешкі…лағыңа …» деп маңырап, «ммәә-әә, мә-әә-ә» елді күлдіріпті.
Бұл Кенен Әзірбаевтың қасіреті ғой! Кенен атамыздың үйінде бала құтаймай, дүниеге келген баланың бәрі шетінен шетінеп кете берген. Үш жарымдағы Базары мен бір жарым жастағы Назары да атамыз Алатау жақты айналып келгенше О дүниелік болып, жұрт өзара келісіп, әкелерін күтпей, жер қойнына тапсырып қойған екен. Шешек ауыруынан қайтқан ботақандары жатқан төмпешікті құшақтап, зарлап қалған ата-ананың қасіретіне қасірет қосып, ақ ешкінің де екі лағы өліп қалады. Тірі жанның төбе құйқасын шымырлатып, қос лағын жоқтап маңыраған ешкінің үніне шыдамаған Кенен:
«Зарланасың ақ ешкі лағыңа,
Емшегіңмен емізген шырағыңа.
Кел, екеуміз қосылып бір жылайық,
Жетер ме екен Құдайдың құлағына.
Базарым-ай, Назарым-ай,
От басында күл шашарым, қарағым-ай.
Жалған дүние-ай, салдың күйге-ай,
Омырауымнан үзіліп түсті екі-ай түйме-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Қу шешектен болды-ау, сенің ажалың-ай.
Базарым-ай, Назарым-ай,
Сен өлгелі қашты-ау менің ажарым-ай,
Ой, дүние-ай.
Ешкі қандай, ой-дүние-ай, лақ қандай,
Лақ ойнап тезекті құлатқандай.
Бірте-бірте баламды ала бердің,
Жаратқан-ау, не жаздым, зарлатқан¬дай?!
Ат шалдырар жолаушы жол астына,
Ел тұрмайды бұзықтың қол астында.
Талып қалып мен жоқта көмді ме деп,
Алты бардым балалар моласына.
Кенейің мен ойнайтын сақаң қалды,
Киетұғын ілулі шапан қалды.
Бәсіре мінетұғын атың қалды,
Үй ішінде сұңқылдап апаң қалды.
Көштің көркі болмайды түйесі жоқ,
Таппай айтқан сөз жаман жүйесі жоқ.
Көптің көңілін көп ашқан бұлбұлы едім,
Домбырамның қала ма иесі жоқ?! – деп жоқтаған екен.
Басқа-басқа, жоқтауға күлгенді көрген кім бар?! Жоқтауға күлдірткенді ше?!
Амангелді аға: «Апырай, ол жігітте бала жоқ па екен?! Әлде қайғы түсінер жүрегі жоқ па екен?!» деп кейіп, әлгі өлеңді қайта-қайта орындағанда, Кененнің қасіреті сол сәтте болғандай, жаным ауырып, жүрегім ауырып, күні бойы дел-сал болып жүрдім. Амангелді аға неге өйтті? Өйткенде, жүрегімізді ауыртты дегенім ғой. Ол кісі қасіреттің пародияға айналғанына, Кененнің келекеге ұшырағанына,… ең бастысы – халықтың да (!) қайғыға күлгеніне налыды.
«Білмеген у ішеді» деген осы болар.
Мақаланың толық нұсқасы мұнда.
Амангелді Сейітхан неге өйтті?
Қазан 22, 2013 авторы Ainameken
ибу уят болған екен((( шыны керек әзілдерді қазір онша көңіл сүйіп қаламайтыным бар КЗлық((( осындай интеллектке сай емес дүниелер кетеді((( тым арзан тіпті арзан(((
Раас, күлдірем деп бүлдіру ғой бұл. Білуге талпынбағандық та сор ғой